АМАНАТ

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері

 

Кәкең! Кәкімжан аға!

Бүгіндері  газет-журнал  беттері  мен теледидар бағдарламаларынан

90 жылдығы қылаң беріп қалып жатқан асыл азамат туралы ойлағанда, көңілге көп жай оралып, көп нәрсе еске түседі. Өйткені, ол күрмеуі көп күрделі жолдардан өткен адам еді. Сондықтан да оның өмірбаяны бай-тын. Осыны еске алғанда, бұл ағамыздың болмыс-бітімін бір мақалада егжей-тегжейлі қамтып, толық ашып көрсету әсте мүмкін емес. Оны біз бек жақсы түсінеміз. Соны көңілге түйе отырып, төменде оқырмандарға тек бір-ақ нәрсені баяндап айтсақ дейміз. Ол – Кәкеңнің өмірден озардан жеті ай бұрынғы аманаты.

 

«Ту   тігердегі   қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі»

…1989 жылдың  4  наурызы еді. Талдықорған облысының Ақсу ауданында «Қазақстан комму­нисі» журналының «Партиялық жұмыс: іскерлік, жаңашылдық, ізде­ніс»  деген  тақырыпта «дөң­гелек үстел» басындағы сұхбаты өтетін болды. Оған редакциядан екі адам баруға шешім қабыл­данды. Олар: бас редактор – Кәкең және бөлім меңгерушісі – мен.

Алматыдан ертелетіп аттан­дық. Қапшағайдан өтіп, Шең­гелдіге иек артқанда: «Сөйле, батыр, – деді қаладан шыққалы бері ауыр ойда отырған ағамыз кенеттен. – Мынадай ұзақ жолда бір-бірімізге әңгіме айтып отырмасақ болмас, сірә».

Мен қысылдым. Өйткені, «барып кел-шауып келге»  шам­дағай, жұмысқа әбжіл болға­ныммен, үлкендермен арадағы былайғы қарым-қатынаста тәжі­рибем аз, әлі ашыла қоймаған ұяң кезім. Сондықтан бәрімізді үнемі мысы басып тұратын басшы­мыздың алдында аты-жөні жоқ қандай әңгіме айтуға болады?

Осыны сезді ғой деймін, мәшине терезесінен сыртқа бар­лай қараған Кәкең: «Рахаң… Рахымжанды айтамын да… Сол кісінің көзі тірісінде біздің редакцияға бас сұққан соңғы келісі есіңде ме? – деді. – Бұл – 1987 жылдың ақпаны  еді ғой. Мен онда батыр ағаңды өзімде көп ұстамай, саған әңгімелесуге жіберген болатынмын. Содан бір жыл, алты айдан соң қайран ер қайтыс болды емес пе?.».

– Иә, – дедім мен. – Ол кісі екеуіміздің арамыздағы сұрақ-жауап әңгіменің магнитофон тас­пасы сейфте сақтаулы тұр. Қажет десеңіз, мына сапардан қайтып оралған соң, сізге берейін. Бірақ екі нәрсеге түсінбедім. Ол өзіңіз­дің осыдан 31 жыл бұрын очер­кіңіздің де, содан сәл кейінірек жарық көрген кітабыңыздың да кейіпкерін маған жібергеніңіз және Рахаңның кейбір мәселелер туралы тәптіштеп тұрып сұраған сауалдарыма: «Баукең мен Кәкең біледі. Өйткені, ол шаруалардың басы-қасында сол кісілер жүрді ғой», – деп көп нәрсеге мардымды жауап бермегені.

– Мәселе міне, осында, бауы­рым. Саған қазір соны айтқалы отырмын, – деді ағамыз мына ұзақ жол үстінде үлкен бір әңгіме тиегін ағытуға ыңғайланғандай болып. – Алдымен сөзді сенің бірінші сұрағыңа емес, екіншісіне жауап беруден бастайын. Рейх­стаг қаһарманы Рахымжан Қош­қарбаевты маған тауып берген Баукең. Бауыржан Момышұлы! Бұл кісінің бәйбішесі Жамал 50-жылдардың бас кезінде өзіміз жұмыс істеп жүрген «Лениншіл жаста» машинистка еді. 1956 жылдың көктемінде апамыз Баукеңнің Мәскеудегі әскери қыз­меттен біржолата босап, Алма­тыға келгенін айтты да, біз­дерді батыр ағамызбен таныстыру үшін үйіне шақырды. Содан бастап ол кісінің назары маған мықтап ауғанын жасырмаймын. Кейін тіпті батырдың үлкен баласындай болып кетіп, Орынша апаңа үйленуге сөз байласқан кезімде оны сол үйге келін етіп түсіріп, батасын алған да жайым бар.

Сол Баукең, әруағыңнан айналайын, асыл ағам бір күні үйіне шақырды. Айтқан әңгімесі: өзіне соғысқа қатысқан бейтаныс жас жігіт сәлем беруге келіпті. Ал тапсырған шаруасы: менің соған міндетті түрде жолығып, оны га­зетке жазуымның керек екендігі.

– Білесің бе? – деді көзі ұш­қын шашып ширыққан Баукең. – Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан әруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс жалауын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған! Сендердің міндеттерің – енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу.

 

«Рейхстагқа ту   тіккен қазақ»

Баукең осы сөздерді айтты да, қолыма тілдей қағазды ұстатты. Онда: «Рахымжан. Рейхстаг қаһар­маны! Странно… Соғыс біткелі 13 жыл. Ешкім іздемеген. Ахметжан Қойшығұловтың қарамағында жұмыс істейді», – деп жазылыпты. Мұны оқи сала, болашақ кейіпкерімді ал кеп іздейін. Көп кешікпей оны таптым да. Аңқылдаған ақжарқын жігіт екен. Оңай тіл табыстық. Қайта-қайта барып, бес күндей әңгіме­лестім. Содан соң жазуға отыр­дым. Нәтижесінде, 1958 жылдың 21 ақпаны күні «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген деректі очеркім шықты. Ол республика жұртшы­лығын дүр сілкіндірді. Ал редак­цияға келген хатта есеп жоқ-тын.

– Осыдан кейін үкіметке де ой түсіп, билік тарапынан қозғалыс болған шығар.

– Жоқ, бауырым… Оған тағы да араласып, мұрындық болған Баукең. «Қалай?» – дейсің ғой. Айтайын. 1960 жылы ақпанда ағамыз мені шақырып жатыр деген хабар келді. Бардым. Ол кісі сәл ойланып отырды да: «Сенің очеркің арқылы Рахымжанның есімін ел білді. Енді оны батырлық атаққа ұсыну керек. Мен Ілияс Омаровпен сөйлестім. Өзіңмен кездескісі келеді. Құрқол барма. Жақсылап орысша справка-анықтама жазып апар. Ілекең сондағы деректерді тілге тиек етіп, республика басшыларымен сөйлеспекші», – деді.

…Көп кешікпей Ілияс Омаров ағамызға да жолықтым. Ол уақытта бұл кісі Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары-тын. Өте жылы қарсы алды. Жазып апарған қағазымды асықпай оқып шықты да: «Мұны маған тастап кет. Үлкен жұмыс жасапсың, қарағым», – деді риза кейіппен.

Содан біраз уақыт өткен соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Әкімшілік бөліміне шақырылдым. Онда менімен Мәметқазин жолдас әңгімелесті. Сұраған сауалдарының бәріне нақты дәлелмен жауап бердім. Кейіннен білдік қой, Жеңістің 15 жылдығы қарсаңындағы осы қарекетке мықтап атсалысқан адам Жұмабек Тәшенов екен. Ол кезде бұл кісі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы болып істейтін. Баукеңнің айтуында тиісті материалдармен қаруланған Жұмекең Мәскеудегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынбасары ретіндегі бір айлық кезекшілік қызметінде Р.Қошқарбаев жөнінде Бас штабтың архивіндегі материалдарды көтертеді. Одан Рахымжанның кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын біледі. Сөйтеді де, оның неліктен өтпегені жайлы маршал  И.С.Коневты шақыртып сұрайды. Өйткені, бұл адам соғыстан кейін Бас штабтың бастығы болған. Ж.Тәше­новтің қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады. Екеуі қатты сөзге келеді. Бұл жайсыз хабар сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы  К.Е.Воро­шиловқа жетеді. Климент Ефремович мәселені ушықтырмас үшін өзінің орынбасары мен әйгілі маршалды татуластыруға күш салады. Сөйтіп жүргенде даудың түйіні назардан тыс қалады.

– Бәрі Климент Ефремовичтің азусыздығынан болды, – депті Жұмабек Тәшенов күйіне отырып Баукеңе.

– Жұмекең де мен секілді қызба ғой. Екеумізді құртып жүрген мінез, – деді маған айтқан әңгімесінде Баукең.

Сөйтіп, алғашқы талпынысымыз сәтсіз аяқталды.

Осы жерге келгенде әңгіме кілт үзілді. Оған себеп болған жүргізуші Серіктің мәшинені жайлап қана тоқтатып, капотты аша бастағаны еді. Оны көрген біз де сыртқа шықтық. Күн ала бұлт болып көрінгенмен, төңірек манаураған жаймашуақ кейіпте. Жылы жел алтынкүректің лебімен жол жиегіндегі қар ағыл-тегіл еріп жатыр. Табиғаттың осы көрінісіне сәл назар аудара қараған Кәкең бір мезетте алдымыздағы Арқарлы асуына, оның шығысқа қарай иіндеп барып, түу сонау Қоянкөз жайлауына қосылатын тұсына көз тікті. Оған жапсарласа атақты Алтынемел мұнартады. Байқап әрі біліп тұрмын, бұл өңірдің бәрі де ағамызға баяғыдан таныс, ыстық жерлер. Олай болатыны, сонау 50-жылдардың ортасында мына Қоянкөзде ол кездері есімі елге әлі таныла қоймаған, кейін Социалистік Еңбек Ері атанатын Зылиха Тамшыбаеваның комсомол-жастар бригадасы отыратын. Оны Алматыдан «Лениншіл жастың» тілшісі Кәкімжан Қазыбаев іздеп келіп, бірде репортаж, енді бірде суреттеме, очерк жазып қайтатын. Газеттегі сол материалдар кейін ақын Қуандық Шаңғытбаевтың ойын оятып, одан Қанабек Байсейітовпен бірге жазған «Беу, қыздар-ай!..» пьесасы туды емес пе?! Ал ағамыздың Алтынемелге аңсары ауа қарап тұрғаны да түсінікті. Ол даланың дара жұлдызы, ұлы Шоқанның мәңгілікке дамылдап жатқан жері ғой. 1982–1985 жылдары Орталық Комитеттің хатшысы болып тұрған кезінде Кәкең сол жерге Димекеңнің тапсырмасымен әр алты ай сайын бір келетін. Сөйтіп жүріп ұлы ғалымның 150 жылдық мерейтойын, одақ деңгейінде өткізуге мұрындық болып, Шанханайдағы Ш.Уәлиханов мемориалдық музей кешенін өз уақытында пайдалануға беріп үлгерді емес пе.

– Арада төрт жыл уақыт өтті, – деді бәріміз мәшинедегі орнымызға отырып, көлік Арқарлының асуына бет алғаннан кейін Кәкең. Алда Жеңістің 20 жылдығы жақындап келе жатты. Баукең: «Рахымжан туралы жоғары жаққа хат жазсақ, оған өкілеттіктері зор төрт адам қол қоятын болды, – деп тағы бір әңгіменің шетін шығарды бір күні. Сол кісінің түртпектеуімен мен енді Р.Қошқарбаев туралы табылған соңғы тың деректерді қосып, тағы да анықтама жазуға отырдым. Қазір сол құжаттың  бір данасы әлі күнге архивімде сақтаулы. Оған Баукең былай деп жазыпты: «Бұл тақырыпта  Мүсіреповпен әңгіме болды. Оған алғашқы данасын қалдырдым. 15 июль. 1964 жыл. Б.Момышұлы».

 

«Бастаған  істі  орта  жолда қалдыруға  болмайды»

Күзге тарта хат қайта-қайта жөнделіп, әбден толықты­рылып барып дайын болды-ау, әйтеуір. Оған өкіметке сөздері өтетін, қолдарында мандаты бар төрт атақты ағамыз қол қойды. Олар: Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, республика Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Ғ.Мүсірепов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, жазушы Ғ.Мұстафин, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты, жазушы И.Шухов, республика Жоғарғы Кеңесі  Президиумының мүшесі, ақын Ә.Тәжі­баев еді.

Бұл бастаманы билік қолдады. Сөйтіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында арнайы қаулы қабылданып, алты жыл бойы жинақталған бүкіл құжат  Мәскеуге жіберілді. Ол кезде оны адамдардың аз ғана тобы білетін. Сеніміміз күшті болды. Өйткені, 1964 жылдың күзінен бастап еліміздегі жоғары басшылыққа басқа адамдар келді ғой. Жақындап келе жатқан Жеңістің 20 жылдығында олардан жаңа көзқарас, жаңа ықылас болар деп күттік. Дүрілдеп 9 мамыр мейрамы да өте шықты. Бірақ Рахымжан Қошқарбаев туралы Орталық үндемеді. Қандай өкінішті…

Кәкімжан аға сөйлеп отыр. Мен жоғарыдағы бірінен-бірі өткен тың да соны деректерге толы толғанысты тыпыр етпей үнсіз тыңдаудамын. Себебі, бұл бұрын мүлде есті­ме­ген жаңа әңгіме. Ағамыздың Рейхстаг қаһарманы Рахым­жан Қошқарбаевтың ерлігін 50-жылдардың соңында газетке бірінші болып жазған қаламгер екенін білетінбіз. Кейін, яғни 1966 жылы басты кейіпкері Рахаң болып табы­латын «Кернеген кек» атты деректі повестің де авторы атан­ғанынан хабарымыз мол еді. Бірақ… иә, бірақ мынадай жан­­­кешті тірлікке ынты-шынтымен араласуы… Қайта-қайта құшырлана кірісуі… Бұл енді нағыз керемет, ғажап іс!

– Баукең менімен әңгімелесерде немесе бір жұмыс тапсырарда үнемі шақыртып алушы еді, – деп сөзін жалғады Кәкімжан аға Мұқырға жетіп, Көксу өзенінен өте бергенде. – Бұл жолы, яғни 1969 жылдың қаңтарында ақсақал маған телефон арқылы өзі хабарласып, былай деді: «Рахымжан десе Ғабит Мүсірепов ішкен асын жерге қояды. Пікірі әлі жоғары. Сол кісімен ақылдасқайсың. Бастаған істі орта жолда қалдыруға болмайды».

Батыр ағаның айтқаны біз үшін бұйрық. Ал ол сөзбұйдаға салынбайды, орындалады. Осылай деген ішкі ойым көп кешікпей мені Ғабеңмен жүздестірді. Ақылдас­тырды. Содан кейін жоғары жаққа тағы бір хат кетті. Ол Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында Р.Қошқарбаевтың ерлі­гін әділ бағалау жөніндегі тілек-ұсыныс еді. Оған атақты Баукең, Бауыржан Момышұлы өзі бастап, екі мәрте Кеңес  Одағының Батыры Сергей Луганский мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің  депутаты, ақын Жұбан Молдағалиев қостап, 12 адам қол қойды. Бұл – 1969 жылдың 29 қаңтары болатын. Мәселені қарауға уақыт жеткілікті болсын, ертең ешкімде де өкініш қалмасын деп аталмыш құжат Мәскеуге Жеңістің 25 жылдығынан бір жыл алты ай бұрын әдейі ерте жіберілді. Тағы да үнсіздік. Орталық бұл хатқа да ләм-мим деп жақ ашпады.

Сөзімді аяқтарда әділеттілікке қиянат болмас үшін, мына бір жайды да анықтап айта кетейін. Жоғарыдағыдай мазмұндағы ең соңғы хаттың Ғабең, Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ адамның қол қоюымен Л.И.Брежнев атына 1975 жылы да жазылғаны бар. Мұны қолға  алып, оның басы-қасында болған жазушы Әзілхан Нұршайықов ағаң. Айтпақшы, осыдан бір апта шамасы бұрын сол кісінің «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Ескірмеген естелік» атты мақаласы шықты. Оқыдың ба?

– Иә, – деп жауап қаттым мен. – Ақпандағы  нөмір ғой. Жалғасы №3 санда жарияланатыны айтылыпты, – дедім сөзім дәлелді әрі әсерлі болсын дегендей нықтап.

– Дұрыс, – деді Кәкімжан аға. Сөйтті де: – Міне, Талдықорғанға да келдік. Мұнда обкомға кіріп шығуым керек. Онда мені идеология жөніндегі хатшы Гүлша Тәңірбергенова тосып отыр. Ал сендер қаланы аралаңдар. 40-45 минут көлемінде бой көрсетіп қалармын, – деді жүргізуші Серік екеумізге.

 

Кремль қожайыны: «Тарихты қайта қарап қайтеміз»

Қаланы аралағанда қайда барамыз. Уақыт шектеулі. Оның үстіне мұнда көре қоярлық жер де аз. Екі кітап дүкеніне кіріп шығып, орталық алаңның шығыс жағын­дағы сұр үйге қайтып келсек, Кәкең де баспалдақпен жайлап түсіп, бізге қарай беттеп келеді екен.

– Сонда атақты адамдардың ақыл-кеңесімен сіз дайындап, ол кісілер қол қойған жоғарыдағы үш хаттың тағдырынан ешқандай хабар болмағаны ма? – дедім мен көлігіміз Ақсуға бет алған соң, ағамызды қайтадан сөзге тартып. – Өзіңіз кейін Орталық Комитеттің хатшысы қызметін атқарған кезіңізде сол мүмкіндікті пайдаланып, Мәскеудің үнсіздігінің сырын білудің сәті түсті ме?

– Ол жұмбақтың жауабы мен үлкен үйге бармастан көп уақыт бұрын-ақ белгілі болған, – деді ағамыз жоғарыдағы сауалға күні бойы дайындалып отырған адамдай іле жауап қатып. – 1980 жылы тамызда  республикамыздың 60 жылдығы тойланатын болды. Онда мен, өздерің білесіңдер, ҚазТАГ-тың директорымын. Той салтанатына Бас хатшы Л.И.Брежневтің өзі келіп қатысты. Сондағы аз ғана билік иелері арасындағы әңгімеде Леонид Ильичке алдымен Рахымжан Қошқарбаев, содан соң Бауыржан Момышұлы мәселесі құлаққағыс етілді. Оған Кремль қожайыны: «Тарихты қайта қарап қайтеміз», – деп өте қысқа жауап берді. Бұл: «Болды, бітті. Бәрі осымен тәмам. Ондай тақырыпты енді қайтіп қозғамаңдар» деген сөз еді. Ал «Орталық Комитеттің хатшысы кезіңізде жоғарыдағы жайттың ізіне түсіп көрдіңіз бе?» – деген сұрағыңа келетін болсақ былай. Иә, осы лауазым арқасында Мәскеу архивтерінің басшыларын біраз ақ тер, көк терге түсіргенім бар. Соның нәтижесінде көптеген құжаттарға  қолым жетті. Олардан ой түйетін бір нәрсе: республиканың бұрынғы басшылары: атап айтқанда, өзіміздің Орталық Комитет пе, Жоғарғы Кеңес немесе Совмин бе, Баукең мен Рахаң туралы ұсыныстарға олардың ешқайсысы қарсы болмаған. Қайта қолдап отырған. Орталықтағы қолыма түскен деректерден өз басым осыған анық көз жеткіздім. Бұл болашаққа өте керек нәрсе.

– Мен мұның бәрін саған неге айтып отырмын? – деді осы арада сәл үнсіз қалып барып әңгімесін қайта жалғаған Кәкімжан аға. – Біз қартайдық. Бір жылдан соң Баукең айтқандай «дерпен», яғни дербес пенсионер боламыз. Сөйтіп, қоғамның қыз-қыз қайнап жатқан өмірінен алыстаймыз. Ал бұл деген тіліңді біреу алып, біреуі алмай, пұшайман күй кешесің деген сөз. Сонда Рейхстаг қаһар­маны туралы жиып-терген дүние не болады? Жеңістің 15, 20, 25, 30 жылдығындағы бастамалар жағдайы қайда қалмақ? Оны келешекте кім жалғастырады? Осыны ойлай келе мен мынадай шешім қабылдадым. Ол – қалаға оралған соң Рахаң туралы 30 жыл бойы жинаған архив деректерімнің көшірмесін саған беру. Жассың. Болашағың алда. Қайда, қандай жағдайда жүрсең де осы мәселе әйтеуір жүрек түкпіріңде жатсын деген ниет қой менікі. Батыр ағаңмен өзіңді осыдан екі жыл бұрын неге кездес­тіріп, әңгімелестірдім деп ойлайсың? Оның мәнісі міне, осында, қарағым. Үмітсіз шайтан деген… Алда Жеңістің 45 жылдығы келе жатыр. Одан кейін 50 жылдық та бой көрсетпек. Сондай кезде үнсіз қалмасаңдар болғаны да.

 

Жауабы  жиырма  жылдан  бері табылмай келе жатқан жұмбақ

Әңгіме аяқталды. Мен үндемедім. Тек иығымды көтердім де қойдым. Өйткені, бұл елп етіп, бірден бас изей салатын жеңіл-желпі шаруа емес еді. Салмағы ауыр, жолы қиын жүк болатын. Сондықтан оны бірден қабылдай алмадым. «Жауабы жиырма жылдан бері табылмай келе жатқан жұмбаққа жолап нем бар?» деген екіұдай сезім жетегінде қамалдым да қалдым.

…Ақсудан Алматыға 7 наурызда кештетіп жеттік. 10-ы күні жұмысқа шықтық. Түске таман: «Бас редактор шақырып жатыр» деді хатшы қыз. Есікті ашып кіре берге­німде: «Міне, бауырым! Саған айтқан құжаттар мынау, – деді Кәкімжан аға сейф кілтін нығарлай жауып жатып. – «Жейтін наным бар еді деп жүргенше, жеп тынайын», – депті ғой баяғы ашаршылықта біреу. Сол айтқандай, мына папканы саған беріп, көңілімді жайландырайын. Айтарым: асықпа. Бүгін-ертең қолға алатын шаруа емес. Жағдайға қарап қимылда. Өмір ұзақ жол ғой, қалқам. Бір реті келіп қалар. Ал болмаса… Қайтесің. Әйтеуір осы іс саған аманат», – деді».

Мына сөзді естігенде, жүрегім дір ете түсті. Не істерімді білмей, бетіне қарадым ағамыздың. Әлі күнге дейін көз алдымда: жайдары да жайбарақат, салмақты да сырбаз кейіпте тұрған еді сол сәтте ол кісі. Қиналу мен ренжу немесе мұңаю атымен жоқ-тын өңінде. Керісінше, дегдар, бекзат қалпымен қарап тұрды маған.

…Содан  тура  жеті ай өткен соң Кәкімжан аға кенеттен қайтыс болды. Мен сонда барып бәрін бірақ түсіндім. Түсіндім де: «Өмір бар жерде, қаза бар деген… Көп нәрсені ерте ойластырған екен-ау жарықтық», – дедім ішімнен. Сөйте отырып, 1990 жылдың басында ұзынқұ­лақтан: «Орталық Комитеттегі Мемлекеттік наградалар бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары Көрік Дүйсеев Баукеңнің 80 жылдығы қарсаңында кейбір мәселелерді анықтау үшін Мәскеуге барады екен», – деген хабарды естіп, сол кісіге жолығуға бел будым. Ойым – Кәкеңнің қалдырып кеткен көшірме қағаздарындағы дерек- көздерді ағамыздың қолына ұстатып, сол арқылы орталықтан олардың куәландырған даналарын алдырту жөнінде өтініш жасау. Көрік Құндызбайұлы – 1987–1989 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған адам. Барлық редакция бір ғимаратта орналасқандықтан, Кәкімжан ағаға үнемі келіп-кетіп әңгімелесіп жүретін. Бізді содан жақсы танитын. Соны бетке ұстап келеміз ғой, баяғы.

– Жарайды, – деді ағамыз қашанғы елпілдеген кішіпейіл мінезімен. – Әкел тізіміңді. Ала кетейін. Уақыт өте келе мүмкін Рахаң мәселесімен де айналысып қалар­мыз. Сонда қажетке жарары анық. Бірақ есіңде болсын, қазіргі басты тапсырма – Баукең.

Халық батырының 80 жылдығына байланысты ол ниет пен тілектің бәріміздің ойлағанымыздай болып, абыроймен орындалғанын қазір бүкіл жұрт біледі. 1990 жылғы 12 жел­тоқсанда республиканың жаңа басшысы Н.Ә.Назар­баев­тың орталықты мойын бұрғызбас дәлелдер арқылы көндіруімен Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. «Тәубе! – дестік бұл ақжолтай хабарға. – Рахымжан Қошқарбаевқа да осындай ақжа­рылқап күн туса екен…».

 

Мерейтойды  алға тартып, он  ай  бойы  қоғамдық  пікірді  қыздырдық

Өстіп жүргенде арада төрт жыл өтті. Бұл кезде мен «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары едім. Алда Жеңістің 50 жылдығы жақындап келе жатты. Осының қарсаңында Рахаңды  жоғарғы жақ есіне тағы бір салып қойсақ қайтеді деген оймен басшымыз Сарбас Ақтаевқа кіргенім есімде. «Қажетті деректің бәрі Көрік ағамызда. Ол кісі оны Кәкеңнің қалдырған дереккөз тізімі арқылы Мәскеуден анықтап қайтқан», – дедім Сәкеңе, барлық оқиғаның бүге-шігесін қалдырмай баяндап. Сарбас аға: «Көрейік», – деді де жоғарғы жаққа барлау жасауға кетті. Бір ай шамасы уақыт өткеннен кейін ол кісі кабинетіне шақырып алды да: «Қазір қоғамдық пікірдің бәрі Қасекең, Қасым Қайсенов жағына ауып тұр, – деді. – Бұл заңды да. Себебі, халық көңілінің түкпірінде баяғыдан бері келе жатқан үш ардақтымыз бар еді десек, солардан көзі тірі қалғаны – осы партизан ағамыз ғой. Ал енді Баукең мен Рахаң қазір мына өмірде жоқ. Сондықтан биліктің бұл кісіге бүйрегінің бұруын: «Қарияның кеудесінде өкініш кетпей, ерлігінің еленуін көзі тірі кезінде көрсін», – деген тұрғыда түсінуіміз керек. Әңгіменің тоқ етері, қалай, не десек те енді жарты жылдан соң бүкіл ақпарат құралдарының назары Қасекеңе қарай ауады. Одан біз де тыс қалмауымыз керек. Тапсырма солай».

Айтқандай-ақ, 1995 жылдың басынан бастап газет-журнал мен телерадиода Қасекең туралы қуатты қоғамдық пікір дүмпіп кеп берді дейсіз. Сәкең ескерткендей, бұдан «Халық кеңесі» де шет қалмай, басшылықтың тапсыруы­мен менің де аңыз адам туралы «Кейіпкер» (бұл кісінің барлық кітабындағы басты образ өзі ғой – Ж.А) атты көлемді мақала жазғаным бар. Ақыры Жеңістің 50 жылды­ғы аталып өтілуіне екі жеті қалғанда, яғни 24 сәуір күні Қасым Қайсенов Елбасы Жарлығымен «Халық Қаһар­маны» атағына ие болды. Әрине, ол кезде Кеңес Одағының Батыры мәртебесі болса да жоқ. Ал тәуелсіз Қазақстанның ең жоғар­ғы наградасы партизан ағамызға нағыз лайық марапат еді.

Арада тағы да біраз уақыт өтті. 1998 жылдың аяғында мен «Егемен Қазақстанның» табалдырығын аттадым. Бұл жаңа жылға бір апта қалған кез болатын. Келе сала газеттің жылашар нөмірін шығаратын топқа жетекшілік етуге жегілдім. Редакция алқасының талабы: ол нөмір тартымды, тың тақырыптарға толы болуы керек. «Тіпті, жыл бойына жүргізіп, көптің көңілін аударатын, сол арқылы басылымға бедел әкелетін ірі идеялар мен жобалар болса, тіпті ғажап болар еді», – дейді бас редакторымыз Ержұман Смайыл жұмыстың ара-арасында.

Күні бойы ойландық. Көз алдымызға келер жылдың келбетін әкелеміз. 1999 жыл… Қаңтар – Президент сайлауы; сәуір – Қаныш Сәтбаевтың ғасырлық мерейтойы; желтоқсан – «Егемен Қазақстанның» 80 жылдығы… Тағы не бар дегендей, күнтізбені қайта парақтауға көштік. Тоқта… Тоқта! «Рахымжан Қошқарбаев. 1924 жылы 19 қазанда туған». Сонда ағамыз келер жылы қаншаға келеді? Дереу 99-дан 24-ті алып тастап, санай бастадық. 75! О-о, бұл Рейхстаг қаһарманының мерейтойы ғой. Болды! Бітті! Осы датаны алға тартып, он ай бойы қоғамдық пікір көрігін гуілдету керек. Құдай қаласа, бұл бір керемет идея болайын деп тұр!

Содан отыра қалып, Рахаң туралы мақала жазайын. Бісмілләсі Кәкімжан аға атынан басталып, тіні 1987 жылғы магнитофон таспасындағы сұрақ-жауаптан өрілген бұл дүниенің тақырыбы «Халық ала алмаған қамал» деп аталды. Неге? Оның жауабын аталмыш материалдың «Сөз соңы» тарауындағы сөйлемдер анық ашып берді ғой деп ойлаймын. «Халқымыз кезінде еш пәрмен, жарлықсыз «Батыр» деп өз жүрек қалауымен ат берген үш қаһар­манның бар екенін жақсы білесіздер, құрметті оқырман! – делінген болатын онда. – Жариялылық пен демократия, тәуелсіздік тұсында солардың екеуі – Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсенов кеш те болса, сол атаққа қол жеткізді емес пе? Ал Рахымжан Қошқарбаев ағамыз ұмыт қалды. Неге? Бізді міне осы сұрақ мазалайды. «Халық алмайтын қамал жоқ», дейді қазақ даналығы. Әділеттілік қалпына келсін десек, ел екенімізді білдіргіміз келсе, Рахаң туралы 60-70-жылдардағы қоғамдық пікір негізінде бір дүмпіп барып басылған ұмтылысты тағы да қайталап көрсек қайтеді? Сөйтейік, жарандар! Пікір білдірейік. Ұсыныс айтайық. Халық ала алмай келе жатқан қамалға тағы бір рет шабуыл жасап көрейік. Нәтижесі болып қалар…».

Аталмыш мақала 1999 жылдың 1 қаңтарында «Егемен Қазақстанның» 5-бетінде жарық көрді. Сол-ақ екен, жер-жерден редакцияға қолдау хаттар қаптады-ай дейсіз. Олардың ішінде атақты Қ.Қайсенов пен Қостанай облысындағы Социалистік Еңбек Ері М.Яровойдың, Талдықорған облысындағы Жаркент өңірінің тұрғыны Т.Исабеков пен кезінде Рахаң директор болып тұрған «Алматы» қонақ үйінің әкімшісі қызметін атқарған зейнеткер С.Дәуренбекқызының лебіздері жүрек толқы­тарлық дүниелер еді. Міне, осындай пікірлерді айшықтай орналастырып,  «Иә, Қошқарбаев қандай атаққа болса да әбден лайық», «Қашанғы атаусыз қалады?», «Рахымжанға «Халық Қаһарманы» атағын беру керек» деген ортақ тақырыптармен бердік те отырдық.

 

«Халық  алған  қамал»

Әлі есімде, сол жылғы 4 сәуір күні Мемлекеттік хатшы Әбекең, Әбіш Кекілбаевтың көмекшісі Тілекқабыл Боранғалиұлы редакцияға телефон соғып, «Егемен Қазақстандағы» Рахаң туралы соңғы үш ай ішінде шыққан материалдарды жинақтап, жеткізіп беруді өтінді. «Иә, сәт», дедік іштей. 5 мамыр күні Тілекқабыл тағы бір рет хабарласып: «Қошқарбаевтың жанындағы Григорий Булатов Ресейдің қай жерінен еді? Сондай бір мәлімет керек болып тұр», – деді. «Вятканың орысы ғой», – дедік сақ еткізіп. – Соғыстан оралған соң Кировск қалашы­ғында тұрып, еңбек еткен». Ал 7 мамыр күні түскі сағат 12-лер шамасында редакцияға тағы да тілеуіңді бергір Тілекқабыл алақайлай телефон соғып, бізді Мемлекеттік хатшыға қосты. Әбекең аман-саулықтан соң осы жаңа ғана Елбасының кабинетінен шыққанын, Президент Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын толқи тұрып айтты. Содан соң Рахаңның елордада тұратын туыстарын іздеп табуды, оларға «Қазақстан-1» телеарнасының кешкі қорытынды жаңалықтарында оқылатын Жарлықтан жарты сағат бұрын осы қуанышты хабарды жеткізуді тапсырып, газеттің 9 мамыр – Жеңіс күнгі мейрамынан кейінгі нөміріне арнайы мақаланың қажет екенін ескертті.

Кешкі сағат 19-да курьер «Егемен Қазақстан» редакциясына Елбасы Жарлығын жеткізді. Бұл құжат Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың «Ұлы Жеңістің ерекше оқиғасы» деген түсініктеме мақаласымен бірге газеттің ертеңге шығып бара жатқан 8 мамыр күнгі нөмі­ріне салынды. Ал оған дейін біз тілші Нұрхан Мыңбай екеуміз телефон арқылы Рахаңның Астанада тұратын немере інісі Кәртай Мұсабеков пен әпкесі Гүлшен Жұмағо­жинаны тауып, әңгімелесіп үлгерген едік. Ол сұхбат 11 мамыр күні аға газетте «Халық алған қамал» деген тақырыппен жарық көрді.

…Содан көп кешікпей редакцияға бейтаныс апайдың келіп, біздің бөлменің есігін имене ашқаны бар. «Атым – Рымжан, қарағым, – деді ол кісі даусы дірілдей. – Рахымжан ағаларыңның немере қарындасы болып келемін. Көп жыл осы Ақмоладағы кооператив техникумында сабақ бердім. Қазір зейнеткермін. Жақсы іс, үлкен аза­маттық тірлік жасапсыңдар, айналайын. Үнсіз қалмайық деп туған-туысқандар атынан «Егемен Қазақ­станға» рахмет айтқалы келдім», – деді. Сөйтті де, көзі мөлтілдеп, егіліп қоя берді. «Жалғыз еді, – деді. – Бас көтерер іздеушісі жоқ еді». Мұны көріп отырып енді менің көңілім босады.

– Олай деп айтпаңыз, – дедім апайды жұбатып. – Артында қазақ деген халқы, Кәкімжан Қазыбаев секілді өмір бойғы жоқтаушысы боп өткен інісі тұрғанда Рахаң қалай жалғыз болады? Рахмет айтсаңыз алдымен батыр ағамызды алғаш рет газетке жазып, 31 жыл насихаттаған Кәкеңнің рухына айтыңыз.

Осылай дедім де, мен Рымжан апайға Кәкімжан аға туралы әйда кеп әңгіме соғайын. Қолына Кәкең туралы өзім құрастырып, 1996 жылы «Қазақстан» баспасынан Нұрмахан Оразбек ағамыз шығарып берген «Көзден кетсе де, көңілде қалған» естеліктер жинағын берейін. Сөйтіп, редакцияның кезекшілік атқарып жүрген көлігіне мінгізіп, Рымжан апайды үйіне шығарып салайын. Содан соң Алматы жақтан пойыз келетін шығысқа қарап тұрып: «Аманатыңыз орындалды, Кәкімжан аға!» деп күбірлей тіл қатып, көңілімді бір демдейін.

Бұл – 1999 жылғы мамыр айының ортасы еді…

Мен осы мақаланы неге жазып отырмын? Кәкімжан аға Қазыбаевтың 90 жылдығына байланысты әу бастағы ойым басқа тақырыпты қаузау еді. Бірақ кейінгі кезде «Қошқарбаевты тапқан анау зерттеуші еді», «Біз болмасақ, ұмытылып қалатын адам болатын ол», – деген әңгіме естіліп қалып жүр. Соның салдарынан Рахаңды ең алғаш жазған, ширек ғасырдан астам уақыт бойы насихаттап, қоғамдық пікір қалыптастырған және мойындатқан адам – Кәкімжан Қазыбаев есімі ұмытылуға айналды. Мұның бәрі әдеп деген нәрсені білмегендік. Мәселенің мәнісіне терең бойламай, обал-сауапқа қарамағандық. Ондайлардың ойы жалған жарнама арқылы тарихта қалу. Тарихтың сахнасы тар. Оған көп ешкім сыя бермейді де. Қатарына кімді алып, кімді қоюды қария тарихтың өзі ғана біледі. Осыны ұмытпайық.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *