«АЛТЫН ОРДАДАҒЫ» ЖОЛАЙРЫҚТЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ БІТІП ТҰР

Дегенмен, күре жолдың бойы кептелістен көз ашпай келеді

«Алтын орда» базары маңындағы 2017 жы­лы қазан айында басталған жолайрықтың құрылыс жұмыстары бүгінде әлі жүріп жатыр. Жоба авторларының идеясы бойынша жолайрық «Алтын орда» базарының алдындағы жол жүрісін жеңілдету керек болған. Дегенмен, күре жолдың бойы кептелістен көз ашпай келеді. Азанмен таласып, темір тұлпарын ерттеп мінген жұрт «Алтын орданың» жанына келгенде тасбақа жүріске салады. Бар-жоғы 4 шақырым аралық жолды басып өту үшін қалаға кіріп-шығушылар жарты күнін зая кетіріп жүр.

Әсел ДАҒЖАН

«Алтын орда» базарымен бірге халықтың жүйкесі шаршады» дейді жүргізушілер. Кептелістен әбден мезі болған жұрт қалалық әкімдікке күнде шағым түсіруде. Олардың айтуынша, құрылыс жұмыстары өте баяу жүруде. «Жол үстінде сағаттап «кептелісте» тұрамыз деп өміріміз өтіп жатыр» дейді ашулы жұрт.

Естеріңізге салып өтейік, «Алтын орда» базары маңында жүріп жатқан жол құрылысы жұмыстары «Алматы–Бішкек» тас жолының бір бөлігі. Дәл осы тас жолмен тәулігіне 50 мың автокөлік жүріп өтеді. Құрылыс жұмыстары жолдың 786-790 шақырымында жүргізілуде.

Кептеліс мәселесін шешу үшін автожолдың 4 шақырым жеріне сегізден 10 жолаққа дейін салынбақшы. Оның ішінде екеуі транзиттік көліктерге, екі жолақ қала маңындағы көліктерге арналса, тағы біреуімен қоғамдық көліктер қатынайды.

Алматы–Бішкек тас жолы кеңейту жұмыстарына мемлекеттен 9 млрд.  100 миллион теңге бөлінген.

Қалың жұртшылықты алаңдатқан мәселеге жауап алу үшін біз аталған жолдың құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Қазавтожол» ұлттық компаниясына хабарласқан­быз. Аталған компанияның Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаевтың айтуын­ша, халықаралық дәліз бойында әлі жерді босатпаған нысан иелері бар көрінеді. Құрылыстың жүргізілуіне, міне, солар қолбайлау болып тұр дейді. Қазір кәсіпкерлермен сот ісі әлі жалғасуда. Оның жүріп жатқанына 2 жылдан асқан. Бірақ осы күнге дейін нәтиже жоқ. Төрт шақырым аумақты қалпына келтіру жұмыстары жеке базарлардың кесірінен тоқтап қалған. Базар басшылары қосымша кіріп-шығу жолын салуды сұрап отырған көрінеді. Ал автожанармай бекетінің басшыларына өтемақы сомасы ұнамаған. Кедергі келтіріп тұрған нысандар сүріліп біткен соң, осы жылдың аяғына дейін мердігер компания эстакаданы қолданысқа береміз деп уәде берді.

– Биыл Ақсай өзенінен Іргелі ауылына дейінгі аумақты ашамыз. Оны толық тас жолы қыламыз. Және де таға тәріздес эстакаданың қолданыс жолын пайдалануға береміз. Міне, биылғы жылдың жоспары осындай. Және қысқы мерзімде біз негізгі эстакаданы аяқтаймыз да, көктемде жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті өткелі дайын болады, – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаев.

Базар маңындағы жолдың жөндеу жұмыстарына 200 адам және 50 техника жұмылдырылған. «Қазавтожол» ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, қазір құрылыс жұмысының 60 пайызы аяқталған. Халықаралық дәліздегі құрылыс толығымен 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Дегенмен, дәл осы «Қазавтожол» ұлттық компания­сының балансындағы тағы бір нысан соңғы кездері алматылықтардың берекесін алып тұр. Ол – Үлкен Алматы көліне апаратын «Алматы-Космостанция» автомобиль жолы. Мұнда көлді тамашалауға келетіндердің саны артқандықтан, азаннан қара кешке дейін күнделікті кептеліс және жолдың жиектері опырылып түсуде. Алматылықтар апаттық жағдайдағы тас жолда жол-көлік оқиғасы көбеюі мүмкін деп қауіптенуде. Тіпті, фэйсбук желісінде осы аптада бір журналист дәл осы Үлкен Алматы көліне апаратын жолдың бүгінгі жағдайы туралы дабыл қағып, пост жазған болатын. Тас жолдың ортасында жатқан үлкен-үлкен тастарды алуға ешкім асығар емес дейді журналист Вадим Борейко. Ол жаңбырлы күндерден кейін жолдағы шұрық-тесіктер тіптен көбейіп келеді дейді.

«Алматы-Космостанция» автомобиль жолының 26 шақырымы ІІІ деңгейдегі асфальтобетон жабындысы төселген жолға жатады. Айта кетейік, бұл жол Алматы қаласы Бостандық ауданының аумағында жатқандықтан республикалық маңыздылығын жоғалтқан. Биыл көктемде аталған жолды қала меншігіне беру жайлы келісімдер жүргізілген болатын. Ұлттық компания мамандарының айтуынша, Жобалық сметалық құжат әзірленгеннен кейін жоба қалалық құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру үшін әкімдікке берілетін болған. Ал Ұлттық компания өз кезегінде көшкіннің әсерінен жол бойына құлаған тастарды тазалап және жолдың ойылған тұстарын бітеудеміз дейді. Мұндағы жол инфрақұрылымын реттеу туризмді одан ары дамытуға серпін беріп, жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасайды деп күтілуде. Сондай-ақ, төтенше жағдай бола қалса, арнайы техниканың Үлкен Алматы көліне жету уақытын қысқартады.

Қалай десек те, табиғаттың шексіз сұлу жаратылысына куә болуға асығатын туристер мен алматылықтарға сәл сабыр сақтай тұру керек-ау. Дәл осы сабырлық қаланың батыс жағындағы «Алтын орда» базары арқылы күнделікті Алматыға кіріп-шығып жүрген тұрғындарға да артықтық етпейтін секілді.

«Алтын орда» базары маңында жүріп жатқан жол құрылысы жұмыстары «Алматы–Бішкек» тас жолының бір бөлігі.

Дәл осы тас жолмен тәулігіне 50 мың автокөлік жүріп өтеді. Құрылыс жұмыстары жолдың 786-790 шақырымында жүргізілуде. 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *