АМАНАТ

«Аманат» – бұл Ғ.Мүсірепов атындағы   қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпірімдер театрының көрермендеріне ұсынған  қазақ театр тарихында бұрын-соңды  болмаған  жаңа жобасы. Қойылым алдында өткен баспасөз мәслихатында театрдың жаңа басшысы Азамат Сатыбалды айтып өткендей, театр ұжымы мен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық  халық аспаптар оркестрінің бірлесуімен қойылған  бұл концерт-спектакль. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты  бағдарламалық мақаласына үн қосып, бабалардың тәуелсіз ел болу  жолындағы армандарын, жаумен шайқастардағы ерліктерін, отаншылдық рухтарын, ұлтымыздың ұлы мұраттарын актерлардың үні мен күй күмбірімен жеткізуді мұрат еткен.

 Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Премьераға жиналған жұртшылықта бір-бірімен әңгімелесіп, концерт-спектакль дегенге таңырқай келгендерін жасырмады. Ал сахна шымылдығы түріліп, оркестрдің орындауындағы «Қорқыт» күйі мен  театр актері,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Жомарт Зейнәбілдің сомдауындағы Қорқыт бабамыздың ұлы даламыздың төрт бұрышын түгел аралап,  Жерұйық іздеп, ұлтының тұтастығын тілеген зарын қобызының мұңлы сарынымен  жеткізген кезде  көрермендердің жүректері дір етіп, рухтары қанаттанып шыға келгені анық. Бұдан кейін сахнаға   адуынды «Адай», көңіл пернелерін  әдемі қағатын «Кішкентай» күйімен  Құрманғазы болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Рақышев, өр рухты Махамбет батырдың қайсар мінезін  Н.Тілендиевтің «Махамбет» күйінің өн бойына сыйдырған  Еділ Рамазанов, қазақтың қамын  қырық бес сөзіне сыйдырып, ұл­тының рухани шырағын жағып кеткен  арманшыл жас Абай – Ерден Жақсы­беков, Абай  – Руслан Ахметов,   Алаш жұртының  Тәуелсіз ел болсақ, өз тіліміз, өз мемлекетіміз болса, жастарымыз жалынды да білімді болса  деген  ұлы мұрат­та­рының жолында жандарын қиған  арыстары­мыздың бірі Міржақып – Ұлан Болатбек,  өздері  жетпеген арман-мақсаттарын өздерінен кейінгі жастарға  «арыстандай айбатты, жол­барыстай қайратты, мен жастарға сенемін» деген жыр жолдарымен аманаттап кеткен  Мағжан –  Дархан Сүлейменов, мың өліп, мың тірілген қазағының тарихын  жырымен  жазған Жұбан – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлы­ғының лауреаты Елдар Отарбаев жырлағанда,  Мұқағали болып отты жыр төккенде, ал оған Құрманғазы оркестрінің орындауындағы күй сарыны қосылғанда көңілі толқымаған көрермен кемде-кем болған шығар-ау.

Күйдің құдіреті сөз құдіретін демей түсіп, әр адамның жүрек түкпірінде жатқан менің елім, менің  жерім деген сезімдеріне түрткі салады.  Ал концерт спектакльдің тағы  бір ұтымды тұсы   Н.Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың,  Әсет Бейсеуовтің, әндерінен құралған  попурилерді көрермендермен бірге айтуы  концерт-спектакльді жандандыра түсті.  Даңғаза музыкадан жандары жасып жүрген көрермен әнге қосылып, бүкіл театр шаңырағын  Шәмші, Әсет әндерімен тербеп, күйдің құдіретін сезініп арқалана түсті. Қойылым  барысында көрермендер жас та болса,  ұлтымыздың  сан түрлі аспаптарының үнін Құрманғазы атындағы оркестрмен үйлестірген Абылай Тілепбергенге, актерлардың  ойындарын күй сазымен үндестіре білген театрдың  қоюшы-режиссері Данияр Базарбаевқа, күй сарыны мен актерлардың шығарма­шылығын шыңдай білген театрдың директоры,  Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Азамат Сатыбалды мен  Құр­манғазы оркестрінің директоры,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса  Дауешовқа және осы концерт-спектакльдің сценарийін жазған Ағзия Көлбаеваға  ризашылықпен қол соқты.

–   Бұл жоба біздің театрдың биылғы ерекше форматта өткен театр фестиваліне қосқан тың жаңалығы  деуімізге болады. Мұндай қойы­лымдар қою шет ел театрларының  репертуар­ларында бар, бірақ біздің қазақ театрларының тарихында тұңғыш қолға алынып отырған жоба. Жобамыздың алдына қойып отырған басты мақсаты Елбасының  «Ұлы даланың жеті қыры» атты  мақаласында айтылған  ұлы даланың үнін, сол мақала негізінде белгіленген жеті бағытты  жүзеге асыруға өзімізше үлес қосу, сондай-ақ, көрермендерге актерлардың  да ән айтып, би билеп, оркестрмен бірге поэзия, монолог оқи алатындарын көрсеткіміз келді.  Қойылымға деген  көрерменнің ықыласы жобамыздың  көздеген мақсатына жеткендігіне көз жеткізіп отыр.    Нұрғиса Дауешов жетекшілік ететін Құр­ман­ғазы оркестрімен бірлескен бұл жобамыз алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Бұл жоба­ның  еліміздің мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен өткенін атап өткен жөн,–  дейді  Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының басшысы Азамат Сатыбалды.

«Жас келсе іске» деген осы да. Рухани жаңғырып, ұлы даланың үніне құлақ салғыңыз келсе, «Аманат» концерт-спектакліне  барыңыз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *