ҚАМҚОРШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Алматыдағы «Жаңа Ғасыр» №175 гимназиясында «Қамқоршылар күні» аталып өтті. Осыған орай аталмыш білім ордасында қамқоршылар мен патронаттық тәрбиешілердің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Халқымыз қашанда өз қанынан жаралған ұрпағын жатқа бермейтіндігімен ғана емес, өзгенің де жетім қалған балаларын бауырына басып, жүрек жылуын аямайтын дархан көңілімен де ерекшеленген. Оған дәлел – сонау ХІХ ғасырдың ашаршылық жылдарындағы оқиғалар мен Ұлы Отан соғысындағы жер аударылып келген өзге ұлт балаларын жетімсіретпей бауырына басқандығы.

Дөңгелек үстелді гимназия басшысы Гаухар Мәнекеева ашып, өткізіліп отырған іс-шараның мақсатымен таныстырды. Сонымен бірге қамқорлықтағы балаларға демеу болып жүрген қамқоршы ата-аналарға ризашылығын білдіріп, жауапты істі қолға алған оларға алғыс айтып, денсаулық тіледі.

Бұл іс-шараның мақсаты – қамқорлыққа алынған балалардың қоршаған ортада өзін еркін сезінуіне, жүрек жылуына бөленуіне және сыртқы ортамен жақсы қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызу және мептеп пен қамқоршы ата-ана арасында тығыз байланыс орнату.

Осы ретте демеушілер қамқоршылар мен қамқорлықтағы төрт оқушыға  арнайы сыйлықтарын табыстады. «Имран» ЖШС-нен Айболат Ғалымжанов төрт оқушыға спорттық киім, ал «Glasman» және «Angelcher» ЖШС оқушыларға мектеп формасын сыйлады. Сонымен қатар бірқатар ата-аналар балаларға қыстық аяқ киім, күртешелер, шарф пен бас киімдер табыс етті.

Иә, көмекке зәру, ата-ананың назарынан шет қалған, әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін балалардың тағдыры кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Қазақ қашанда жесірі мен жетімін жылатпаған дархан халық. Осындай аталардан қалған сара жолды бетке ұстап, сәбилерге жүрек жылуын сыйлап жүрген қамқоршыларға қандай құрмет көрсетіп, бүлдіршіндердің атынан алғыс айтсақ та көптік етпейді.

 

Сандуғаш БИЖАНОВА,

«Жаңа Ғасыр» №175 гимназия

директорының орынбасары.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *