ҚАЛЫПҚА СЫЙМАҒАН ҚАЛЖАН

«Еліміздің Ұлттық Банкі осы жылдың 5 желтоқсанынан бастап күмістен жасалған 500 теңгелік коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Логотиптің сол жақ бөлігінде «С.АЙТБАЕВ», оң жағында «Бақыт» деген жазба бар».

Таяуда басылымдарда осындай ресми хабарлама жарияланды. Көзі тірі болғанда 70-ке келетін қазақтың бірегей суретшісі Салехетдин (Қалжан) Айтбаевтың «Бақыт» атты картинасының теңге бетіне жариялануын көргенде бей-жай қала алмадым. Аталмыш картинаны дұрыс таңдаған екен. «Бақыт» қазаққа қырын қарайтын кеңес үкіметінің қытығына тиген туынды еді. Осы оқиға есіме өткен-кеткенді түсіріп, қаламға қол созуға тура келді.

Қали СӘРСЕНБАЙ

Ол шеберханасына өнер зерттеушілерін жолатпайтын.

«Жасанды жазады, сұлу сөйлейді, ақыр соңы сенің кім екеніңді білмейді, танымайды, тіпті ол өзін-өзі танымайды. Мен біреу айтпаса да өз деңгейімді өзім жақсы білемін, аулақ жүрсін» дейтін.

Мінез жететін онда. Бұл оның өзін-өзі тежей алмай ойын айтып салғандағы кірпияздығының, тәкаппарлы­ғының, тектілігінің сырт көзге көрініс бергендегі мыңнан бір сәті ғана еді. Шынында да өз деңгейін өзі жақсы білетін. Сонда да болса әлдебір әсершілдіктің жетегімен оның шебер­ханасына баруды сонау бір жылдары дағдыға айнал­дыр­ғаным бар. Қазақ көркем ойының қабағына кірбің түскен сол жылдары оның шеберханасына барудың өзі ел ішін сағынып жүретін біздің жүрегімізді жылытатын. Тек әдеби біліммен шектелмей, рухани өрісімізді ұзарту мақсатымен де өнердің қыр-сырына қанығу үшін осындай қолтаңбасы бөлек жігіттерді жағалайтынбыз. Суретші­лердің дүниені тануы, өмір дағдысы, тағдыры қиын да қызық қой. Саламат Өтемісұлы айтпақшы, «кенеп бетіне бояуларды дауылпаз соққандай зіркілдеп түсіретін» оның болмысына қараудың өзі бір ғанибет еді.

«Өз деңгейімді өзім жақсы білемін».

Кейініректе суретшінің осы бір ішкі айқайын мен түрлі ағымдағы көзқарастармен бетпе-бет келгенде терең түсіне бастағандай болдым. Шыны керек, біздің қазақта суретшіні жыға танып, оларды ақын-жазушыдай білді десек, ақиқаттан алыстап кетеміз. Бұл жағдайды көбіне көп қазақы төлтума менталитетімізбен байланыстырып жатады. Мүмкін. Қазақ ұғымында аңызға айналған ақындар көп. Соның бірі – Мұқағали. Ал қазақ бейнелеу өнерінде Мұқағалиға, Жұмекенге, Жұматайға барабар суретшілер де болған. Бірақ олардың бейнесі бұл кеңістікте жалпы халықтық рухани таным-түсініктің кенжелеу дамуы салдарынан санаға көшпей қалған. Шыны керек, біздің халықтың Әбілхан Қастеевтен басқа тіпті ардагер суретшілер Ә.Ысмайыловты, М.Кенбаевты, Қ.Телжановты білмейтіндері де көп кездеседі. Мәселен, Кенбаевтың «Қашағанға құрық салуы» (Третьяков галереясында тұр), Қ.Телжановтың «Ата-баба жерінде» атты картинасын ғана алайықшы.

Қалай десек те, кешегі бір күрделі кезеңде біздің суретшілеріміз тындырған істер де бір атан түйеге жүк болардай еді. Жалпы, елдік рух, мінез суретшілеріміздің картинасында көп көрініс тапты. Сол заман шенеу­ніктерінің суретті түсінбеуінің өзі «бақыт» еді. Мысалы, бір ғана Қанапия Телжановтың «Ата-баба жерінде» атты кең тынысты, романтикалық, психологиялық пейзажы тоталитаризм тозаңына тұншыққан кеуделерге үміт сәулесін шашыратты. Бұл ата-баба арманын тәрк еткен кезеңге лақтырылған тас, айтылған лағынет еді.

Сонымен, бұл туындыдан не көреміз?

Телжановтың осы картинасындағы ой мен сырдың шындығына көз жеткізсеңіз, төбе құйқаңыз шымырлар еді. Картина өте шебер, алапат жазылған. Тұмақ киген қазақ жыртылған жердің үстінде атпен тұр.

Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны қалай болғанда да қазақ халқының тарихындағы бір қаралы бет. Үйдің іргесіне дейін жыртылмаған жер қалмады ғой. Сол жыртылған жердің үстіне Телжанов ат ойнатып, көкпар тартқызып, Махамбеттің мінезін алып келді. Бұл суреткердің сол кезеңге деген ішкі қарсылығы еді. Осы картинаны суретші бәлкім жанын шүберекке түйіп, иненің үстінде отырып жазған шығар. Дейтұрғанмен де, суретші халқының рухани мұратына адалдығын танытты, намыс биігінен алдаспандай жарқ етті.

Бұл – суретшінің ғана емес, тұтас бір халықтың тағдырын жырлаған туынды.

Бұл – тек саясатты емес, сол сайқал саясаттың қазақ мәдениетіне, ежелгі түркі дүниесінің дидарына түскен таңбаны, дақты әшкереледі. Картинаға зер салсаңыз, құлап бара жатқан балбал тас, құлпытасты көресіз. Бұл – тек елге, жерге емес, оның мұрасына, иесі мен киесіне жасалған тағылықтың тамшыдай көрінісін де еске салып кетеді.

Ә.Қастеевтің «Аманкелді сарбаздары», Ә.Ысмайы­ловтың «Кенесарысы», М.Кенбаев пен С.Романовтың «Құрман­ғазысы», Ү.Әжиевтің «Бекболаты», бертіндегі М.Аман­жоловтың «Ақтабан шұбырындысы…», Е.Төлепбаевтың «Сүгірі», Б.Түлкиевтің «Кісі киігі» халқымыздың тарихы мен рухынан там-тұмдап ой айтқанымен, дүниедегі ең байқампаз халық – суретшіге қазақ елінде шын мәнінде көп еркіндік берілмеді. Талай тақырыптарға ат басындай қара құлып салынды. Соның ішінде И.Глазунов секілді аса ұлтшыл суретші «XX ғасыр мистериясын» салып жатқанда қазақ суретшілеріне батырлар мен хандар, билер бейнесін бедерлеуге де тыйым салынғаны рас қой. Орыстар «Үш батырды» жиырма бес жыл салып, барлық оқулықтарға енгізгенде қазақ суретшілері қайраңдағы балықтай, жүрегі қан жылап қалғаны да рас. Бәрі рас. Сөйте тұра, әлгіндей туындылар да сырт көзге байқалмайтын жанкешті еңбекпен, көзсіз ерлікпен дүниеге келгенін білсек керек. Бұл мәселеде қазақ суретшілерінің жүзі жарқын.

Суретшілерді білу, білмеу халықтың кемшілігі емес. Осы жолда жанкешті жұмыс істеуге тиісті қазақ өнертану­шыларының атына заты сай болмауынан деп түсіну керек. Ұлты қазақ өнертанушылар болды, бірақ олар көбіне орыстілді еді, жан-дүниесі, танымы қазақы қасиетті, болмысты тануға келгенде алыс жататын және оны білуге ниетті емес те болатын. Себебі, олардың көбі алған білімдеріне сай орыстық, еуропалық деңгейде ойлайтын, бағалайтын.

Бәлкім, ол «қазақтан да өзге халықтардың өкіліндей өнертанушы қашан туар екен» деп армандап өткен шығар деп ойлаймын. Сол бір жылдары Мәскеудің өнер­танушылары Айтбаевтың қазақ рухын асқақтататын туындыларын ескіліктің қалдығы деп сынап жатқанда жапанда жалғыз қалғандай ол дәл осылай ойлауы да мүмкін еді ғой. Бір нәрсе анық. Оның өзі орыстілді болса да тұла бойындағы қазақылықты тап басып танитындардың болмағанына шын өкінгені хақ. Ұдайы осындай ой жетегінде жүргендіктен бе, әлде оның кісі танудағы қасиетінің тым терең екендігінен бе, әйтеуір, ол туралы бір толыққанды портрет жазуға жүрексініп жүргенімде Гүлфайруз Ысмайыловаға жолығып пікір сұрағаным бар еді. Ол кісінің Қалжан (оны анасы, достары, әріптестері көбіне осылай атайтын) туралы айтқан тосын пікірлері суретші туралы көптен бері айтуға талаптанған қадамыма жол салып бергендей болды. Апайдың сондағы бір толқып бастаған әңгімесінің мазмұны мынау еді.

– Өмірде өкініш көп болады. Осындайда басқасын айтпағанда, өмірден ерте кеткен суретшілерді ойласам, көкірегім қарс айырылады. Халыққа рухани демеу болатын талантты адамдардың ортамызда көбірек жүргені қандай ғанибет. Бірақ олай емес, өмірдің заңы, тәңірдің жазуы басқа. Мен үшін шынайы өнер адамдары бір кәусар бұлақтай. Нұрдан жаралғандай көрінеді. Ал бұлақтың таза болуы, нұрдың жүзін көлеңке шалмауы өзімізге де, өзгеге де байланысты. Қалжан қандай дарынды жігіт еді. Ондай суретшілер сирек туады. Бірде Зақашқа (Камалиденов) «Осы балаға атақ бергізіңіз» дедім. Обалы нешік, бергізді. Талантты аяудан, мүсіркеуден асқан қорлық жоқ. Мен Қалжан ішті деп, оны кінәлаудан аулақпын. Бұл өзі де сол қоғамның дерті еді ғой. Сол дерт қазір асқынбаса, саябырси қойған жоқ. Дүние жүзінде ішпейтін ел жоқ шығар, бірақ біздің адамдардай ішкені кемде-кем. Соның ішінде өнер адамдарының тағдырын тәлкек еткен де осы арақ. Ал тамы­рын ащы су жайлап кеткен қоғамның алды – жар, арты – құз.

Дарынды адамдарға қай заманда да өмір сүру оңай болмаған. Өзімен-өзі қалған тұстарда оған мүлдем ауыр еді. Салехетдиннің де өзімен-өзі арпалысқан кездері аз болмаған. Мен суреткермін ғой, сондықтан да оны іштей сезінетінмін. Адамға, тіпті, жәй адамның өзіне кейде дүниенің өзі тар көрінеді. Ал талантты кісіге қай кезде де солай. Менің бір тілегім: осы секілді суретшілерді халық білуі керек.

Шындықтың кешігіп келетіні тәрізді, шын суреткер де уақыт өткен сайын ашыла береді екен. Қазір «шіркін, оның заманы енді туды, енді тірі болса ғой» деген пікірге көп ерік береміз. Әрине, бұл да бір кісінің арман-аңсарын аңдататын, суреткерді сағынудан туған, өзекті жарып шыққан пікір. Дей­тұрсақ та, әрбір суреткер – өз заманының перзенті. Ол заман қандай болса да өз мүмкіндігін байқатып (бар қабі­летін таны­тып кетеді деу мүмкін болмас), өз қолтаңбасын қал­дырып кетеді. Шындықты, ақиқатты көркемдік шын­дықпен шендестіріп айтып та кетеді. Ол бәрібір айтарын қалай айтса да сол кезде, уақытында ғана айтады. Соны­сы­мен құнды. Мәселен, бір ғана Тахауи Ахтанның «Шырағың сөнбесін» романындағы соғыс психологизмін қалай ұмытуға болады?! Әдетте, біздің санамызда соғыста ерлік жасағандар ғана қалушы еді ғой. Жоқ, соғыстың шындығын шеберлік шыңына жеткізіп айтқан суреткерлер де болған қазақта.

Сол тәрізді өмірдің шындығын көрсетуде Салехетдин Айтбаев та бір кісідей тер төкті. Айтбаевтың «Бақыт» атты тынысты туындысы Мәскеудің Третьяков галереясында тұр. Осы картинаға байыппен қараған адам не байқар еді?!

Егер картинаға ұзақ-ұзақ көз талдырып қараған кісі өз ұлтын әп-сәтте сүйіп, оған тең келер ұлт таппас еді. Бұл картинаның кереметі, маңыздылығы сонда – кеңестік кезеңде бір ғана ұлтқа артықшылық берілген кезде жазылуы. Бұл кезеңге қарсылық еді. Кезеңнің қатып қалған қағидаларына, өзге ұлт туралы кембағал түсініктеріне наразылық еді.

Құс қанаты талатын, ат қолтығы тер­лейтін дала. Сол кең даланың иесі қазақтың ұлы мен қызы қандай кең, қандай тәкаппар! Қандай сұлу, қандай сымбатты! Не деген салтанатты көрініс! Не деген асқақ патетика! Қазақ қандай болған, қазақ қандай болуы керек деген сауалға бұдан артық жауап болмас еді. Егер кеңес тілімен сөйлесек, бұл картинада еңбекқор, бақытты советтік жас семьялардың бірі суреттелген деп еш ойланбастан сырғыта айтып шыққан болар едік. Жоқ, бұл шын мәнінде ұлттың бекзат болмысын, елдің ірілігін, рухын көрсеткен кесек туынды болатын. Ал ол заманда мұндай туынды жазу дегенің керек болса, ерлікпен пара-пар еді.

Салехетдиннің «Жас қазақтар» атты туындысының айтары бұдан да алапат, бұдан да тұңғиық еді. Бұл картинаның «Молодая гвардия» журналында аяусыз сыналуы да көп нәрсені ұқтырса керек. «Менің «Жас қазақтарымды» қатты сынға алыпты. Құдай-ай, бұларға не деуге бола­ды?! Бетімізге басып, еркін жұмыс істет­пейді. «Жас орыстар», «Жас грузиндер» деуге болады. Сонда не, «Жас қазақтар» деуге болмай ма?» деуші еді Сәкең. Міне, «орыстілді» қазақ саналатын Салехетдиннің жан-дүниесі осындай болатын. Оның осы ерекшелігі шовинистік бағыттағы өнер танушылардың талайын тіксіндірді. Онысы өзіне таяқ болып тиген кезі де аз емес. Ертеректегі, кеңес заманы кезіндегі ұлттық бағыттағы әңгіме­лерге өзімізше арна жа­сайтын, қанат бітіретін алқақотан отырыста Саламат Өтемі­сұлының былай дегені әлі есімде:

– Артына сонша бейнелі мүлік қал­дырған Қалжанды өмірден өтті деуге ауыз бармайды. Оның өмірінің екінші бөлігі көз алдымда өтті.

1968 жылы оның өзінен бұрын «Бақыт» деген туындысымен республикалық көрмеде танысып, үлкен әсер алдым. Сол жылдары ол Алматы көркемсурет учи­лищесінде көбіне майлы бояумен сыршырай (картина) жазатын декоративтік және педагогтік бөлімдерде сабақ берді. Ол өнерде ізденуді ұнататын, түрлі тәжірибе жасау тәсілін болашақ суретшілерге дарытуға тырысты. Қалжан әсершілдік – ассоциативтік бағытты ұстады. «Бейнелеу өнерінде – тым ұяң болмаңдар, батыл – тентексоқтау (жақсы мағынасында), ізденгіш болыңдар» дейтін. Айнытпай салуға тырысып отыратын шәкіртіне талай орынды үгіт айтатынын көргенмін. Оның өзіндік ерекшелігі – қылқаламмен тартулы кенеп бетін дауылпаз ұрған кісідей зіркілдетіп ұрып салатын. Өзі салып тұрған жерден шым-шытырықтау көрінгенмен, сәл шегініп қарағанда бәрі орнында тұрады. Әрине, бұл күрделі тәсілді тек хас шеберлер ғана игере алса керек. Осындай өте батыл тәсілмен Әнуар Әлім­жановтың, Хамза Санбаевтың, өз әкесінің портреттерін, Ақтоты Райым­бекованың (композитор) коллекция­сындағы «Арабия әсері» композициясын жазды.

Екеуміздің жас арамыз екі жасқа жетпейтін, марқұм біресе құрдас деп, біресе Ломоносов деп мені келемеждейтін.

Сол жетпісінші жылдары Қазақстан суретшілері жөнінде екі рет Алматы баспасынан кітап шықты. Екі кітаптың мұқабасында да Қалжанның туындылары басылып шықты. Осының өзі көп жағдайды аңғартқаңдай еді. 1975 жылдың күз айының бірінде асығыспын дегеніме қарамай, шеберханасына ілестіріп апарып, Мәскеуден шығатын «Молодая гвардия» журналын қолыма ұстатты.

Мен журналдағы сын пікірді оқып шықтым, онда былай депті:

– «…Известный казахский живописец А.С. в картине «Молодые казахи» неско­льких молодых казахов одел в одежду быв­ших казахских баев и феодалов. Интересно, что этим самим хотел сказать автор?..».

Бұл – Қалжанның салмақты туынды­ларының бірі болатын. Алдыңғы шепте ұлттық киім киген ой үстіндегі жастар, ар жақтағы көріністе жылқы қайтарып келе жатқан кісі бейнеленген.

– Мен сенің бұл композицияңды білемін ғой, жақсы туынды, біреу бірдеңе айтты екен деп несіне ренжисің, көтер басыңды, – деп едім:

– Білсең, менің сол жұмыс үстіндегі ой төркінімді тапшы, – деп орнынан тұрды. – Не айтқым келді сол жұмыс арқылы?

– «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай…», – деп шұбыртып ала жөнелдім.

– Дәл таптың, жаным-ай! – деп жар­қыл­дап қолымды алды. Желтоқсан оқиғасы өткен соң бірнеше айдан кейін көшеде кездесіп, түсімді өзгертпей:

– Дүрбелеңнің басталуына себепкер адамның біреуі Айтбаев, жастарға ой салатын туынды жазған деп жоғарғы жақта әңгіме болып жатқан көрінеді, әлі аяқүсті жүр екенсің ғой, – деп едім:

– Қойшы, әй! – деп түсі өзгеріп кетті.

– Қой, ойнап айтамын, құрдас, – деп күліп жіберіп едім:

– Шынында да, шошып кеттім, – деп ілесе күлді.

Иә, Қалжан бала мінез, сенгіш, ақкөңіл, өте сезімтал болатын. Сол сезімтал­ды­ғының арқасында ғой, оның жастары­мыздың бойларындағы өжет те өршіл рухты сонша жылдар бұрын аңғарғаны. Ол өз заманының үлкен көрегені еді. Сурет­шілердің біреуі кезекті сыннан кейін:

– Ой, құдай берген мамандар дәрі­герлер ғой, олар қателерін терең қазып, көміп тастайды, ал біздің азын-шоғын қателеріміз үнемі елдің көз алдында. Ерсілі-қарсылы сөйлеп, тым жақсы суретті іске асырмай тастау оңай-ау, – деп күлдіріп еді.

Шынында да, суретшілер туынды­ларына орынды-орынсыз сындар жан-жақтан қардай борап жатады.

Бірде белгілі қылқалам шебері Сыды­қанов Абрашидті Орталық Комитетке шақырып алып, бір үлкен бастықтың біреуі: – Сіз бейнелеген қойлардың емшек­тері неге үлкендеу? – десе:

– Олардың пародасы сондай, – деп кұтылыпты Әбекең. Сол сияқты, жүйкені тоздыратын алыпқашпа пікірлерді нәзік жанды суретшілер үлкен күйзеліспен қабылдап, көпшілігі сосын бар өшін шөл­мектен алатын.

Жарықтық, сол коғамның сондай бір ақылға сыймайтын ерекшеліктері өнер адамдарына ауыр тиетін. Кейде бейнеленген адамның медальдарын санатқызып шар­­шататын.

Бірінші кластағы жаттаған бірінші тақпағымыз: «Біз барамыз, барамыз, бара­банды қағамыз. Бізге жолды сызып берген – Карл Маркс бабамыз» еді ғой.

Осылай айтылатынындай, сол қоғам өнер адамдарын да бір сызықтың бойымен жүргізуге күш салды. Ал өнер қарашыл аттай – кақпайлағанға көне ме?! Өкінішке қарай, осы жағдайды көптеген адамдар түсінбеді.

80-жылдардың аяғында Қазақстан Суретшілер одағынан КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа Қалжанның кан­дидатурасы ұсынылды. Мен оның канди­датурасына қарсы сөйледім. Әрине, менің бұл әрекетімді көптеген адамдар түсінді ғой деп ойлаймын. Ол Мәскеуге барған соң, әрине, ондағы көп достарымен кездесіп, мәжіліс жайына қалатыны сөзсіз еді. Салехетдин суретші Мәскеуге емес, қазаққа керек еді.

Арада екі ай уақыт өтті. Кездесе қалсақ, ол да, мен де үн-түнсіз өте шығатынбыз. Күндердің бір күнінде, ойда-жоқта екеуміз ұшыраса қалдық. Қанша дегенмен суреткер емес пе, ол біртүрлі толқып: – Мен сенің неге қарсы болғаныңды енді түсіндім. Мен сәл болмағанда, өзімді-өзім жоғалтып ала жаздағандай екенмін, – деді. Сөйтіп, біз қайта табыстық.

Өзін-өзі жоғалтып алу дегеннен шығады. Салехетдин тек қана сурет училищесін бітіріп, орта білім алса да, өзін-өзі қалып­тастырған кесек суретші болды. Кейбіреулер білімін жетілдіремін деп, анаған-мынаған еліктеп, өзін-өзі жоғалтып алып жатады ғой. Салехетдин бұл тұрғыдан кейбір сурет­шілерге қарағанда бақытты. Басқалар өзіне-өзі жарнама жасап жатқанда, бұл сол тірлікке қарсы шығумен ерекшелене білді. Жалпы, Салехетдинде ерекшелік көп еді. Ол кесек болатын. Әдетте үлкен таланттар қарапайым, өмірге бейім бола бермейді және де өзгені де көзге іле бермейтін қасиеттері кездесіп қалады. Өз басым Салехетдиннің Асан Бижанов деген талантты суретшіге көп қамқорлық жаса­ғанын жақсы білемін. Ол азамат та өмірден ерте кетті. Салехетдин өзгенің шығарма­шылықтағы жетістігіне жүрегімен ақта­рылып қуана білетін. Әттең, Салехетдиннің қатарындағы Ш.Сариев, О.Нұржұмаев, М.Аманжолов секілді суретшілердің ертерек кетіп қалғаны өкінішті-ақ.

– Ол туралы айту үшін алдымен мына суретшілерді ауызға алған жөн. Олар – С.Мәмбеев, Ж.Шәрденов, Ә.Жүсіпов, Т.Тоғысбаев, Ш.Сариев, М.Қисамеддинов. Осылардың ішіндегі Салехетдин туралы әңгімені былай өрбітер едім. Адамның туылатыны секілді, өнердің ішінде де өнер туылады. Өнер әу бастан тәңірінің жарат­қаны болса, адам – бар болғаны соның жалғастырушысы ғана. Екі аяғы аспаннан салбырап түскен ешкім жоқ. Адам жерде жасаса, өнер өнердің өз ішінде жасалады. Егер, қарапайым мысалға жүгінсек, екінші қабатқа сатымен шығып бара жатқан секілді. Сол секілді, қазақ бейнелеу өнерінде С.Айтбаевтың жасағаны да бір саты болып саналады. Ал ол қай деңгейде? Оны уақыт көрсетеді. Кәсіпқой суретші ретінде айтарым, ол өзін де, өзгені де бір баспалдақ биіктетті. Үлкен өнерде үлкен жаңалық ашу ешкімнін қолынан келмек емес. Ол тек біртабан алға жылжыды. Бұл – үлкен жетіс­тік. Салехетдин жаңалық ашуға бейім, ынталы адам еді. Мысалы, «Бақыт», «Жас қазақтар», «Қонақ келді» атты т.б. карти­налары осы ойымызға дәлел бола алады. Егер сурет өнерін үлкен бір томдық кітап десек, Салехетдиннің шығармалары да соның бір-бір парағы секілді. Оның бір жақсы қасиеті бар еді. Кейбіреулер бір нәрсеге қалыптасып қалады да, басқа қалыпқа кіре алмай жүреді. Ол жаңаның бәрін тез түсініп, қабылдайтын. Ой, пікір білдіруге аса талғампаз, – деп еді бірде Ерболат Төлепбай.

Рас, тағдыр ұғымы талантпен қосақ­талып жүреді. Әрине, мұндай тағдыр бұл кісіде ғана болған жоқ. Сариевтің, Жүсіповтің де т.б. өмірі оңай болған емес. Таланттардың тағдыры бір-біріне ұқсас келеді. Меніңше, сол тағдырды адам өз қолымен жасайды ғой деп ойлаймын. Оған жалпы мемлекеттің, өзі өмір сүріп жатқан ортаның әсері болуы да, болмауы да мүм­кін. Оны біреулер ұстап тұрамын дегенмен, бірақ ол күштерге жеке тағдырлардың бағынбауы әбден мүмкін. Ол – тұлға. Ол қалыпқа сыймады. Сондықтан да біреуге тәуелді, бағынышты болып өмір сүргенді ар санайды. Дей тұрсақ та, талантқа, оның ішінде Сәкеңе де көзқарас жаман болды деуге тағы бол­майды. Көзқарас дұрыс болды. Ол қара­жатсыз қалды ма? Жоқ. Тапсырыс болмады ма? Жетіп-артылатын. Суреттері әр көр­мелерде тұрды, мерзімді басылымдар дамылсыз жазып жатты. Тіпті, оған қыз-келіншектер қарамады деуге де келмейді, жолында жататын. Жора-жолдастары да жоқ емес еді, өте көп болатын, шенеуніктер танымады, жоғары жақ бағаламады деуге тағы да болмайды. Алдыңғылардың қата­рында Жастар одағы сыйлығының лауреаты болды. Сонда жетпейтіні не? Бәлкім, ішкі рухани қажеттіліктің тегеурін күші ме? Сол күштің сыртқа шыққандағы шырайы кетуі, қоғамнан сұраныс, қолдау таппай жатуы оны қиын тағдыр иесі етуі әбден мүмкін ғой. Бұл бір Сәкеңнің басын­дағы ғана жағдай емес. Сол кездің сурет­шілерінің көбіне тән құбылыс еді. Осы жағын көбірек қаузасақ, шындыққа біртабан жақындап та қаламыз.

Әрине, кей жағдайда таланттың сұра­нысы көп болуы мүмкін. Бұл Сәкеңе қатысты әңгіме емес. Дейтұрғанмен де, әркімнің өз проблемасы бар, оны тек мем­лекет қана шешіп отыруы мүмкін емес қой. «Тек маған ғана көңіл бөл» деу бекершілік. Өнер адамдарын ұстап тұратын күш – сезім, нәзік көзқарас, қатынас. Егер талант тара­пынан сұраныс көп болатын болса, ол өзін-өзі жеп қояды, тіпті жоғалтады. Әр­кімнің өз ішінде өзін-өзі тәрбиелік қалыпқа түсі­ретіндей, тәубасына келтіретіндей реттегіш күш болады. Сол күш болмашы нәрсенің кесірінен жеңілетін болса, талант тоқы­райды. Талантқа депутат болудың, жина­лыстарда сарылып отырудың түкке де қажеті жоқ. Оның әлемі, стихиясы өнер болуға керек. Бұл ойды бір сөзбен айтып жеткізу қиын.

Ол ештеңеден де құралақан қалған жоқ. Түрлі сыйлықтар алды. Кейде оның шығармаларына қарап отырсаң солай келіп, солай кетуге тиісті көрінеді. Басқаша айту қиын. Сариев, Тоғысбаев, Айтбаев та аз уақыттың ішінде көп еңбек жасап кетті. Олар өмір сүрген орта өнер үшін көп жағдай жасады. Олар да дертті еді, ішпеді демейміз, ішті, ауырды, қысылды да. Бірақ таза, халықтық өнер жасады. Өнер үшін қандай орта қалыптастырғанын қазір сезініп жүрміз. Ол заманды дәл қазір балағаттау – күнә. Нағыз талантты адамда өзіне-өзі қанағаттану деген болмайды. Бәлкім, олардың тағдырының да қиын болатыны сондықтан шығар.

Басы ашық бір нәрсе – ол ешкімнің де жазуына зәру емес болатын. Сонда да болса сонау бір есте жоқ ессіз күндерде өзімді қызықтырған кейбір жәйттермен ой бөліссем деген мақсатпен, баяғы әсершілдік қалпыммен бірнеше мәрте телефон шал­ғаным бар еді. Бәсең дауыс, пәс көңіл «кейінірек, бауырым, кейінірек» деп алып-ұшқан көңілді ысырып тастаған. Сол кейі­нірекпен уақыт өтті, үлкен суреткер де дү­ниеден көшті. Ендігі жерде сол бір күндерде ол туралы айтылмаған әңгіме кей тұста әріп­тестердің ой-толғанысы арқылы жаңғырып отыр. Бұл ой-толғаныста тек Салехетдин Айтбаев туралы емес, жалпы талант жайын­да айтылғанын да жұрт бағамдай жатар.

Қазақ халқының бейнелеу өнерінде Салехетдин секілді суретшілер аз болмаған. Олар – халқының бар асыл қасиетін, мінез-құлқын, болмыс-бітімін көңіліне көшіріп, кенепке сызып, дүниеге жар салмай, үнсіз еңбек еткен.

Есімнен «бауырым» деген сөз кетпейді. Сол сөздің өзі шын суреткер болмысына зор айғақ еді.

Суреткер сүрлеуі – қиын сүрлеу. Са­лехетдин де сол сүрлеумен жүрді. Шынында солай. Әйтпесе, жұрттың бәрі суреткер болып кетпей ме? Бұл пікірді сол ойдың балаң кезінде де бағамдай алған едік. Қазір оның бағасын терең сезіне түскендеймін.

* * *

Ол шеберханасына өнер зерттеушілерін жолатпайтын. «Мен өз деңгейімді өзім жақсы білемін» дейтін.

Қалыпқа сыймаған Қалжан-ай!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *