ҒАЛЫМДАРҒА ҮЛКЕН МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ

Алматыда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Ұлы даланың есімдері» атты жобасының жүзеге асырылуына арналған аймақтық «Мирас» қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. 

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

— Сөз жоқ, Президенттің бұл мақаласы халқымыздың рухани өміріне, өлкетану мен ғылымның өрістеуіне тың серпіліс берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы, — деп атап өтті аймақтық «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, белгілі ғалым, академик Уәлихан Қалижанов.

Жиында ҚР Ұлттық Ғылым акаде­миясының академигі, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымының  докторы Әбсаттар Дербісәлі баяндама жасап, тарихи-мәдени бағыттағы бірқатар іс-шаралардың атқарылғанын және Ұлы есімдер Парк-энцикло­педиясы, жалпытүркілік онлайн-кітапхана, Ежелгі өнер мұражайы мен дала фольклоры антологиясының қолға алынып жатқанынан хабардар етті.

— Өз қызметімнің ерекшелігіне сәйкес, мен Каир, Дамаск, Марокко, Испания сияқты өркениет ордалары­ның кітапханаларында болып, қазақ жерінде туып, әлемдік жауһарлар иесі атанған 30-ға жуық ортағасырлық оқымыстылардың өмірі мен қызметі туралы құнды деректерге кезіктім, әрі жинақтадым. Соның бірі, өткенімізге қатысты Мадридтен әкелген көне жазу пергаментке таңбаланған екен, — деді шығыстанушы-ғалым Әбсаттар Дербіс­әлі.

Ғалымның айтуына қарағанда, қазіргі таңда Әл-Фараби, Яссауи, Бейба­рыс сынды әлемдік деңгейдегі 100-ге жуық тұлғаның есімдері мен еңбек­тері бір ізге түсірілуде. Алдағы уақытта осы бағыттағы зерттеулерді кеңінен насихаттау мақсатында  «Ұлы даланың есімдері» атты мультимедиялық тұғыр­нама әзірленеді.

Аймақтық қоғамдық кеңестің қатысушылары – абайтанушы ғалым Серікқазы Қорабай, аудармашы-әдебиетші Светлана Ананьева, философ Әбдірәшид Бәкірұлы қазақстандық­тардың тамыры тереңге кеткен өз тарихын білумен қатар, Әл-Фараби, Абай, Жамбыл тудырған рухани игілік­терді бүгінгі күні де пайдалану қажет екендігіне назар аударды.

Жиын соңында шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері күн тәртібіндегі маңызды мәселеге қатысты өз ойларын қосып, көпшілікті қызықтыратын шараларды қолға алу жөніндегі басқа да ұсыныстарын ортаға салды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *