Алтын қолды дәрігер

Жас босанған Гүлшараның нәрестесінің сырқатының сырын перзентхана дәрігерлері дөп басып айта алмады. Салмағы қалыпты, емуі дұрыс, бірақ емген сүтін кері қайтарып құса берген сәбиге түрлі диагноз қойылды. Ішек инфекциясы болар деген де болжам айтылды. Тіпті, Кесарь тілігін жасау кезінде берілген наркоздың әсері болар деген дәрігерлер де болды. Бірақ олай болмай шықты.

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Перзентханадан Гүлшара нәресте­сімен Алматы қалалық клиникалық балалар ауруханасына ауыстыры­лады. Мұндағы дәрігерлер нәрестенің асқазан-ішек жолдарында ақау барын анықтап, дереу ота жасату жөнінде кеңес береді. Баланың асқазан-ішек жолдары бітеулігі ақауымен туылғаны белгілі болды. Бұл диагнозды естіген кезде Гүлшара мен жұбайы Сер­жанның баламыз тірі қалады деген үміттерінен гөрі, қайтер екен деген күдіктері басым еді. Бірақ көрер жа­ры­ғы, жасар жасы болар, Шұғыл ба­лалар хирургиясы орталығының қолы епті дәрігерлері нәрестенің асқазан-ішек жолдарындағы ақау­лықты қалпына келтіру жолындағы алғашқы әрі ең күрделі ота жасаған еді. Бірақ кішкентай Асылымды тағы бір маңыз­ды ота күтіп еді. Ол ота тек Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында ғана жасалатын­дықтан, сонау Сарыарқа өңірінен соңғы үміттерін арқалап осы орталықтың медицина ғылымының докторы, жоғары санатты балалар хирургі Нұрлан Нүркен­ұлы Ахпаров жетек­шілік ететін бөлімге келді. Бөлімге келген күні-ақ Гүлшараны аналық жүрегіне бөлім дәрігерлеріне деген нық сенім пайда болды. Оған себеп болған бөлімде жатқан аналардың хирург-дәрігерлерге деген алғыстары мен рах­меттері еді. Әсіресе, Нұрлан Нүркенұлы мен Азамат Жанәбіл­ұлына деген ықыластарының айрық­ша екендігін аңғарды. Алтын қолды дәрігер, қан­дауырының көзі бар, жүрегі мейірімге толы деп жатты. Ал мұндай мақтау сөз есту қазіргі заманда кез-келген дәрігердің пешенесіне жазыла бермейтіндігі белгілі. Ал еліміздегі Педиатрия және балалар хирур­гиясы ғылыми орталы­ғының хирургия бөлімінің мең­герушісі, медицина ғылымы­ның док­торы Нұрлан Нүркенұлы Ахпаров­ты осы бөлімнен келіп ем алған бала­лар­дың ата-аналары «Алтын қолды, қан­дауырының көзі бар, жүрегінің мейі­рімі мол дәрігер» деп мақтанышпен ауыз­ға алады. Хирургия бөлімі орта­лықтағы ең күрделі бөлімдердің бірі. Мұнда туабітті кемістікпен туған балалардан бастап балалар арасында жиі кездесетін түрлі сырқаттарға ота жасалады.

Ересектер жанының ауырған жерін айта жатар, ал өмірге енді келіп, денесіне жөргек енді тиген нәрестенің дертін дәл тауып, оған тиісті ем жасау шын мәнінде балалар дәрігерінен үлкен жауапкер­шілікті талап етері сөзсіз. Бұл жауапкершілік жүгін Орталықтың хирургия бөлімінде қызмет етіп жүрген Қазақстандағы балалар хирур­гиясының атасы атанған Камал Орман­таевтың шәкірттері абыроймен атқарып келеді.

Нұрлан Ахпаров басқаратын бөлімнің алтын қандауырлы хирург­тері Азамат Оразалинов, Мөлдір Қа­лабаева, Махмұджан Ахтаров, Нұржан Афла­тонов сынды хирургтерге еліміз­дің түкпір-түкпірінен келген ата-аналардың алғысы шексіз. Хирургия бөлімшесі хирургиялық патоло­гиясы бар балаларға жоспарлы медицина­лық көмек көрсету­мен қатар, кеуде, көкі­рек, өкпенің, асқазан-ішек жолдары­ның, тоқішектің, бауырдың, өт жол­дарының сырқаттары мен ақаулары бар және кеуде мен іш қуысының қатерсіз ісіктері бар балаларға ота жасайды. Жүре пайда болған сыр­қаттан, туабітті сырқаттар мен ақау­лықтардың емін тауып, қалпына келтіру қаншалықты қиын екендігі айтпаса да түсінікті, ата-аналардың бұл орталық дәрігер­лерінің қан­дауы­рының көзі бар деп айтуы тегін емес шығар.

Ал бөлім меңгерушісі Нұрлан Ахпаров әлемге белгілі хирург Альберт Пеннен ТМД елдері бойын­ша алғашқылардың бірі болып дәріс алып, соның тәжірибесін меңгерген, Қазақстанда алғашқы болып ано­ректальды мальформация ақаулары бар балаларға ота жасау түрін меңгерген тұңғыш хирург екен­дігін айрықша атап өткен жөн шығар. Бү­гінде Н.Ахпа­ровтың бұл тәсілі еліміз аймақ­тарындағы облыстық ауруханалардың балалар хирургиясы бөліміне ендіріліп отыр. Сонымен қатар, Нұрлан Нүр­кенұлы «Гар­мо­ник» ультра-дыбыстық скальпель мен ла­порско­пиялық хирургияны мең­герген тұң­ғыштардың бірі. Көптеген елдерде тәжіри­беден өткен Н.Ахпа­ров өзі үйреніп қана қоймай, білгені мен әлемдік тәжі­рибеден түйгендерін жас мамандарға үй­рету­ден жалыққан емес. Бүгінде осы бө­лімде қызмет етіп жүрген Азамат Оразали­нов, Расулбек Аюпов, Мөл­дір Қалабаева, Нұржан Афло­тонов, Сәуле Сүлейменова, Қахриман Ахта­ровтар өздерін Нұр­лан Ахпа­ровтың шәкірт­теріміз дегенді мақтанышпен айтады.

Нұрлан Нүркенұлы Қазақстан­ның денсаулық сақтау ісінің үздігі, Үздік дәрігер, Қазақстан меценаттар клу­бының «Иьхам» сыйлығының лауреаты атанса, осы клубтың «Ха­лық батыры» деген марапаты Нұр­ланға бұйырған болатын. Ол Амери­ка­ның «Цинцинати чилдернс» кли­никасының құрметті профессоры. Нұрлан Ахпаров биыл медицина ғылымна қосқан үлесі үшін Еуропаның ІІІ Александр орденімен иарапатталды. Бұл сыйлықты әлем бойынша 17 адам ғана алған. Ал Нұрланның ең басты марапаты – осы орталыққа күдікпен келіп, баласын аман-сау құшағына қысып қайтатын ата-аналардың алғысы дер едік. Балаларға өмір сыйлап жүрген дәрігер­леріміздің қашан да еңбектері жемісті, мәртебелері биік болғай.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *