Алтын жүлде 20-ға жетті

1755Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында Жазғы Азия ойындары жалғасуда. Қазақстан спортшылары қазір 66 медальмен жалпыкомандалық есепте үшінші орында тұр. 

66 медальдың 20-сы – алтын. Кеше велоспорттан Алексей Луценко, жеңіл атлетикадан Маргарита Мұқашева (800 метрге жүгіру) мен Ольга Сафронова (200 метрге жүгіру) алтыннан алқа тақты. Жағажайдағы волейболдан Қазақстан ерлер құрамасы да ерледі – олар да Азия ойындарының чемпионы атанды. Ал кәдуілгі волейболдан жігіттер жүлдеге ілікпек түгілі, маңайлай да алған жоқ, енді ары кеткенде 9-орыннан ғана үмітті. Жартылай финалда Қытайды пенальти арқылы, ал шешуші ойында 7:6 есебімен Жапонияны ұтқан су добынан Қазақстанның ерлер құрамасы да алтын алды. Грек-рим күресіндегі басты үмітіміздің бірі – балуан Нұрмахан Тінәлиев (130 келі) финалда оңтүстіккореялық Ким Йоң Минді 5:0 есебімен айқын жеңіп, алтын медаль алды. Ал бет қатталып жатқанда жеңіл атлет Ольга Рыпакованың үш қарғып секіруден чемпион атанғаны туралы хабар келді. Бұл – Қазақстан қоржынындағы 20-алтын!

Күміс медаль – 17. Еркін күрестен төрт бірдей балуанымыз күміс жүлдеге ие болды. Олар – жігіттерден Расул Қалиев, Дәулет Шабанбай және Есболат Нұржұмбаев, ал қыздардан – тек Гөзел Манюрова ғана. Боксшы қызымыз Жайна Шекербекова (48-51 келі аралығы) финалда үнділік Мери Ком Хматгеден жеңіліп, күміс алды.

Қола медальдың саны – 29. Кейінгі екі күнде грек-рим күресінен Алмат Кебісбаев (59 келі) және Ерұлан Ысқақов (98 келі), еркін күрестен Мәмед Ибрагимов пен Татьяна Аманжол; гандболдан қыздар құрамасы; у-шу жекпе-жегінен Нұрсұлтан Тұрсынқұлов; бокстан Марина Вольнова (69-75 келі аралығы) үшінші орын алып, ел қоржынындағы қола жүлделердің қорын молайта түсті.

Бес боксшымыз жартылай финалға шықты – Біржан Жақыпов (49 келі салмақ дәрежесі), Қайрат Ералиев (56 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Антон Пинчук (91 келі) және Иван Дычко (91 келіден жоғары).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *