Америка Иранға қарсы қысымды күшейтті

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

*Ол  алдымен  ядролық келісімнен шығатынын жариялады

*Сонан  соң 12 тармақтан тұратын  қатаң талаптар қойды

*Мұны оның Англия, Германия және Франция секілді одақтастары батыл айыптап  отыр

 

Естеріңізде болса, осыдан  үш жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 14 шілдесінде талай­лар­дың тер төгіп, күш салуымен әупірімдеп  АҚШ бастаған  Англия, Германия, Қытай, Ресей және Франция қостаған «алтылық» Иран Ислам Республикасымен  ядролық  бағдар­ламаны шектеу жөнінде келісім-шарт жасасқан болатын. Және де ол келісім-шарттың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі арнайы қарар қабылдаған соң 90 күннен кейін күшіне енетіні, он жыл бойына, яғни 2025 жылға дейін қолданыста болатыны  айтылған. Осыған байланысты БҰҰ мен басқа да бірқатар мемлекеттер атынан Иранға қарсы енгі­зілген сауда-саттық, технологиялар, қаржы-қаражат пен энергетика саласындағы санкциялардың тоқтатылатыны атап көрсетілді.

Естеріңізде болса, осыдан  үш жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 14 шілдесінде талайлардың тер төгіп, күш салуымен әупірімдеп  АҚШ бастаған  Англия, Герма­ния, Қытай, Ресей және Франция қостаған  «алтылық» Иран Ислам Респуб­ли­касымен  ядролық  бағдарламаны шек­теу жөнінде  келісім-шарт жасасқан-тын. Және де ол келісім-шарттың БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесі арнайы қарар қабылдаған соң 90 күннен кейін күшіне енетіні, әрі он жыл бойына, яғни 2025 жылға дейін қолданыста болатыны  айтылған. Осыған байланысты БҰҰ мен басқа да бірқатар мемлекеттер атынан Иранға қарсы енгізілген сауда-саттық, технологиялар, қаржы-қаражат пен энергетика саласын­дағы санкциялар тоқтатылған еді.

Адамзат үшін аса қауіпті ядролық қару жасауды ауыздықтауға бағытталған бұл келісім-шартты  әлемнің көптеген жетекші  мемлекеттері  бейбітшілік пен қауіп­сіздік  жолындағы маңызды қадам деп  бағалаған. Сөйтіп, қауіп-қатердің ықтималдығы біршама сейілгендей көрінген.

Содан бері де біраз уақыт өтті.  Шектеу мен санкциялардың алынып тасталуы парсы жұртының саяси-экономикалық  еңсесін едәуір көтерді. Аталған алты ел мен Еуропалық одақ  өкілдерінен құрал­ған арнаулы  комиссия  Иранның ядро­лық бағдарламасын жіті бақылап отырды, олардың тарапынан қандай да бір шағым, не ескерту айтылған жоқ.  Келісім-шарт күшінде болды.

Міне, соған қарамастан  кешегі өткен 9 мамырда АҚШ  президенті  Дональд Трамп  өз елінің Тегеранмен  жасалған СВПД (Бірлескен кең көлемді Иранның ядролық бағдарламасы бойынша іс-әрекеттер жоспары) деп аталатын келісім-шарттан шығатынын және Иранға қарсы бұрынғы санкциялардың түгелдей қайта қалпына келтірілетінін жариялады. Оның айтуынша, бұл құжат Құрама Штаттарды қанағаттандырмайтын көрінеді. «Онда  Иранның баллистикалық зымырандарды жасау мүмкіндігі және  Йемен мен Сириядағы қарулы қақтығыстарға қаты­суы,  2025 жылдан әрі жағдайдың қалай болатыны қамтылмаған-мыс».  Сондай-ақ, ол: «Жасалынған келісім-шартта Иран­ның уранды одан әрі байытуын шектеу көрсетілмеген және мұндай құжат АҚШ пен оның одақтастарының  қауіп­сіз­дігіне кепілдік бере алмайды», — дейді.

Мұндай мәлімдеме сөзсіз парсы басшылығын жайсыз күйге түсірді. Оны естіген бойда  Иран президенті Хасан Роухани АҚШ-тың ешуақытта өзіне алған міндеттемелерді орындамайтынын еске салып, әйтсе де өз елінің ядролық бағдар­лама келісім-шартынан  бас тартпай, оның талаптарын мүлтіксіз орындайтынын  хабарлады.

Бұған қоса, Вашингтонның шешімі  Ұлыбритания, Германия және Франция сияқты одақтастары мен  Еуроодақ тарапынан қолдау таппады.

Дәлірек айтқанда, Франция президенті Эммануэль Макрон өз елінің  Иранмен  ядролық бағдарламаның 2025 жылдан  кейінгі жайы, баллистикалық қару жасау мүмкіндігі және аймақтағы  Тегеранның белсенділігі туралы кең көлемде  келісім­дер жасау жолында жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.

Осы сияқты  Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі комиссары  Федерика Могрени ханым  Иранмен жасасқан келісімнің күшінде екенін, ол елге «ядролық қару жасап жатыр» дегендей күдік келтіруге негіз жоқ екенін айтты.

Германия канцлері Ангела Меркель: «Құрама Штаттар бұдан былай бізді қорғай алмайды. Сондықтан біз топтасып, өз тағдырымызды өзіміз қолға алумыз керек», — деп Еуропаны ендігі жерде  АҚШ-қа сеніп, қапы қалмауға шақырды.

Мәскеулік  РИА «Новости» агенттігінің хабарлауынша  Ресей президенті Владимир Путин  Түркия басшысы Ережеп Ердоған­мен  телефон арқылы сөйлесіп,  АҚШ-тың  ядролық  бағдарлама жөнінде  Иранмен жасалған келісім-шарттан  шығу жайын талқылаған, екеуі де «халықаралық қатынасқа, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін қате шешім»  деген көзқарас білдірген.

Осының артынша Ресей сыртқы істер министрлігі: «АҚШ кезекті рет көптеген мемлекеттердің пікірімен санаспай,  тек  тар шеңбердегі өз мүддесі тұрғысынан әрекет етіп отыр. Бұл халықаралық құқықты бұзу болып табылады», —  деген  мәлімдеме таратты.

Тіпті,  Ақ үйдің бұрынғы қожайыны Барак Обама да  Трамптың  ядролық келісім-шарттан бас тартуын  сынға алып,  «асығыс жасалған мұндай қадам-қарекет алда болғалы жатқан  АҚШ-КХДР  кезде­суіне көлеңке түсіреді, Кимнің Трампқа деген күдігін күшейтеді», — деді.

Әлемдік геосаясатта  АҚШ-тың қай кезде де жалғыз және оқшау  қалмайтыны белгілі. Сол айтқандай,  Д.Трамптың  шеші­міне  Иранмен қырғиқабақ қатынас­тағы  Израиль, Сауд Арабиясы, Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктері  қызу қолдау танытты.

Әлдебір саяси сарапшылар  Дональд Трамп  өзінің сайлау алдындағы бағдарла­масында: «егер де мен президент болып сай­лансам  ядролық қару  жөнінде Иран­мен  жасалған келісімді бұзамын»  деп айтқан  еді деседі.

Дегенмен, билікке бизнестен келген, саясат пен дипломатиядан тәжірибесі кем­шін Дональд Трамптың алабөтен шұғыл шешім,  қателікті қадамдарымен  талайлар­ды таң қалдырып отырғаны даусыз.

Мұнай мәселесін зерттейтін сарапшы­лар жиі айтатындай «қара алтын» бағасы кейде сәл нәрсеге  өзгеретін  құбылмалы категория. Олай дейтініміз, АҚШ басшысы  ядролық  келісімнен шығатынын жария­лауы мұң екен, солтүстік теңіз мұнайы Brent-тің  сатылу бағасы  бірден барреліне  78 долларға көтеріліп шыға келді. Бірақ мамандар мұны уақытша нәрсе дейді. Өйткені,  Иранның  халықаралық рынокқа шығаратын  көмірсутек шикізатының орнын   лезде басқалар толтыра алады.

Мәселен, 2012 жылдың 1 шілдесінде эмбарго жариялағанда Иранның  сыртқа мұнай сатуы  екі есеге – тәулігіне 1,1 млн. баррельге төмендеген.  Қазіргі таңда  бұл елде  3,8 млн. баррель  көмірсутек отыны өндірілетін болса, соның  2,5 млн. баррелі экспортқа шығарылады.

Бұл орайда Сауд Арабиясының Энер­гетика министрі  Халил әл-Халид  «Ва­шинг­тонның Тегеранға санкциялық шек­теулеріне байланысты  мұнай рыногында  тапшылық  болмайды»  дегенді айтқан.

Алайда, ресейлік «Атон» компания­сының  талдаушы-сарапшысы Александр Корни­ловтың  пікірінше,  Иран  мұнай экспортында  АҚШ  санкциясынан айтар­лық­тай зиян шеге қоймайды. Себебі,  бү­гін­гі жағдай 2012 жылғыдан мүлде бас­қаша.  Англия, Герма­ния, Франция сияқ­­ты жетекші елдерді, Еуроодақты айтпа­ғанда,  Ақ үйдің  Иранға қатысты саясатын  Қытай, Жапония жән Ресей қолдамайды. Керек десеңіз,  кейбір  халықаралық, аймақ­тық мәселелер жөнінде (мысалы Сирия)  Мәскеу мен Тегеранның  ұстанымы ортақ.

Қалай десек те, қазіргідей алмағайып заманда  АҚШ-ың келісім-шарттан бас тартуы жақсылыққа апармайды. Амери­кадағы  Атлант кеңесі жанындағы  Иран мәселелері бойынша сарапшы маман Барбара Славиннің ойынша,  бұл қадам  Таяу Шығыстағы онсыз да күрделі  жағдай­ды одан әрі ушықтыра түседі. Иран мен Израильдің  Сириядағы қақтығысын болдырмау үшін Ресейдің  араға түсуіне тура келеді.  Вашингтон мен оның одақ­тастары Ұлыбритания, Германия және Франция арасында мүдделер қайшылығы бой көрсетеді. Соңғы үшеуі  Ирандағы  биз­нестерін жүргізу барысында  Құрама Штаттардың қаражаттық қысымына ұшырайды. Әсіресе, мұның зардабын Aіrbus және  Volkswagen компаниялары  көбірек тартады.

Жалпы, американдық сарапшы Б.Славиннің  бағалауынша, Дональд Трамп­тың аты аса қиындықпен  жасалған халықаралық келісім-шарттарды  қолдап-қуаттау емес, керісінше  бұзуымен  шығып отыр. Оған мысал ретінде  Иранға қатысты  келісімнен басқа  климат бойынша  Па­риж келісімін және Транстынық мұхиты жөніндегі әріптестікті теріске шығарғанын көлденең тартады. Бұған  «Израиль астанасын Тель-Авивтен – Иерусалимге  көшіру  керек»  дегенді айтып, бүкіл араб елдерін, басқа да көптеген мемлекеттерді дүріктіргенін қосуға болады.

Жуырда Иран қарулы күштері  Израильдің Голлан биіктігіндегі  әскери құрамаларын  20-дай зымырандармен атқылаған. Өз кезегінде Тель-Авивтің Сириядағы әскери нысандарды ұшақтар­мен бомбалауынан 27 адам, оның ішінде 11 ирандық қаза тапқан. Ал Йемендегі Иранның қолдауындағы хуситтер  Сауд Арабиясына зымырандар жіберген. Демек, жоғарыда  аталған Барбара Славиннің  айтқан болжамы айдай келіп тұр.

Әлемдік қауымдастықтың  АҚШ-тың ядролық келісімнен шығуын батыл айып­тауын елеместен, Ақ үй Иранға  қарсы қысымын онан сайын күшейтіп, тіпті  12 тармақтан тұратын  төмендегідей қатаң талаптар қойды:

  1. Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің инспекторларына барлық әскери нысандарын еш шектеусіз тексеріп шығуға мүмкіндік беру.
  2. Агенттікке бұған дейін  ядролық бағдарлама шеңберінде жүргізілген жұмыс­тар туралы мәлімдеу және ондай істерді  тексеруді қажет етпейтіндей етіп, біржо­лата жою.
  3. Плутонийді байытуды тоқтату және ауыр суда жұмыс істейтін реакторды жабу.
  4. Баллистикалық зымырандарды жасамау.
  5. Ядролық қаруды тасымалдаушы­ларды жасау бағдарламасын тоқтату.
  6. «Қисынсыз айыптаулармен» тұтқын­далған американ және АҚШ-қа одақтас елдердің азаматтарын түгелдей босату.
  7. Сирия жерінен Иранның басқа­руындағы барлық қарулы күштерді шығарып әкету.
  8. Израильге қауіп төндіруді қою.
  9. Йемендегі азаматтық соғыста хусит­терді қолдаудан бас тарту.
  10. Таяу Шығыстағы террористік топтарды, оның ішінде «Хезболла», палес­ти­налық «Исламдық жиһад» және «әл-Каиданы»  қолдауды  тоқтату.
  11. Ирак үкіметінің егемендігін құр­меттеу.
  12. Ауғанстандағы талиптерді қолдау­ды тоқтату.

Бұл талаптарды АҚШ-тың  Мемле­кеттік хатшысы  Майк Пампео 21 мамыр­да, американдық Herіtage Foundatіon зерттеу орталығында сөз сөйлеу бары­сында жария етті. Оның айтуынша, осы аталған  талаптар тұтастай орындалғанда ғана  АҚШ  салынған барлық санкция­ларды тоқтатып және жаңасын салуға ұмтылмай, Иран Ислам Республикасы­мен  экономикалық және дипломатиялық қатынастарды қалпына келтірмек.

Сондай-ақ,  Майк Пампео еуропалық одақтастарының  ұстанымы белгілі екенін, оған аса уайымдап, қынжылмайтын­дық­тарын жасырмады. Тіпті, салынған санк­ция­­ларды елемей,  Тегеранмен  жұмыс істей беретін Еуропа компанияларына тиісті шаралар қолданылатынын ескертіп өтті.

Саяси сарапшылардың пайымдаула­рынша,  Иранның  Құрама Штаттар қой­ған талаптарды орындауы екіталай. Бір жақсысы,  Еуроодақ  қазірше Иран жағын­да. Қажет болса олар Тегеранмен жұмыс істегендері үшін Вашингтонның қысымына ұшырайтын  еуропалық ком­па­нияларға қолдау көрсетенін және Иран мұнайын экспорттауды  еселейтінін  мәлімдеді.

Осылайша АҚШ-Иран қатынасы бұрынғыдан да шиеленісе түсті. Мұның арты қалай болатыны әзірге белгісіз.

 

 

 

«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Жалпы, АҚШ пен Иран қайшылығы осыдан қырық жылдай бұрын басталған. 1979 жылғы ақпанда Иранда төңкеріс жасалып, елдегі монархиялық шахтық режим құлатылды. Оның орнына билік басына рухани көсем аятолла Хомейни бастаған теократиялық діни ағымды қолдайтын исламшылдар келді. Міне, осы кезде «елден қашып кеткен шах Мохаммед Реза Пехлевиге  АҚШ үкіметі саяси баспана бергелі жатыр екен» деген қауесет тарап, радикалдық пиғылдағы бір топ студент Тегерандағы американ елшілігін қоршап, 52 дипломатты тұтқынға алды. (Кейбір мәліметтерге қарағанда, сол бірбеткей студенттік топтың арасында кеше ғана президенттік биліктен кеткен  «Ынтымақ қатарын нығайту мекемесі» жастар ұйымының белсенді мүшесі Махмұт Ахмединеджад та болған). Бұған жауап ретінде Вашингтон шұғыл түрде өз елінің банктеріндегі Иранның есепшоттары мен алтын қорын бұғаттап қойды. Осылайша іргесі сонау ХІХ ғасырда, яғни 1883 жылы қаланып,  бастау алған Америка мен Иран арасындағы  дипломатиялық қатынас ойламаған жерден шорт үзілді.

Американ елшілігінің қызметкерлері бас-аяғы 444 күн тұтқында болып, ақы­рында Алжирдің араағайындығымен әзер дегенде елдеріне қайтарылды. Парсы жұртының мұндай тосын мінезі әлемдік саясатта үстемдік жүргізіп үйреніп қалған Вашингтонның ашу-ызасын келтірді. Сондықтан да ол Иранға қарсы түрлі шектеу мен қысым шараларын күшейте бастады. Бұған өзінің жақтастары мен одақтастарын және ықпалындағы елдерді де тартып бақты. Сөйтіп, Иранның жалғыз АҚШ емес, батыс мемлекеттетері және араб елдерімен де қарым-қатынасы нашарлап кетті.

Вашингтон 1984 жылы халықаралық қаржылық ұйымдардың Иранға несие беруіне, барлық елдердің оған қару-жарақ сатуына және қандай да бір көмек көрсе­тулеріне тыйым салды.

1987 жылы Америка мен Иран арасындағы сауда-саттық, яғни тауарлар алмасулары толықтай тоқтатылды. Сол жылы екі елдің әскери кемелері тұмсық түйістіріп, соғыс өрті тұтана жаздады.

1988 жылы АҚШ-тың әскери крейсерінің Парсы шығанағы әуе кеңістігінде Иранның бортында 290 жолаушы (оның ішінде 66 бейкүнә бала) болған азаматтық ұшағын атып түсіруі де жағдайды одан әрі ушықтыра түсті.

1995 жылы Клинтон тұсында  ғана шектеу шаралар аздап босаңсып, Иранға  басқа бір үшінші елдер арқылы американ тауарларының (онда да әскери мақсат­тағы емес) сатылуына рұқсат етілді.

Ұзақ жылдарға созылған текетірестен кейін 2015 жылдың 14 шілдесінде  бір жағынан: АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей және Франция,  екінші жағынан — Иран қол қойған  ядролық бағдарлама жөніндегі (6+1) келісім өмірге келген еді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *