АНАҚАРЫС

Ермек Зәңгіров

«Тарихты жеңімпаз ұлттар жазады» деген ұғым бар. Тарих – өткенмен үндесетін, бүгінге сабақ, келер ұрпаққа аманат болатын құнды ұғым. Халқымыздың өткен тарихының терең, түбінің мазмұнды болуы сол тарихтан сыр шертеді. Дүниенің төрт бұрышында кешегі көк түріктер күшті тегеурінді қағанаттар құрып, дүние топырағына билік жүргізген дәурен тасқа басылып, тарихқа шегенделіп жазылған. Сол бір өткен тұтас дәуірлер келер кемел болашақтың кескін-келбетін айшықтайтын, бағыт-бағдарын айқындайтын тарихи құбылыс. Тарихтың үш түрлі қисынды қызметі бар. Ол – өткеніңді зерделеу, одан тағылым алу және тамырға жалғану. Ұлы даланың қаншама адал перзенттері ұмытылып кетті. Көшпенділер өркениетінің тарихи-эволюциялық даму жолында ата-бабаларымыз әртүрлі тайпалық одақтарға бірігіп, жаңа мемлекеттердің іргетасын қалағанын тарих көрсетіп берді. Сақ-скиф тайпаларының даму тарихы тудырған алып бабаларымыздың бірі – Анақарыс.
Анақарыс ол кім? Ол — б.з.д. VII-VI ғасырларда (605-545, 613-539, 620-555 ж.ж.) өмір сүрген, Грекияға жасаған саяхаты кезінде өшпес даңққа бөленген сақ даласының ғұламасы. Тегі – скиф патшалары әулетінен. Гнур патшаның ұлы, Савлий мен Кадиут патшалардың бауыры Анақарыс есімі грек тілінен аударғанда «Аспан дауыс» деген мағына береді.
Анақарыс немесе Анахарсис (скиф. «Αναχαρσις «жарақаттанбайтын» ana (жоқ)+hvar (жара)»; б.з.б. 605 – 545 ж.ш.) – скиф, Гнур патшасының ұлы, Савлий және Кадуит патшаларының інісі. Ол Афиныға келіп, Солонмен және Тоқсарымен (ұлы дәрігер, ғұлама) ұлы достығын құрған. Тоқсары мен Анақарыстың достығын хаттап қалдырған адам гректің ұлы қаламгері Лукиан. Ол сол бір кездегі оқиғаны өзінің «Скиф және қонақ» деген әңгімесінде жан-жақты әңгімелеп берген. Оның үстіне Тоқсары – Элладаның ұлттық батыры ретінде зор құрметке ие болған. Ал Солон данышпан мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіруімен айналысқан. Оған Анақарыс та атсалысқан. Бұл жолда ол Солонға үнемі көмектесіп отырған. Көшпелі дала ғұламасының шынайы образының бәрі бірдей бізге жеткен жоқ. Геродот пен Фукидидтің замандасы Лесбостағы Митилиннен шыққан Геланик бізге жетпей жоғалып кеткен «Скифтер» атты еңбек жазған. Одан еуропалық скифияны да, Донның арғы бетіндегі жалғасып жатқан елдің хал-ақуалын да көруге болатын еді. Тарихта «Скиф Анақарыс» деген атпен әлемге танылған. Анақарыстың анасы эллиндік болған. Ол шамамен жыл қайыруымыздан бұрынғы 620 –555 жылдары өмір сүрген Аты аңызға айналған дала данышпанының нақты өмірбаяны туралы деректер нақты сақталмаған. Тек Диогеннің мәліметі бойынша, ол шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 594 жылы, Архонт Эвкраттың тұсындағы қырық жетінші Олимпиада өтіп жатқан сәтте Афиныға келген. Бұл скифтердің Алдыңғы Азиядан бетін бұрып, отанына орала бастаған кезі. Ал Анақарыстың Афиныға барғаны анық. Сол кезде шамамен жиырма бес жаста деп шамаланғанның өзінде, ол мөлшермен б. д. д. 625 – 620 жылдары дүниеге келген болып шығады. Ал оның нақты қай жерде дүниеге келгені белгісіз. Тек әке-шешесінің кім болғанына қарап, болжам жасалған. Геродоттың айтуы бойынша, «Анақарыс – скиф патшасы Спаргапиптің шөбересі, Ликтің немересі, Гнурдың баласы». Демек, Анақарыс – Спаргапип Ишпақайдың, Лик Партатуаның, Гнур Мәдидің заманында өмір сүрген болып шығады. Анақарыстың өзі айтқандай, олардың өмірі – Истра-Дунай жағасында өткен. Қоржын-Херсон бұғазында, Керіш кемерінде хан ордасы құрылған. Анақарыс Гнурдың грек әйелінен туған. Анақарыс скифтерді ата-бабасынан билеп келе жатқан хан тұқымы. Нағыз қаракөк үзілмеген тектен тараған. Шешесі грек қызы. Сондықтан да Элладаның тілін үйреніп өскен. Өнерге, әсіресе, сөз өнеріне ерекше құмартып, билердің шешендік кеңесіне қатысып, тыңдап, өзі де билік айтып ер жеткен. Әскери тағылым алған. Скифтердің әдет-ғұрпын өте жетік білген. Ел іші бейбіт өмірге көшкен соң, немерелес бауыры Сабыл-Савлий хандық құрған кезде жан-жағына үңіліп, дүниенің сырын білмекке ұмтылған. Ол Элладаның шежіреші тарихшыларының, философтарының, мемлекет қайраткерлерінің еңбектерін өз бетінше оқып, танысқан. Ақыры, ұшы-қиырсыз скиф даласынан аттанған ханзада әрі ділмар шешен Анақарыс Гнурұлы «әлемнің жеті ғұламасының бірі» — Солонды іздеп, жыл қайыруымыздан бұрынғы 594 – 568 жылдары Эллада еліне бет алған. Геродоттың жазуы бойынша, «Элладалықтардың өнер-білімін үйрену үшін Анақарысты Элладаға жіберген адам скифтің патшасы» көрінеді. Ділмарлық толғауларында кемемен ұзақ жүзгендерін жиі еске алып отыруына қарағанда, Анақарыс Боспор бұғазына дейін салт атпен келіп, одан әрі қарай, Афиныға кемемен сапар шеккен тәрізді. Қасына жолсерік те, күтуші де ертпеген. Өз күшіне сеніп шыққан. Себебі, ол заманда көшпелілер көсемінің мұрагері жігіт шағында қол бастап, елінің іргесін бекітіп, жауынгерлік өнерін шайқаста сынамай, алыс сапарға шықпаған. Анақарыс оны әскери өнердің қыр-сырын жетік білгендіктен жасаған. Оған әйгілі философ Диогеннің: Скиф Анақарыс Гнурдың ұлы және скиф патшасы Кадиудтың бауыры еді; оның шешесі грек қызы, сондықтан да ол екі тілді де еркін білетін. Ол скифтер мен эллиндықтардың дәстүрі, өмірді жеңілдетудің жолдары туралы жазды және әскери айла-тәсіл жөнінде сегіз жүз өлең шығарған. Ерекше шешендігімен көзге түскен ол, «скифтік сөйлеу мәнерімен» ерекшеленген. Оның осы қасиетіне байланысты шыққан әскери өнер қақтығысындағы ой-пікірлері дәлел бола алады.
Көшпелілер көсемінің ер ұланын Афины қаласында бір адам қуана қабылдап, ақыл-кеңес беріп, жөн сілтеп жібереді. Ол – Эллада еліне аты әйгілі емші-балгер, қазіргі тілмен айтқанда, дәрігер, ата-тегі скиф – Тоқсары (Тоқсарид) болатын. Тоқсары мен Анақарыстың достығын хаттап қалдырған адам біздің жыл қайыруымызға дейінгі 180 –125 жылдары өмір сүрген гректің ұлы қаламгері Лукиан болған. Ол осынау оқиғаны өзінің «Скиф немесе қонақ» атты әңгімесінде сондай бір жылы сезіммен баяндайды.
Анақарыс – ежелгі грек тарихындағы ең жұмбақ және даулы тұлғалардың бірі. Ұлы скиф өмірі мен оның ілімдерінің үзінділері көп сақталғанына қарамастан, зерттеушілер оның тарихи тұлға екендігіне күмәнмен қарайды. Кейбір зерттеушілер Анақарыс бейнесін аллегориялық насихат үшін, жалпы айтқанда, Афинаның қалалық категориясын көтеру үшін қолданылғанын айтады. Осы мақсатта герменевтикалық әдісті де, диалектикалық әдісті де қолданғандар болған. Онда логикалық күш-қуат басым. Анақарыс философиясы қазіргі грек тілінен мүлдем өзгеше және оның сипатында басқа өркениеттен сіңісті болған қасиеттер бар. Анақарыстың таным-білігі грек ықпалына әсері өте мол болған. Оны зерттеушілер, стоиктер, софистер, сондай-ақ, Платон мен Аристотель жан-жақты сынап көрген. Анақарыс ілімдері грек және Батыс философиясының негізін салған.
Скиф дәуірінің тарихи жылнамасы Геродоттың «Тарих» еңбегінде көрініс тапқан. «Тарих атасының» куәландыруы бойынша, скиф патшасы Гнурдың ұрпағы Анақарыс сапарға шығып, жол бойында көптеген елдерді, оның ішінде Грецияға ұзақ уақытқа табан тіреген.
Анақарыстың философ ретіндегі атақ-даңқы соншалық, ол «жеті ғұлама» қатарына қосылады, осылайша философияның негізін қалаушылардың бірі мәртебесін алады. Платон оны ұлы өнертапқыш ретінде құрметтеп, Гомерден жоғары қояды (Х, 600а). Платонның алғашқы замандасы Эфор Кимский Анақарысқа жеті данышпанның алғашқысы ретінде, гректер оны «мінсіз моральдық тазалық пен парасаттылығы үшін» осындай құрметпен қарағанын айтады. (Ст. VII 3, 9) [27, б. 277]. Анақарыстың көрнекті рөлін баса көрсете отырып, Эфор оған якорь, құмыраның дөңгелегі және темір ұстасы өнертабысын ойлап тапқанын да естен шығармайды. (Ст. VII 3, 9). Скифтердің заңсыздығы мен жеңілмейтіндігін қарапайым өмір салтынан және мүліктің жетіспеушілігінен ажыратады. Скифтерге осындай комплиментті көзқарастың тікелей көзі Платонның идеалды қоғам туралы ілімі болғанын көрсетеді. [28, с. 23-24]. Анақарыс бейнесі қарапайым ақиқат сөзбен қарапайым эллиндік дискурсты жеңетін және өркениетпен бүлінген гректерге қызмет ететін «данышпандық» ретінде қалыптасқан. Осы даңқы арқылы ежелгі Грецияда Анақарыс ең танымал философиялық кейіпкерлердің бірі болды. Эллада да 70-ке жуық ежелгі авторлар өз жазбаларында оның аты мен бейнесін қолданғаны белгілі. [14, с. 113]. Соның ішінде, Ферекид Лериски, Аристотель, Николай Дамасский, Иосиф Флавий, Сексус Эмпириус, Александрия Климент Афина оның абыройын аспандатты. Ортағасырлық жазушылар мен ағартушылар Анақарыстың табандылығы мен ерлік істеріне ерекше екпін түсірді. Оның бейнесі XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында ерекше танымалдыққа ие болды.
Иезуит ғалымы Жан-Жак Бартелемидің (1716 – 1795) «Жас Анақарысың Грецияға саяхаты» атты еңбегі Скиф ұрпағының Платон мен Демоспен кезеңіндегі грек қалалары арқылы саяхатын сипаттайтын алғашқы археологиялық роман. Автор – француз археологі және лингвист, шифрланған финикия тілі және басқа да семиттік тілдермен туыстығын зерттеуші. Франция Көркем тіл және жазба академиясының мүшесі. Кітап Еуропада Грецияның жаңа табынуын құрды (бұл таңқаларлық емес, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысына дейін ежелгі Хелла тақырыбы ешкімді қызықтырмады, ежелгі дәуірге деген ғылыми қызығушылық негізінен Риммен ғана шектелді). Бартелеми Карамзиннің қолдаушысы болды. Өзін Анақарыспен байланыстырып, «өзінің білімін біліммен безендіру жолына саяхаттаған» [10, с. 251-252]. Бұл шығарма Еуропаның барлық тілдеріне аударылған. Ресей императоры Александр І осы кітаптың аудармасын Мәскеуде басып шығару үшін, профессор П. И. Страховке 6000 рубль бөлгізген. Ол Мәскеуде 1803–1819 жылдары арасында аударылып, басылған. Ресей академиясының дайындаған басылымы да бар. (Петербург. 1804 – 1809). Бұл шығарма көне гректердің отбасылық және қоғамдық өмірін ашық та шынайы суреттеген, ол жеңіл, жалпыға түсінікті формада жазылған. Шығарма Француз төңкерісінен бір жыл бұрын жарияланған. Шығарма желісі сол дәуірдегі Еуропаның барлық еркін ойлы адамдардың көңіл-күйінің айнасына айналып, азаттық, еркіндікке ұмтылысын арттырған. Бұл идея бостандықты аңсаушы Ресей қоғамына сілкініс әкеліп, Ф.Н.Глинка, А.С.Грибоедов, Н.М.Карамзин, А.С.Пушкин сынды жазушыларға ой тастаған. Пушкиннің «Грандиге» өлеңінде Анақарыс бейнесі бар.
Анақарыстың атақ-даңқына қарамастан, оған батыстық зерттеушілер назар аудармай келді. Тіпті ол тарихта болмаған, мифтік жиынтық образ деушілер де болмай қалған жоқ. Жалпы, мифтік әңгімелер адамзат көркем өнерінің жауһары, ол – роман. Соңғы жүз елу жылда жарық көрген ілімдер мен таным туралы кітаптар мен мақалалар аз емес. Солардың бірі – Шарлотта Шуберттің «Сейдж Анақарыс: көшпенді, скиф, грек» атты кітабы. Ол зерттеу сипатына ие [32].
«Шежірелерді» жасау – бұл әлемдегі көне кәсіп. Бұл ретте Рим мен Юлийдің даңқына арналған Вирджилдің Энейін еске алсақ та болады. Анеяны өздерінің ата-бабалары деп жариялағаннан кейін, римдіктер грек мифологиясында ретроактивті түрде өздеріне орын тапты және осылайша өздерін ежелгі бай мәдени дәстүрлері бар халық деп санауға заңды құқық алды.
Анақарыс бабамыз сегіз жүз жолдай өлең жазған. Сол өлеңдерден ата-бабамыздың дүниетанымы, қоршаған ортаны қабылдауы, салт-мен әдет-ғұрпы, өмір сүру формасы анық көрінеді. Онда ұлттық мораль мен мінез-құлық этикасының өзгермей, бұзылмай таза сақталып келгендігін төмендегі өлең жолдарынан көреміз:
«Менің бар жамылғым сақтың шапаны,
Етігім – аяғымның терісі,
Төсегім – кең дала,
Таңғы асым мен түстігім –сүт, ірімшік және қуырдақ,
Сусыным – су».
Дала перзентінің еркіндік сүйгіш табиғаты осылай сөйлейді. Анақарыс айтты деген қанатты сөздерден, оның жеке қасиеттерінен қай ұлттың мінезі көрініп тұр?
Ежелгі сақтардың көзі көк, өзі сары болғаны тағы белгілі. «Өзі- сары, көзі көк, ол адамның сұңқары» дегенде Абай еуротектілерге емес, осы скиф, сақтарға меңзеп отырмағанына кім кепіл?!
Рас, біздің «әртүрлілігіміздің» бірнеше себебі бар. Еуропа мен Азияның арасында географиялық орналасуымыз, арғы-бергі тарихымызда Ұлы дала төсін еркін жайлаған тайпалардың ерсілі-қарсылы қоныс аударып, бір-бірімен сапырылысып жатуы бет-бейнемізге өз таңбасын қалдырды. Жауынгер бабаларымыз бірде солтүстүкке, бірде оңтүстікке, жасаған толассыз жорықтарынан кейін табаны тиген елдерінің аруларын қалыңдыққа алып отырғанын ұмытпағанын естен шығармағанымыз абзал. Басқа қанды әйелдер кейін ассимиляцаға ұшырап, бертін келе халықтың кескін келбетін өзгертіп, генетикалық портретіне салмақты із тастаған. Америка ғалымдары жүргізген зерттеулер аналық тегі бойынша қазақтардың әртүрлі екені, оның 60 пайызы азиялық, ал 30 пайызы еуропалық болғанын айтады. Шетелдік ғалымдар ежелгі ғұндардың өкілдеріне генетикалық зерттеу жүргізгенде, қазіргі қазақтардың бір кездегі ғұндарға ұқсастықтары көп екенін анықтаған. Қазақ генефонының құпиясы осында жатыр.
Демек, сақ-скифтер, ғұндар, байырғы түркілер…Ұлы Дала… Грек лексикографы Стефан Византийский (V –VІ ғғ.) өзінің «Этника немесе тайпаларды сипаттау» атты еңбегінде: «Скифтерді қару-жараққа байланысты сақ (қалқан) деп атайды, себебі, олар сақты-қалқанды ойлап тапқан» -деп жазған. «Сақ» сөзі қазақтарда бүгінде де қолданыста, мысалы «сақ, сақшы, сақта, сақтайды, сақтан, сақтану, сақтау, сақтандыру т.б.». Гректер сақтарды скиф деп атаған.
Анақарыс бабамыздың өнертапқыштығы оның ойлап тапқан бұйымдары бүгінгі күнге дейін қолданыста жүруі болып отыр. Ежелгі материалдық және рухани құндылықтар түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік берді. Анақарыс Эллада еліне апарған материалдық құндылық сол кезде-ақ, бүкіл Еуропаға, одан Скандинавия елдеріне тарағаны бүгінде белгілі болып отыр.
Енді Анақарыс айтқан деген қанатты ойлар байламы туралы әңгіме өрбітсек. Жалпы, Анақарыстың қанатты ойлары далалық ойлау жүйесімен айқын аңғарылып тұрады. Анақарыс туралы және оның шығармалары жайлы Диоген, Цицерон, Плутарх, Эзоп сияқты көне грек ғұламалары және Сириялық ойшыл Лукиан пікір айтып қалдырған. Мұның өзі Ұлы дала сайыпқыранының рухани әлемінде ғаламдық ойдың негізі жатқанын жоғарыдағы ғұламалардың танып мойындағаны деп білеміз.
Қай кезеңде болсын, шешендік өнерді меңгерген адамның тұрпаты мемлекеттік істерде басым болған. Ежелгі Рим мен Эллада елінде сөз құдіретін меңгерген адамға тәңіріндей табынған. «Тұлғаның даңқын асқақтатын екі қасиет бар: бірі – қолбасылық, екіншісі –шешендік» деп айтқан Цицеронның сөзі бар. Әрбір азамат мемлекет істеріне араласуы үшін шешен сөйлеудің қыр-сырын қанық меңгеруі керек деген пікір айтады. Оған Наполеон Бонопарттың «Кім әсерлі әңгіме айта аламаса, ол тұлға бола алмайды» деген ойын қосып қойса да болады. Тұлғаны дайындаудың да өзіндік мектебі болған. Мәселең, Римнің Элей мектебінде арнайы ақыл-ой данышпандарын дайындайтын ежелгі дәстүр болған. Онда – монолог жасау, диалог жүргізу және оны басқару тетігі оқытылған.
Ал Афиныдағы мектепте риторикалық сөз өнері мен эвристикалық өнерге (қарсыластың кез келген аргументін жоққа шығару) дағдылау басымдық болған. Шешендік өнерді дамытудың басымдығы ретінде есте сақтау қабілетін ұштастыруға ерекше екпін берген. Афиналық мектептің негізін салған ең алғашқы ұстаз Сократ. Римдіктер мен гректер Родос аралындағы шешендік өнер мектебінде оқыған. Бұл мектепте білім алғандардың нақты тізімі жоқ. Бірақ атақты данышпандардың Анақарысты жақсы білуіне және өздерімен сөз жарыстырғанына қарағанда оның осы мектепте тәлім алуы да мүмкін деп ойлаймыз.
Оның көптеген афоризмдері бар. Осы уақытқа дейін әртүрлі тақырыптарға тән 50-ден астам Анақарыс сөздері айналыста жүр. Олар:– адамның мінез-құлқы туралы ойлар; адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы; өзін-өзі бағалау, өзін қорғау туралы; қызғаныш туралы; тілдің мағынасы туралы; ойды жеткізу туралы; гимнастика туралы; саясат және әлеуметтік құрылым туралы; маскүнемдіктің зияны туралы, және т.с.с. Олардың көпшілігі осы күнге дейін қозғалыста. Анақарыстың қанатты сөздері Мисон, Сократ, Ксенофон және Демокритке тән деп те айтылады. Алайда, олардың мәтін сырындағы сөздер жеке дара гректерге тән емес екендігі анық.
Анақарыс айтты дейтін қанатты сөздер өте көп. Соның көпшілігі сұрақ-жауап үлгісінде кездеседі. Зады, Диогеннің, Лукианның, Плутархтың, Платонның, Геродоттың пайдаланған шешендік сөздерінің дені Солон мен Анақарыстың екеуара пікірсайысынан алынуы мүмкін. Өйткені кейбір қанатты тіркестер олардың өзара әңгімесінің ішінен ұшырасып қалады. Анақарыс – қаракөктің тұқымы, ханзада. Ал тақ мұрагерінің әрқайсысына жеке тәрбиеші бөліп, әскери өнерге, ділмарлыққа, тапқырлыққа жасынан баулыған. И.Куклинаның айтуы бойынша, «Анақарысқа қатысты сөздерді басқа даналардың сөздерінен ажыратуға болады, өйткені олардың көпшілігі жеке-дара және соншалықты даналық құдіретке тән, бұл скиф данышпанының көзқарастарын ерекше түрде анықтауға мүмкіндік береді» [14, б. 119]. Оның афоризмдері біздің дәуірімізге дейінгі көптеген көне еңбектерде қайталанған.
Плутархтың «Жеті данышпанның сауығы» деген әңгімесінен Анақарыстың эллиндер елінде өзінің ақылымен, адамгершілігімен, терең білімімен үлкен құрметке ие болғаны байқалады. Геродоттың баяндауына қарағанда, Анақарыс Эллада елінде оқып, білім алып, мемлекет ісіне үйреніп, еліне қайтады. Анақарыс туған Отанында оны көре алмаушылардың қолынан қаза табады. Геродот Анақарыстың қайғылы өлімінің себебін скифтердің әдет-ғұрпымен байланыстырады. Афины билеушісі, атақты реформатор Солонның төмендегі жалынды сөздері ұлы скиф данышпаны Анақарысқа арналады: «Афинылықтар, мен сендер үшін әділетті заң жасадым, оны өздерің үшін де, мемлекет үшін де өте пайдалы деп есептеймін. Ал мына жателдік азамат… скиф бола тұра ақылға бай, дана. Ол менің көзімді ашты, ойымды байытты, көптеген пікірлерімді басқаша байыптауға көмектесті, толып жатқан кеңес беріп, білім мен пайдалы іске үйретті. Сондықтан да бұл азаматты ел үшін де, мемлекет үшін де құтты деп санап, оның мүсінін мыстан құйып, ең бір құрметті жерге қалаулылардың мүсіндерімен қатар қойыңдар!»
Анақарыс философиясы, оның барлық филлинизміне қарамастан, үнді-еуропалық менталитетке, мифологияға тән мотивтерді болжайды. Анақарыстың грек ойына әсері өте маңызды болғанын мойындауымыз керек. Оны сыншылар мен стоиктер, софистер, сондай-ақ, идеалды мемлекет туралы ілімді дамытқан Платон да сынап көрді. Стагирит оны байсалды ойшыл деп санайды (Пол. 1176b 30).
Алғашқы болып атты қолға үйреткен, атты әскер құрған, металл балқыту технологияларын игерген ұлы дала қырандары әлем өркениетінің алдында болғанын батыс өркениеті әлдеқашан мойындаған. Алғашқы болып біздің даламызды «Жылқышылар елі» деп атаған атақты «Иллиада» авторы – Гомер. Мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген ғұлама тарихшы оны бекерден айтпасы анық. Данышпан тарихшының кезінде біздің жерімізде өмір сүрген индо-арий, инд-иран халықтарының тілінде жылқы малын «ащва», «ас» деп атаған көрінеді. Осы «ас» сөзі жүре келе «Ас» – «Аспазия» –«Азия» деп аталып кеткен дейді кейбір зерттеушілер.
Номад мәдениетінің бір құндылығы – үзенгі. Оны ойлап табу сол тұста ұшақты ойлап тапқанмен бірдей болған. Үзенгі, киіз үй және дөңгелекті айналымға қосу, сол тұстағы өрлеудің бір бағыты болғандығы байқалады. Ғылыми –техникалық прогресс зерттеушісі Л. Уайльд: «Еуропада үзенгінің пайда болуы алғашқы феодалдық мемлекеттердің дамуына алып келді» деген тұжырым жасаған. Біз осы уақытқа дейін әлем мойындаған осы құндылықтарды көшпенділердің ұлы мұрасы етіп жариялауды ұмыт қалдырып келеміз.
Эллиндік әлемде Анақарыс ойшыл, философ, экономист теоретик қана емес, сонымен қатар практик. Оны соқа, зәкірді ойлап тапқан рационализатор ретінде де тануымыз керек. Платон Афиныдағы эллиндердің өмірі мен әдет-ғұрыптарын зерттей келе, скиф жазушысы Анақарысты көптеген пайдалы жаңалықтар ашқан тұлға ретінде атап өткен.
Батыс әдебиеттерінде сақтар туралы түрлі пікірлер бар. Францияда орыстың эмигрант жазушысы Павел Горгуловтың «Скифтердің құпиясы» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Горгулов «скифизм» идеясын ашық насихаттаған тұңғыш ақын. Алайда оның идеясы Еуропада қолдау таппаған.
Анақарыс – этимологиясы: Ана – «жауынгер» (с.а. «Аника – жауынгер»), ал «арыс» атауының соңында санскрит сөзінен тамыр алынған: НАR –Наr – жағымды, сыпайы; Наrsа – (һаrsа) (һrs) – қуаныш, бақыт; ал Анақарыс – «жақсы жауынгер», «бақытты жауынгер» дегенді білдіреді.
Анақарыс атауын француз философы және революционері Жан – Батист Клот қабылдаған. Сақтардың атты әскерінің жойқын күші туралы Вавилон тарихын зерттеген поляк жазушысы Зенон Косидовский: «Қап тауының арғы бетінен жабайы скиф тайпаларының алапат тасқыны басталып, көп ұзамай олардың соғыс жалыны Мидия мен Ассирияны шарпыды. Олар Иерусалимнен өтіп, Ніл өзенінің жағасына жеткенде бір тоқтады. Ассирия патшасы Ниневия қамалына тығылып, жан сақтады. Біраз жылдардан кейін скифтер өздерінің тауларына қайта оралғандарына қарамай, таланған ел көпке дейін есін жия алмады. (З. Косидовский. Библийские сказания. М. «Политическая литература»). Скифтердің мұндай ерліктері туралы дәйектер баршылық.
Тарих – шежіре. Оның жылнамасында хатқа түспеген сан-мыңдаған құпиялар жатыр. Бұл – соның бірі. Орталық Азия мен Қазақстан жерін мекендеген скифтердің шығыстан батысқа қоныс аударуы нәтижесінде Қара теңіздің солтүстік өңіріндегі скифтер мемлекеті пайда болды. Ал Қара теңіз жағалауы скифтері өз замандастары гректермен тығыз қарым-қатынас жасаған. Бұл аймақтағы тарихи байланыстар жөнінде бірсыпыра анық мәлімет берген Геродот өзінің «Тарих» еңбегінде Скиф даласынан шыққан ғұлама Анақарыс туралы маңызды дерек қалдырған. Анақарыс – Скиф жерінен Эллада еліне біздің заманымызға дейін 594 жылы келеді. Оның шыққан тегі туралы алғашқы деректі Геродот былайша береді: «Ариапифаның сенімді кісісі, тыңшысы Тимнен есітуім бойынша, Анақарыс әке жағынан Скиф патшасы Идантирстің ағасы болып келеді. Спаргапифтен Лик, Ликтен Гнур, одан Анақарыс туған». Анақарыстың басты мақсаты – Эллада еліне барып, мемлекет ісін, философия ғылымын игеру еді.
Қорыта келгенде сақ-скифтер, ғұндар мен байырғы түркілердің қандай болғаны туралы жазылған әдебиеттер өте мардымсыз. Алайда олардың бәрі өз соңдарына ұмытылмастай із қалдырған. Анақарыс жайындағы пайымдар қазақ басылымдарында өте мардымсыз. Бірақ зерттеген адам әлемдік әдебиеттен табады. Сақ патшасының бейнесіне қызыққандар оның таңғажайып алпауыт істеріне, орасан күш-жігеріне, талай ел мен жерді дүрліктірген алып тұлғасына таңқаларың хақ. Соңында өнегелі іс пен өшпес өсиет қалдырған Анақарыстың басқарушылық өнері зерттеуді қажет етеді.
Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың ежелгі дүние өркениеттерімен – парсылармен, гректермен байланысы ерте болғанын көрсетеді. Сақтардың сол кездегі көптеген тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, олардың адамзат жинақтаған мол құндылықтармен танысуы, әлемдік өркениеттегі Еуразия көшпенділерінің алатын орнын анықтауға көмектеседі. Бұл өз кезегінде тарихтағы еуроцентристік көзқарастардан арылуға септігін тигізері сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Ахмет Бейсен. Алматы, «Тоғанай Т», 2014. 1-ші кітап.
Ф.А.Брокгауз, И.А.Ефрон иллюстрированный энциклопедический словарь. ЭКСМО Москва., 2010. 50-бет.
Тұрсын Жұртбаев «Дулыға», «Көне түркі батырлары туралы тарихи әфсаналар» 1-том. Алматы, «Жалын» 1994.
Ерлан Жүніс «Аспандауыс» немесе Эллададағы скиф. «Айқын» газеті, 229 (1653) 9. 12. 2010.
«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы». 1 том. Алматы, 1998.
Тадеуш Сулимирский «Сарматы, Древный народ юга России». Москва, Центрполиграф 2008.
Э. А. Томпсон «Гунны Грозные войны степей» Москва, «Центрполиграф» 2008.
В.Б.Ковалевская «Конь и всадник пути и судьбы». М. «Наука» 1977.
Карл Ясперс. «Смысл и назначение жизни». М. «Политическая литература». М. 1993.
Хасен Қожа–Ахмет «Түп – тұқияннан Бөрте – Шинаға дейін». «Қазақстан – Заман» газеті, 10 қараша, қоян жылы.
Мысли и изречения древных». Составитель К.В.Душенко. Моква, ЭКСМО. 2003.
«В поисках смысла». Составитель А.Е. Мачехин. Москва, «Олма пресс». 2005.
«Энциклопедия афоризмов» Составитель Э. Борохов –М. ООО «Издательство АСТ», 2002– 2003.
«Қазақ афоризмдері» Құрастырушы Ербол Шаймерденұлы – Алматы: «Алматыкітап» баспасы, 2012.
Лидия Винничук «Люди нравы, обычаи древней греции и рима». Москва, «Высшая школа», –1988.
Бердалы Оспан, «Ұлы Дала және Қытай поэзиясы». 86-бет. «Ақиқат» журналы. 5.2018.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *