АЛТЫН ТОЙ ӘФСАНАСЫ

БІРІ – АҚЫЛ, ПАРАСАТ, БІРІ – ДАРЫН!

Қазақтың аса көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова мен ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне – 50 жыл!

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Баяғының адамдары «бәленше деген ханның тұсында бір ақын бопты» деп бас­тамаушы ма еді әңгімелерін, біз де әфсана­мыздың бісмілләсін солар сияқты баяндасақ, елге  болсын деген бір әкімнің тұсында Тараз қаласына Алматыдан ақындар отбасы көшіп келді. Ақындар отбасы болғанда, көш иелері «Алматының тау жағы таңғажайып» деп жыр­лаған және жаратушы иеміз осы қыздарың халқының мақтанышы болсыншы дегендей қазақтың алақанына аялап тұрып сап бере салған Күләш Ахметова мен жары, ол да  ақын Қайырбек Асановтың өздері еді. Сөйтіп ақ апам, ақын апам қасынан бір елі ажыра­май­тын жары Қайрекең екеуі №12 шағынау­данға қоныстанды. «Шағын аудан» дегеннен-ақ үй-жайының бүгінде сәнге айналған «екі дең­гейлі» немесе «үш деңгейлі» делінетін зәулім коттедждерден емес, ары кетсе төрт бөл­мелі пәтер екенін іштеріңіз сезіп отырған шығар.

Дәл сол кезде, әлде одан сәл бұрынырақ па екен, Атырау өңіріне әкім боп барған бір азамат қазағын әлемге танытпаса да алты алашқа мәшһүр еткен Алматыдағы ақын-жазу­шыларын, әнші-күйшілерін туған топы­рақ­тарына шақырып, бір-бір коттеджден сыйлап, «сіздер енді біздің өңіріміздің әдебиет, мәдениет, руханият саласындағы беделін көтеретін бренді боласыздар» депті дегенді оқып, ал оқымағандарымызды ауыздан-ауыз­ға тамсандыра, таңғалдыра көшіп жүрген әңгімелерден естіп, «ойпырайлап» қалғанбыз. Ал ақ апам мен Қайрекең болса, Тараз қала­сының №12 шағынауданындағы көп­қабат­ты тұрғын үйлердің бірінен пәтер алған­дарына шүкір дескен.

Бозбала кезімде Үшарал жаққа нағашылап барғанымда сәулетіне көз сүйсінетін көне мешіттің күмбезінің үстіндегі үлкен ұяны, сол ұяны мекендеген әп-әдемі ақ дегелектерді (ләйлектерді) көріп, қатты қызығушы ем. Жамбылына оралған қос ақын да маған сол ұшқан ұясына оралған қос ләйлектің жұбын есіме түсірді.

Ол кезде:

Таңдай ақшыл жарасып көйлектерің,

Тәнмен сезіп ұзақ жол бейнеттерін

Жапония жері ме, Африка ма,

Қай аралдан қайттыңдар, ләйлектерім!

 

Ескі күмбез – ежелгі заман көзі,

Прогресс күшіне алаң кезі –

Төбесіне сендерді ұялатып,

Ой салғандай асыққан адамға өзі.

 

Қиқуына құстардың дала құштар,

Әуе, жерді толтырған өр ағыстар.

Қашандағы бүркіт аз, жапалақ көп,

Жалп-жалп ұшып жүр тағы құстар.

 

Тәкаппарлық керек-ау таңқаларға,

Кербез құстар  кеткенде сән алар ма?

Биік таңдап жатпай-ақ,

күлге қонған

Жыным келіп қараушы ем қарғаларға.

 

Жаңбыр жауса, жуылып әйнектерім,

Жаңа жырға толады жан дәптерім.

Көз жазып қап,

Көп жылдар күтуші едік,

Келдіңдер ме, аяулы ләйлектерім!

 

Көріп алыс елдердің тұрмыс, халін,

Біздерді аңсап күндіз де, түнде ұшқаның…

Төркіндеген қыздардай сағынышпен,

Еркіндеңдер ерекше, жыл құстарым!

 

Мейірімге арналып алғыстарың,

Ескерткіші ед қалдырған соңғы ұстаның –

Мұнараның басынан

Мұңға шомып,

Қарайсыңдар, азайған паң құстарым!

 

Ұзамаңдар айналып жиі елеске,

Қанатымен құсты құс сүйемес пе?

Мұздай болып құтты ұя бос қалмасын,

Ұя деген құстардың үйі емес пе?

 

Ұшырамын сендерге ой кептерін,

Биіктерде тұрыңдар билеп керім.

Кең даламның бақыты толық болсын,

Кетпеңдерші, киелі ләйлектерім! – деген ғажап жырдың иесі Күләш ақын күндердің күнінде туған жеріне кеп түтін түтетеді деп ойлаппын ба?!

Әдебиет деген әлемге аттап басқаннан «Таланттар ауылда туып, астанада өледі» деген қиқарлау қағидаға құлдық ұрып қалған көңілді, ақ апамыз, ақын апамыз жан жары Қайырбек екеуі бір күнде быт-шыт қылады емес пе өстіп.

Ақындардың көшіп келгенін кім қалай қабылдағанын қайдам, өз басым қазағына ұсынар жауһар жырларымен миллиондаған жүректерді баурағаны былай тұрсын, соңы­нан ерген іні-қарындастары мен ұл-қыздары­на айтар ғибратты ғақлиясы да мол, аты-жөндері мен атақ-даңқтары алты алашқа белгілі ақындардың облыс орталығының тұрғындарына айналғанына қатты қуандым. Оқыған, тоқығандарын ортаға салып, пайым­ды пікірлесе білетін білікті адам тапшы кезде, бұл Жаратушы иеміздің бере салған таң­ғажайып сыйындай болды деп те тәубе еттім. «Облыста тұратын ақындарыңның көш басында кімің бар?» дегендерге, бір ақ апамыздың өзі-ақ мың ақынға татитынын айтып, бір марқайып қалатын болдық-ау деп масаттандым. Неге өйтпеймін, өзіңіз оқып қараңызшы:

Қазақты жамандама, қазақ бала!

Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана!

Мәңгілік

Ай астында,

Жер үстінде

Қазақтың жанашыры қазақ қана! – деп осыған дейін бір ақын айтты ма?!

Иә, «Қазақтың жауы – қазақ!» дегенді оқыдық, оқымағандар болса, естіді. Кей жағдайда оның да шындық, оның да рас айтылған сөз екенін мойындадық. Оған куә боп та, тіпті, өз басымыздан өткеріп, дүниеден баз кешіп кете жаздап та жүрміз. Бірақ… Бірақ… жау іздеп, дау қууға тоқтау салатын «Қазақты жамандама, қазақ бала!» деп, жанұшыратын уәлі сөз иесі де керек емес пе, қауымға?! Бұл сөзді де, сөздің иесін де кешегі Бұқар жыраудайын бабалар толғап кеткен жауһар жырлардың сарқыты десек те қателеспейміз. Жиырма төрт шумақ өлеңнің кез-келген жерінен керегіңді алып, кәдеңе жарата беруіңе болады.

Тарихын зерделесең, зерікпес ең,

Танырсың, тағлымына еліктесең.

Қазақтың атын қорға, қазақ бала,

Ешқашан өз еліңді кемітпе сен! – деген шумақтағы шүйгінге бас қойып, масайрап отырғаныңда:

Мінсізбіз дей алмаймыз, мініміз көп.

Мұңсызбыз дей алмаймыз, мұңымыз көп.

Шығайық

Басымызға бұлт жуытпай

Біріміз біріміздің күніміз боп! – дейтін жолдарды оқып отырып, шындықты да майдан қыл суырғандай ғып жеткізуге болатын ақындық шеберлік пен ақындық абыздыққа сүйсінесің.

Қазақ ақындары қай заманда да қазағын жырлаумен өткен. Арыдағы Ақтамберді, Бұқар, Шортанбайдан бастап, берідегі Абай мен Жамбыл, мұндағы Мұқағали мен Фариза, Қадыр, Тұманбай, бәрі-бәрі қазағым, халқым деп өтті. Бірақ әрқайсысының үні бөлек, тілі ерек болды.

Мысалы:

Қызықпа, лауазымға, алдамшыға

Мансаптың ақыртүбі жалған, сірә!

Жаман ба осы бейбіт заманымыз,

Шаруақор ауылдағы шалдан сұра!

немесе:

 

Тұлпардың тұлпарлығын бәйге анықтар,

Туғызған таланттар мен ойлы алыптар,

Тегі – асыл, есігі – ашық, асы – тегін,

Қазақтай жомарт, батыр қай халық бар?!

Сондай-ақ:

Бабадан қалған нақыл, өсиет – күш!

Бола ма бөлінуден қасірет тыс.

Тас түйін бірікпесе Ерлерге серт!

Қазақтың тұтастығы – қасиетті іс!  – деп жырлаған Күләш ақын да сол асылдардың қатарынан.

***

Тағы ақындар отбасының көшіне оралайықшы.

Ойлағанымдай болды, ақ апамның көңілі қандай кең болса, пейілі де сондай шалқар екен. Ұялы телефоным әндетіп қоя берген кезде қарасам не Қайырбек көкемнің, не Күләш апамның аты-жөндері шыға келеді. Көбінесе ақ апам телефон шалады. Қазір не дейтінін де алдын-ала біліп тұрам. Өйткені, ақ апам әңгімесін әрдайым «Көсемжан…» деп бастайды да, газетіме риза боп оқып жатқанын айтып кеп, аяқ жағын «үйден тамақ жеп кет» деп аяқтайды. Өзі телефон шалып, Қайырбек көкем екеуі дастарханына шақырғанына қуанып, «мақұл, әпке» десем де, бір жағынан ұялып тұрам. Қуанатыным, түсінікті шығар, ал ұялатыным…  шақыратын ылғи ақ апам да, қонақ боп баратын ылғи біздер – жазушылар, ақындар, журналистер… Жүрегінің кеңдігінен шығар ақ апамыз ешқашан «шаршадым» деп қабақ шытпайды, сөзін де «елімізде анау жоқ, мынау аз» деп бастайтындар сияқты емес, Әбіш-абыздайын (Кекілбаев) сабырмен, парасатпен және өзінің елді береке-бірлікке үндейтін жырларындағы жібектей жұмсақ мейіріммен бастайды. Біз ұйып тыңдап отырамыз.Қайырбек көкем болса, ақ апамның көңіліне қарап, қабағын бағып, бәйек болудан бір жалыққан емес. Махаббаттарына берік, серттеріне адал сүйікті жарлар туралы талай хиссалар мен дастандарды оқып өстік қой, көп оқығанымыз сонша, тіпті, Зейнолла Қабдоловтай заңғарлардан «бес» деген баға да алдық. Бірақ мен Қайырбек пен Күләш, Күләш пен Қайырбек деген ғашықтар жырының қызығына осы уақытқа дейін тоя алмай, таңғалумен келем. Екі жүректің табысқандарына, сол табысу-қауышу арқылы бір ғана жүрек пен бір ғана тілекке айналып лүп-лүп соғып, лек-лек жырларды халқына сыйлағандарына, міне, тура елу жыл болыпты. Ақындардың бір шаңырақ астындағы елу жылдық ғұмыры тұтас бір дәуірмен пара-пар десек, сол дәуірдің қуанышы да, қайғысы да, парықсыз пасық­тары мен пайдакүнем пысықтары да ақын­дардың нәп-нәзік жүректеріне еселеп тұрып салмақ салады. Оны көтеру, оған шыдау, іштегі шер-шеменді сыртқа шығарып, хал­қының қарапайым да көркем тілінде сырласа білу де оңай емес.

Өнерліні өсек етіп еселеп,

Адал жайлы арыз жазып неше бет.

Санасызды сағат сыйлап сатып ап,

Ықпалдыға көрсетеді қошемет… көрсе­тетіндерді көру, сезу, білу, олармен, тіпті, бір ұжымда жұмыс істеу сана-сезімі ерекше биік жанға қиын. Міне, ақын осының бәрін сен үшін, ол үшін, бәріміз үшін жүрегінен суырып ап, мұңымызды бөліседі.

Мазалайды санамды бір сансыз мұң,

Бәлкім, мұңсыз өткен күн де мәнсіз күн.

Мықтысың деп таңданады біреулер,

Мықты емеспін. Әйелмін ғой. Әлсізбін.

 

Біреулерді мықтылыққа үйреттім,

Өзім бірақ күш таныттым сирек тым.

Бәйшешектің қауызынан жұқамын,

Ең бір жұқа құмырадан күйрекпін.

 

Аппақ затты қиын емес қаралау,

Қаласаңыз, оңай жанды жаралау.

Суық көзден сөне жаздап тұрады,

Кеудемдегі лүп-лүп еткен әр алау… – деп басталатын он екі шумақ өлеңі де мен деген бір жазушының бір романының жүгін көтеріп тұр. Ондағы:

Тым әлсізбін.

Қалай енді қорғанам?

Төгілердей жүрегіме толған ән.

Нәзіктігім, тазалығым үшін де

Сүйеу болды бірақ туған ел маған!

Немесе:

Сондықтан да үлбіремей, жасқанбай,

Шығайын да шымырлатып сөз толғай.

Көлдегі аққу, бақшадағы бұлбұлмен

Таласпай-ақ, болайыншы бозторғай.

 

Сүйетін ем сол бір құйттай құсты мен,

Тағдыр өзі танытпаса сұсты рең,

Байтақ елге жыр себейін биіктен,

Бау-бақтар мен айдындардың үстінен.

 

Жүрегімде қазына бар бағалы,

Болашақпен жалғастырам оны әрі.

Бозторғайдың биігінен шырқайын,

Тыңдағандар қарар болсын жоғары!

Міне, ақын нәзіктігі мен ақын әлсіздігінің өзі адамды қалай қайраттандырып, қалай жігерлендіреді?!

 

***

Ақ апам, ақын апам мың да тоғыз жүз сексенінші жылдары жиырма бес жыл отасқан бір жұптың күміс тойына былай деп жыр жазыпты.

Екеуіңе бір-бірін шын қалаған,

Адалдықпен қызықпай кім қараған?!

Өмір деген – көгілдір мұз, айдында,

Сен екеуің мәнерлеп сырғанаған.

 

Қатар тұрып күнді де көресіңдер,

Қатар тұрып қиынды жеңесіңдер.

Жақсы болу оңай деп кім айтады,

Бір-біріңе сүйеу боп келесіңдер!

 

Бірің – ақыл, парасат, бірің – дарын,

Бірдей ұстау қиын-ау мұның бәрін.

Ағайынмен жайылып өркендерің,

Өрімталдай өсіп тұр құлындарың!

дейді де:

Болу үшін тәттірек бұрынғыдан,

Осы тойда салынар шырын бір ән.

Екі жақсы қосылса, шам жанғандай,

Бірің – аққу секілді, бірің – қыран!

 

Іші толып әдемі күйге күнде,

Толып жатқан той болсын үйлеріңде.

Алтын той да жасаңдар аман-есен,

Бірің – шекер, бірің – бал күйлеріңде,  – деп жарасымын тапқан жұптың шуақты сәттерін ары қарай суреттеп кетеді.

Міне, басқаның қуанышын шын көңілімен бөлісіп, шын тілеген тілегі араға жылдар салып, Құдайдың құдіреті арқылы өзінің отбасына, Қайырбек көкем мен Күләш апама қайтып оралды. Мұндай бақытты ақындар­дың бір шаңырақ астындағы елу жыл ғұмы­ры еліміздің есі, ұлтымыздың ұраны болатын болашақ ұл-қыздарымыз үшін таусылмас тағылым, бітпейтін қазына. Өйткені, бұл жұптың ғұмырлық ғибратынан:

Бірі – ақыл, парасат, бірі – дарын,

Бірі – аққу секілді, бірі – қыран,

Бірі – шекер, бірі – бал… ұлағатты отбасы иелерін, ұлықтар мойындайтын ел еркелері – ақындарды көреміз.

Ақындардың алтын тойы құтты болсын, ағайын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *