ҚАНАҒАТ

  • Алматының ақсақалы

16Бұл кісімен қалада өтіп жататын іс-шараларда ұшырасып қаламын. Көрген сайын шүйіркелесіп, арқа-жарқа болып сөйлесіп те кет­пейміз. Інінің міндеті сәлем беруді ойдағыдай орындаймыз, ол кісі сәлеміңді өте жылы шыраймен қабылдайды. Бір сәт кісілік, кішілік, үлкендік жарасым табады да, әрқайсысымыз өз жөнімізге кетеміз. Бар бол­ғаны осы. Бұл кісі туралы қалам тербеу үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Оның себебін кейінірек айтайын.

Осыдан жиырма жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» (18.06. 1995) «Терең жігіт» деген шағын мақалам жарық көрді. Кейіп­керім – жас композитор Серік Еркінбеков. Маған Серіктің ұнағаны, бір күні ол теледидардан бір топ скрип­кашылармен бірге өзінің «Отан таңы» деген шығармасын орындады. Көп күн ойланып жүрдім. Әдетте домбырамен ғана орын­далатын туындыларға басымырақ ден қоятын ауыл баласына бұл шығарманың тосын әсері күшті болды. Бұл бұрынғы мәдениет министрі Жексенбек Еркін­бековтің ұлы екен. Содан бері Жексенбек ағаның атына сырттай қанықпын. Бұған дейін де мәдениет, өнер тақырыбына деген ынтызарлықтың арқасында талай тұлғалы адамдарды біліп өстік қой. Мәселен, Өзбекәлі Жәнібековпен бірнеше мәрте сұхбат жүргізіп, кездескен күндер естен кетпейді. Ал Жексенбек ағамен мұндай жағдайда кездесудің сәті түспесе де бұрыннан білетіндеймін.

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Баққожа Мұқаи «Парасат» журналына бас редактор қызметіне келіп, мені орынбасарлыққа шақырды. Өзі Мәдениет министрлігінің мектебінен шыққан Бәкең бұрынғы мәдениет министрлері туралы жиі, әрқилы әңгіме айтатын. Тіпті, әрқайсысына өз мінездемесін беретін. Сондай сәттерде Жексенбек аға туралы кілең биік сөздер айтылатын еді. Кейін ағамен қоян-қолтық жұмыс істеген атақты Әшірбек Сығайдан көп естідім. Әрине, ірі лауазымды қызметте істеген әркімнің де өз орны бар ғой, дегенмен де, әр сөзіне жауапты, таңдап, талғап сөйлейтін Әшекең Жексенбек ағаға келгенде бір әдемі әлемге еніп, еміреніп, елжіреп кететінін байқаушы едім. Сол сөздің шын дәлеліндей, театрдың төбе биі өмірден озған күндері ақсақалдың айтқан аяулы сөздері де көңілде ұмытылмастай болып қалды. «Әшірбектің тұңғыш рет театр сыншыларының арасынан Мемлекеттік сыйлық алуы, бұл – орасан зор жетістік. Бұрын-соңды бұл салада мұндай жағдай болған емес. Осының өзі Әшірбек еңбегінің қандай деңгейде болғанын білдірсе керек» деп еді.

Шаһарда өтіп жататын рухани жиындарда бұл кісі өте дәл, нақты, тұжырымды сөйлейді. Қағазға қарау деген атымен болмайды, бәрі көкейінде жаттаулы, хаттаулы. Жады мықты, шежіре-шал деуге болады. Өзгеден оқшау көрініп, тіп-тік жүріп, тектілігі сонадайдан көзге ұрып тұрады.

Жексенбек аға қай кезде де талантты адам туралы турасын айтып, әділ бағасын берген және оларды қолдап, демеп отырған. Талантты адам туралы кейбіреулердің арызына, бөстекі сөзіне құлақ қоймай, басынан асырып жіберетін еді. Ең бастысы, елге, ұлтқа қызмет еткен адамды бауырына тартып, оның артық мінез-құлқына мән бермеген дейтін егіз қозыдай болып өткен менің Баққожа, Әшірбек ағаларым. Міне, менің аға туралы ойларым уақыт өте келе осылай орнықты, толықты.

Өзі де, сөзі де өтімді белгілі азаматтардың ойын көп естігеннен кейін бе, өзімді бұл кісімен әзелден бері аралас-құралас адамдай сезінетінім және рас. Талантты адам – қоғамның байлығы. Ілуде біреуі болмаса, шын дарынды адам өмір сүруге бейімсіз келеді. Оларда сұғанақтық, жылтырлық, жағымпаздық болмайды. Содан кейін де өз үлесінен қағыла береді. Демек, оларға қамқорлық керек. Оған қол созатын адам да адам ретінде таза, талантты болуы қажет. Ал өзі талантсыздар қашанда жол тауып алады. Министр Еркінбековтің қызметтегі қағидасы да осы болғанына сенеміз. Өскен елдердің бірінде дарынды адамдарды шенеуніктерден, өзгелерден қорғайтын агенттік бар екен. Бізде мұндай мекеме ресми түрде болмағанымен, оларды кезінде Еркінбековтей шенеунік емес министрлер қорғады. Өткенді көктей шолсаң, біз Т.Жүргенов, І.Омаров туралы бүгінге жеткен жетелі сөзбен өстік. Ал Өзбекәлі Жәнібековпен сұхбаттас болғанымызды бақытқа балаймыз. Ал енді сол рухтағы Жексенбек Еркінбеков туралы да биік ойлауға хақылымыз деп білемін. Жұрттың бәрінің биікке шығуы міндет емес. Олай болмайды да. Сол биіктің қадірін, бағасын білу биікке шыққаннан да биік. Ендеше, арамыздағы бір биік болмыс туралы да биік ойдан түскіміз келмейді. Әрине, біз қазақтың руханият тарихындағы мәдениет министрлерінің еңбегіне талдау жасағалы отырған жоқпыз. Ол әңгіменің тіні бөлек. Әңгіме – өзіміз аракідік көріп қалатын ақсақалымыз жөнінде. Білетініміз – Еркінбековтің тұсында қазақ мәдениеті, оның ішінде музыка мәдениеті де рухани өрлеуді бастан кешкені хақ.

Ертеде бір данышпан «адамдар арасынан адам іздеп жүрмін» деген екен. Сіз бен біз көріп келе жатқан өмірдің де заңы сол – адам көп те, жақсы адам аз болады. Кім жақсы болғысы келмейді дейсіз, құрғыр, қолдан келмейді ғой. Қолдан жасағаныңды сұңғыла жұрт бірден біле қояды.

Марқұм Фариза Оңғарсынованың қайтарынан бірнеше күн бұрын телефон шалғаны есіме түсіп отыр. Сондағы ең соңғы сөзі «Қали-ау, жақсы адамдар туралы көп жазыңдаршы, мына бір кітабымды жіберіп отырмын, осының іші толған жақсы адам» деп еді. Шынында да, жақсы адам көп болса, жаның гүлдеп жүреді. Ал енді жақсы қартаюды айтсайшы. Илья Жақановтың «Қазына қарттар болады, қазымыр қарттар болады» деген сөзі бар еді. Жәкеңді қартайды демей-ақ қояйық, бірақ, ақсақалдықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан кісі. Олай дейтініміз, кешегі совхоз директоры,  рабочком деңгейінде қалып қойған шал-шауқан көп, ал ақсақал аз. Азаннан қара кешке дейін көк шай ішіп, көкіп, саясат соғатын, жұртты көк есекке теріс мінгізіп отыратын қутыңдаған көк сақал көп, көшелі кісі кемшін.

«Барға – қанағат, жоққа – салауат» деген ғажап сөз бар қазақта. Мен Жексенбек жәкемді көрген сайын, Ғабеңе Мұқағалидың «Сізді көрсем, жомарт бір күзді көрем» дегеніндей, Қанағатты көрем. Бүгінде ел қатарлы лифтісіз көпқабатты үйдің бесінші қабатында тұратын, кешегі кісілік қалпын сақтап қалған министр-тұлға туралы басқа не деуге болады?!

Әлгінде аға туралы белгілі азаматтардан көп естідім дедім ғой. Бұл кісімен бірге қызметтес болған, өмір жолына, қызметіне терең үңіліп, «Егемен Қазақстанға» «Зиялы» деген атпен мақала жазған, үлкен басшылық қызметтерді атқарған, өзі де осы саланың білгірі, мемлекетшіл, елшіл азамат Орынбасар Исақовтың жазуынан Жексенбек ағаның лифтісіз көпқабатты үйдің бесінші қабатында тұратынын біліп, дерекқұмар тілшіге бұл да керек-ау деп түртіп қойдым.

Журналистік жолда азды-көпті жүргенде бір ұққаным, кейде кісіні тану үшін онымен аралас-құралас болудың да көп қажеті бола бермейді. Ол туралы қоғамдағы айтылатын жақсы әңгіме, көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың өзекжарды сөзі дерек көзіне айналуға жетіп жатыр.

Енді әуелдегі ойыма келейін. Өмір сіз бен біз ойлағандай емес, әрине. «Түрлі-түрлі бастар бар» деп Сейділдә Төлешев айтпақшы, түрлі-түрлі  адамдар болады. Мына бір мысалды айтайыншы, көңіл сабасына түссін.

Таяуда бір тойда болдық. Кеңес үкіметінің қызығын бір кісідей емес, бірнеше кісідей көрген бір шал көп сағат кешігіп келгенімен қоймай, қазіргі байлығы мен шайлығын айтқаны талайдың жанын жүдетіп жіберді. Онымен қоймай, әлгі тойдың иесін де адам қылғанын айтып тұрып алмасы бар ма? Министр болмаған екен. Егер министр болғанда ана жердегі жағдайдың одан әрмен қалай боларын елестету қиын.

Кісіге көп нәрсенің керегі бар ма? Ертеңгі ұрпақты да сол тойымсыздыққа, қанағатсыздыққа баулу не үшін қажет?! Арамдықпен тапқан мал мал бола ма? Мен жол бойы осы елге болсын деп қанағатпен өмір сүрген Жексенбек ағаларды ойлаумен болдым.

Сол тойдан қашып шыққандай болып, Майраның «Сағындырған әндер-ай» концертіне келдік. Мынаны қараңызшы, жаңа ғана ойыма алған Жексенбек аға алдымыздан шықты. Тағы да сол ықыласты амандасу, ілтипатты сәт. Әлгі бір сұрқия сәт әп-сәтте ұмытылып, көңілде кір қалмады.

Осы басылымда «Бұрынғының адамдары-ай!» деген рубриканы ашқанымызда да бүгінге жетпей жатқан өткеннің өнегесі  туралы айтқымыз келіп еді. Құдайға шүкір, ол ойымызды орындап келеміз.

Алаштың ардақты азаматы, Алматының ақсақалы, кешегі көшелі көкелеріміздің, Қанағаттың көзіндей боп аман жүріңізші, аға!

Қали СӘРСЕНБАЙ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *