Алтын домбыра жайлы аңыз

˜˜˜Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ

 

 Белгілі тұлғалар қалам тер­бе­ген тақырыптар қай заманда да өзінің өзектілігін, маңызды­лығын жоймаған. Қазақ этно­графиясы, жалпы қазақтану мәселесінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбек­әлі Жәнібеков­тің сіңірген еңбегі өлшеусіз екені мәлім. Осы саладағы сан салалы мәселе­лер­мен қатар, оны ұлттық аспап­тану мәдениеті де айрық­ша толғандырған. Соның ішін­де қа­зақ­­тың бас аспабы дом­быра тура­­лы «Алтын домбыра жайлы аңыз» атты танымдық ма­қаласын («Уақыт керуені», «Жазушы», 1992 жыл) атап айтуға болады. Бұл мақала­сында қайраткер ұлт­тық аспап­тар, би, т.б. төңірегінде түрлі деректерге сүйене отырып, терең талдау жасайды. Біз бүгін «Ұлттық домбыра күніне» орай  белгілі қоғам қайраткері  Өз-ағаңның дом­быра жайындағы пікір­лерін екшеп, жариялап отырмыз.

 …Ерте, ерте, ерте заманда «ер етігі­мен су кешкен» келте заманда, елім деп егіліп, тоғыз тарау елдің тарихын жадын­да сақтаған қарт жыршы болып­ты. Кәрілік жеңіп, дәмі таусылар сәт таянғанын сезген ол, бүкіл ел-жұртын, үрім-бұтағын жинап: «Уа, жарандар, қазір менің көкірегімде тоғыз тараудың шежіресі қаттаулы. Ел есінде қалар шаруаны өзіммен бірге жасасып, бірге қартайған осы бір ескі домбыраның көмегімен үлкен-кішіңе паш етіп келдім. Көз жұмар шақта білгенімді кімге қалдырам деп жүз ойланып, мың толғанып, шешімін таппадым. Ендігісін өздерің біліңдер», – деген екен.

Жас-кәрісі, ерлі-зайыптысы, жарлы­жақыбайы түгелдей жиналған жұрт өзара кеңесіп, тоғыз тарауды қарт жырау­дың домбырасының шанағына құю керек деп шешкен екен. Сонда осынша байлық оның қуыс мойнынан шығып кетпесін һәм тоғыз тараудың белгісі болсын деп бүкіл ел болып дом­быраға тоғыз тосқауыл перне, ал қарт жыраудың құрметіне аспаптың бетіне екінші ішек таққан екен. Осыдан барып оның шанағы кеңейіп, мойны ұзарып, шежі­релі сыр шертетін халық мұрасы – алтын домбыра боп сол заманнан қалған екен…

Сыр бойындағы көп ауылдардың бірі­нен жазып алынған алтын домбыра жайлы аңызда осылай делінген. Әрине, домбы­раның о бастағы нұсқасының шертер, қобыз секілді аңшының даңғы­ра­сына тері қақпақ пен ішектің қосы­луы негізінде пайда болғанына күмән­дануға бола қоймас. Бұған дәлел «дом­быра» деген атаудың қазаққа қыпшақ­тан ауысқаны, оның «тамбу­рин», «даңғыра», «бубен» деген мағына бере­тіні, домбырада саусақпен қағып та, шертіп те ойнауға болатыны. Дом­быра­ның аңшы даңғырасынан шыққа­нын түсіну үшін ең көне аспап деп есеп­телетін лютняның (бастапқы аты бел­гісіз) қалай дамытылғанын біліп алған жөн. Оның археологтер тапқан қара­байыр, тұрпайы нұсқасында аспап­тың шанағынан қысқа мойын шыға­рылған сияқты. Осыған қарап ұрмалы аспаптан қанаттанған домбыраның, оның ізашары болған шертердің шана­ғынан қуыс мойыны қалай созылып шыққанын түсінуге болатын сияқты. Сөйтіп, дом­быра сан ғасырларды артқа салып, қуыс мойын түрінде қала берген. Бірақ кейін­нен қолайсыз да ыңғай­сыз болған­дықтан оның мойнын бітеп, әрі тұтас ағаштан жонып ұзынырақ еткен. Деген­мен, халық шеберлері қалыптас­қан дәстүрмен қазірде де кесек ағашты ойып қуыс мойын домбыралар жасап жүр.

Ал қазақтың шертеріне келсек, оның мойнының тым қысқа, шанағының терімен жабылатыны – аспапқа әмір беріп, жан бітірген аңшы даңғырасының оның құра­мында мәңгілікке біте қай­насып, қалып қойғанының талассыз айғағы. Шертердің домбыра мен қобыз­дың ізашары екендігіне тағы бір дәлел – онда шертіп те, қыяқпен ысып та ойнауға болатыны.

Шертерден бөлініп шыққан қылқо­быз (қобыз) жайында мынаны айтуға болады. Егер домбыраның беті ағаш тақ­тайға ауысса, қобыз мұндай өзгеріске ұшыра­маған. Тек мойыны иілің­кіре­гендіктен тері­мен қап­тал­ған шанағы үйлесімді, дөңге­лен­ген қа­лыпқа түскен. Оның «қо­быз» деп аталуы көне­түр­кілердің тәңір­ге жалба­рынған кезде айтатын сөзі­не меңзейті­ніне қарап, аспаптың әуел бастан-ақ ғұ­рып­тық аспап болға­нына кү­мән келті­руге болмас. Оның үстіне ол ғасырлар бойы негі­зінен бақсының сары­ны мен билерін сүйе­мел­деу­ге пайдаланылып келген.

Қазақтың халық аспап­тарының түп­та­мыры елдің ежел­гі за­маннан қа­лып­тасу та­ри­хымен, тіп­тен қа­зіргі ар­хе­оло­гия­лық ізденіс­тер­­мен, жаз­ба де­рек­тері мен дала­лық эк­спе­диция­лар­дың зерт­теу­ле­рімен дәлел­ден­­ген ескі аңыз-әң­гі­­ме­лер мен ба­тыр­лар жыр­­ла­рында айтылған мағ­лұ­мат­тар­мен ұштасып жатады.

Қазіргі ұр­паққа халық­тың дарынын, дүние­таны­мын аңғартатын қазақ әуез аспаптарының та­ри­хы бір­неше жүздеген жылдарға кетеді. Олар жайлы «Ер Тарғын», «Қамбар-Назым», «Қара қыпшақ Қо­бы­ланды», «Алпа­мыс батыр» жырла­рында да айтылған.

…Тағы бір қы­зығы, Әбу Нәсір әл-Фа­ра­бидің ай­туына қа­ра­ғанда, қа­зіргі домбыраға ұқсас там­бур­лардың бұ­рын тұ­рақ­ты және жыл­жымалы пернелері болған. Шама­сы, біздегі әр жерде кез­десе­тін домбы­ралар жергілікті жағдай­ға, қалыптасқан ойнау тәсілдеріне қарай әр түрлі бағытта дамыған болуы ықтимал. Қазақтағы қос ішекті, үш ішекті, аша (теріс бұрау, шалыс бұрау) қуыс мойын домбы­ралар мен шіңкіл­дектің болуы, міне, осыған меңзейді. Оның барлығын былай қойған­да, Қазақ­станның шығыс облыс­тарында көп ішекті домбыралар да кездесетіні таңғажайып. Мысалға, кең шанақтың ішіне де, сыртына да ішек тартылған домбыра басқа аспаптармен бірге Семей облысының Абай, Шұбар­тау ауданда­рынан табылған.

…Тұңғыш рет белгілі кеңес компо­зито­ры, өнер зерттеуші ғалым, кейіннен Қа­зақстан Ғылым академиясының академигі дәрежесіне дейін көтерілген Ахмет Жұба­новтың басшылығымен, аспап зерттеуші ғалымдарды, халық шебер­лерін, жекелеген орындаушы­лар­ды қатыстыра отыра, олардың нақтылы ауқымы айқындалып, тұрақты бұрау тәсілдері белгіленген. Домбыра­ның құлақ күйі кіші октавадағы «ре», «соль», қобыздікі – кіші октавадағы «ре», «ля»-ға жеткізілген. Құрманғазы атын­дағы мем­лекеттік академиялық халық аспап­тары оркестрінің құра­мында үйле­­­сімін тапқан домбыраның мүмкін­шілігі екі жарым октаваға дейін көте­рілген. Үні­нің сапасы арттырылған қобыз, сыбыз­ғы, сырнай, дауылпаз сияқты аспаптар да өз үйлесімін таба бастаған. Әуезші­лер дәстүрлі күйлер­мен қатар орыс және батыс еуропа классикасын, кеңес авторларының шығармаларын игерген.

Қазір өз репертуарында қазақ, орыс және бүкіл әлем классикалық әуезінің жүздеген шығармаларын қамтыған осы бір оркестрдің жалғыз басты, жетім дауысты домбырадан қазіргі полисим­фонизмге, кеңестік және классикалық әуездің аса күрделі нұсқаларына дейінгі шабыттума­лық ауқымы осындай.

…Осылайша халық шығармашылығы тарихтың өн бойында елдің шаруашы­лы­ғына, кәсіпшілігіне, тұрмысына, тіліне белгілі мөлшерде ықпал етіп келгенімен, көп жағдайда олардың әсерімен өзі де сапалы өзгерістерге түскен. Халықтың руха­ни мәдение­тінің құрамдас бөлігі болғандықтан оның саяси, құқықтық пәлса­палық, діни көзқарастарын, көркем­дік-эстетика­лық сындарларын қамти отыра, ол тіптен суырыпсалма ақындықты неме­се ән салып, би билеуді былай қойғанның өзін­де, жұрттың өмірге, қоғам­ға деген көзқарасын қалыптас­тыруға қызмет еткен.

Заманына сай. Ал­дың­ғы қатар­лы наным-сенім тұрғысы­нан қара­ғанда, тарих жаса­ған­ның бәрін бойына сіңірген алтын домбыра жайлы аңыз­ды ха­лық бекерге шы­ғар­маған. Жылдар өтсе де оның сыры ашыла береті­ніне күмән кел­тіруге бол­майды. Өткен­ді, әдебиет пен өнерді зерттеп біле отыра, хал­қы­мыздың про­гресс пен әлеуметтік мүл­тік­сіздікке жету жолындағы қарыштап өсіп, кеңейіп келе жатқан қозға­лысына дем бере аламыз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *