АПАҚАЙ

 

ӘбдіжӘмил Нұрпейісов, Мырзатай Жолдасбеков, Асанәлі Әшімов үйге келді

 

«Қан мен терде» Еламаннан басқа да тағдыры ауыр бір кейіпкер бар. Ол – Тәңірберген. Тәңір­берген – жағымсыз тип. Ақбаланың Тәңірбер­ген­нен тапқан ұлының атын Құдайберген деп қояды. Осыны естіген кесір шал Сүйеудің ашынып оты­рып айтатын монологы бар. Сахнаға шығаратын рөлдерімді үйде қайталайтын әдетіме басып «…Құдайберген дейді, ә? Бұл күшігі – Құдай­берген… Әкесі – Тәңірберген. Ал, ал, әнебіреулер Алдаберген… Жасағанберген… Әй-әй, о несі? О несі екен?.. Абыралы ауылының балаларын Құдай береді… Алла береді… Тәңір береді… Жасаған береді… Әй, сонда біздің балаларымызды кім берген екен? О несі, әй?» деп айна алдында  дауыстай сөйлеп тұр едім, қасымнан жанай өтіп бара жатқан анам кілт тоқтап, кері бұрылды да:

– Әй, балам, өйтіп тым өктемсіп айтпағын. Сен өзі Жаратқанның жағасынан ұстап тұрғандай cөйлейсің ғой, тіпті. Ақырындап, жанамалап жеткізгін. Көрермен жек көріп қалуы мүмкін. Сөздерін сәл-пәл жеңілдетуге, үніңді баяулатуға болмай ма? – деді.

– Апа-ау, өйтуге болмайды. Мұның сөзін жазушы, драматург Әбдіжәмил Нұрпейісов жазған. Бір сөзі жоғалмақ түгілі орны ауысса, құримын. Онсыз да Нұрпейісовтің маған көңілі толмай жүр. Жас актер сексендегі шалдың бейнесін қалай жасайды деп. Ал үнім шықпай мыңқылдап тұрсам, бас режиссер Әзірбайжан Мәмбетов жүндей түтеді. Екі оттың ортасында  жүрмін қазір.  Жоспар бойынша Қапан Бадыров ойнау керек болатын. Ол ауырып жатыр. Маған ақырын сөйле дейсіз, егер Қапан ағам ойнағанда, көретін едіңіз айқайдың көкесін, бар сахнаны басына көтеретін еді.., – дедім.

 

«КӨрермен жек кӨріп кете ме деп қорқамын…»

 

Бәрібір апам құдайға қатысты айтылған сөздер­ді айтқанымды ұнатпады.

– Қайдам балам, дегенмен байқа.., – деді де бөлмесіне кіріп кетті.

Сол атақты драматург ағамыз қасында қоғам қайраткері, әдебиетші әрі өнер жанашыры Мырзатай Жолдасбеков пен кино мен сахнаның үлкен шебері Асанәлі Әшімов бар біздің үйге келді. Ол уақытта  «Қан мен тер» спектаклі 4-5 мәрте қойылып, көрерменмен жүздесіп үлгерген болатын. Тіпті, ыстық ықыласына да бөленген еді. Құрақ ұшып қарсы алдық.

Шәй-тамақтан кейін әңгіме «Қан мен тер» спектаклі төңірегінде өрбіді. Рөлдер мен оны сахналаған актерлерді саралай келе Сүйеу қартқа да жетті. Ол өзі өмір қажытқан, әділдік іздеп шар­шаған шал. Сондай-ақ, бір басына жетер қыңырлығы да бар. Сондай үлкен шеберлікті қажет ететін бейнені оның жарты жасына да жетпеген менің жасап шыққаныма көрермен де, драматург те, бас режиссер де дән риза. Соны сөз етті. Апам батылдығына басып, сөзді киіп кетті.

– Бәрі дұрыс қой, бірақ Сәбитжанның сөздері тым қатқыл, өткір әрі өктем естіледі. Жарату­шының есімі естілген сайын денең шымырлайды. Көрермен жек көріп қала ма деп қорқамын, – деді көкейінде жүрген күдігін ортаға тастап…

 

Франциядан «келген» шәй

 

Менің анам көрші-қолаңдармен үнемі жақсы қарым-қатынаста болды. Өнер саласында жүрген жастардың аналарымен байланысты үзген емес. Асанәлі Әшімовтің, композитор Мыңжасар Маңғытаевтың, бұрынғы Мәдениет министрінің орынбасары (кейін министр болды) Жексенбек Еркімбековтің, тағы да басқа, аналарымен  бас қосып, бірге жүретін. Кезектесіп бір-бірінің үйіне қыдыратын. Әйтеуір уақыттарын көңілді өткізуге тырысатын. Басынан өткерген қиындықтарды, соғыстың салған зардаптарын жадыларынан өшіруге, бойларынан шығаруға әрекет жасайтын. Аналарымыз көңілді болса, біз де көңілдіміз.

Апам бір күні мені оқшаулап, оңаша бөлмеге апарды да:

– Әй, Сәбитжан, өзің білесің өткенде біз, аналар, Асанәлінің үйінде бас қостық. Астан кейін бір керемет шәй берді. Иісі бұрқырап, ұрты­мызды толтырып бір ұрттағанда-ақ буынымызды босатты. Осынша ғұмырымда ондай ғажап шәй ішпедім. Бәріміз де риза болдық. Сені шақырғанда айтайын дегенім, сондай керемет шәй біздің үйде бар ма өзі? – деді. Көзі ежірейіп, кейпі өзгеріп кетіпті. «Жоқ» десем, «қайдан болсын тауып кел!» дегелі тұр.

– Бар, – дедім ойланбастан. Болғанда қандай, сіз ішкен шәйдан да кереметі бар үйде. Мен де гастрольдік сапармен жер жаһанды аралап жүрген жоқпын ба? Американың, Англияның, Индия­ның, тағы да басқа мемлекеттердің шәйла­рын кезінде ала келгенмін. Сізге қай елдікі керек? – дедім бетіне қарап.

– Франциянікі табыла ма?

–  Әлбетте, о не дегеніңіз…

– Онда келіншегіңе айт, содан демдейтін болсын. Екі күннен кейін қонақтар келеді, қазір бәріне хабарлаймын, – деген анам қуаныштан қуат алып, бөлмесіне қарай жылдам басып бара жатты. Көңілінде ешқандай күдік, күмән жоқ.

Жағдайды келіншегім Сәулеге айттым.

– Ондай шәйді қайдан табамыз? – деді көзі алақандай болып.

– Үндеме, сырың ішіңде болсын. Бәрін өзім рет­теймін, – деп, оны да сендіріп, бекемдеп қойдым.

 

Сүтін қоюлап, түсін қызартып Сәуле құйып беріп, мен ыдыстарын ауыстырып алмай жеткізіп беріп тұрдық

Айтқан күні күткен қонақтарымыз келді. Сәуле ертерек дастарқанды неше түрлі сусынға толтырып, жасап қойды. Шәйді әбден шөлдетіп алып соңынан беретін болып келістік.

Мен қонақтар сусын ішіп отырғанда ол кісілерге шәй туралы әңгіме айтып бердім. Алды­мен тамақ берілді, тұзы татымды болды. Шәйға кезек келгенде  қонақтарды 10-15 минутқа бой жазуға тұрғыздым.

– Таза ауада жүріп тамақты сіңіріп алыңыздар. Бірінің үстіне бірін ішке айдай берген асқазанға зиян. Сосын әлгі өздеріңіз жеген тәтті еттің құрамын сумен бұзуға болмайды. Дәмін, құнарын жоғалтады, – дедім.

Ас бөлмеге барып Сәулеге күнде ішіп жүрген үнді шәйінің бір қорабын түгелдей шәйнекке салғыздым. Қайнағасын бір-екі мәрте қайтарып құюды да есіне салдым.

Қонақтар келіп орындарына жайғасқан кезде буы бұрқырап шәй да келді. Ет жеп, қышқыл салаттардан тояттаған қонақтардың шәйді көр­генде көздері жайнап шыға келді. Сүтін қоюлап, түсін қызартып Сәуле құйып беріп, мен ыдыс­тарын ауыстырып алмай жеткізіп беріп тұрмыз. Бірінен соң бірі кеселерін ұсынып жатыр. Гу-гу әңгіме тоқтады.Үйде тыныштық орнады. Тек сыңғырлаған ыдыс, ысылдаған дыбыс қана естіледі. Бірсыпыра уақыт өткенде, шөлдің беті қайтса  керек, бір-бірімен тілге келе бастады.

– Ойпырмай, – деді Тәжіхан апа (Асанәлінің анасы) – біздің үйдегіден де асып түсті ғой мына шәй. Буынымыз босап, пейіліміз кеңейіп, тынысымыз ашылып сала берді ғой…

– Айтатыны жоқ, 5-6 айдан бері жауырыным жабысып, тер шықпай жүр еді, бәрі кетті.

– Мұндай қызыл күрең шәйді бұрын қашан ішкенім есім де жоқ. Сүті де қою, шәйі де шығымды екен…

– Бәрі келіндеріңіздің еңбегі, құрметі ғой сіздерге деген, – деп мен де Сәуленің абыройын асырып жатырмын.

Аналарымыз шәйді ұзақ ішті. Әбден қанды. Алғыстарын айтып, баталарын беріп тарқасты. Бәрі кеткесін Апам бізді шақырып алып ризашылығын білдірді.

 

Топаш нағашым

Топаш деген нағашым бар. Анаммен немере. Сол нағашым апасын, бізді сағынған болуы керек, астанаға баратын пойызға отырып, Алма­тыға тартып отырады. Біздің үйдің мекен-жайын, телефон нөмірін үйінде қалдырыпты. Келетінін айтып, бізге де хабар бермеген. «Алматыға барсам, тауып аламын, жиенімді бәрі таниды» деген сеніммен жүре беріпті. Жол-жөнекей пойызда жолаушылардан:

– Сәбит Оразбаев деген әртісті білесіңдер ме? – деп сұрайды. Өңкей өзі сияқты артынып-тартынған жолаушылар, ауыл адамдары бастарын шайқап отыра береді, ешкім «білемін» демейді. Пойыз әр бекетке тоқтаған сайын бірі мініп, бірі түсіп жатыр. Бірақ ешқайсысы білмейді.

Астанаға жақындағанда жаңадан мінген жолашылардан тағы сұрастырады. Бағына қарай бір әйел білетін болып шығады.

– Кіміңіз еді? – дейді.

– Жиен інім…

– Мекен-жайын білесіз бе?

– Жазып алғанмын, үйде қалып кетті…

– Онда былай, Сәбит Оразбаевты сырттай танимын, талантты, танымал актер. Бірақ мекенін білмеймін. Бір-екі рет Калинин мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы үйлердің біріне кіріп бара жатқанын байқағаным бар. Пойыздан түскесін сол маңайға барып, тұрғындарынан сұрастырыңыз, бәлкім тауып аларсыз.., – дейді.

Нағашым солай жасайды. Енді басқа амалы да жоқ қой. Аталған көшелердің қиылысындағы биіктеу жерге отырып алып өткеннен де, кеткеннен де сұрастырады. «Білемін», «танимын»  деген ешкім мұнда да бола қоймайды.

Апамның  «таза ауа жұтамын» деп күніне бір-екі мәрте үйді төңіректеп, көшені бойлап жүретін әдеті бар. Сол әдетімен әлгі көшелердің қиылы­сына қарай беттеп келе жатады. О, ғажап! Өңі ме, түсі ме! Сырт киімдерін шешіп, астына басып алып, басы жалтырап біреу отыр. Өткендерге қолын жайып бірдеңе дейді. Ақша сұрап отыр ма, жөн сұрап отыр ма, белгісіз. Алыстан сөзі анық естілмейді. Бірақ сырт келбеті таныс сияқты. Жақындап келіп қараса, өзінің інісі Топаш екен.

«Ой, Топаш, бауырым!» деп бас салып құшақ­тайды. Енді қайттым деп отырған нағашымның көзі шырақтай жанып, апасына ол да құшағын жаяды…

Кешке үйге келсем менің бар киімімді киіп алып, кердеңдей басып бөлмеде біреу жүр. «Бұл кім болды екен?» деп ішке ендім. Алдымда қас­қайып нағашым Топаш тұр. Құшағымыз айқаса кетті… Үйде оншақты күндей болды. Театрға апардық, қала­ның көрнекі жерлеріне қыдырттық. Киімдерін түгел жаңалап, елге қарай пойызға мінгізіп жібердік…

 

Үтіктің әуресі

Апам ақкөңіл, жаны жұмсақ, бауырмашыл болатын. Ол кезде жоғары оқу орындарында жатақхана жетіспейтін. Ал ауылдан оқуға келушілер көп еді. Ағайын-таныстарының үйін жағалайтын. Білім қуған ауылдың 3-4 қызы біздің екі бөлмелі үйімізде де тұрып жатты.

Кешке жақын үйдің іші думанға айналады. Бәріміздің басымыз қосылады ғой. Апам күн­делікті ақыл-кеңесін, қалада жүргендегі қауіпсіз­дікті айтып, құлақтарына құйып отырады. Бұрын қала көрмеген қыздар ғой, бір «пәлеге» ұрынып қал­масын дейді. Үсті-бастарының таза болуын қадағалайды. Жалпы, апам тазалықты жақсы көретін, өзін таза ұстайтын, өзгеден де  тазалықты талап ететін кісі. Біреудің бойынан немесе киімі­нен бір мін көрсе, кім болса да ескертетін. Қыздар киіміне ұқыпты ғой. Күнде көйлек-көншегін өтектейді де жатады. Соны көрші кемпір байқап жүреді екен. Апама келіп:

– Үйіңде біраз адам бар. Көбісі қыз бала. Күнде үтіктің (утюг) күңірсіген иісі шығады да тұрады. Қыздар дамыл бермейтін сияқты. Қанша­ма электр қуаты текке кетіп жатыр, айтып ескертпейсің бе? Тоқты үнемдеу керек, – дейді.

– Ағайынның қыздары ғой. Көңілдеріне ауыр алып қалуы мүмкін. Оның үстіне қыз балаға таза болып жүрген де жарасады, – дейді апам. Бірақ көрші кемпір күнде-күнде айта берген соң, бір күні маған келіп:

– Сен бірдеңе десеңші қыздарға, қарындас­тарың ғой, сөзіңді ауырламас, – деді. Қарасам, апам кәдімгідей қиналып тұр.

– Жарайды, апа, қартайғанда «үнемшіл» кем­пір атанбағаныңыз жөн. Өзім реттеймін, – дедім.

Кешке қыздар келіп күнделікті үтіктеу ісіне кіріскен кезде бірінің қасына барып «күнде-күнде ыстық темірді үйкей бергесін көйлектің матасы жұқарады, реңі де кете бастайды. Әдемілеп бір мәрте үтіктегесін 3-4 күнге дейін қыржым түсірмеуге тырысу керек. Үздіксіз қолданылғасын үтіктің сымы шыдас бермейді…», – дедім.

Қарындастар түсінді. Қарбалас азайды. Үйдің ауасы да тазарды. Бірақ көп ұзамай үтіктің сымы күйіп, үзіліп кетті. Ол уақытта тұрмыстық заттардың қосалқы бөлшегі тапшы болатын…

 

Жазып алған – Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *