АНАМНЫҢ ТІЛІ

Нұржамал ӘЛІШЕВА

ЕЛДІ ТҰРАЛАТЫП кеткен сұрапыл соғыстың аяқталғанына аз уақыт қана болған. Адамбаев Қаратайдың арнайы шақырту қағазымен облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы болып тағайын­далған кезі. Аппаратта кілең өзі қатарлы жастар екен, бірақ бәрі орыс тілінде сөйлейді. Барлық іс-қағаздары да орыс тілінде жүргізіледі.

Шалғай жатқан қазақы ауылда туып-өскен, бөтен ұлт өкілдерін мүлдем көрме­ген Қаратайға өзіне тиесілі міндетті өз деңгейінде атқармақ тұрмақ, жанындағы әріптестерімен орыс тілінде сөйлесу қиынға соқты. Ол тұста қолға тие қоюы қиындау сөздіктерді пайда­лануды да біл­мейді. Әрине, оны тіл білмейсің деп шет­тетіп, түртпектеп жатқан ешкім жоқ. Тек адам болған соң жаныңда қатарласа жүрген адамдармен емен-жарқын әңгіме­лесіп, күлетін жерінде бірге күліп, шешіле сөйлесіп, қиналған сәттеріңде отбасын­дағы кейбір қиын жағдайларды да бірге бөлісіп, жүректі жеңілдеткенге де не жетер.

Әсіресе, обкомның бірінші хатшысы Дәуренбек Әубәкіровтың кабинетіне кіріп қалғанда жонарқасына дейін терлеп кететіні бар. Қараторы, аса сұсты, өте талапшыл, жұмысқа шын берілгендерді бағалай білетін хатшы:

– Орыс тілін үйрену керек қой. Оны білмесең, ортаңнан оқшауланып қаласың, жоғары оқу орнына бара алмайсың, – дегенде, жанын жеп жіберетін. Кейін ойласа, бұл сөздердің өзі оны қамшылау екен ғой.

Осылай тіл білмегендіктен шынымен де оқшау күй кешіп жүрген сәттері оның ой-пікір­лерін, арман-мақсаттарын, тіпті, мұң-реніштерін де бөлісетін бір-ақ адам болды. Ол – сол кездегі облыстық комсомол коми­тетінің хатшысы Арыстан Өтеулин болатын. Қазақтың Қаратайдай қара бала­сына ықыласы түсіп, осында, қалаға, өрке­ниетке ойын, бойын өсірсін, жақсы­лықтардан нәр алып, үлкен азамат болсын деп шақырған да сол кісі еді.

Ақылшы аға ауылдың қарапайым баласының мұнда орныға алмай қиналып жүргенін біліп:

– Еш қысылма. Барынша еркін бол. Білгеніңді айт, білмегеніңді сұра, оның айыбы жоқ. Әлі-ақ үйреніп, төселіп, ортаға кірігіп кетесің. Сені жақында оқуға жібереміз, – деп қанаттандырып қойды.

Соғыстан жаралы болып қайтқан, мамандығы бар жауынгерлер де келе бастады қызметке. Олар да тегіс орысша сайрап тұр. Ал бұл қиналған үстіне қинала түсті.

***

ОЛ КЕЗДЕ облыстық комсомол комитеті орналасқан ғимарат Пушкин көшесінің бойында болатын. Ал Бектұр­ғанов пен Пушкин көшелерінің қиылы­сында Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінің редакциясы мен баспахана тұр. Бірде жұмыс бабымен сол редакция жанынан орын тепкен бастауыш комсо­мол ұйымына бас сұққаны бар. Міне, ғажап! Редакция қызметкерлері өзара тегіс қазақ тілінде сөйлесіп жүр. Алдарында тұрған теру машинкалары да бәрін сартылдатып қазақша басып жатыр. Қалың орысшаның арасынан барғасын ба, тіпті, өз көзіне өзі сенер емес.

Бойына ана сүтімен дарыған өз тілі қандай әуезді еді десеңші! Жанын жады­ратты. Тіл құдіреті деген осы шығар. Бір жасап қалған Қаратай өз туғандарының ортасына барғандай, бәрімен емен-жар­қын амандасып, әңгімелесіп, енді кеткісі келсейші. Бірақ кету керек. Партия қатал, кешіккенді басынан сипай қоймайды. Қыруар жұмыс күтіп тұр.

Бірақ Қаратай сол жолы көкейіне «қалай да осы жерге жұмысқа келуім ке­рек» деген арманын түйіп кеткен болатын.

Майданнан оралғанына көп бола қой­маған ағасы Балтабайға, анасы Бибіш­ке осы ойын айтты. Ақыл-кеңес сұрады. Балтабай да бұрын облыстық комсомол комитетінде қызмет еткен, сонда жүріп соғысқа аттанған. Ол да інісінің тілден қиналып жүргенін жақсы білетін.

– Қаратай, ойың дұрыс екен. Газетте бос орын болып жатса, қарсы емеспін. Мен де сенімен бірге барайын, сөйлесіп көрейін, – деді қамқор ниетін білдіріп. Ол кісінің өзі де шығармашылықтан алыс емес еді, әңгімелері, өлеңдері газет бетінде жиі жарияланып тұратын. Батыл түрде мен де бірге барайын дегені сондықтан болар.

Қаратай көп ұзамай-ақ облыстық «Сталин­дік жол» газетінің редакторы Ғайса Сармурзиннің қабылдауында отыр­ды. Редактор толық денелі, кең маңдайлы, ақсары өңді, күле сөйлей жадырап отыра­тын кең- пейілді адам екен. Қаратайдың шешіліп сөйлей, ойларын сабақтай алмай қысылың­қырап отырғанын біліп, өзі түрлі сауалдар қойып жетелей жөнелді.

– Қазіргі істеп жүрген жерім жаман емес. Тек тілден қиналып, қоғамнан, ортадан оқшау қалып жүрген сияқтымын. Өз тілімде еңбек еткім келеді. Қазір Абай атындағы мұғалімдер дайындайтын учили­щеде сырттай оқып жүрмін. Ағаларым әскер қатарында. Екі ағам майданда. Екі ағам, екі нағашым соғыста қаза болған. Әзірге аман келгені Балтабай ағам. Шешем бар. Осы ағаларымның шаңырағын, бәрін қосқанда жұмысқа жарамдысы мен ғана болып тұрмын. Сондықтан қандай жұмыс болса да істеуге дайынмын, – деді Қаратай аса сабырлы болуға тырысып. Мұң-мұқтажын өз тілінде нақты жеткізе алатын адамның алдына келіп отырған соң ба, өзін еркін сезіне бастады. Сөзін мұқият тыңдап алған Сармурзин:

– Қарағым-ау, обком арнайы шақырып алған болса, сені оңайлықпен басқа жұмысқа жібере қояр ма екен? – деп күлді.

– Шамама лайық жұмыс табылса, өз еркіммен арыз жазатынымды айтқанмын, – деді үміт оты оянғандай қуанып кетіп.

– Бізде корректорлық жұмыс бар. Қазақ тілін, әсіресе, грамматикалық ереже­лерді жетік меңгергендер, сауатты адамдар істейтін жұмыс. Әуелі сені сынақтан өткізіп алайық, – деді редактор.

Сосын оны жауапты хатшы Тұрсын­бала Әбдірамановаға табыстады. Мейірбан жүзді, сымбатты келген Тұрсынбала апай оны асқан кішіпейілділікпен қабылдап, сынақ комиссия­сына дайындады. Қаратай сынақтан мүдірмей өтіп, газетке корректор болып қабылданды.

***

МІНЕ, БҰЛ жас та болса, Қаратай Адам­баевтың сол кездегі партия талапта­рының қатал қалыбына симай, ана тіліне деген шексіз құрметінің нәтижесінде жет­кен үлкен жеңісі еді. Ол Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі «Ақ жол») газетіне осылай келген болатын.

Корректор ол кезде Коммунист пен Воро­шилов көшелерінің қиылысында орналасқан баспахананың бір бөлмесінде отыратын. Бүгінгідей ақпараттық заманауи техникалар мүлдем жоқ. Газет мақалалары машинкамен теріліп, «Американка» станокта­рымен басылады.

Баспаханадағы әріп теруші Надя, Дина Слепенюктер өте көңілді жүретін, әрдайым ширақ орыс қыздары еді. Жас болған­дықтан шығар, шаршауды білмейтін. Бас полиграфист Сусукиннің басшылығымен күні бойы аяқтарынан тік тұрып, қазақ әріптерін шұқшиып, біртіндеп тергенде де, қолдарының жылдамдығына көз ілеспейтін, өте епті, өз істерінің шебері-тін.

Соғыстан кейінгі өте ауыр кезең ғой, баспаханада жұмысшыларға арналып қайбір жағдай жасалған дейсіз. Едені цементтен құйылған, тастай суық, күні бойы тікесінен тік тұрған адамның аяғынан ыза өтеді. Бөлме де суық. Ал корректор отыратын бөлме мүлдем нашар, жұпыны-тын. Үлкен бір жазу үстелі, сосын төрт-бес орындық қана бар.

Газетті беттеуші Гатаулин «Амери­канка» машинкасын жүргізетін. Баспахана директоры болған жап-жас Вася Жигал­кин деген жігітті де ұмытпайды.

Әріп теруге қосымша Әсия Ғалиулина, Әсия Әбілқасымова және Махаббат есімді өзбек қызы алынды. Қаратай гранканы оқудан босаған кездері осы бойжеткендерге қосылып әріп теретін. Өйткені, газет уақы­тынан кешікпей шығуы тиіс. Сондықтан қосымша күш ешқашан артықтық етпей­тін. Оның үстіне, баспаханада кілең жас­тар. Көңілді. Жалындап тұр. Ешқайсысы шаршауды білмейді. Бір-бірімен санасуды да білмейтін.

Солай жұмылғанның өзінде күнделікті шығатын газет материалдары кешкі сағат 10-11-ге дейін терілетін. Гранкаларды оқу, салыстыру, газетті беттеу жұмыстары кейде екі-үш сағатқа созылып кететін. Гранкадан қаншалықты таза, сауатты оқылғанымен, беттеу кезінде кейбір әріптер түсіп қалатын, сынатыны да, шашылатыны да бар. Тіпті, кейбірі станоктан мүжіліп шықпай қалады. Сондықтан бұл жұмыстар асқан төзімді­лікті, жауапкершілікті талап ететін.

Ол кезде «ең қорқынышты» екі сөз үнемі белгіленіп отыруы тиіс. Олар – «ұлы» және «отыр». Әріп­тер кассасында «т» мен «с» әріптері қатар тұрады да, ауыстырылып салына береді. Ал «ұлы» сөзіндегі «ұ» әрпі­нің үстіндегі үміләуіт өте нәзік, «Амери­канка» машинкасы­ның валиктері жылдам айналғанда «ұ»-ның үстіндегі үміләуіт түсіп қал­са, «Ұлы Сталин», «Ұлы Ле­нин», «Ұлы партия» деген сөздер­дегі «ұлы» — «улы» болып шыға келеді. Осындай техникалық қателік­тердің кесірінен қаншама зиялы адам зардап шегіп, босқа күйгендері де бар. Сөйтіп, ол да жеке басқа табынушылық пен асыра сілтеушіліктің бір белгі­сіндей болған.

Сондықтан редакция, баспа­хана қыз­мет­керлері таңға ұйық­тамайтын. Бірақ шаршадым дейтін ешкім жоқ. Арасында уақыт тауып, бәрі, әсіресе жастар жағы, Қаратай отыратын корректордың бөлмесіне жиналып алып шәй ішетін, ән салатын. Нөмірге кезекші болатын Нұртай Шойын­беков, Абылай деген азамат, Жаналиндер жастардың осындай татулық­тарына, өмірге құштар келбеттеріне әркез қуанып, тілекші болып жүретін.

***

ГАЗЕТ БЕТТЕЛІП, қатесі салысты­рылып, тексеріліп, түгел бітті деген кезде, қол қойдырту үшін сағат түнгі 4-5-тер кезінде редактор Ғайса Сармурзиннің үйіне апару міндеті корректорға, яғни Қаратай Адамбаевқа жүктелген. Кейде ертеңгі нөмірді дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетіп, редактордың үйіне сағат таңғы 6-ларда баратын күндері де болады. Сонда Ғайса Сармурзин Пушкин көшесінің орта шенінде тұратын. Коррек­тор Қаратай қол қойдыртатын газет бетте­рін қолтығына қыса ұстап, көшенің бүкіл итін абалатып жететін.

Сармурзин көпбалалы шаңырақтың отағасы болған. Сонда 11 бала. Редактор жарық­ты жағып жіберген кезде, бәрі кең бөлмеде, бірі үстелдің астында, енді бірі жәшік-шабадандардың үстінде, енді бірі еденде ашық-шашық, бір-бірінің үстіне аяқтарын айқастырып тастап тәтті ұйқыда жататын. Сосын Сармурзин бір бума газетті алып, шырт ұйқыда жатқан ұл-қыздарының жүздерін сол газеттермен бүркеп қоятын, шамнан көле­гейлегені. Осындай бір сәтте редакторының:

– Біздің қазақтың қас жауы болып саналатын шешек ауруы да келмейді бұларға, жатыстарын қарашы! – деп сүйсі­не, риясыз күле, үстеліне жайғаса беріп, газет беттеріне үңіле кеткені есінде. Қаратай Адамбаев кейін сол шиеттей балалардың бір-бір азамат, академик, ғылым кандидаты, доктор болған­дарын да көрді.

Редактор газет беттерінде «ұлы» және «отыр» деген сөздер қанша рет кездессе, соның бәрін міндетті түрде қызыл қарын­дашпен қоршап қойып, дұрыс-бұрыстығын тағы бір пысықтай қарап алып барып қол қоятын.

Бірде қызық болды. «Ұлы Сталин» деген сөздегі «Ұ» әрпі сәл нашарлау көрінген болуы керек, соны дұрыстадым деп жанын сызып тұрып «Ұ»-ның орнына «У» деп белгілейді. Енді ше, қаншама бетті түн жарымында сүзіп шығу оңай емес. Үңіліп қарай берген соң, көз де бұлдырайды, шаршайды дегендей. Ал редак­тордың өз қолымен түзеген белгісін өзгертуге ешкім­нің құқы жоқ. Тура сол редактор қол қой­ған нөмірді Надя қыз бастырып, Қара­тайдың алдына әкеледі. Бұл қараса, шынымен бастық қателескен.

Таң атып қалды, газет басылымға жібе­рілуі керек, Қаратайлар еш ойланып жатпас­тан редактордың «Улы Сталинін» бастапқы «Ұлы Сталинге» жөндеп жібереді. Бірақ таңертең олар Сармурзиннің алдына газеттің түндегі өзі қол қойған нұсқасы бойынша басылған бетті апарып көрсетеді. Сондағы редактордың түтігіп, сөйлей алмай қалған сәтін өмір бойы ұмытқан жоқ. Сосын Сармурзиннің мән-жәйді түсініп, сабасына түскен кезде бұларға үлкен алғыс айтқаны да есінде.

***

ҚАРАТАЙ АДАМБАЕВТЫҢ редак­ция жұмысына шын ниетімен берілгендігі соншалық, баспаханада корректор бола жүріп,  жоғары санатты әріп теруші, мөр жасаушы шебер, газет беттеуші, «Амери­канка» машин­касын жүргізуші маман­дықтарын бірінен соң бірін қатар меңгеріп алды. Осы бір қиындығы мен қызығы қатар өрілген газет-баспа жұмыстарында жетіс­тік­терге жетуінде иықтаса қатар жүрген әріптестерімен бірге, баспахана директоры Полтарацкий мен полиграфист Сусукин сынды адамгершілігі жоғары ілтипат­ты кісілердің де ықпалы зор болған. Тіпті, олар­ды өзінің ұстазы санайтын. Олар жас жігітті үнемі қолдап, ешқашан білсем, ізденсем деген талабын қайтармай, қайта жігерлендіріп, сенім артып, еңбегін үнемі әділ бағалап отыратын.

Күнделікті тыныс-тіршіліктің айнасы, өмір ағысының тамыршысындай болған газеттің әрбір нөміріндегі мақалалар өз қолынан өтетіндіктен бе, хабар, очерк, мақала, эссенің қалай жазылатынына дейін біле бастаған соң ба, өзінің көңілге түйгендерін де Қаратай енді қағаз бетіне көркем сөздерімен өрнектеп, онысын газетке де бере бастады. Ең алғаш баспа­хана жұмысындағы жетістіктер, ондағы еңбеккерлерге деген қамқорлық, сосын іс тетігін білетін мамандар жайындағы шағын мақалалары жарияланды. Шағын болса да, ішіне өзінің барлық ілтипатын сыйғыза білетін. Бұл мақалалары өз ішінде мақтау-мадақтауға ие бола бастаған соң, жаза бергісі келді. Атақты қызылшашыға арнаған «Дариға апайға» деген тұңғыш өлеңі оны шабыттандыра түсті. Танымал жылқышы, Еңбек Ері Қартабай Атшабаров жайлы суреттемесі де кәсіби журналис­тердің жоғары бағасын алды.

***

ИӘ, ОЛАР өте тату, ұйымшыл болатын, бір-бірін қолдап-қолпаштап отыратын. Соның нәтижесінде соғыстан кейінгі, нақтырақ айтсақ, 1947 жылғы сайлау науқаны кезінде редакция мен баспахана қызметкерлерінің бірлесіп атқарған жұмыстары партия тарапынан өте жоғары баға алғаны бар.

Бірде мынадай бір оқиға болған. Сайлау учаскесінің төрағасы, орталық мал­дәрігерлік техникум директоры Есенғараевтың жауапкер­шілігіндегі сайлау учаскесі Пушкин көшесінің бойында, Статтехникум ғимаратында орналас­қан-ды. Сайлау учаскесін көз тартарлықтай көрнекі етіп жабдықтау соның алдында ғана  облыстық партия комитеті­нің хатшысы Медеу Аталықовтың қабылда­уында болған кезде тапсырылған болатын. Бәрі қат, тапшылық уақыт, сондықтан сайлау учаскесін тиісті деңгейде безендіру аса қиынға түсті. Төраға Есенғараевтың қатты қиналып кеткенін көрген Қаратай Адамбаев қарап отыра алмады. Жанына екі үгітші қызды ертіп алып, хатшы Медеу Аталықовтың үйіне баруды ұйғарды. Ойы – өзгелерге қарағанда тұрмысы тәуірлеу басшыдан сайлау учаскесіне төсейтін кілем, кілемше және үстел сұрау. Жақсы­лыққа, жаңа­­лыққа ұмтылып жүретін, бір нәрсе тындыруға құлшынып тұратын қайран, жастық!

Үшеуі үлкен кісінің есігін қақты. Қобал­жып тұрғандары анық. Есікті хатшының зайыбы, жылы жүзді жеңгей ашты. Сайлау үгітшілері едік, тізімдегі адамдарды тексеріп, белгілеп жүрміз деді бұлар. Жастардың қысылып тұрғандарын байқап, жеңгей бірден төрге оздырды. Жаюлы тұрған дастарқанына шақырды. Құжаттарын да әкеліп көрсетіп жатыр. Қаратай жеңгейдің жайдары, жақсы адам екендігін білген соң, келген мақсатын ашып айтты.

Жастар жеңгей туралы қателеспепті, ол кісі дереу ұшып тұрып, төргі бөлмесінде жаюлы жатқан жалғыз кілемін көрсетті.

– Осыны алыңдар. Сосын екі үстел, он орындық бар, – деді. – Айтпақшы, еш қысыл­маңдар, үлкен ағаларың – Ізекеңнің үйіне де барыңдар. Ондағы апайларың өте кеңпейілді жақсы адам. Жоғары білімді педагог, сондық­тан сендердің өкімет, халық үшін деп жүрген мына қадам­дарыңды бірден құптайтынына сенемін.

Сөйтіп, ол сайлау болатын күні дауыс беруге уақытылы баратынын, тағы да қандайда бір көмек керек болса, ері Медеу ағаларына айтатынын білдіріп, жастарды шығарып салды.

Хатшының үйінен арқаланып шыққан үшеуі енді облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы І.Еділбаевтың үйіне тартты. Ол үйдегі жеңгей де кемеңгерлігін көрсетті.

– Соғыс ұзақ жыл халықтың еңсесін езіп жіберді. Енді ғана бейбіт өмірге аяқ басып, еңсемізді тіктеп жатырмыз ғой. Сондықтан ел-жұрттың бір күн болса да көңілдері көтерілсін, рухтансын, мерекені сезінсін деп, айналаны әсемдеп жабдықтау туралы ойларың әбден дұрыс, айнала­й­ындар. Бұл учаске бойынша ағаларың Ізекеңнің де кандидатурасы ұсынылған. Сондықтан мына жарқын қадамдарың туралы естісе, ол кісі де қуанатыны анық, – деген жеңгей сайлау күні жақсы кон­церттік бағдарлама, әзіл нөмірлер ұйым­дастыру керектігі, дауыс беруге келген қарттарға құрмет көрсетіп, оларға бұл күні сыйлықтар ұсыну туралы ойларымен де бөлісті. Сосын үйіндегі екі кілемі мен он бес метрлік кілемшесін, үстел, орын­дық­тарды сайлау өтетін жерге кезекші көлік шақыртып жеткіздіртіп тастайтынын айтты.

Қаратай Әбдірахманұлы кейін, есейген шақта осы оқиғалар есіне оралған сәттері, білдей обком хатшыларының үйіне салып ұрып жетіп барғандары үшін ұялып кетуші еді. Бірақ сол кездегі жастардың ешқандай бақай-есепке құрылмаған ақ-адал пейілдерін бірден түсініп, қолдау көрсете білген зиялы аға-жеңгейлердің биік болмысынан олар өмірлік сабақ ала білді. Айтпақшы, кейін сайлау учаскесінің төрағасы Есенғараевтан жақсылап тұрып «сыбағаларын» алғандары да бар.

Сол жылғы сайлау өте жоғары дең­гейде ұйымдастырылып, газет, баспахана өкілдері дайындаған жалынды сөздерге толы плакаттар мен өте сауатты әзірленіп басылған үндеу парақшаларына шейін бағаланды. Газет беттерінде, радио хабар­ларында осы сайлау учаскесінің жұмысы үлгі ретінде таратылып жатты.

***

БІЗ АДАМБАЕВ Қаратай Әбдірах­ман­ұлының бір ғана газет-баспа сала­сында істеген бірер жылын ғана баян­дадық. Шығарма­шылық адамының  кейін ауыл шаруашылығы саласының майтал­манына айналып шыға келгені таңдан­дырмай қоймайды. Дарынды, іскер адамға қай жерде де орын табылатыны рас екен.

Қаратай Адамбаев 1929 жылы Жам­был облысына қарасты Сарысу ауданы­ның Байқадам ауылында өмірге келген. Әке-шешесі колхозшы болған.

Апуза анамызбен көңіл жарастырып, шаңырақ көтеріп, жеті бала сүйіп, мәуелі бәйтеректей жапырақ жайды. Ұл-қыздары түгел лауазымды қызметтерде.

Еңбек жолын 1943 жылы Байқадам орта мектебі директорының хатшысы болып бастаған. 1944-45 жылдары Сарысу аудандық комсомол комитетінің есепке алу бөлімінің меңгерушісі болған. Өз ісіне жауапты, тиянақты жас маман соғыс біткен жылы Жамбыл облыстық комсомол комитетіне ауыстырылған. 1946—1952 жылдар аралығында облыстық «Сталиндік жол» газетінде (қазіргі «Ақ жол») корректор, әдеби қызметкер, меншікті тілші және уақытша жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Ақпарат құралында еңбек ете жүріп, Алматы малдәрігерлік институтына түсіп, оны 1957 жылы бітіріп шығады. Сол жылдың сәуірінен бастап Талас ауданының «Бос­тандық» қой совхозында зоотехник-селек­ционер, бас зоотехник, совхоз директо­рының орынбасары қызметтерін атқарды.

1959 жылдың қарашасында Мойын­құм ауданының Мойынқұм совхозына директор болып тағайындалады. Одан Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы­ның бастығы, сосын аудандық атқарушы комитет төрағасының орынба­сары лауазым­дарына көтеріледі. 1980 жылы Жамбыл облыс­тық мемлекеттік тәжірибелік ауыл шаруашылығы стансасы директоры қызметіне тағайындалады. Үш жылдан соң, яғни 1983 жылы Меркі аудан­дық тұтынушылар одағына төраға­лық етіп, сосын аудандық атқарушы комитет төрағасының бірінші орынбасары лауазымына лайық деп танылды. Бірнеше мәрте Меркі, Мойынқұм, Жамбыл, Талас аудандық кеңестеріне депутат болып сайланған.

Кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін тағып, «Ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлерінің үздігі» медалін төрт мәрте иеленген. Өмірінің соңына дейін «ҚазАгро» ұлттық фермерлер федерация­сында еңбек еткен.

Бүгінде Қаратай Адамбаев  тірі болса, 90 жасқа толар еді. Біз осындай елге, жұртына адал қызмет еткен азаматтары­мызды ұмытпауымыз керек. Кейінгі ұрпақ осындай аға буын өкілдерінің жүріп өткен жолда­рынан,  өмірінен үлгі-өнеге алар деген үміт­теміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *