АПОРТТЫҢ ДӘМІ ЕСТЕ МЕ?

 

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Бұл күнде сағынышқа айналған дүниенің бірі Алматының апорты. Балдай шырыны мен ауыздың суын ағызар тәтті дәмін үлкендер жағы ұмыта қойды дейсіз бе. Танауыңды жаратын жұпар иісі қала көшелеріне дейін алып тұратын алманың бұл түріне қызықпаған адам жоқ шығар.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың апорт алмасын қайта қалпына келтіру мақсатында ауқымды шараларды қолға ала бастауы қалың жұртшылықтың көңілінен шығып отыр. Қала әкімі айтқандай, Алматыға келетін туристер шынысы жылтыраған көпқабатты үйлерде жатқаннан гөрі, кең алқаптағы қазақтың киіз үйінде демалып, қалың бақтың арасынан алма апортын өз қолымен үзіп алып жегенді дұрыс көреді.

Жалпы, апорт алмасы жұртты қазір ғана қызықтырып отырған жоқ, ол баяғыдан-ақ елдің таңсық асындай болған жеміс. Біле білсеңіз, оның көлемі мен ұмытылмас дәміне сонау патшалы Ресей заманында-ақ әлем ақсүйектері таңдай қағып, үлкендігіне тамсана қараған. Бұл жайында бұрын да жазғанбыз, орайы келіп тұрғанда, тағы бір мәрте еске түсіре кеткеннің айыбы болмас.

Өткен ғасырдағы 1913 жылы Мәскеуде тарих төрінен орын алған ұмытылмас оқиға болды. Жоғарыдағылардың жаңаша жүре алмайтыны, төмендегілердің ескіше тұра алмайтыны әлсін-әлсін хабар беріп жүрген кез еді. Патшалы Ресей тарихындағы ең соңғы үлкен той болып өтті. Романовтар әулетінің тұғырдан таймай таққа отырғанына 300 жыл толған уақыт болатын. Үш ғасырлық осы торқалы тойға қатысқан қазақтардың төбесі көкке бір елі жетпей қалды…

Әлемдегі ең үлкен империяны ғасырлар бойы уысында ұстап келген Романовтар әулеті ол кезде барлық құрметке лайықты еді. Патша ағзам өткізген ұланасыр тойда жан-жақтан Мәскеуге келген сый-сияпатта шек болмады. Алайда, қазақ топырағынан барған тартудың орны бөлек болды. Үлкендігі баланың басындай болған апорт алмаларын көрген патша төңірегіндегілер таңқалыстарын жасыра алмайды.

Ол алма болғанда қандай еді десеңізші! Атты кісі аттан түсіп, жаяу кісі жатып қарайтындай еді. Алматы апортының даңқы сол кезде бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп өтеді. Сол тойға қазақ жерінен 30-дан астам адам барыпты.

 

– Біздің қазақтың үш жүзінен барған ақсақалдар патша тойына Алматының апортын алып барған. Оның әрқайсысының салмағы 1 килограмм 200 грамм – 1 килограмм 300 граммнан шыққан еді. Тойға жиналған қауым сол жерде өлшеп көріп, Алматының алмасына таңқалысады. Небәрі 300 граммның айналасындағы өздерінің «Антоновка» сияқты алмаларын ғана көріп жүрген жұрт риза болғаны соншалық: «Мұны біздің патшамыздың құрметіне «Александра» деп атайық!» дейді сол жерде. Сөйтіп, біздің Алматының апорты сол атқа ие болып шыға келді. Негізі, апорт алмалар Қырғызстанда да бар, біздің елімізде де бар, басқа жерде де болуы мүмкін, бірақ нағыз апорт, өзінің топырағын тапқан апорт – Алматының апорты, – деген еді ғалым-биолог Құнанбай Ысмағұлов.

Алматы апортының тарихы адамның басын айналдырғандай еді. Ол – араға миллиондаған жылдар салып, атамекеніне қайта оралған алма ағашының жемісі. Жер шарын шыр айналып шыққан алма ағашы, ақырында, өз топырағын қайта тапқан. Ол алмалы Алматының айналасы болатын.

Әр нәрсенің де отаны болады. Бұл орайда біздің қазақ мақтана алады, әлем ғалымдарының айтуынша, есте жоқ замандардан бері жасап келе жатқан алма ағашы басқа жерлерге о басында қазақ жерінен барған. Оның мұнда, біздің аймақта өсе бастағанына 50 миллион жыл болды. Оны ғалымдарымыздың өздері айтып отыр.

– Қазіргі Қазақстан жерінде керемет алмалардың өсетіндігін қытайлар 1240 жылдан бастап жаза бастаған, сондай-ақ алма тұқымының осы жерден таралғанын да айтқан. Ал, біздегі жабайы алмалар осыдан 50 миллион жылдай бұрын да осында өскен, жер жүзіне осы өңірден тараған. Жабайы алманы ешкім қолдап, қорғап отырмайды, ол өзі дарвинизмнің эволюциялық даму заңдылығындағыдай, өзін-өзі сақтап, табиғи сұрыпталып, дамып жетіліп, таралып отырған. Мұны біздің лабораторияда Ботаника институтының ғалымдары әлемдік деңгейде зерттеп, дәлелдеп берді, – деді маған әңгіме арасында, жабайы алма тақырыбын қаузаған марқұм, ҰҒА академигі, биолог-ғалым Аймақ Жанғалиев біздің ғалымдарымыздың қол жеткізген жетістіктері жайында.

Апортқа қатысты естен шығаруға болмайтын жәйттер де бар. Ол Алматыда әлімсақтан өседі. Жалпы, Алматының тарихын жақсы білетін адам оның алмасы жайында айтпай тұра алмайды. Көне заманда Алматының «Алмалы» деп аталғаны да тегін емес. Ал, оның бір кездері «Верный» деп өзгеруі патшалы Ресей зорлық-зомбылығының ғана айғағы болып қалғанын бұл күнде елдің бәрі біледі. Алматы апортының берідегі тарихы да осы тұспен тікелей байланысты. Оны сырттан келіп қоныстанушы келімсектер өздерімен бірге қайта ала келген. Алайда, бұл әңгіменің өзі жабайы алмадан бастау алады.

– Біздің жерімізде жабайы алманың 131 тұқымы бар, барлық алма түрі біздің жерден ғана тараған. Мынаған көңіл бөлу керек: Оксфорд университетінен  келген ғалымдар бізбен бірге бір жыл жұмыс істеді. Оларда, жалпы ағылшындарда алманың 2500 сорты бар деп есептеледі. Осында келіп, бізбен араласып, менің еңбектеріме қарап жұмыс істегенде өздері түсінді, барлық сол 2500 сорттың бәрі осы Жоңғар, Іле Алатауының бойынан тараған, дамып жетілген түрлер еді. Ал оны о баста бірінші тапқан Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте біздің Алакөлге келіп, Тарбағатай тауының Үржар маңында керемет өсіп тұрған алмаларды көріп: «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестірген емеспін», деп жазып, дүниежүзіне мәлім етті. Ол алманың сорты, сөйтіп, сол кісінің атымен аталып кетті.  Одан кейін Қырғыздың жабайы алмасы, сосын қызыл алма – жабайы алманың осы үш түрі белгілі болды. Ең қызығы – алма біріне бірі ұқсаған жоқ, – деп қайырды академик ағамыз әңгімесін.

Алма туралы айтқанда, тіл ұшында оңтүстік астанамыздағы Ботаника бағы тұрады. Өйткені, алманың әрбір жаңа сорттарының дүниеге келуіне осы ғылыми-тәжірибелік орынның ерекше қатысы бар. Жалпы, Ботаника бағында өсімдіктің 7 мың түрі өсіріледі. Оның 450-і дәрі-дәрмек жасайтын, ал 400-дейі құрып бара жатқан өсімдіктер.

– Бұрынғы кездің өзінде жоғары жақтан келген ғалымдар таңқалысып «Оу, мынаны қайдан алғансыздар, бұл тіпті бізде – Мәскеуде, Ленинградта жоқ қой» деп жататын. Шындығында, біздің Ботаника бағы үшінші-төртінші орыннан түскен жоқ еді. Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларындағы Ботаника бақтары ғана бізден сәл ілгерілеу болатын, алайда оларда жоқ, олар қол жеткізе алмаған өсімдіктер біздің бақта жайқалып тұрды. Соның ішінде алманың әртүрлі сорттары да бар. Сондай сирек кездесетін өсімдіктердің бірі, мысалы, спрянтус еді (тобылғы сияқты). Ол біздің Қаратауда ғана кездеседі. Бұл өсімдікке өз уақытында атақты Темірлан қатты қызығып, арнайы қолға алып Самарқандта өсірмекші болған. Ол туралы Борис Александрович Быков деген академик өзінің зерттеу еңбегінде жазған. Осындай тағы бір бағалы өсімдіктің бірі, мысалы, Тянь-Шань шыршасы, яғни өзіміз күнде көріп жүрген шырша. Бұл бізде көп болғандықтан, бағасын біле бермейміз, әйтпесе бұл Жерорта теңізінде өсетін өсімдіктерге қарағанда әлдеқайда бағалы. Оның ағашы, оның адамзатқа беріп отырған ауасы (кислород), тіпті, айта берсе көп.  Басқасын қойғанда, одан алынатын спирттің өзі бағалы болып табылады, қаланы көгалдандыру басталған кездері Ботаника бағы алдымен осы ағашты көп отырғызуды қолға алып еді, – деді, өз саласын жетік білетін биология ғылымының кандидаты Сабыр Тұрдиев Алматының айналасында, осындағы Ботаника бағында өсетін өсімдіктер туралы қызықты әңгімесінің арасында.

Ал, алманың о басында қазақ топырағынан тарағанын біздің ғалымдарымыз дәлелдеп берген. Араға талай ғасырлар салып, бір елден екінші елге көшіп жүрген алма ағаштары Жер шарын шыр айналып шыққан. Алматының апорты деп танылған алма ағашының тарихы да солай.

– Ол бізден барып, бұрын Еуропада өсіп, содан Ресейге келді. Бірақ ол жерде азғантай ғана сорттары болды ол кезде. Одан 1904 жылдардың айналасында елімізге келіп жатқан келімсектердің бірі, өте ұқыпты шаруаның бірі Редько деген кісі  Алматыға ала келген. Ол ғана емес, Моисеевтер отбасы да дәл осылай өздерімен бірге алма ағаштарының көшеттерін ала келіп, Алатаудың бауырына отырғызған. Бұл жемістер кейін жақсы өнім беріп, қып-қызыл, тәп-тәтті кәдімгі Алматының апортына айналып шығады. 1913 жылы сол Романовтар әулетінің 300 жылдық торқалы тойына апаратын алмалар осылардың жемісі еді. Алматының апорты мақтаныш үшін, әрине, өте керемет жеміс. Басқа жақта дәл бұлай өспейді. Бірақ, шындығын айтқанда, оны күтіп-баптаудың қиындықтары өте көп. Оның толыққанды жеміс беруі үшін белгілі бір шарттары мен тәртіптері бар. Ол, біріншіден, биік таудың басында, белгілі бір өзіне тән биіктікте өскенде ғана нағыз апорт бола алады. Оның топырақты тез арада құнарсыздандырып тастайтын қасиеті тағы бар. Апортты өсіру үшін осының бәрін ойластырып отырмаса, түрі ұқсағанмен, өзі нағыз апорт болып шыға қоймайды. Шет елдердің ғалымдары апортқа емес, біздегі жабайы алманың сорттарына, соның тұқымына қатты қызығады. Өйткені, өзін-өзі жаңартып, жасартып, жетілдіріп отыратын алмалар. Ыстыққа шыдамды, суыққа төзімді, оның үстіне алманың жаңа сорттарын алуға өте қолайлы. Мысалы, Американың Канадамен екі арасындағы Невада штатының табиғаты аса қолайлы аймақ емес, суық жер. 43-45 градусқа дейін суық болатын аймақ өзі. Сол жерге біздің алмамызды апарып егіп еді, біздің алмамыз өте мықты болып шықты. Жалпы, жаңа сорттар алу үшін будандастыру мақсатында да біздің жабайы алмамыздың тұқымына қызығып жүрген ел көп, – деді өз саласына қарай көбірек ден қойған академик Аймақ Жанғалиев.

Әр нәрсенің өз уақыты болады. Шет ел ғалымдарын қазір апорт алмасы емес, жабайы алма қызықтыра бастады. Өйткені, апорттың арғы атасы – жабайы алма. Мәселен, Америка ғалымдарының он екі жылға шарт жасасып, жабайы алма тұқымын сақтап қалу үшін 3 миллион доллар қаржы бөлуінің өзі  осының айғағы. Дегенмен, біз үшін де, Алматыға келетін туристеріміз үшін де апорт алмасының орны бөлек. Алматы іргесінен арнайы жер алқабы бөлініп, апорт ағаштарының өсіріле бастауы осының айғағы. Бұйыртса, Алматының баяғы апорты бізге қайта оралады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *