Амантай қажы Наурызбен құттықтап, көрісуге келді

468Жақсы дәстүрдің жаттығы жоқ. Алтай мен Атырау арасындағы кең аспанның астында кер маралдай керіліп жатқан байтақ еліміздің әр қиырында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі жақындаған сайын жұртшылық өздерінің салт-дәстүрін ұмыт қалдырмай, ертеден келе жатқан ырым, жоралғыларын жасай бастады. Оны, тіпті, Алматының өзінде де аңғаруға болады.

Ел көңілі жақсы бір әлденеге елегізіп, қала тұрғындарының бір-біріне ерекше мейірім, ықыласпен күлім қаға көз тастайтыны байқалмай қалмайды. Көктем келіп, қара жердің тоңы жібіп жатқанда, көңіл қалай жібімесін. Жаратылыстың өзі адамның көңілін көтеріп, бір-біріне құшақ аштырып тұрғандай. Күн нұры төгілген терезеден арагідік көк аспанға көз салып қойып, әдемі ойдың құшағында отырғанда, редакциямызға «Аттандап» Амантай қажы келді. Бұл жолы «Аттан, Қазақстанның» жетекшісі қыз-жігіттерімізді келе жатқан Наурыз меркесімен арнайы құттықтап, қазақша көрісу ниетін жасап шығуға бел байлаған екен.

Ал біз жақсы ниетпен көрістік пе, ағайын!

Ақ тілек арқалаған қажы

Әлемнің әр елінде еліміздің туын желбіреткен «Аттан, Қазақстан!» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек –  белсенді қоғам қайраткері ретінде танылған тұлға. Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың зайыбы – Фатима апамыз айтқандай, жал­пы әлемге жар салып жүрген жаршы адам. Айтса, елге қажет, үкіметіміз бен билік басында жүрген басшыларымызға қажет, білуі тиіс дүниелерді айтып, түрткі болып жатады. Қоғамдық ұйым ретінде басқа жұртқа ел көңілінде жүрген сөзді айтады.

Кезінде Елбасы Семей полигонын жабу туралы сөз бастағанда, сондағы жұрттың ортасына барып, дабыл қаға жүріп, халық үнінің бір арнада тоғысуына бастамашы болды. Бұл да болса, қоғамдық пікір ретінде сынақ аймағының жабылуына үлкен түрткі болғаны белгілі. Әрине, Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық сынақ аймағын жауып, елімізді ядролық қарусыз мемлекетке айналдырып, барша әлемді таңғалдырғаны өз алдына бөлек әңгіме ғой.

Кеше ғана талай жұрт «Қазақстан мен Ресейдің ортақ дұшпанына айнала бас­тады» деп таныған атышулы Жиринов­скийдің айтқан сандырақтарына ерекше наразылық акциясын өткізіп, Амантай қажы елдің көңіл көзінің ашылуына да өз септігін тигізіп жатыр, одан да хабарымыз бар. Жасы жетпістің үшеуіне келсе де, қоғамдық ортаның сергек болуы үшін күресіп жүрген ақсақал үнемі ақ ниет, ақ тілек арқалап келе жатқандай көрінеді. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында дүниеге келген қарияға Батаңыз қабыл болсын дейміз.

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *