АПИТЕРАПИЯ НЕМЕСЕ АРАМЕН ЕМДЕУДІ ҰСЫНҒАН ТАЛҒАТ БИГЕЛДИНОВ АҒАМЫЗ ЕДІ

Жер жаннаты  атанған Жетісуда, сол жаннат­ты жердің анасы Алматы  қаласының маңында  денсаулықты жақсартуға  пайдасы зор шипа­жайлар мен емдік кешендер аз емес. Дегенмен,  әр сауықтыру орнының өзіне ғана тән ерек­шеліктері бар екені даусыз. Ал халық денсау­лығын жақсарту ісіне қырық төрт жылдан бері  өзінің  үлкен үлесін қосып  келе жатқан  «Аққайың»  емдік-сауықтыру кешенінің  алар орны ерекше. 1974 жылдан бері еліміздің экономикалық, әлеуметтік саласында талай өзгерістер болған­мен, «Аққайың» сол қиын­дықтардың барлығын ұжымының ұйымшылдығы мен бас­шылықтың іскер ұйымдастырушылық қабілетінің  арқасында жеңіп  шығып, үзіліссіз халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде 200 орынды «Аққайың» ЖШС медици­налық сауық­тыру кешеніне  деген сұраныс өте жоғары. Жаз маусы­мы кезінде  «Аққайыңға» келіп демалғысы келетіндердің саны тіп­тен арта түседі. Жұрттың  «Аққайыңға» деген ыстық ықы­ласын арттырып отырған, ең алдымен, шипажай­дың орналас­қан табиғи орны болса, екіншіден, мұнда қолда­нылатын ем-шаралардың еліміздің бірқатар шипажайлары мен емдік-сауықтыру кешендеріне ұқсамайтындығында болса керек.  Қазір жұртты жалған жарнама, бос мақтан сөзбен таңқал­дырып, тамсандыра алмайтыны­мыз ақиқат. Ха­лықтың өз таңдауы, өз қалауы бар.  Біз жуырда «Аққайың»  медициналық сауық­тыру кешенінде болып, халыққа денсаулық  қана емес, табиғат­тың  махаббатын сыйлап отырған «Аққайыңның» емдеу-сауықтыру кешенінің президенті  Досжан Кенетайұлы ҚҰЛШЫМАНОВПЕН әңгімелескен едік.

 

Шипажай саласында отыз жылдан бері қызмет етіп келемін

– Досжан Кенетайұлы, естуімізше, сіздің мамандығыңыз инженер-механик, ал техника саласының  маманына емдеу-сауықтыру саласын басқару қиын  тимей ме?

– «Қалауын тапса, қар жанар» деген қазақтың бір тамаша  бір сөзі бар ғой, шын көңіл  бөліп, осы саланы игерсем деген адамға  қандай жұмыс болсын, ешбір қиындық тудырмаса керек. Ең бастысы, сіз өзіңізге тапсырылған міндеттің мәнін түсінсеңіз, жауапкершілігін сезінсеңіз болғаны.  Жалпы, менің  мамандығым инженер болғанмен,  бұл саланың қыр-сырын жақсы білем десем, артық айтқаным болмас. Өйткені, мен  осыған дейін  кезінде аты Одаққа танымал болған «Түрксіб»   шипажайында  инженер-механик болып жұмыс істегенмін.  «Түрксібте» істеген жылдарым маған бұл саланы жетік меңгеруіме көп көмегін тигізді.  Сол шипажайдың басшысы  таңертең   емделушілердің бөлмелерін аралап, қал-жағдайларын білуге шыққан кезде барлық жауапты маман­дарды өзімен бірге ертіп жүретін. Қай салаға сын айтылады, оны сол жерде жауапты басшыларына немесе  тиісті мамандарға тапсырып, дер кезінде қайта қалпына келтіруді  және  тапсырманы орындап болған соң есеп беруді талап ететін. Сол дәстүрді мен де өзімнің қызмет бабымда қолданып келемін.  Басшының міндеті ұйымдастыра білу,  мекемені  қажетті дүниелермен қамтамасыз ету  дегенімізбен де, кейде  дипломы жоқ демесеңіз,  дәрігер де болып қалыптасып қал­дым. Бір кісідей диагноз қойып, ем-шаралар ұсына аламын.  Әзіл ғой, дәрігер болу, дәл дәрігерлердей адамның жанын емдеу екінің бірінің қолынан келе қоймас. Бұл ретке келгенде «Аққайың» шипажайында   елдің сүйікті дәрігері, сүйкімді де мейірімді мейірбикесі,  мейірбикелердің сенімді серіктесі болып жүрген қызметкерлерімнің еңбектері айрықша.  Шипажай ұжымы мені осы мекемеге  басшы етіп тағайын­даған кездегі менің алдыма қойған ең басты мақсаты,  «Аққайыңның» ажарын тайдырмай,  халықтың қалауындағы қалпын сақтап қалу болды.  Шүкір,  күні бүгінге дейін  жұрт­тың «Аққайыңға» деген  ықыласы төмендеген емес.  Тынығу­шылар да келіп ем алып, денсаулығын жақсарту­шылардың саны күн өткен сайын көбейіп келеді.

– «Аққайың» қиындықтарды кейінге қалдырып,  жұмысын жалғастырып келеді дейсіз ғой.

–   Бір мекеменің жұмысының жақсы болуы тек басшыға ғана байланысты бола бермейді. Басшы мықты, керемет ұйымдастырушы болғанмен, ұжымның ауызбіршілігі,  өздері атқарып отырған жұмыстарына деген шынайы жанашыр­лықтары  болмаса, «бір жағадан бас, бір жеңнен  қол» шығара қызмет атқара алмаса,  басшы адам өзінің көздеген мақсатына жете алмайды.  Ал мұнда   өз кәсібін шынайы жақсы көретін, ең бастысы, адамға қызмет еткенді жүректерімен қалайтын, жаңашыл  мамандар шоғырланғандықтан, «Аққайың» әдемі бойжетіп,  төңірегіне саясын түсіріп, өрісін кеңейтіп келеді. Өздеріңіз байқағандай, жөндеу жұмыстарынан кейін   «Аққайың» тіптен  жайнап шыға келді. Мұнда емделушілер мен демалушыларға қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылған. Жөндеу жұмыстарынан кейін жүзу бассейні, ашық спорт алаңы, теннис  ойнайтын алаң пайдаланылуға беріліп, адамдардың денсаулықты жақсартумен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыруларына мол мүмкіндіктер  пайда болды.

Апитерапия қабылдап,  ата-ана болу бақытына ие болғандар көп

– Досжан Кенетайұлы,  бұрыннан қалыптасқан  медицина­лық ем-шаралармен қатар,  табиғи емдік шаралардың қатары артқан секілді. Мәселен, арамен,   пантокринмен емдеу тәсілін  ендіріпсіздер, араны табу оңайлау шығар, ал  емделушілерді  маралдың қанымен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Оның үстіне, Жетісу өңірінде  марал көп кездесе бермейді дегендей.

– Дұрыс аңғарып отырсыз, біздің арамен емдеуді қолға алғанымызға бірнеше жыл болды, дегенмен оны   ендірмес бұрын тәжірибеден өткізіп,  араның уытының қандай сырқаттарға ем болатындығын зерттеп барып, шипажайдың емдік шараларына ендірген болатынбыз.  Бұл өзі бір қызық жағдай болды.  Күнде  жұмысқа ерте келіп, шипажайдың төңірегін бір шолып қайтатын әдетім бар еді. Сондай бір күндері шипажайдың қайыңдар көп өскен өзеннің арнасына жақындау тұсына біреулердің бал арасының үйшіктерін орнатып жатқанын байқап қалдым. Рұқсатсыз  араларын қоныстандырып жатқан кім болды екен деп, жандарына бара қалсам,   екінің бірінің көзіне түсе бермейтін екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры  Бигелдинов ағамыз жылы жимиып, маған мән-жайды түсіндіре бастады. Талғат аға екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ол кісі маған араның балы ғана емес, оның уытының да адамның денсаулығына  таптырмас  ем  екендігін, егер оны   дұрыс қолдана білсе, әйелдер мен ерлердің арасын­дағы белсіздік дертін, буын ауруларын, тіпті тозған жүйкені де қалыпқа келтіруге болатындығын айтып, қолыма ара және оның өнімдерінің денсаулыққа пайдасы туралы жазылған бірнеше кітапты қолыма ұстатты. «Танысып шыққан соң хабарлас», – деді де  шығарып салды. Сол күні түнімен әлгі әдебиеттерді ақтарып шықтым. Интернетке көз жүгірттім.  Өтейбойдақ бабамыздың емдік шараларына көз жүгіртіп, Құран Кәрімдегі ара сүресімен таныстым.  Қысқасы, арамен емдеудің  қызығына  кіріп кеттім де, ертесіне Талғат ағаны өзім іздеп барып, арамен  емдеу тәсілін шипажайдың емдік шараларына ендіруге белді бекем буғанымды жеткіздім.  Ол кісі  мені қуана құптап,  «Аққайыңды» емделушілер осы арамен емдеу тәсілі үшін  көбірек іздеп  келетін болады, әсіресе, белсіздіктің дертіне ұшыраған ер-азаматтар мен бедеулік деген қатыгез диагноз қойылған әйелдер көп келетін болады, әлі-ақ  елдің алғысына бөленесің, – деп батасын берді.  Ем сапалы әрі денсаулыққа зиянсыз болу үшін  өзім бірінші болып қабылдап көрдім,  ара да  адамның кез-келген  жерін шаға бермейді екен,  олар да  сүлік секілді адамның қай жерінде сырқат бар, сол жерді өздері тауып, шағатын көрінеді.  Қазір Талғат ағамыздың айтқаны келді. Талай адамның алғысын арқаладық, талай отбасының нәрестелі болуына көмегіміз тиді.  Осы бірер күн бұрын ғана  өткен күзде шипажайға келіп арамен  емделген ерлі-зайыптылар құрсақ шашу тойларын жасап беріп кетті. Екеуінің үйленгендеріне он үш жыл болған екен. Жиырма бір күн ем алған олар елдеріне барған соң екі аптадан кейін құрсақ көтеріпті. Мұндай жағдайлар өте жиі кездеседі. Арамен емделу арқылы  бедеулік дертінен айығып, нәрестелі болған  ең алғашқы отбасыларының тұңғыштары биыл   тоғыз-онға келіп қалған шығар.  Жуырда статист мамандарға мониторинг жүргізу жөнін­де нұсқау бердім. Алғыс кітапшамыз, жеке поштамызға жазылған алғыстардан аңғарғанымыз,  «Аққайыңның»  ем-шаралары дертіне шипа іздеп келгендерге шипа  болып, денсаулықтарын қалыпқа келтірулеріне септігін тигізіп  жатқанын аңғаруға болады. Еңбектің зая кетпегені, еміміздің пайдалы болғандығы бізді қуантады. Болмаса, қазір жарнамасы жалаулаған сауықтыру кешендері де жаңадан ашылып жатқан шипажайлар да  аз емес қой, халық өз таң­дауын жасайды.  Қазір бізге тек өз еліміздің ғана емес, алыс-жақын шет елдерден азаматтар келіп ем алып жатыр.  Әсіресе, тыныс жолдарының қабынуына, демікпеге шалдыққан науқастар,  аяқ-қолдарының буындары  ауыратын, жүйке ауруларына шалдыққан сырқаттар жиі келеді. Айтпақшы,  арамен емделуді  тәжірибе ретінде мен өзімнен бастағанмын, Талғат аға өзі ем жүргізген еді. Ғажап адам болатын,  ал Бикен жеңгеміз тіптен ашық-жарқын, дастарханы жиналмайтын кең- пейілді   жан.

– Алматының медициналық туризмін дамытуға да  үлес қосып отырғандарыңыз да қуанышты. Жалпы, қай жақтан көбірек келеді?

–  Мынандай көркем табиғат, таза ауа  тұрғанда туризмнің дамымауы мүмкін емес шығар. Біз тек сол ұйымдастыру және  өз-өзімізді жарнамалау жағынан кемшін түсіп жататын сияқтымыз.  Жарнаманы және   денсаулық сақтау саласын­дағы менеджментті жақсартумыз қажет. Бұл мәселені Елбасы «Төртінші  өнеркәсіптік революция жағдайындағы  дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында  қадап айтты емес пе.  Біз алдағы жұмыс жоспарларымызда осы бағытты мықтап қолға алуымыз керек. Бізге әзірге Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина сияқты елдерден көбірек келеді.  Жыл сайын тұрақты келіп тұратын шетелдік  отбасылары бар.

Сансыз ауруға ем болар саумал

– Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласынд ата-бабаларымыздан қалыптасып келе жатқан дәстүрлерді жаңғыртуды, туған  жердің туын тіктеуге  басымдық бергені  белгілі. Бұл ретке келгенде, «Аққайыңда» осы бабалар үрдісінің баянды жалғасып жатқанын байқап отырмыз.

– Журналистердің байқампаздығын ұнатамын.  Иә, саумал  және ешкі сүтімен емдеуді де осы жақын жылдары қолға алдық. Жылқы десе, жанымыз бөлек,  оның   сүтінен жасалатын сусындардың  пайдасы туралы біле тұра көп қолдана бермейтініміз шындық қой. Ал саумал мен қымыздың денсаулыққа пайдалы екендігін барлығымыз білеміз. Дегенмен, оның қаншама ауруға ем екендігіне мән бере  бермейтінімізді жасыруға болмас. Қымызды да наурыз көже секілді  тойда немесе аста ғана ішуді әдетке айналдырып алдық. Ал осы сусын біздің ұлтымыздың ас мәзірінің төресі болуы тиіс қой.  Кейде қонаққа барғанда тамақты сіңіреді деп жас-кәрінің  кока-кола ішіп отырғанын көргенде, кәдімгідей  жаным ауырып отырады. Сол  кока-кола алған ақшасына қымыз алып ішсе ғой дейсің. Мен осы  саумал мен қымыздың емдік қасиеттерін жетік білу үшін Қазақ  тағам­тану академиясының президенті, академик  Төрегелді Шар­мановпен, жылқы шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер­лермен көп  кеңестім. Нәтижесінде, шипажайдың ас мәзірінен  қымызды, емдік шараларымыздан  саумалды үзбей келеміз.  Қымыз бен саумалдың емдік қасиеттері біздің шипажайдың емдеу тәсілдерімен үйлеседі.  Қымыз буын ауруларын емдеу­ге, сүйектің қақсауын қойдырып, жүйкенің жұқаруы­ның  ұйқысыздық, ішектегі жара  сияқты аурулардың  алдын алуға  жақсы көмектессе, оның құра­мында жыныс гормондарына  әсер ететін ферменттер бар. Қымыз да әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды, салданудың алдын алады. Ешкі сүтінің де  емдік қасиеттерін зерттеп, дәрігерлермен,  диетолог мамандардың ақыл-кеңесіне жүгіне отырып қолданудамыз.  Қазір жұртшылықты  дәрі-дәрмектен гөрі, табиғи өнімдер көбірек қызықты­ратындығына көз жеткізіп келеміз.  Өзіміздің осындай пайдалы сусындарымыз бен сүт өнімдері тұрғанда шетелдік БАД-тарды қолданудың қажеті де жоқ.

– Жаз шықса Қатонқарағайды бетке алатын  жұртшы­лықтың басым  бөлігі  қазір «Аққайыңға» қарай  бет бұрып жатқан көрінеді.

– Соңғы жылдары пантокринмен емдеу ісінде жүйелі түрде қолға ала бастадық. Шынын айту керек, қазір екінің бірінің алысқа шығуға жағдайлары келе бермейді. Жағдайы келсе,  уақыты бола бермейтіндігін ескеріп, жұртшылық арасында сұранысқа ие  емнің бұл түрін де қолданысқа ендіріп отырмыз. Қатонқарағайдағы марал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтармен келісім-шарт жасасып,  шипажайды керекті өнім  түрімен қамтамасыз ету мүм­кінді­гіне қол жеткіздік. Бұл маусымдық ем-шара әрі оны дайындаудың өзі күрделі  болғандықтан, пантованналармен емдеу ақылы.

Таяққа сүйеніп келіп, таяқтарын тастап  қайтады

– Досжан Кенетайұлы, «Аққайың» десе жұртшылық алдымен оның  ыстық минералды суы мен балшығын атайды. «Аққайыңның» су мен балшығы қандай сырқаттарға ем болады?

– Суы мен балшығы ғана емес, таза ауасының өзі емге дауа, дертке шипа болатындығын жоғарыда айтып өттік. Қайыңның емдік қасиеті өздеріңізге белгілі. Қайыңның, әсіресе өкпе мен  тыныс жолдарының қызметін  жақсартатын, қан айналымын реттеуге тигізер әсері басым  болғандықтан, бізге көбіне осы тыныс жолдарының  сырқаттары – тонзилит, фарингит, трахеит, бронхит, демікпе, өкпенің созылмалы  қабынуына (пневмонияға) шалдыққан, буын,  ревматизм, тік ішектің қабынуы және де жүректің түрлі сырқаттарына, оның ішінде стенокардия, миокардиодистрофияға шалдыққан   науқастар көбірек келеді. Әйелдердің  ауруларына, бедеулікке таптырмас ем. Ер-азаматтар арасында өте жиі кездесетін  қуықасты безінің қабыну ауруына да «Аққайыңның» берер шипасы мол.   Сонымен қатар, күн сәулесімен, емдік денешынықтыру, тұзбен булау, түрлі емдік шөптермен булау,  минералды ванналар,  гинекологиялық ауруларды су мен балшықпен тампон жасау арқылы емдеу, парафинмен және физиотерапиялық емдердің көптеген түрлерін қолдану көптеген сырқаттардың алдын алу мен  одан сауығып кетуіне көмек береді. Біз үшін ем алсам деп келген адамдардың сырқатынан айығып, аман-есен отбасына оралулары маңызды болғандықтан, демалушылар мен емделушілердің әрқай­сысына көңіл бөліп, олардың емінің сапалы болуын қадағалап отырамыз. Ем алуға келгендермен арнайы танысу кештерін ұйымдастырамыз. Жеке қабылдаулар ұйымдастырып, олардың шипажайдың жұмысы, мәдени іс-шаралар туралы ой-пікірлерін біліп,  ем алушылардың сұраныстары мен өтініштеріне орай түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Ән кеші, поэзия кештерін өткізу дәстүрімізде бар. Демалушылар арасында түрлі тақырыпта байқаулар  өткізіліп тұрады. Өйткені, ем алушы адамдардың бос уақытын тиімді өткізулері де алған емдерінің бойларына сіңіп, көңіл-күйлерінің жақсаруына ықпал етеді.   Осы жақында сіздердің газеттеріңізден оқыдым ғой деймін, тәулігіне бес рет күлген адамның денсаулығы жақсы болады деп,  адамның сырқа­тынан тез сауығып кетуіне көңіл-күйдің де әсері  көп.  Сол себепті,  ем алушыларға мүмкіндігінше жағдайларын жасап, қас-қабақтарына қарауға тырысамыз. Келушілердің риза көңіл­дерін  «Алғыс» кітапшасына  жазып  кеткен алғыс­тары­нан-ақ білуге болады. Таяққа сүйеніп келіп, сол таяқтарын тастап кетіп жатқан, демігіп келіп,  тынысы ашылып, демалуы қалыпқа келген  адамдарды, олардың қуанышты жүздерін көргенде,  өзіміз де қуанып қаламыз. Өйткені,   денсаулы­ғымды жақсартсам деп келген адамдардың тілегі қабыл болып, сауығып қайтқандары  осында қызмет етіп жүрген әрбір қызметкердің еңбегінің нәтижесі деп бағалаймын.

– Досжан Кенетайұлы,  жоғарыда айтып өткен арамен емдеу немесе апитерапияны, пантованналармен емдеу секілді емнің  жаңа түрлерін жүргізетін мамандарыңыз жеткілікті ме?

– Мамандарымыз өз салаларын жетік білетін,   білім­деріне біліктіліктері сай азаматтар.  Тіпті, елу жылдан астам уақыт осында жұмыс істеп кеткен  дәрігерлеріміз бар. Соның бірі – Талғат ағамыздан арамен емдеудің тәсілдерін үйреніп, әр араның мінез-құлқын зерттеген марқұм Мэлс  Ербатырұлы ағамызды емделушілер күні бүгінге дейін іздейді. Мэлс аға жетпіс сегіз жасқа дейін қызмет етті.  Қазір ол кісі жүр­гізген ем-шараларды шәкірті  Болат Алашаев жалғастырып келеді. Болат Дауытұлы арамен  әрі шығыс емімен емдейтін, қазақша айтқанда, саусақтарының ұшында ауруды өзі іздеп табатын көзі бар мықты маман.  Болат Алашаевтың емін алған талай жас отбасы нәрестелі болып, отбасылық бақытқа бөленіп жүр. Бөкеңнің шипалы қолымен жүргізетін апи­терапия, инемен емдеу тәсілі   талай әйелді ана, талай ер-аза­матты әке болу бақытына бөлегендігін айрықша айтып өткен жөн. Терапевт-дәрігер Рабиға Жәменқызы Нұрмақованың, бас дәрігер әрі физиотерапевт Эльмира Жанаева, гинеколог-дәрігер  Гүлмира Зулярова, дәрігер  Алмаш  Жақасова, әрбір науқас жанның ас мәзірін тағайындап, дұрыс тамақтану тәсілдерін үйрететін  диетолог маман  Гүлжан Қылышбекова,  физиотерапия бөлімінің  мейірбикесі Райжан Керімжанова  емделушілердің сүйікті шипагерлері. Қазақта «алғыс алған арымас» деген сөз бар ғой, осы адамдардың мерейін  арттырып, жұмыстарына деген құрметтерін арттыратын емделушілердің ыстық ілтипаттары мен алғыстары екені даусыз. «Жақсы сөз – жан семіртеді» деген сөздің жаны бар.

– «Аққайыңның» басиесі болғаныңызға ширек  ғасыр   болыпты. Осы уақыт аралығында ем алушылар мен демалу­шылардың бойынан қандай өзгерістерді байқадыңыз?  Адамдардың өз денсаулықтарына деген жауапкершіліктері артты ма дегенім ғой.

– Шынын айтуымыз керек қой, бұрындары  оншақты күн дайын тамақты ішіп, қыдырыстап, көңіл көтеріп қайтуды ойлайтындар көбірек болатын. Ал қазір денсаулығын  жақсартуды бірінші кезекке қоятындардың, денсаулық адамның ең басты байлығы екендігін бағалай білетіндердің қатары артты. Бұрын мұндай демалыс, сауықтыру кешен­дерінен өзге ұлт өкілдерін көбірек көретін болсақ, қазір қаракөздеріміздің қарасы көбейді. Өзгенің емес, өзінің де жәйін ойлайтын қазекеңдер бар екен ғой, деп оған да қуанасың.

 

Жастардың денсаулығына алаңдаймын

– Емдеу-сауықтыру мекемесінің басшысы ретінде ғана емес, әке ретінде  сізді  бүгінде қандай мәселе қатты алаңдатады?

– Жастардың, әсіресе, репродуктивті жастағы жастардың, жас ерлі-зайыптылардың денсаулық мәселесіне алаңдаймын. Белсіздік дегенді бұрын қазақ баласы білмейтін, қазір жас жігіттердің арасында осы дерт басымдау болып тұр. Жүрек қан-тамырларының, буын, асқазан ауруларының, қаназдық секілді сырқаттардың көбейіп бара жатқандығына алаңдаймын. Сол себепті, жастар денсаулығына бағытталған арнайы Денсаулық бағдарламасын жасау керек секілді.  Болашақ ана мен  әке  денсаулығын  жақсарту ісін  ерте кезден қолға алсақ дегіміз келеді.

– Ал сол жастардың сіздерге келіп, денсаулығын жақсартуларына бола ма?

–  Әрине, болады.  Он екі жасқа толған балалардан бастап жастарға есігіміз ашық.

– Жақсы екен. Өйткені, көп емдеу-сауықтыру шипа­жайларында балаларды емдеу ескерілмеген. Ұжымның ғана емес, әр  он күн  сайын келіп демалатын 200 адамның тілін, бабын табу оңай  шаруа емес. Сіз үшін басшы  адамның бойын­да қандай қасиеттер болуы керек.

– Әкем   марқұм   ауылына сыйлы, ағайын-туғанына  өте құрметті  қария  болып еді. Әкем  бізге адамның ала жібін аттамауды,  жүрген ортада халықтан биік болмауды, кіші­пейіл, кісілікті болуды көбірек айтатын. Сол әке айтып кеткен өсиетті орындауға тырысып жүремін. Ал басшы ретінде айтылған тапсырмалардың дер кезінде орындалға­нын, берген уәдеге берік болғанды жақсы көремін.

– Досжан Кенетайұлы, «Аққайыңға» жарнама жасаудың қажеті жоқ дегенмен, сіздерге қалай келуге болады. Ем-шаралардың құны қанша  екен деген сауал  емделгісі  келетін кез-келген адамды қызықтыратыны анық. Олай болса, бағаларыңыздың  бағамын білсек?

– Бағамыз  кез-келген адамның қалтасы көтере алатын, қазіргі қоғамда қалыптасқан тілмен айтсақ, қолжетімді.  «Аққайың» Алатаудың әсем баурайында,  төңірегіне  жұпар шашып тұратын сұлу табиғаттың аясындағы қайыңды өлкеде орналасқан. Қалаға жақын.  Назарбаев даңғылынан №5  бағыттағы автобусқа отырсаңыз болғаны, он-он бес минуттың ішінде «Аққайыңға» жетіп келесіз. Келіңіздер, демалып, ем алып қайтыңыздар дейміз, табиғатты сүйетін, денсаулығын қадірлейтін адамдарға.

– Досжан Кенетайұлы, әңгімеңізге рахмет. Емдеріңіз шипалы болып, көптің алғысына бөлене беріңіздер. Шет елден келіп демалушылардың қатары көбейе берсін. Ал біздің шет ел десе, делебесі қозатын жерлестеріміз өзіміздің осындай қасиетті  орындарымызды қадірлей білсе дегіміз келеді. Өз жеріңнің, өз еліңнен артық жер жаннаты бола қоймас. Өзіміздегі барды қадірлеуді, ең алдымен, туған жеріміздің туын тіктеуді   бойымызға дарытайық дегіміз келеді.

Әңгімелескен – Нұржамал   ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *