ҚАНАТ ИСЛАМНАН НОКАУТ КҮТКЕНІМІЗ РАС ЕДІ

Олай болмаған себебі, Қанат бауырымыз үшінші раундта бір саусағын сындырып алған көрінеді

????????????????????????????????????

Өткен  сенбі  күні Алматыда Елбасының тапсыр­масымен ашылған 12 мың орындық «Алматы Арена» спорт кешені жанкүйерлерге лық толды. Бұл күні Алматыда үлкен спорт мерекесі өтті. Шаршы алаңда кәсіпқой бокстың қолғабын киіп бақ сынап жүрген сайыпқырандарымыз шетелдік былғары қолғап шеберлерімен күш сынасты. Бұл бәсеке теледидар экранынан көрсетілгендіктен, бәсекені «Алматы Аренаға» барып көрген кездегі әсерімді айтпақпын.

Осынау зәулім спорт кешеніне еңбектеген баладан бастап еңкейген кәріге дейін барды деуіме болады. Мұның өзі Алматы жұртшылығының, әсіресе, қазақтардың көбінің боксқа деген ықыласының қандай екенін көрсеткендей еді. Бір ерекшелігі, кездесу бастан-аяқ қазақ және ағылшын тілдерінде өтті. Бұл бір қуанарлық жәй болды. Шетелдік спортшылар мен қонақтар еліміздің Әнұраны мен  мемлекеттік тілін тыңдады.

Бұл көптен күткен кездесу еді. Алыс­тағы Америка құрылығында кездесулер өткізіп жүрген даңқты жерлестеріміздің бірі Қанат Ислам бауырымыз 29-жекпе-жегін 29 қа­рашада Алматының шаршы алаңында өткізді. Ол бұған дейінгі өткізген кездесу­лерінде қарсылас­тарын 19 рет есеңгіретіп ұтқан! Сондықтан спорт кешенін кернеген жанкүйерлер одан 20-нокаутты күткені рас!

Мұның алдында рейтингтік 6 кездесу өтті. Жерлестеріміздің бесеуі қарсылас­тарын айқын басым­дықпен ұтты. Жанқош Тұраров, Әли Ахме­тов, Руслан Мырсатаевтар алғашқы раундтарда-ақ жеңіске жетті.  Әсіресе, жанкүйерлер ақ жол тілеп, тағат­сыздана күткен, кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізген 2013 жылғы Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы ерледі. Ол қарсыласын бірінші раундта-ақ сұлатып салды!

Жанкүйерлер кештің негізгі тұздығы саналған Қанат Ислам мен Гана елінің өкілі Патрик Аллотей бәсекесін асыға күткені рас. Қанат алғашқы раундта-ақ басымдығын байқатып, бізді біржолата тыныш­тандырды. Алайда, кездесу белгі­лен­ген 12 раундқа созылды. Өйткені, Қанаттың қарсыласы – кәсіпқой рингте 36 жекпе-жек өткізіп, екі-ақ рет жеңілген Патрик Аллотей осал емес екен. Ол тас-түйін қорғанысқа көшіп, аяғына дейін шыдап бақты. Сөйтіп wba тұжырымы бойынша әлемде 5-орында тұрған Қанат Ислам бұл жолы қарсыласын нокаутпен жеңбесе де, ұпай санымен ұтып, атағын сақтап қалды.  Мұның сырын біз кездесу аяқталған соң білдік.

Сыртқа шыққанымызда қара­құрым жанкүйерлердің арасынан белгілі қоғам қайраткері, Алматыдағы Олимпиада резервін даярлайтын орталықтың дирек­торы, бұрын өзі де бокспен шұғылданған Амалбек Тшановпен кездесіп қалдық. Ол осы жаңа ғана Қанатпен сөйлескенін, үшінші раундта бір саусағын сын­дырып алғанын, сондықтан бар күшін жұмсай алмағанын, енді гипс салдыруға бара жат­қанын білдім деді. Е  бәсе,  Қанат бауы­рымыз жекпе-жегін 5-6 раундтан асырмай аяқтау­шы еді. Бұл жолы осындай себебі болған  екен ғой, деп көңіліміз жай­ланып қайттық.

 

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *