ҚАНТ ДИАБЕТІНІҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ

Қант диабетімен ересек те, бала да ауырады. Бұл сырқат қан құрамында қанттың (глюкоза) көбейіп кетуінен пайда болады. Салдарынан науқас шөлдегіш, кіші дәретке барғыш келеді. Қант диабеті – асқазан асты безінің (ұйқы) бетта-клеткаларының инсулинді аз мөлшерде шығаруымен және осы себепті барлық зат алмасу түрлерінің, айрықша қант алмасуының бұзылуымен сипатталатын ауру. Қанда инсулин аз болғанда ұлпалар қантты сіңіре алмайды, сондықтан қант мөлшері өседі, яғни гипергликемия дамиды. Қалыпты жағдайда қандағы қант мөлшері ашқарынға- 3,5-5,5 ммоль/л. Қандағы қант мөлшерінің өсуі оның организмнен зәрмен шығуына себепкер болады-глюкозурия.

Қант диабеті ерте заманнан белгілі болған. XVIII ғасырда бұл науқастардың зәрінің тәтті болатындығы, XIX ғасырда бұл аурудың себебі-инсулин мөлшерінің азаюы дәлелденген. Ал, XX ғасырда совет ғалымы  Коган-ясный қолдан инсулин дайындады. Инсулинді қолдан дайындағанға дейін ауру адамдар 3-5 жыл ғана өмір сүретін. Бүгінде науқас адамдар 65 жылға дейін өмір сүреді.    Қант диабетінің себептері: тұқым қуалаушылық (65 пайызға дейін); балалардағы вирусты инфекциялардың асқынулары-қызылша, желшешек, тұмау, мысқыл т.б; тамаққа қанттар мен майларды көп пайдалану; стресстік ситуациялар.

Науқастың бойында әлсіздік пайда болып, тез шаршап, қол-аяғы сырқырап, жүйкесі жұқарады. Аракідік есінен танып, талып қалады. Мұндай белгілері бар азаматтарға жаз маусымы түгілі, басқа мезгілдерде де жүріп-тұру оңай емес. Оның үстіне оларға шөл басу үшін газы бар су, тәтті шырындарды ішуге болмайтынын ескерсек, қант диабетімен ауыратындардың жағдайын түсіну қиынға соқпайды. Ол-ол ма? Мұндай дертпен ауыратындарға күннің астында да көп жүруге болмайды. Себебі, олардың қабылдайтын дәрі-дәрмектері теріні аса сезімтал етеді. Нәтижесінде күн көзіндегі артық бірнеше минут теріні күйдіріп жіберуі мүмкін.

Қант диабетін емдеудің негізі – диета сақтау. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, емдеудің медикаментті құралдарын қолданбастан тек диетотерапиямен ғана ауруды үш жылға дейін асқындырмай ұстауға болады. Бұдан әрі науқасқа қантты азайтатын дәрі-дәрмектер тағайындау қажет. Олардың көмегімен 2-типтік қант диабетімен ауыратындар бес жылға дейін қанттың орташа деңгейін ұстап тұра алады. Бұдан кейін дәрі-дәрмектер мен инсулинге көшеді.

Қант диабетінің қазіргі заманғы терапиясының басты қағидасы аурудың басталған кезінен бастап емдеуді қолға алу. Адам ағзасының қантты кәдеге жаратуын қалыпты жағдайға дейін жеткізіп және ұдайы осы деңгейде ұстап тұру ажет. Осы шарттарды сақтаған жағдайда ғана қант диабеті бар науқастың жұмысқа қабілеттілігін сақтауға, қатты асқынулардың алдын алуға болады.

Құралбек ҚАЛИЖАН,

С.Ж.Асфендияров атындағы

ҚазҰМУ-дің 5-курс студенті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *