АЛТЫН ТҰЯҚ ТҰЛПАРЛАРДЫҢ АРМАНЫ

979«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Дайырбай Шашкин Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, ерекше ерлік көрсетіп, Берлинге жетіп, елге жеңіс байрағымен қайтты. Жеті жыл түрме, бес жыл соғыс – он үш жылға созылған жан азабы.Тозақ отына бергісіз сол күндерін өзі ойламауға тырысатын. Ойласа дәр­мені құриды.

Соғыстан кейінгі сүреңсіз күндер. Қызылжарда, облпотребсоюзда қаржы бөлімінің бастығы. Өзіне салса, осы жерде байласа да тұрғысы жоқ. Әр бұтасы таныс. Өткен күннің елесі көп. Солай болса да, айналшықтап кете алмауына себеп бар. Бұл жерде Сағымбайдың сүйегі жатыр. Артына қарап алаңдай беретіні сол.

Ел іші әлі жүдеу. Үй сыртының тыңшы­сынан аяқ алып жүргісіз. Қолынан келетін дәрмені жоқ. Тек бауырының қабіріне құран оқи береді. Онда да күндіз емес, түн қараңғысында барады. Содан соң Теміржан екеуі әбден солығын басқанша еңіреп жылайды. Құдайдың өзі сақтасын. Сүйегін қорлап, көрден шығарып тастай ма деп қауіптенеді. Ондай оқиғалар да болған. Соны ойлағанда күні бір уыс. Итжеккенде жүрген Зейінге жыл қосылуы мүмкін. Осындай қара мұлғын ойлар тұмшалағанда ұзақ түн ұйқысыз өтеді. Сөйткен Дәкеңнің кеудесін көтеріп тірі жүргені ғана болмаса, нардай шөгіп, құр сүлдесі кетіп бара жататын…

1948 жылы жадап-жүдеп Зейін де келді. «Көппен көрген ұлы той». Олай демегенде ше? Сүйегі Сібірдің тұнжыр ормандарының түкпірінде қалғанда қайтер еді? Жұтаған жан «шүкірге» тоймайды.

Ол жақтан келгендерді Алматыда қалдырмай­тын. Зейін Көкшетаудағы «Бармашы» шипажайына дәрігер болып орналасқан бойда Мәкизаның жайын сұрапты. Талайсыз тағдыры туралы естігенде: «Қандай болған Мәкіжан еді…» деп көзіне жас алған.

…Тұңғышы Амангелді мен Гүлшараның әкелері Айнақұловтың қызмет жағдайымен Алматы, Қызылорда, Лениногорск қалаларында өмірінің он жылы өтсе де Мәкизаның көкейінен баяғыда еріксіз ұзатылған қыздың осы бір өкініші кетпей қойған. Қиын тағдырына қиғаштап кірген ауыр ойдан арылудың жолын таба алмай шарқ ұрып, күн санап жүдей берді.

Дариға-ай, бұл дүниеге неге келдім,

Келдім де бір жаманның соңына ердім…

Күндіз-түні осы екі ауыз өлең санасын шар­лай­ды. Тілінің ұшына оралған сайын өксік жайлаған өмірі бәрін зым-зия етіп, кеудесін жалғыздық басып, қайғы-қасіреті үдей береді.

Әлі есінде. Сол күні отының басына ағатайы мен әкесі келе қалған. Зыр жүгіріп жүріп қазан көтерді. Қаншама жыл өткенін кім білсін, әйтеуір Шәшке әулетінен қалған жұрағаттың дәл осылай арқа-жарқа отырмағанына да біраз болыпты. Дайрекең домбыраны жақсы шертуші еді. Күй тартуды өтінген Зейін қу ағаштың бауырынан сорғалаған мұңлы саздан жаны жай тауып, мұнар күндерінің тізбегін ой елегінен өткізіп, Аллаға сансыз шүкір айтып отырған. Отырыстың шырқын үй егесі бұзды.

Оқыс қимылдап, жалт қараған. Әлгі неме безірейіп, бүйірін таянып тұр екен.

– Немене, ағам келді, енді бәрі артта қалды деп отырсың ба? Ағаңа қосып мына әкеңді де қайтадан түрмеге отырғыза салу мен үшін түк емес!

Мына өктемдікті естіген бойда Зейіннің қаны басына шапты. Өзін әрең дегенде сабырға шақырып, басу айтты. Өткен өмірі дөңгеленіп көз алдына тұра қалған.

– Е, шұнақ Құдай! Көрсетерің әлі көп екен ғой.

Нанға семірген неменің сөзі не, өзі не. Он жыл түрме оңай болсын ба? Бұдан әрі тіл қатқан жоқ. Енді жауап қайырса, істің насырға шауып кетуі мүмкін. Дайырбайға қарап еді, өңі күреңітіп кеткен. Домбырасын маңдайына тіреп алған, үнсіз отыр. Іріген ауыздың шіріген сөзі болса да сыртқа шығып, жанға енгесін қиын екен. Айтып тұрған боскеуденің пиғылын жақсылыққа жори алмады. Жүрегі мұздай болды. Сол сәтте өксігіне булығып, үйден жалаңаяқ жүгіре шыққан қарындасы беті ауған жаққа қарай жүре беріпті. Не болғанын өзі де түстеп тани алар емес. Бәрі де еркінен тыс.

– Болды, осымен бәрі де бітті. Шыдамның да шегі бар. Бұдан артық төзу мүмкін емес!

Әлгі үйдің есігін Мәкиза содан қайтып ашқан жоқ…

***

Баяғы тұлымшағы желбіреп жүргенде белгілі сахнагер болуды армандайтын. Бес жасында Біссіміллә Балабеков орындаған «Қызыл бидай» әніне ғашық болған Мәкизаға қиял қанатына ілесіп, талай қияны аралағанда да осы аңсар жанына жай таптырмады.

Ұлы арманның іске асуы үшін әйтеуір оқу керек екенін ғана біледі. Сол кезде соғыс зардабынан оқи алмай қалған ұл-қыздарға жоғары оқу орнына түсуге жағдай жасау жөнінде үкімет қаулысы шық­ты. Қанша ынтасы ауғанмен, Мәкизаның кәсіби сахнагер даярлайтын институтқа түссем деге­н арманы орындалмады. Оның пешенесіне бұйыр­ғаны — Қыздар педагогика институтының филология факультеті екен. Оның өзі үзіліп қалып, бірнеше жыл Сыр топырағының бұйырған дәмін тата жүріп, оқуын Н.Гоголь атындағы Қызылорда пединститу­тында жалғастырды. Жер аударылып жүрген ғалым Ісмет Кеңесбаевтың дәрісін ол осы жерде тыңдаған.

Дүниені жарық қылатын жақсы адамдар ғой. Қыздар институтының директоры қалай да оқуын тастап кетпей, бітіруге кеңес берді. Ақыры төрт-бес емтиханнан айырма тапсырып, диплом алған бойда Мәдениет министрлігіне қарайтын «Оқу-педаго­гика­лық баспаға» орналасты. Бұл жерде де біраз тер төгуге тура келген. Мәкизаның бейнеттен қашып көрген жері бар ма?! Бір жылдың ішінде ауызға ілігіп, басшылықтың көзіне түсті. Бұрынғыдай емес, бар алаңы министрліктің шашетектен келетін шаруасы ғана.

Сөйтіп жүріп методист болды. Алғыр, талапшыл, тұрақты, ең бастысы – жұмыс десе жанын беруге дайын! Аз уақытта Алматы облыстық Халық шығар­машылығын дамыту үйінің директоры болып шыға келді. Ол кезде осы мекеменің жанында «Көркемдік кеңес» болатын. Жазушы, ақын, композитор, драматургтердің жаңа шығармасын алдымен солардың тезіне салады. Мәкиза өзінің болашақ жарын алғаш рет осы жерде кездестірген еді.

Адам тағдырына бей-жай қарай алмайтын Бижамал Рамазанқызы сияқты түсінігі мол жандар табылып, Мәкизаны қолдап, қорғаштап, жұмысын­да жақсы жағдай туғыза бастаған уақыт еді бұл. Енді тек партия қатарына қабылдап, іскер келіншек Дайырбаеваны министрдің орынбасары лауазы­мына жоғарылату ғана қалып тұрған. Сөйтіп айы оңынан тумақ. Құдай қашанғы қыр ізіне түсіп, жылата берсін…

Бейнетке бола туған мұңлық екен. Сөз байласып жүрген адамы Рахметолла Райымқұловты «Жұлдыз» журналындағы жауапты хатшы қызметінен қуып, партия қатарынан шығарыпты. Зобалаңның кезегі өзіне келіп тірелген. «Сіз де жұмыстан шықтыңыз!»

Бір күннің ішінде бәрінен қол үзіп, қызметімен қош айтысты. Совет адамының жазылмаған «заңы» солай. Бір кішкентай шақалаққа зар болып, пұшай­ман күйге түсіп жүрген азаматтың тағдырымен үкімет­тің де, қызмет жасап жүрген пенделердің де шаруасы шамалы. Партия сызып берген ақ жолақтан шығып, қатардағы қоңыр сызықтың шетін басуға құқың жоқ!

Сүйген жүрек ешкімнің де әңгімесін елеген жоқ. Кім не десе де өз еркі. Рахаңның достары Ыдырыс Төребаев пен Амангелді Мұсабаев үйлеріне кезек шақырып қонақ етіп жүріп, ақыры екеуінің қосылатын күнін жақындатты. Олар Зейін ағатайы алып берген екі бөлмелі пәтерде тұрып жатты. Екі бөлме болса да күнде қонақ. Рахаң да «қара құлып» атағынан құтылды. Кейін Зекеңнің ықпалымен қайтадан партия қатарына қабылданып, «Жұлдыз» журналындағы жұмысын жалғастырды.

Әкесі молда еді. Арабша сауатты Рахметолла сабырдың суын молырақ ішсе керек. Алайда, өгей шешенің түрткісі өтіңкіреп кетіп, он үш жасында туған ауылы Қараманастан жалаңаяқ қашып шық­ты. Сол кеткеннен Ташкент педагогикалық тех­никумына түсіп, бітірген соң аз уақыт мектеп мұға­лімі болды. 1937 жылы оқып жатқан инсти­тутын тастап, Әнуарбек Үмбетбаев, Жамал Омарова үшеуі жүк пойызына мініп, Алматыдан бір-ақ шықты.

«Коммунистік журналистер институтын» бітірген соң «Сталин жолы» журналы мен «Социалистік Қазақстан» басылымында жауапты қызметтер атқарды. Соғыстан келгесін Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде дәріс берді. Полиграфия және баспасөз қызметкерлері кәсіподағы Республикалық комите­тінің төрағасы болды. Алайда, билік баспалдақ­тарымен өрлей беруді мұрат тұтпады. Революция дәуірі, төңкеріс кезеңін терең зерделеп, өзбек-қазақ әдебиетінің байланысын нығайтуға үлес қосқан ­журналист, аудармашы, драматург, прозашы қам­шының сабындай қысқа ғұмырының басым бөлігін жазу өнеріне сарп етті…

1964 жылы дүниеге Ақтоты келгенде есі шығып кеткен Рахаң үй айналып жүгіре беріпті. Жер ортасы елу бесте көрген Рахметолланың жалғызына Зейін қайнағасы Айтоты деп ат қойғысы келген еді. Күйеу баласының көңілін жыға алмады. Мәкиза қарын­дасы ұл туса бауырына басқысы келетін. Мұңлықтар ұзақ сырласқанда аяулы ағатайы:

– Алтын тұяқ тұлпарлардың артында жауға мінетін алтын жал құлындар қала бермейді, — деп отыратын, қуғын-сүргінмен өтіп бара жатқан өміріне деген наразы күйін жасыра алмай…

Бір күні Қызылжардан Дайырбай ағасы келді. Қайтарында айтқаны:

– Зейінжан, қартайдым әрі қажыдым. Маған Сағымбай шырақтың аруағы разы шығар. Заман да етек-жеңін кеңге салды. Өлгеннің артынан өлмек жоқ екен. Бұл да Құдайдың бізге көрсеткен сынағы шығар. Енді мені Алматыға, қасыңа көшіріп ал. Қанша өмір қалды дейсің. Ең болмаса, қалған күндерімізді бірге өткізейік.

…Сол жылы Дайрекең Алатаудың бөктеріне қоныстанды…

Қиын-қыстау шақта Мәкизаға қол созған адам­ның бірі – Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакторы, академик Мұхамеджан Қаратаев еді. Зейін Шашкинмен түрме нанын бөліскен қанды көй­лек дос қарындасын жұмысқа алғаннан кейінгі айтқаны:

– Айналайын, сен де аз қиындық көрген жоқ­сың. Арғы аталарың Шәшке қажы дінге құлай берілген Құдай жолындағы жан еді. Кешегі аласапы­ранда солардың атынан бездік. Сен енді өз тегіңді Райымқұлова-Шашкина деп жаздыр. Ең болмаса рухы разы болсын!

…Сол күннен бастап дүние жүзінің тарихи та­быс­тарына, сан алуан ғылымның анықтама жиын­тығына арналған зор еңбектің ауыр жүгін жеңілдету қамына кірісіп кетті.«Әр нәрсенің қайыры бар» деп отыратын Мәкиза апай біршама қызмет сатылары­нан өтті. Өзі де демалуды білмейтін, өзгені де бос отырғызбайтын талапшыл басшыны абырой биігіне көтерген қанына біткен осы қасиеті еді!

Оны да көрді, Мәкиза!

Ағатайы Сағымбай, Зейін, әкесі Дайырбай, анасы Теміржан, жұбайы Рахметолла, інісі Сақа, сіңлісі Шәкия… Осы ардақтыларының бәрін ақырғы сапарға өз қолынан жөнелтті. Балаларының бақыты үшін бәріне көнген асылдың сынығы кейінгі кезде туған ел, өскен жер деп алаңдай береді. Баяғы баурайында асыр салған Баянауласын, Қызылтауын, Жанғабыл жазығын сағынады. Елдің ішінде өспегендігіне өкінеді…

Арман асуларына бауыр еті баласы жетсе де өкініш жоқ қой. Бүгінде Шәшке қажының шөпшегі композитор Ақтоты Райымқұлованы білмейтін адам сирек. Сол Ақтотысының өрісі арқылы Құдай тағала Мәкиза апайға Ұзекеңдей – Ұзақбай Қара­мановтай мың жылдық құда қосты. Осы бір жайсаң мінезді жан­дардың құдандалы қарым-қатынастары жарасымды-ақ.

…Адамда арман таусылған ба? Арманым көп демеңіздер…

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы.

Революция дәуірі, төңкеріс кезеңін терең зерделеп, өзбек-қазақ әдебиетінің байланысын нығайтуға үлес қосқан ­журналист, аудармашы, драматург, прозашы қам­шының сабындай қысқа ғұмырының басым бөлігін жазу өнеріне сарп етті…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *