АЛЖИР ХАЛҚЫ ЖАҢАРУДЫ ЖАҚТАЙДЫ

Бұл елде халық жеті ай бойы наразылық шеруіне шықты

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Бүгінде төрткүл дүниенің тыныс-тірші­лігіндегі елеулі бір құбылыс – билікке деген наразылық толқыны Алжир, Боливия, Британия, Каталония, Чили, Эквадор, Фран­ция, Гвинея, Гаити, Гондурас, Гон­конг, Ирак, Ливан, Пәкістан тәрізді көпте­ген елдерін қамтып отыр. Мұның түпкі себебі мен түйіні саяси-экономикалық, әлеуметтік сұраныстар мен мұқтаждық­тарға барып тіреледі. Басқаша айтқанда, «жоғарыдағылар бұрынғысынша басқара алмай отырғанының, төмендегілер бұрын­ғысынша өмір сүргісі келмейтінінің» кері.

Мысалы, бір ғана Алжирді алып қара­йық. Бұл ел биылғы жылдың көктемінен тынышсыз да мазасыз күйде. Мұнда әр аптаның жұма күні жаппай наразылық шеруіне шығу әдетке айналды. Халық қазіргідей өркениетті заманда қоғамның жаңаруын, сайлаудың ашық өткізілуін, мемлекетті басқарудың демократиялық сипатта болуын және сыбайластық пен жемқорлықтың жойылуын қалайды. Мұны сарапшылар: «елдегі саяси-экономикалық дағдарыстың көрінісі», – дейді.

Көтерілісшілердің табанды түрде талап етуімен Алжир Халық Демократиялық Республикасын соңғы жиырма жыл бойы (1999–2019) басқарып келген 82 жастағы пре­зидент Әбделәзиз Бутефлика қызме­тінен кетті.

Әбделәзиз Бутефлика өз еркімен доға­рыс­қа кеткен соң Алжир Конститу­ция­сына сәйкес Ұлттық кеңестің ұйғарымы­мен уақытша президент болып Әбделқадыр Бенсалех сайланды. Бірақ көпшілік оны бұрынғы режимнің өкілі деп дұрыс қабылдамады. Мұндай көзқарас Алжирдің солтүстік-шығысындағы Гальма штатында жергілікті ЖОО-ның оқытушылары мен студенттерінің қарсылық акциясында ашық аңғарылды.

Ақиқатын айтқан жөн. Бутефлика жас кезінен ұлт-азаттық күресіне белсене қаты­сып, Алжирдің тәуелсіздік алуына айтар­лықтай үлес қосқан, 26 жасында сыртқы істер министрі болған, мемлекеттік басқа­рудың біраз баспалдақтарынан өткен тұлға. Тіпті, ол 1974–1975 ж.ж. БҰҰ Бас Ассам­блеясының төрағасы қызметін атқарды. Ә.Бутефлика басқарған тұста үкімет пен исламшылдардың қарулы қақтығыс тоқта­ты­лып, елде тыныштық орнады. Шет елдер­ден инвестицияның келуіне жол ашылды. Экономиканы қалпына келтірудің бес жылдық жоспары жасалып, оған 7 млрд. доллар жұмсалды. Жылдық өсім 5 пайызға жетті. Әйтсе де, өмірде мәңгілік және өзгер­мейтін ешнәрсе жоқ. Сол айт­қандай, оның қатарынан бес рет прези­денттік қызметке сайланып, билік басында жиырма жыл отырғаны елді жалықтырған сияқты.

Өткен 8 қарашада жауын-шашынға, күннің суытуына қарамастан ел астанасы­мен қоса Бордж-Бу-Арреридж, Буир, Джиджел, Константин, Маскара, Моста­ганем, Оран, Эт-Тарф секілді ірі қалаларда мыңдаған тұрғындар бейбіт демонстрация мен митингілерге шыққан. Бақылау­шылардың байқауынша, жұма намазынан кейін шерушілердің саны екі есеге артқан. Көтерілісшілер: «Біз Алжирдің еркін де демократиялық ел болғанын қалаймыз! Сайлаудың 12 желтоқсанда болғанына қарсымыз! Биыл сайлау өткізілмеуі тиіс!» деген ұрандар көтерген.

Шеруге шығушылардың әскерилерді биліктен аластату, таза азаматтық қоғам құру жөніндегі талабын қорғаныс минис­трінің орынбасары, Ұлттық халықтық армия штабының бастығы Ахмед Салах: «бұл мемлекеттің іргесін бұзу, халық пен әскердің арасына жік салу» деп айыптаған болатын. Жоғары әскери лауазым иесінің мұндай пікірі қызу талқыға түсіп, көпшіліктің сынына ұшырады.

Алжирліктердің сайлаудың 12 желтоқ­санда өткізілуіне неліктен қарсы? Мұның да себебі бар. Өйткені, олар қызметінен күштеп кетірілген бұрынғы президент Ә.Бутефлика тағайындап кеткен премьер-министр Нуреддин Бедуи басқарған үкі­меттің сайлауды әділ және ашық өткізе­тініне сенбейді, оған күмәнмен қарайды.

Соңғы түскен мәліметтерге қарағанда, осындай қарсылықтарға қарамастан билік сайлауды белгіленген мерзімде өткізуге бел буып отырған сыңайлы. Жергілікті Alg24 ақпараттық порталының хабарлауынша, президенттік үміткер ретінде тіркелген бес кандидат: «Ұлттық демократиялық бірлес­тік» партиясының уақытша бас хатшысы, 60 жастағы Әзеддин Михуби, бұрынғы туризм министрі, «Әл-Бина» саяси қозға­лы­сының жетекшісі 57 жастағы Әбделқа­дыр Бенгрина, бұрынғы премьер-минис­трлер: 74 жастағы Әбделмәжит Теббун мен 75 жастағы Әли Бенфлис және де «Бола­шақтың майданы» партиясының өкілі, 56 жастағы Әбделәзиз Белаид тіркелген. Және де олар сайлау науқаны барысында әділдікті сақтау хартиясына қол қойған. Хартияның мазмұны мен мәтінін Алжирдің Ұлттық тәуелсіз сайлау органы (ҰТСО) түзіп жасаған. Онда бәсекелес үміткерге жала жаппау, ар-намысына тимеу, өтірік мәліметтер таратпау деген тәрізді талаптар көрсетілген.

Кандидаттар бұған қоса, ҰТСО түзген сайлаушылармен кездесу мен митингілер бағдарламасын және сайлау науқаны тәртібін бұзбау жөнінде міндеттеме алған. Сондай-ақ, олардың мемлекет рәміздерін пайдалануына, қасиетті мекендерде, оқу және тәлім-тәрбие беру орындарында, мем­лекеттік мекемелерде үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізулеріне тыйым салынған.

ҰТСО төрағасы Мұхаммед Шарфи өзі басқарып отырған ұйымның сайлау барысын жіті бақылайтынын ешқандай заңсыздық пен тәртіп бұзуға жол бермей­тінін мәлімдеді. Ал Байланыс министрі Хасан Рабхи 17 қарашадан бастап барлық кандидаттарға сайлауалды іс-шараларын жүргізулеріне ақпараттық тұрғыдан барлық жағдай жасалынатына уәде берді.

Жалпы жүріп өткен жолына, даму тарихына зер салсақ, Алжир сыртқы отар­лық езгіден және ішкі қайшылықтан (зайыр­лылықты жақтаушылар мен ислам­шылдардың қақтығысының) көп зардап-залал шеккен ел.

Арғы тарихын айтпағанда, Алжир жұртының жікшілдігі мен алауыздығы 1830 жылы Францияның басып алуына жол ашты. Отарлық езгі мен қанау халықтың ахуалын бұрынғыдан да ауырлата түсті. Отаншыл, бостандық сүйгіш азамат Әмір Абду-л-Қадыр бастаған Алжир халқының француз отаршылдарына қарсы күресі елу жылға (1881 жылға дейін) созылды.

Ұлт-азаттық қозғалысы біраз уақыт саябырсып, Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қайтадан жанданып, кең өріс алды. Халықты күреске үндеп, ұйымдас­тыратын саяси ұйымдар құрылды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары да елдің тәуелсіздігі үшін күрес тоқтамады. 1954 жылы наурызда Алжирде «Революциялық бірлік пен қимыл комитеті» құрылды. Ол сол жылдың ақырында «Алжир ұлт-азаттық майданы» (ҰАМ) болып жарияланып, 1 қарашада қарулы көтеріліс ұйымдастырды. ҰАМ-ды негізгі саяси, қоғамдық топтар, қалың көпшілік қолдады. Көтерілісті басу үшін Франциядан 1 млн.-ға жуық әскер әкелініп, олар барлық елді-мекендерді бақылауға алды.

Сегіз жылға созылған соғыста 1,5 млн. адам қаза тауып, 2 млн. адам абақтыға жабылды, миллиондаған тұрғын елден-жерден безіп, босқынға айналды. Шарл де Голль басқарған Франция үкіметі 1959 жылы Алжирдің тәуелсіздігін мойындаға­нымен, қарулы қақтығыс 1962 жылдың көктеміне дейін жалғасты.

1962 жылы 18 наурызда соғысты тоқтату жөнінде қос тарап келісім-шартқа қол қойып, референдум арқылы Алжирге өзін-өзі билеу құқығы берілді. Екі ел ара­сында экономика, мәдени-гуманитарлық байланыстарын дамыту туралы келісім жасалды. Сол жылғы шілденің басында өткен референдум нәтижесінде ҰАМ Саяси бюросын басқарған Ахмет Бен Белла көпшіліктің қолдауына ие болды. 1962 жылы 5 шілдеде Алжир Халық Демо­кратиялық Республикасы жарияланды. Тәуелсіз Алжирде табиғи ресурстар, өнер­кәсіп, көлік және банктер национали­зацияланып, қысқа мерзімнің ішінде заманауи индустрияның іргесі қаланды.

Алжир социалистік даму жолын таңдағандықтан оған Кеңес Одағы әскери-саяси және материалдық-қаражаттық жағынан орасан зор көмек көрсетті. Морал­дық тұрғыдан қолдау мақсатында 1964 жылы Ахмет Бен Беллаға Кеңес Одағының Батыры деген ең жоғарғы атақ берілді. Өкінішке қарай, 1965 жылы 19 маусымда әскери төңкеріс жасалып, өкімет билігі Қорғаныс министрі Х.Бумедьен басқарған Кеңестің қолына өтті.

Жаңа тарихи кезеңде әлеуметтік қиыншылықтармен бірге саяси жүйедегі бір партиялық тәртіп (ҰАМ-ның үстемдігі) халықтың наразылығын тудырды. 1989 жылы Жаңа конституция қабылданып, саяси ассоциациялар мен саяси партиялар қызметіне рұқсат ететін заң жарияланды. Тез арада көптеген партиялар өмірге келіп, олардың саны 60-тан асып кетті. 1992 жылдың басында президент Ш.Бенджедид отставкаға кетті де, билік Жоғары мемле­кеттік кеңеске өтті. 1994 жылы қаңтарда Кеңес Лавинь Зервальді ел президенті етіп тағайындады. Ол 1995 жылы 16 қарашада өткен президенттік сайлауда жеңіп шықты. Үкімет басшысы болып Ахмед Уяхья бекітілді. Алжирдің жаңа басшылығы күрделі ішкі саяси ахуал жағдайында елде тұрақты мемлекеттік институттарды қалып­тастыруға бағытталған шараларды қолға алды. 1989 жылы қабылданған жаңа конституцияда елде социализм орнату, партияның жетекші рөлі, мемлекеттік меншіктің басымдығы жөніндегі баптар алынып тасталды. 1992 жылы Исламды құтқару партиясының жұмысына тыйым салынып, террорлық әрекеттерге қарсы батыл шаралар қолданылды.

Экономикасы туралы қысқаша айтар болсақ, Алжир ауыл шаруашылығы басымдау дамыған аграрлы ел саналады. Мұнда астық, жүзім шаруашылығымен қатар теңіз жағалауында цитрус жемістері мен көкөніс өнімдерін өсіру жақсы жолға қойылған. Елдің таулы және шөлейтті аудандарында ірі қара мен қой өсіріледі. Қалаларда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу (шарап жасау, консерві, темекі, ұн тарту) кәсіпорындары жұмыс істейді. Ел экономикасында өнеркәсіптің үлесі артып келеді. Оның жетекші саласы – мұнай (1995 жылы – 35 млн. т) және табиғи газ (163 млрд. м3) өндіру. Металлургия комби­наты, трактор және дизель моторларын жасау зауыты бар. Алжирдің жер қойна­уында мұнай және табиғи газдың мол қорлары анықталған. Алжирдің Африка құрлығы бойынша сауда-саттықтағы үлесі 9% шамасында болса, дүние жүзіндегі ішкі жиынтық өнімдегі үлесі 0,46% (1995). Экспорты — 10240 млн. доллар, импорты — 10250 млн. долларды құрайды. Сексенінші жылдардың аяқ кезінен Алжирде нарық­тық экономикаға ден қойған реформалар жүргізе бастады.

Қазіргі кезде Алжирде негізінен бес саяси ұйым жетекші партиялар саналады. Мәселен, парламентте: Ұлттық азаттық майданы – 208-орынға, консервативтік Ұлттық демократиялық бірлестігі – 68-орынға, «Жасыл Алжир» блогы – 48-орын­ға, оппозициялық партиялар санатындағы кабилдік Социалистік күштер майданы – 27-орынға, ал троцкишіл Еңбек партиясы – 24-орынға ие.

Алжирдің зиялы қауымы алдағы 12 желтоқсанда өтетін президенттік сайлау елде қордаланған мәселелерді шешеді, саяси-қоғамдық және экономикалық-әлеуметтік дағдарыстан шығарады деген үмітте.

Елде айтарлықтай ықпалды саналатын Қарулы күштер басшылығы халықтың қоғамның жаңаруын қалайтын заңды талабын қолдайтындықтарын айтып, сайлаудың тыныш та бейбіт түрде өтетініне тиісті қауіпсіздік шаралардың жасалғанын хабарлады.

Кешегі 17 қарашада бүкіл ел көлемінде сайлауалды науқаны басталып, президент­тікке кандидаттар өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге кірісті. Бір байқала­тыны, үміткерлерлің барлығы егде жастағы адамдар. Ең үлкені – 75 жаста да, ең кішісі – 56 жаста. Бұлар халықтың үміті мен сенімін ақтай ала ма? Мәселе сонда!

Әйтсе де, кейінгі кездегі әлемдік тәжірибе бірқатар елдерде билік басына 40–50 жас аралығындағы жастардың келіп, батыл реформалар мен жаңашыл қадам-қарекеттер жасап отырғанын көрсетуде.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *