Қамар шебер тасада қалмаса екен

…Мәдениетіміз бен өнеріміз­дің тарихында ән еркесі Күләш пен Әміре, саз еркесі Шәмші, би пат­шайымы Шара, күй анасы Дина есімдері  қалай орын алса, Қамар есімі де қазақ өнерінің аспап­танушы ісінде өзіне лайық сондай орын алатын тұлға.

Кәукен КЕНЖЕТАЕВ.

 

 

2015 жылы «Алматы ақшамы» газетінде жарық көрген  «Қазақ­тың киіз үйі мен домбырасын фабри­кадан шығарған министр»  атты шағын ма­қаламдағы «…1976 жылы Министр­лер Кеңесінде Мәдениет  министрі Жексенбек Еркімбеков  мәдениет са­ласының дамуына байланысты дом­быра жасауды қолға алу мәсе­лесін көтерді. Колле­гияда Алматы жиһаз фабрикасында домбыра жа­сайтын жеке цех ашылып, Осака­ров­кадағы цех кеңей­тілуі туралы шешім қабылданды. Осылайша Үкіметтің домбыра жасау тапсыр­масы жүзеге асы­рылды. Алматы жиһаз фабрика­сындағы домбыра жасайтын цех жылына 40 мың, Осакаровкадағы цех 60 мыңға дейін домбыра жасау мүмкіндігіне ие болды», – деген деректер Алматы қа­ла­сы Орталық мемлекеттік ар­хивінің №459 қор құрушысы Мол­дан Әлдербаевтың қор құжат­тары­нан алынған.

Әр халықтың рухани бейнесі, ізгі ойлары, өткен тарихы мен бүгінгі болмысы әдебиет пен көркемөнер арқылы танылады. Қазақ халқының да музыкалық тарихы тереңнен басталады. Ендеше тұңғыш рет ұйымдас­тырылып отырған Домбыра күні қарсаңында Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің №435 қор құжаттарында сақтал­ған және де кенже қалған өнердің бір тармағы аспаптанушыларға тоқ­талмақпын. Қазақ қыздарынан тұңғыш шыққан аспаптанушы-ғалым,  Ықылас атындағы халық саз аспаптар музейінің, «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің негізін қалаушылар­дың бірі, «Үздік мәдениет қызметкері»  белгісінің иегері,  сырнайшы Зәбира Жәкішеваның құжаттары 2008 жылы сый ретінде архивке қабыл­данған. Құжаттарда халқымыздың рухани байлығының бір бөлігі музыка аспаптарының шығу тари­хы, жасалу жолы, сипаты туралы мол деректер жинақталған. Соны­мен қатар, қазақ қолөнер мәдениеті тарихындағы түрлі халықаралық көрмелерге қатысқан тұңғыш қазақ қолөнер шебері Қамар Қасымов туралы құжаттар сақталған.

Қамар Қасымов 1893 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баян­ауыл ауданында орта шаруа отбасында дүниеге келген. Шоң аға сұлтанның 4-ұрпағы. Әкесі саятшы, атасы қа­зақтың ұлттық нақыштағы ою-өрнегін оятын асқан шебер болып­ты. Бала кезінен қолөнер ісіне қызығу­­шылық танытқан Қамар Қасымов 73 жыл өмірінің 53 жылын қолөнерге арнапты.

1934 жылы Алматыда қазақтың халық аспаптарын жасайтын өнершілердің слеті өтеді. Слетті басқарып жүрген Темірбек Жүр­генов Мәскеу қаласынан қазақ әндерін жинақтаушы Затаевичті шақырады. Осы слетте қазақ музы­касынан ансамбль құрмақшы болып, аспаптар жасайтын шебер­лер із­дейді. Міне, осы кезде шебер­ханада бас шебер болып жұмыс істеп жүрген Қамар Қасымовты Те­мірбек Жүргенов шақырады. Бұл кездесу туралы өзінің есте­ліктерінде шебер былай деп жаза­ды: «Ей, мұрт, біз оркестрді құрып отырмыз, мына екі кішкене дом­бырадан не шығады, мастер адамсың, басқа елдердің аспабын көріп, аспапты дамытуға, өз кә­сібіңнің соңына түс, артын өзіме қоя бер», – деді.

Осыдан кейін әр елден келген аспаптармен танысып, маман­дармен келісе отырып, әрбір нота­ға лайық­тап  тағылатын ішектің күшіне, шанағының үлкендігіне, мойны­ның ұзындығына қарай керекті дыбысты тауып шығу оңайға түспейді. Өз ісіне деген қызығушы­лық пен сенімнің арқасында өнерпаз он үш аспапты өзі ойлап тауып, алты аспапты жаңартады.

Шебердің қолынан шыққан бағалы туындыларының бірі – Иосиф Виссарионович Сталиннің 70 жылдық мерейтойына  орай қазақ халқының атынан сыйға тартылған домбыра. Екіншісі К.Ворошиловтың Қытайға барған сапарында Қазақ­станнның атынан Мао-Цзе-Дунға сыйлыққа беріл­ген қобыз.

Қазақ КСР-нің өнерге еңбегі сіңген қайраткері, КСРО Су­ретшілер одағының мүшесі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, домбыра шебері Қамар Қасымов туралы зерттеулер, дипломдық жұмыстар болашақтың ісі деп білемін.

Ғасырлар бойы қазақ халқымен  бірге өсіп, бірге дамып отырған әні мен күйіне арқау болған қос ішекті домбыраның ежелден атқарар жүгі, алар орны бөлек. Сондықтан дом­быра күні қарсаңында биыл туға­нына 125 жыл толып отырған Қамар шебер де тасада қалмаса екен.

 

Ләйла ҚАСЫМҚЫЗЫ,

Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің бас сарапшысы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close