АЛЫПТАР МЕН АРЫСТАРДЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН ҚҰТХАНА

Қазақстан Жазушылар одағына  – 85 жыл

Ғасырға жуық уақыттан бері халқымен бірге жасасып келе жатқан шығармашылық бірлестік, қазақ сөз өнерінің қарашаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағының кешегісі, бүгіні және болашағы туралы ақын, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыппен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Бауыржан Өміржанұлы, ұлтқа қызмет еткен қазақ руханияты мен мәдениеті марқасқаларының ізі, үні қалған, 85 жылдық тарихы бар Жазушылар одағының өткені туралы ауызға алмай кетсек жарамас. Сондықтан алдымен оның кешегі күндерінен аз-кем тарқатсаңыз.

– Иә, биыл Қазақстан Жазушылар одағына 85 жыл толып отыр. Бұл –үлкен бір мерейлі дата. Сондықтан да осы мерейтойды жоғары деңгейде атап өтейік деп ұйғардық. Шынымен де, өзіңіз айтқандай, қазақ руханияты мен мәдениеті марқасқаларының ізі, үні қалған бұл Одақта қабырғалы қаламгерлеріміз жылдар бойы елге, халыққа, ұлтқа қызмет етіп келе жатыр.

Бүгінгі Жазушылар одағының құрылуы қалай, неден бастау алды дегенді тарқатар болсақ, ең алғаш қаламгерлердің ұйымын құруға талпынған қазақтың ұлы ақындарының бірі Мағжан Жұмабаев болатын. Ол «Алқа» деген үйірме сынды шағын ғана бөлім ашып,  оның бағдарламасын жасайды. Ұлтқа қалай қызмет етеміз деген мәселені көтерген қазақ зиялылары осында бас біріктіріп, ниет қосып, ең алдымен ауыз әдебиетінің үлгілерін сақтап қалу тақырыбын талқылайды. Сөйтіп, жер-жерге экспедициялар шығарады. Құрамында Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Әуезов сынды қаламгерлер, Қасым Тыныстанов деген қырғыз жазушысы да болған. Жалпы, «Алқаның» құрамында басқа ұлттың өкілдері де болған. Олар жер-жерде шашылып жатқан халық ауыз әдебиетін, елдің аузында жүрген фольклорды жинақтап қалу, соны болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатын ұстанған. Одан соң оқулықтар дайындау мәселесін күн тәртібіне шығарған. Сол арқылы халықты сауаттандыруды қолға алған. Сол тұста олар қазақ ұлтын сауаттандыратын құралдардың негізін қалады. Мәселен, Халел Досмұхамедұлының «Жантануы», Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психологиясы» бізге әлі күнге қызмет етіп келе жатыр. Біздің өзіміз университет қабырғасында Қажым Жұмалиевтің, Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясын» оқып өстік қой. Мәселен, солардың бәрінің түп негізінде Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» жатыр. Қазақ тіліндегі орфография, орфоэпия дейміз, соның бәрінің түп-тамыры Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы жазған еңбектерінде жатыр. Сонау репрессия жылдарында Алаш зиялыларын «халық жауы» деп кінәлаған кезде, ең басты сұрақтарының бірі «Алқаға» қандай қатысың болды?» деген сауал болған. Иә, Қауіпсіздік Комитетінің архивінен алынған ресми дерек көздеріне сүйенсек, ұлт зиялыларына сол «Алқаның» төңірегінде де көп сұрақтар қойылған екен.

Олар «Айқаптан» бастап, «Шолпан» журналын, «Ақ жол» газетін шығарды. Қазақ баспасөзінің негізі болып  саналған сол басылымдарда қазақ әдебиетінің, әсіресе, фольклордың үлгілері, айтыс үлгілері жарияланып отырды. Жекелеген өлеңдер, әңгімелер, романдардан, повестерден үзінділер де басылып отырған.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1925 жылы 12 шілдеде Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы құрылып, оның алғашқы төрағасы болып Сәкен Сейфуллин сайланады. Араға біраз уақыт  салып, 1932 жылы Қазақстанның Кеңестік Жазушылар одағы ұйымдастырылады. Бұл Одақтың тұңғыш І съезі 1934 жылы 12 – 18 маусым аралығында Алматыда өтіп, сонда Ілияс Жансүгіров Жазушылар одағының төрағасы болып сайланады. Одан соң Одақты  Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Дихан Әбілев, Әбділдә Тәжібаев, Әбдірахим Жаймурзин, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев, Нұрлан Оразалин басқарған. Қазіргі тізгіншіміз – Ұлықбек Есдәулет.

Өткенге көз жүгіртсек, осы аталған азаматтардың әрқайсының өзіндік қолтаңбасы бар. Қаншама қиын-қыстау кезеңдер өтсе де, тіпті Ұлы Отан соғысы жылдарында да қазақ жазушылары осы Одақты сақтап қалды. Сондықтан да қазір мына сіз бен біз отырған осынау киелі шаңырақта сол аты аталған ұлы қайраткер-қаламгерлер аруағының киесі бар, рухы бар. Сол ақын-жазушыларымыздың жүрегінен, қаламынан туған қаншама рухани дүние ұлтқа қызмет етті. Олардың ішінде қаншама жауһарларымыз бар. Айтулы  жазушыларымыздың әрқайсы өз тұсындағы, өз заманындағы қазақ өмірін бейнеледі.

Ертең өтетін Пленумымызда Бейімбет, Сәкен, Ілиястың 125 жылдығын да атап өткелі отырмыз. Аз ғана ғұмыр кешкен үш арысымыздың қазақ әдебиетіне, қазақ халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мәселен, небәрі 44 жыл өмір сүрген Ілияс Жансүгіров 40 кітап жазған. Сәкен Сейфуллин 50-ден астам, ал Бейімбет Майлин 69 кітап жазыпты.

– Олар қайда, өзімізде бар ма, әлде сырттан табылып отыр ма?

– Бәрі қолымызда жоқ, әрине. Мұрат Иманғазинов, Елдос Тоқтарбай деген ғалым жігіттеріміз Ілиястың кітаптарын Санкт-Петербургтан, Мәскеуден тауып әкеліп, нәтижесінде 20 томдығы жарық көрді. Бейімбеттің де, Сәкеннің де көптеген шығармасы Ресей архивтерінде жатқан болар. Мұның бәрі болашақта қолға алынатын іс деп ойлаймын.

Бізден көп ілгері өмір сүріп кеткен Абайды үлкен-кіші әлі оқып келе жатырмыз. Өйткені, оның әр сөзі, әр жолы тәрбиеге, ұлағатқа тұнып тұр. Сол сияқты, Мағжан, Бейімбет болсын, Жүсіпбек, Ілияс, Сәкен болсын шығармалары сол замандағы қазақ өмірін суреттеген болса да, қазір буын үшін де тағылымды болуы тиіс. Жуырда Алматы іргесінде жатқан Еңбекшіқазақ ауданындағы (Алматы облысы) Өрікті деген ауылда, Бейімбет Майлин атындағы орта мектепте болдық. Кешке Бейімбеттің туған шөбересі – Салтанат Мұстафина да қатысты. Сонда кіп-кішкентай балалар Майлиннің «Күлпашын» сахналады. Сонау ашаршылық кезеңдегі қазақ өмірінен бір үзік қойылым көрсетті. Балғын өрендердің актер сияқты беріліп ойнағандары сондай, жүрегіміз елжіреп-ақ қалды. Кішкентай жүректерімен сол заманның қасіретін түйсініп ойнағандарының өзі үлкен жеңіс қой біз үшін. Бұл, міне, кезінде қазақ деп шырылдаған классиктеріміздің шығармалары ешқашан тозбайды, ескірмейді деген сөз.

– Алғаш іргесі қаланған жылдары оншақты ғана мүшесі болған Одақтың қанатының астында бүгінде 800-ден астам ақын-жазушы бар. Бұл дегеніңіз алып күш. Одақ пен қоғамның арақатынасы қандай? Жалпы, қоғам әдебиеттен не күту керек?

– Дұрыс айтасыз, бұл дегеніңіз алып күш. Біздің халық сөзге тоқтаған халық. Онда да кім көрінгеннің сөзіне емес, зиялы қауымның, жазушының сөзіне тоқтайды. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Одақ пен қоғамның арасындағы байланысты кішкене үзіңкіреп алғанымыз рас. Бір кездері ақын-жазушылар өз кітаптарын өздері шығарып жатты. Ол шығарғаны оқырманға жетпей де жатты, кітапхана сөрелерінде қаланып тұрды. Оларды оқырман оқып жатыр ма, оқымай жатыр ма, онымен ешкімнің шаруасы болған жоқ. Біз қазір осы тұрғыда көп ойланып жүрміз. Қазір мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың таралымы 5 мың данаға жетті. Ал бұрын 100 мың, 200 мың, 300 мың данамен, тіпті миллион данамен де шығатын кітаптар болды. Ондай кітаптарды таратудың сызбасы да жолға қойылатын. Ол кітаптардың бағасы да арзан еді. Біздің кезімізде кітап дүкеніне жаңа кітап түсіпті десе, дереу жүгіріп баратынбыз. Бірақ сол мезетте-ақ өтіп кететін. Сосын бір кітапты бір курстағы 50 бала тозығы жеткенше қолдан-қолға өткізіп жүріп оқып тауысатынбыз.

Қазір технология заманы, әлеуметтік желі деген үстемдік құрып  тұрған уақыт. Ел кітапты қолындағы ұялы телефонынан да оқи салады. Электронды  кітап деген де шықты. Бірақ мына ақпараттық технологиясы қарыштап дамып кеткен Жапония, АҚШ-тың өзінде қазір қағазға басылған кітапқа ден қоя бастады. Кітаптың өзін парақтап, ләззат ала отырып оқудың өзі адамның табиғи қажеттілігіне айналып отыр. Біз де түбі осыған ораламыз деп ойлаймын. Осы мақсатта біз біраз жұмыс атқаруымыз керек.

Қазір біздің ақын-жазушыларымыз жоғары оқу орындарында, колледждерде, қала мектептерінде, музейлерде өтетін кездесулерге барып жүр. Онда қаламгерлер жас ұрпаққа мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалардың жай-жапсарын, бағыт-бағдарын түсіндіреді, өзінің шығармашылығымен, жалпы өмір туралы ой-пікірлерімен бөліседі. Бұл да қоғаммен байланыстың бір қыры деп білемін.

Біз қазір Алматы әкімдігімен тығыз жұмыс істеп отырмыз. Қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев бізге арнайы келіп, қаламгерлермен жүздесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Биылғы бес айда әр 150 ақын-жазушыға қала әкімінің гранты тағайындалды, әрқайсына 500 мың теңгеден. Біз тізімін бердік. Олардың алғашқы 90-ы сол грантты салтанатты түрде қолдарына алып, керемет қуанды. Мұндай ешқашан болмаған.

Бізде талайдан бері кітабын шығара алмай жүрген қаламгерлер бар. Қала әкімі соларға көмектесетін болды. Біз үш жылдық тақырыптық жоспар жасап бердік, соның аясында қала әкімі бюджеттен қаржы бөліп, ақын-жазушылардың кітаптарын шығарып бергелі отыр.

Қала әкімдігі сонау 55-жылдан мемлекет қарауына алынып, ешқандай күрделі жөндеу көрмеген ғимаратымызға жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Кейіннен қосылған мәжіліс залы да жөнделмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі автокөлік сыйлады. Билік тарапынан осындай бетбұрыс бар. Ал біз өз кезегімізде қарқынды түрде жұмыс істей беруге қашанда дайынбыз.

– Соңғы жылдары сыннан көз аша алмай қалған Одаққа жаңа басшылар, жастар да келді. Серпіліс, тың жаңалықтар бар ма?

– Былтыр  Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық деңгейдегі ірі екі іс-шара өткізді. Оның алғашқысы 26-30 тамыз күндері астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ақ ордалы Астанам» атты Халықаралық поэзия кеші. Бұл кешке әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі ақындар келді. Бес күнге созылған Халықаралық поэзия кешінде әр ақынға өз өлеңдерін оқытып, телеарналарға бейнероликтер жасақталды. Барлық қатысушы астананың көрікті жерлерін аралап, Баянауыл, Бурабай сынды аңызға толы, табиғаты көркем жерлерге сапар шегіп, қайталанбас поэзиялық әсерге бөленді. Іс-шара барысында шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» айдарымен «Әлем ақындары Қазақстанды жырлайды» атты шығармалар жинағы да жарыққа шықты.

Екінші ауқымды шара – 20-21 қыркүйек күндері өткен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумы. Бұл форумға Ұлыбритания, Ресей, Иран, Әзербайжан, Түркия, Моңғолия, Тәжікстан, Латвия, Молдова, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды Еуразия құрлығының 30 мемлекетінен 40-қа жуық қаламгер қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанның барлық аймағынан 100-ге жуық делегат келді. Нұр-Сұлтанда тұратын 150-ге тарта қаламгердің барлығы да Еуразиялык әдеби форумның төрінен табылды.

Ұлттық әдебиетімізді дамытып, жас дарындарды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жастар кеңесі құрылды. Бұл кеңеске ең мықты деген жас қаламгерлер мүшелікке алынды.

Мамыр айында Талдықорған қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» форумы өтті.

Былтыр «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасын қолға алды. Әр облысқа Қазақстан Жазушылар одағынан үш қаламгерден жіберіліп, сол облыстың рухани қазынасымен танысып, бір жылда 60-қа жуық шығарма жазылды. Бұл әдебиетіміз үшін, шын мәнісінде үлкен олжа болды.

Сондай-ақ, осы аз уақыттың ішінде Қазақстан Жазушылар одағы өзге елдердің әдеби ұйымдарымен халықаралық келісімдерге қол жеткізді. Өзбекстан, Ресей, Түркия, Иран, Қытай сынды іргелі елдердің әдеби қауымдастықтарымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы меморандумдардың негізінде аталған елдерде қазақ қаламгерлерінің кітаптарын басып шығару, антологиялар құрастыру, қазақ ақын-жазушыларымен кездесулер өткізу сынды барқатар шаруа қолға алынды.

Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен, «Nur Otan» халықтық демократиялық партиясымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. «Нұр Отан» партиясымен жасасқан меморандум негізінде 4 ірі жоба қолға алынды. ҚР Кәсіподақтар федерациясымен жасасқан меморандум негізінде зейнеткер жасындағы қаламгерлердің 50 пайыздық жеңілдікпен санаторийлерде ем қабылдауына мүмкіндік туды.

Қытай Жазушылар одағы қазақ қаламгерлерін қытай тіліне, қытай қаламгерлерін қазақ тіліне аударып, екі елде де кездесулер ұйымдастыруға ұсыныс білдірді. Ал Иран мемлекетімен арадағы жасалған меморандумға байланысты 70-ке жуық қазақ қаламгерінің шығармалары парсы тіліне аударылатын болды.

Сондай-ақ, Түркияның ғылыми, әдеби шығармалардың авторлар қоғамы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы меморандумда жыл сайын поэзиялық фестиваль ұйымдастырылу жөнінде уәде етіліп, екі елдің қаламгерлерінің туындыларын аудару мен кітаптарының шығарылуы жоспарға енгізілді.

Республика бойынша Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірқатар филиалына жаңа басшы тағайындалып, жұмысы жандандырылды. Сонымен қатар, елге танымал ақын-жазушы ретінде қалыптасып үлгерген 30-ға жуық қаламгер Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды.

Биылғы 4 – 6 қыркүйек аралығында Қазақстан Жазушылар одағы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі қатысқан «Азия елдері қаламгерлерінің форумын» ұйымдастырды. Дәл осындай Азияның әлемге танылған қаламгерлерінің басын қосқан ауқымды әдеби форум Тәуелсіздік жылдарында Қазақ жерінде тұңғыш рет өткізілді. Бұл форумға жалпы саны 300-ден астам ақын-жазушы қатысты. Оның ішінде Азия құрлығын мекен еткен 38 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және АЗЕАЫ әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының төрағаларынан құралған белгілі қаламгерлер бар.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдебиетімізді халықаралық дәрежеде насихаттауды мақсат тұтқан «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына орай БҰҰ-ның 6 тіліне аударылатын шығармаларды топтастырып, әзірлеу жұмыстарына Қазақстан Жазушылар одағының үлкен септігі тиді. Осының арқасында қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармалары поэзия және проза жанрлары бойынша БҰҰ-нын 6 тіліне аударылып, әлемге сапар шекті.

– Байқап отырмыз, осынау аз уақыт ішінде талай істің басы қайырылыпты. Демек, алдағы күндерден бұдан да ауқымды дүниелер күтуге болады екен. Ендеше, іске сәт! Мерекелеріңізбен, қазақтың қаламгерлері!

– Рахмет! Мен де өмірді сөзбен өрнектеп жүрген барша қаламгерді мерейлі күнімен құттықтағым келеді.

 

Әңгімелескен – Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *