Англия пенальти тебуді үйреніпті

Ресейде өтіп жатқан әлемдік футбол чемпионаты шешуші кезеңіне қадам басты.

Енді 6-7 шілдеде ширек финал ойындары өтеді

Сәкен СЫБАНБАЙ

Неймар – мықты, бірақ…

Доп додасының «біссімілләсін» әлем чемпионы – Германияны жеңіп бастаған мексикалықтар сол жетістік арқылы қалайда өз тобында бірінші орын алуды көздейтінін меңзеген-ді. Неге? Егер топ жеңімпазы болса, онда олар 1/8 финалда «Е» тобының бірінші командасына, демек, Бразилияға тап келмес еді. Артынша Оңтүстік Кореяны жеңген «ацтектер» осы мақсатына тіптен жақындай түсті. Үшінші турда оларға шведтермен тең түсу де жеткілікті болатын. Алайда, Мексика құрамасы шешуші матчта өте нашар ойнап, қарсыласынан 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Топтағы бірінші тұғыр көзден бұл-бұл ұшты, тіпті екінші орыннан да айрылып қала жаздады. Абырой болғанда, күтпеген жерден «майы таусылған неміс машина­сын» тізгіндеген корейлерден көмек келе қалды. Сөйтіп, қалай қашса да, айналып келіп Бразилияға түсті.

Мексиканың бес дүркін әлем чемпион­дарынан қашқақтайтын да жөні бар. Біріншіден, Бразилия – бұлар үшін өте қиын қарсылас. Әлем чемпионаттарында бұл екі команда осыған дейін төрт мәрте кездескен: мексикалықтар ұтпақ түгілі, гол да соғып көрген емес! Үш рет ұтылған – 0:4 (1950 жыл), 0:5 (1958) және 0:2 (1962), ал төрт жыл бұрын Бразилияда өткен тур­нирде 0:0 есебімен тең ойнаған, бар жетіс­тігі осы ғана. Екіншіден, 1/8 финал – Мексика үшін алынбас қамалға айналған асу болып тұр. 24 жылдан бері бұл құрама топтан үнемі шығып келеді, бірақ қайтсе де осы өткелден өте алмайды. 1994 жылы оларды Болгария сүріндірді, 1998-де – Германия, 2002-де – АҚШ, 2006 және 2010 жылдары – Аргентина, 2014 жылы – Гол­ландия… Сондықтан мексикалық­тардың плей-оффтың алғашқы сатысында теңбіл доптың теңдессіз шеберлерімен емес, оң жамбасқа келетін оңтайлы қарсыласпен кездескісі келгенін түсінуге болады.

Дегенмен, бірінші таймда Мексика жап-жақсы ойнады. Бразилияның айып алаңына андыздап жиі ұмтылып, қайта-қайта қауіп төндірді. Бірақ шабуылының ешқайсысы да соққымен түйінделген жоқ. Таймның ортасынан ауа бразилиялықтар ойын тізгінін өз қолдарына алып еді, бәрі орын-орнына келе қалды. Тите бапкердің шәкірттері барын салса, қарсылас шыдатуы қиын екені байқалды. Бастапқыда «ацтек­тердің» қақпасын Гильермо Очоаның шеберлігі аман сақтап тұрды, ал үзілістен соң құтқара-құтқара қақпашы да қажыды. Осы күні керемет ойнаған Виллианның пасынан соң Неймар есеп ашты. Ал матч соңына таман Неймардың өзі Роберто Фирминоның нәтижені еселей түсуіне тамаша мүмкіндік жасады.

Тите қорғаныс шебі мығым, шабуылға лап етіп шапшаң шыға қоятын, жақсы команда жасақтапты. Неймар да бірте-бірте бабына еніп келе жатқандай. Бірақ осы жарық жұлдыздың екінші қыры – біреу жанай кетсе, жалп етіп құлайтын, әлде­кіммен соқтығыса қалса, ойбайын салып тоқтаусыз домалайтын «әртістік» қабілеті жанкүйердің жүйкесіне тиеді-ақ. Осы домалаған күйі оның финалға барып бір-ақ тоқтауы да ғажап емес, алайда Неймарды жұрт баяғы Пеле, Ромарио, Роналдо секілді ойынымен де, іс-әреке­тімен де жасқа үлгі жасампаз чемпион ретінде қабылдай ма, әлде шеберлігі мен симулянттығы ит­жығыс түсетін әрі-сәрі «әртіс жеңім­паз» санай ма – келешек көрсетеді.

 

«Қызыл сайтандар» мінез көрсетті

Жасыл алаңдағы нағыз спортшыға тән ерік-жігер мен ұстамдылықтың үлгісін бельгиялықтар мен жапондар танытты. Голсыз өткен бірінші тайм еуропалық­тардың басымдығын байқатты. Бірақ азиялықтар да қарап қалған жоқ, жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырып, Тибо Куртуаның мазасын алып отырды. Үзілістен соң олар бірінен бірі өткен екі әдемі гол соғып, Бельгияның мақтаулы қорғанысын мазақ еткендей болды. Намысы оянып, сайтаны қозған «Қызыл сайтандар» қарқынын одан сайын үдетті. Бойшаң жігіттері басым болғасын әуеден көп қауіп төндірген олардың алғашқы екі голы да баспен соғылды. Қарсыластардың 2002 жылғы кездесуінің есебі (2:2) соңғы сәтке дейін өзгермей тұрды. Төреші қосқан қосымша минуттарда Жапония құрамасы қатарынан екі рет бұрыштама берді. Алдыңғы кездесуде (Польшамен) тиімді есепті сақтап қалу үшін ақырғы минут­тарды допты тек бір-біріне  асықпай қақпақылдап өткізіп, жұртшылықтың наразылығын тудырған «самурайлар» бұл жолы сол айыбын жуып-шайғысы келді ме, әйтеуір бойы қарсыласынан орта есеппен 5 сантиметр кіші бола тұра, бұрыштамаға тайлы-таяғымен түгел ұмтылды. Алайда, әуелеп келген допты оңай қағып алған қақпашы Куртуа оны лезде Кевин де Брейнеге лақтырды, ол тездетіп оң қанаттағы Тома Меньеге жеткізді. Қорғаушы дереу заулатып айып алаңына пас тастап еді, Ромелу Лукаку қасақана өткізіп жіберген допты Насер Шадли торда тулатты – 3:2!

Швеция – Швейцария матчының бұл екеуін бір ел деп ойлайтындардың көзін ашқаннан бөлек тағы бір маңызы бар еді: қола медальға ие болған 1994 жылдан бергі бес чемпионаттың тек екеуіне ғана қатысқан скандинавтар келесі табысқа дайын ба, әлде ширек финал сатысына сонау 1954 жылдан бері шығып көрмеген «сағаттар мен банктер елінің» сағаты соға ма? Тең дәрежеде өткен ойынның тағдырын Эмиль Форсбергтің жалғыз голы шешті. Оның соққысын қақпашы Ян Зоммер қайтаруы да мүмкін еді, әттең, абайсызда жол-жөнекей қорғаушы Мануэль Аканджидің  аяғына тиіп,  бағы­тын сәл өзгертті. Швейцарияның сәтсіздік сериясы жалғасты, ал шведтер өз жан­күйерлерінің қошеметіне бөленді.

 

Мина – мерген қорғаушы

 

Колумбия мен Англия бірін-бірі екі сағат бойы жеңе алмады. Ағылшын командасының сәл ғана басымдығымен өткен бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен соң америкалық төреші Марк Гейгер әділдігі күмән туғызатын пенальти белгіледі. Колумбияның айып алаңында бұрыштан берілер допқа талас үстінде Карлос Санчес пен Харри Кейн бірін-бірі қолынан тартып, шынтағынан ұстасып, кәнігі балуандарша алысып тұрған. Ақырында Кейн құлап тынды. Төреші екеуінің де айыпты екенін аңғармады ма, әлде бәленің бәрін ағылшын шабуылшы­сының бастағанын көрмей қалды ма, әйтеуір колумбиялықты жазалады. Карлос Санчес – бір чемпионатта өз қақпасына екі пенальти әкелген даниялық Юссуф Поульсеннің (ӘЧ-2018) және бразилиялық Домингес да Гияның (ӘЧ-1938) «ерлігін» қайталады. 11 метрлік нүктеден Кейн мүлт кеткен жоқ, осы додадағы 6-голын соқты.

Оңтүстікамерикалықтар еңсе түсірген жоқ, шабуылды үдетті. Бірақ 90 минут өте шықты, олар гол соға алмады. Төреші қос­қан бес минуттың үшіншісінде бұрыштан әуелетіп берілген допты Йерри Мина баспен соғып, торға түсірді – 1:1! Бұл – колумбиялық алыптың осы чемпионаттағы үшінші голы! Осыған дейін бір турнирде 3 доп соққан қорғаушылар екеу еді (Пауль Брайтнер, 1974 және Андреас Бреме, 1990). Мина осы әйгілі екі немістің, екі әлем чемпионының қатарына қосылды.  Ал ойыннан соңғы пенальти сериясында Англияның жолы болды.  Қақпашы Джор­дан Пикфорд бір соққыны қайтарды, тағы бір соққы маңдайшаға тиді. Бұл – ағылшындардың әлем чемпионаттары тарихында жеңіске жеткен алғашқы пенальти сериясы!

 

1/8 ФИНАЛ

Бразилия – Мексика – 2:0 (гол соққандар: Неймар, 51-минутта, Роберто Фирмино, 88).

Бельгия – Жапония – 3:2 (Вертон­ген, 69, Феллайни, 74, Шадли, 90+4 – Харагути, 48, Инуи, 52).

Швеция – Швейцария – 1:0  (Форсберг, 66).

Колумбия – Англия – 1:1, пенальти бойынша 3:4 (Мина, 90+3 – Кейн, 57, пенальтиден).

 

ШИРЕК ФИНАЛ

6 шілде

Уругвай – Франция (20.00); Бразилия – Бельгия (00.00).

7 шілде

Швеция – Англия (20.00); Ресей – Хорватия (00.00).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *