АПАЙДЫҢ АМАНАТЫ

Қали СӘРСЕНБАЙ

Астананың ізін ала Алматыда да Фариза ақынның атына көше берілді.

Жыл басынан бері еліміз бойынша ақынның аты жаңғырып жатыр.

Ақын туралы спектакльдер өмірге келді. Р.Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали», Р.Мұқанованың «Фаризасы», И.Тасмағам­бетовтың ұйытқы болуымен Розаның «Фаризасы» Мәскеуде қойылды.

Еліне өлшеусіз қызмет еткен кісінің еңбегіне құрмет осылай жалғаса беруі керек.

Ал енді апай үшін Алматының жөні мүлдем бөлек. Апай дегенде, Көк базардағы (бұрынғы М.Горький, 50-ші үй) 9 қабатты журналистер үйі еске түседі. Ол тұста қазақ басылымдары түгелге жуық осы үйде орналасқан еді. Кіл бір жақсы мен жайсаң­ның бәрі осы жерде шұрқырасып жатады. Осы үйдің есігінен қазақтың талай мықты­лары кіріп шықты. Осында қызмет етті, маңдай терін төкті, табанының ізі қалды. Апай да осы есіктен кіріп келе жататын. Ығысып жол беретінбіз. Тәкаппар еді ғой. Өзіне соншалықты жарасатын еді ғой.

Өз кәсібімізде бір биікті емес-ау, тіпті, бір төбешікті еңсерген болсақ, сол жақсы­лардың арқасы деуге болады. Ойдан ой туады. Айтпағым, Жібек жолының аты өшпей­ді ғой. Сол көшені сол жақсылардың аты өлмеуі үшін Журналистер көшесі десе қалай болады дейсің. Көшенің басына оның мән-мағынасын айқындайтын монумент орнатылса дейсің.

Жақсы адам демекші, апайдың өмірден озарынан бір-екі ай шамасы бұрын Алма­тыға келгені бар еді. Бұл туралы бұры­нырақта да жазғанмын. Бүгінгі айрықша күні тағы бір мәрте еске түсірудің сәті түсіп тұр. Редакцияға телефон шалған апай «Сыр-сұхбат» атты кітабы шыққанын айтты. «Бұған дейін өлең кітаптарым көп шықты ғой. Әуелде осы кітапты шығаруға аса пейілді емес едім. Бірақ өмірде жақсы адамдар, жақсылығын көрген адамдарым да көп болды. Мен мына кітапты сол жақсы адамдар үшін шығардым. Соларға жасаған ілтипатым болсын деп шығардым» деп еді. Кітаптың қырық шақты данасын алып редакция қызметкерлеріне таратып бердім. Апайдың сондағы «Мына цивилизация деген кәрі жезөкше ешкімді аямайды, адамгершіліктен алыстатып жібереді. Сондықтан жақсы адамдар, жақсылық туралы көбірек жазыңдаршы. Жақсы адамдармен кездесу, сырласу экстрасенс­тердің сеансы секілді адамдарды тазартады» деген сөздері осы күндері жиі есіме түседі.

Айтпағым, ақынның алапат, өршіл поэзиясын жақсы білеміз ғой. Ал журна­лис­тикасын ше? Журналистігінің өзі бір төбе, жылы ағыстай еді. Талант сан қырлы болады. Егер қолға алса Фариза ақынның журналистикасының өзі тың зерттеудің объектісіне айналса, баспасөз саласына үлкен рухани олжа келер еді. Қазақ қыз­да­рының арасынан шыққан тұңғыш мен­шікті тілші (егер қателеспесем), Шерағаң­ның шапағатын көрген Фариза Оңғар­сынова баспасөзге де аз еңбек сіңірген жоқ. Ол бірнеше жылдар бойы балалар басылымдарына («Қазақстан пионері», «Ақ желкен») басшылық ете жүріп, өзі айтқан­дай жақсы адамдардың портреттерін жасады. Түрлі сұхбаттар берді, ой-толға­ныстар жазды. «Сыр-сұхбат» кітабы осы ойымыздың дәлелі. Қаптаған Журна­листика факуль­тетінің адам танымайтын студенттеріне осындай кітаптарды оқыту­дың пайдасы қаншалықты ақыл болар еді. Осы кітаптағы «Алматы ақшамының» тілшісі Роза Сейілханға берген сұхбаты журналистерге қалдырған аманаты тәрізді. Былай дейді:

«– «Алматы ақшамы» – Алматының айнасы. «Алматы ақшамының» ұжымында жүрген әріптес (мен де өзімді журналистпін деп есептеймін ғой) іні-сіңлілеріме шығармашылық табыс тілеймін. Қазір ылғи бір кемшілік, олқылықтарға әуес болып барады газетші қауым. Елде жасалып жатқан жақсы істер де, жақсы адамдар да баршылық. Солар туралы жазған дұрыс деп ойлаймын. Адамның ішкі тазалығы, биік адамгершілігі, ала жіпті аттамайтын адалдығы, бір сөзбен айтқанда, моральдық тақырып ұмыт болмауы керек. Халықты жақсылықпен тәрбиелеген дұрыс. «Пәлен­нің үйін тонап кетті» немесе «Түгеншенің баласы наркоман екен – ондай болмаңдар» деген ақыл кері әсер етуі мүмкін. Одан гөрі «Мен неге сондай болмаймын» деп талпы­натындай жақсылықтар жайлы жазылса, тәрбиелік мәні көбірек болар еді.

Мен журналистерді жақсы көремін, сыйлаймын, Төлеген ақын айтқандай, «Адалдығы сезіліп тұрар болса!».

(«Сыр-сұхбат», 372-бет, «Атамұра»).

Қазіргі заманда жақсы көру, біреуге жақсылық істеу, жақсылық қолыңнан келмеген күнде жақсы тілек тілеудің өзі қат болып тұрған тұста бұл кітапты қолға алған адам жүрегі мейірбан Фаризаны таныр еді. Олай дейтініміз, «Сыр-сұхбат» біле-білгенге бағалы кітап. Адам тану, тұлғатануға қосылған үлкен үлес. Әсіресе, жас тілші­лерге тап­тыр­­мас көмекші құрал, оқулық.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *