АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

Н.ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ 

Сәрсенбінің таңы Төле би мен Пушкин көшелерінің қиылысын­дағы үй тұрғын­дарын ғана емес, жедел жәрдем қызметі мен Төтенше жағдайлар жөніндегі  департамент қызметкерлерін де  аяқтарынан тік тұрғыз­ды.  Ертеңгі  мезгілде осы аймақтағы жылу жүйесі жарылып,  одан атқылаған ыстық су  тұрғындардың жарақат алып, зардап шегулеріне ұрын­дырды. Жылу жүйесіндегі жарылыстың салдарынан төрт адам  әр түрлі дәрежедегі күйікке шалдыққан. Әсіресе, табандары І, ІІ дәрежелі күйікке шалдыққан.

Осы мәсе­леге байланысты шұғыл жиын өткізген  қалалық  қоғамдық Ден­саулық сақтау бас­қар­масы жара­қат алған­дардың жағдайы­ның қазір бірқалыпты, өмірлеріне қауіп төндіретін жағдайдың жоқтығын  жеткізді. Жарақат алған төрт адамның біреуі  шұғыл медици­налық көмек ауруханасына, ал үшеуі №4  көпсалалы қалалық клиника­лық ауруханасына  жет­кізілген. Ал бір адам жарақа­тының жеңіл­ділігіне байла­нысты үйіне  қайтарылыпты. Апат айтып келмейді дегенімізбен, мұндай кемшіліктер аудандық әкімдіктер­дегі коммуналдық шаруашылық  қызметкер­лерінің өз жұмы­сына деген жауапсыздығын көрсетсе керек.  Жылу маусымы аяқталы­сы­мен бұл сала қызметкер­лерінің біреуі үй аралап, тұрғын үйлердегі жылу жүйе­лерін, жертө­ледегі ыстық су, суық су жүйе­лерін тексергендерін көрмейсің. Олар  қимылдап, кемшіліктерді қалыпқа келтіру үшін міндетті түрде апат орын алуы керек секілді. Апаттың алдын алуға қашан дағды­ланар екенбіз. Өткен жылы қала­мыздағы бірқатар аймақтарда жылу жүйе­лері жүре­тін  ескі құбырлар ауыстырылған болатын. Ескінің жаңаға ауысты­рыл­ғандығын тұрғындар құп көргенмен,  атқа­рылып жатқан  жұмыстар­дың  сапасын құп көр­меген еді. Айтып ауызды жиған­ша биыл қыста «Орбита» ықшамауданында жылу құбыры жарылып, соның салдарынан бірнеше көпқабатты тұрғын үй тұрғындары  әбігерге түскен болатын.

Енді, міне, ай мен күн­нің ама­нын­да тағы жылу құбыры жарылып адам­дар әуре-сарсаңға түсті. Атқарылып жат­қан жұмыс­ты бақылап, қадағалау жоқ болған жерде кемшіліктердің орын алары заңдылық.  Оның үстіне барлық шаруа тендермен  шешіле­тін мына заманда   сапа, жауап­кершілік туралы сөз қозғаудың өзі қисын­сыз көрінеді.  Апаттың беті аулақ, жарақат алған адамдар күйігінен арылып, аман-есен отбасына оралсын дейік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *