Ана сүтін емген бала семіздікке ұшырамайды

Соңғы кезде балалар арасында семіру белгісі жиі байқалатын болып жүр. Бұл ретте балалар семіздігінің таралуы бойынша, Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бірқатар Еуропа елдерінде жүргізілген зерттеулеріне қарағанда, ана сүтін ешқашан ембеген немесе сирек емген балалардың семіздікке көбірек ұшырайтыны анықталған, деп хабарлайды Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы.

«Бала көп уақыт емген сайын, семіз­діктің пайда болу қаупінен қорғана алады. Бұл семіздіктің алдын алу бойынша шара­ларды нығайтуға мүмкіндік береді. Сон­дықтан біз өңірлерде ана сүтімен емізуді қолдап, оның ауқымын кеңейту үшін бар­лық мүмкіндіктерді жасауымыз қажет», – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының Жұқпалы емес аурулардың алдын алу және өмірдің барлық сатысында денсаулықты нығайту бөлімінің директоры, доктор Bente Mіkkelsen.

Міне, сол себепті Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы баланы өмірінің алғашқы 6 айында тек ана сүтімен емізуге кеңес береді. Ал одан кейін 2 немесе одан үлкен жастағыларды әрі қарай емізе отырып, қосымша тамақтандыру қоспа­ларын беруді ұсынады. Бұл ретте ана сүтінде баланың дамуына қажетті барлық пайдалы заттар: майлар, нәруыздар, кө­мірсулар, су, дәрумендер және минералдар бар болып шыққан. Ал оның құрамындағы табиғи антиденелер жаңадан туылған нәрестенің иммунитетін нығайтып, балалар ауруынан сақтауға көмектесетін көрінеді. Яғни еметін бала өте сирек суықтап ауырады және жасанды қоректенетін балаға қарағанда жұқпалы ауруларға, диарея, аллергияға сирек шалдығатын болады. Бұдан бөлек, ана сүтімен емізу бала­ға анасына деген жақындықты, мейі­рімділік пен жайлылықты сезінуге ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша, артық салмақ пен семіздіктен қорғаудан бөлек – ана сүтімен қоректендірудің көптеген артықшылықтары бар екен. Өйткені, ана сүті баланың сенсорлық және танымдық дамуына оң ықпалын тигізетін көрінеді. Сосын ол түрлі балалар ауруынан болатын нәрестелер өлімін төмендетуге, сондай-ақ аурулардан ертерек сауығуға әсер етеді екен. Кейбір зерттеулер көрсеткендей, ана сүтімен емізу баланың когнитивтік қабілеттерін жақсартып, баланың өсуі мен дамуында және оқуында кездесетін мәсе­лелердің пайда болу қаупін төмендетеді.

 Әзірлеген — Қ.АЙМАХАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *