Қанатын қатайтпаған балапан қалайша қыран болмақ?

 

Жаратушы пендесін сан-сынаққа салады емес пе? Жуырда достарыммен, сыныптастарыммен азын-аулақ тиын-тебен жинап, өзімізге қысқарған киімдерімізді алып, жақын маңайдағы жетімдер үйіне бардық.

Шағын ғана үш қабатты үй. Есіктен кірер-кірместен бір әйелдің «не жұмыс?» деген жағымсыз даусы шаңқ ете қалды. Келген себебімізді түсіндірген біз бала­ларды көруге әзер дегенде рұқсат алдық.

Ішке қарай кіріп келеміз. Бөлменің іші тап-тұйнақтай етіп жиналған. Бірақ бөлменің іші балалардың керекті заттары мен ойыншықтарға қанша толы болса да, маған ешнәрсе жоқтай көрінді. Өйткені, онда жылулық жоқ еді. Тәрбиеші апай балалар үйінде 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың бар екенін, олардың барлығы­ның дерлік тастанды екенін айтты. Дабырлап сөйлескен даусымызды естісе керек, ұйқыдағы балалар біртіндеп ояна бастады. Кенет кішкене қарадомалақ бала орнынан тұра салып, тәрбиешісіне жүгіріп келіп:

– Дәретке барсам бола ма? –  деп күмілжіді.

– Тез бар! – деп баж ете түсті жанымыздағы сары шашты әйел. Кішкен­тай баланың көзінде бір қорқыныш бары сезілді. Ойланып тұрып қалдым. Дұрыс-ақ, тәртіп болу керек. Бірақ дәретке баруға рұқсат алу үшін балақайдың неге даусы дірілдеп шықты екен? Олар осы кезінде балапан секілді қанатын қатайтпаса, қыран болар кезінде аспанда қалай еркін  самғамақ?

Балалар бірінен кейін бірі келіп біз апарған заттарды тартына алып жатты. Өздерінің жетімдіктерін намыс көретін сияқты тәйірі, бастарын изеп қана аман­дасады, жасқана жаутаңдайды. Өмірде, сірә, жетімнің мұңлы жанарын көргеннен артық азап бола ма? Еркіндік пен еркелікті қажет ететін жас сәби көзін аша салып жат­тың құшағынан жылу тапса, онда қай­дағы өжеттік, қайдағы мейірімділік болсын?!

Адам баласы басқа тіршілік иелері секілді табиғи жаратылыстың құлы емес. Олар өз әрекеттері мен сезімдерін өз еркіне бағындырып, ақыл-парасатына жығып бере алады. Сөйтіп, ол әрқашан өзі істейтін ісін парасат таразысына салып көруге тиісті. Нәпсіні тыюға болады. Кез-келген ойлан­бай жасалған қадамның кесірі болатынын, сондайдан барып жетім бала, жесір әйел, жауапсыз ер-азамат, берекесіз отбасы пайда болатынын ұмытпайық!

 

Жаңылсын ЖОЛДАСБАЙ,

студент.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *