Алты адамды ажалдан құтқарды

Қалалық полиция басқармасының Метрополитен патрульдік полициясының сержанты Әлімқыдыр Әділет 6 адамды өлімнен арашалап қалды. Төтенше жағдай болған күні ол кезекшілікте болған.

Жерасты өткелінде өз учаскесін күзетіп жүрген полиция қызметкері үй өртеніп жатыр деген хабарды естіген.

– Қасындағы серіктесіне түскен дабылды рация арқылы хабарлағаннан кейін, сержант Әлімқыдыр метрополи­теннен көтерілген бойда, шатыры өртке оранып жатқан үйді көреді. Болған жәйтты бақылап тұрған көршілерден жанып жатқан үйде адамдардың қалғанын біледі. Өрт сөндіру қызметі осы сәтте жолда келе жатқан. Полиция сержанты көп ойлан­бастан отқа оранған үйге кіріп, жерде ес-түссіз жатқан ер адамды көреді. Оны көте­ріп сыртқа алып шыққан. Кейін анықтал­ғандай, құтқарылған адам мас күйінде ұйықтап жатқан. Үй 4 бөлікке бөлінген, оның екеуінде әлі де адамдар болған. Полиция қызметкері уақытын жоғалтпас­тан үйдің үшінші бөлігіне жүгіріп барып, әжесі мен екі немересін алып шығады. Келесі тұрғындарға барған кезде есігі жабық болады. Бірақ сержант ішінде адамның бар-жоғын білмесе де, есік-терезесін қатты ұра бастайды. Ұйықтап жатқан екі әйел үйдің шатыры жанып жатқанынан да хабарсыз болып шықты. Әлімқыдыр құтқарылған адамдарды қауіпсіз жерге шығарып жатқан кезде, оның серік­тестері – полиция лейтенанты Мұсахан Ардақ және полиция сержанты Тастан Асқар бақылап тұрған адамдардың жанып тұрған ғимаратқа жақындамауын қадағалаған, –деді қалалық полиция департаментінің Метро­политен полициясы басқармасының басшысы Тимур Өсекбаев.

Оқиға 8 қаңтар күні түнде Абай даңғы­лы мен Тілендиев көшесінің қиылысын­дағы жекеменшік үйлердің бірінде болған. Осы тұста қызыл жалынның шарпуынан аман қалған тұрғындар тілсіз жаудың қаупіне қара­мастан өртеніп жатқан үйге қойып кеткен полицей қызметкеріне алғыс білдірді.

– Өрт болғанда мен кішкентай баламен үйде отырғанмын. Көршілерімнің бәрі газ баллонымен тамақ пісіреді. Газ баллоны жарылса, біздің үйге шарпуы мүмкін деген ой маған маза бермеді. Тез арада балама киім кигізіп, өзім де сыртқа шығып кеттім. Жас полиция қызметкері шланг алып өртті өшіріп жүргенін көрдім. Ол өртеніп жатқан үйден 2 газ баллонын дөңгелетіп шығарды. Сосын бізге келді де, баланы қолына алып, метро­ның ішінде отыра тұруға кеңес берді. 1 сағат­тан соң полиция қызметкері келіп, өрт сөндірілгенін хабарлады. Мен оның аты-жөнін, шенін білмеймін, бірақ сонда да алғыс айтқым келеді, – деді көрші үйдің тұрғыны Айгүл Әсембекова.

Өртенген үйге жапсарлас орналасқан техникалық қызмет көрсету орталығының иесі де құтқарушы полицейлерге риза­шылығын жеткізді.

– Өрт басталғанда біз жолдасым екеу­міз ғимарат ішінде болғанбыз. Өрт болған аймақты қоршамай тұрып, көршілерді үйінен шығарып жүрген полицейді көрген бола­тынбыз. Түн ішінде адамдар өздері шыға қоюы екіталай еді, – деді ол.

– Көрші үйден өрт шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң біздің үйіміздің де есігін полиция қызметкері қақты. Өртті сөндіріп болғанша үйден шыға тұруы­мызды өтінді. Біз балаларымызды киіндіріп далаға шыққан кезде басқа жедел қыз­меттер келіп үлгерді. Полиция қызметкері мені жедел жәрдем көлігіне дейін кіргізді. Оған көп рахмет, – деді жергілікті тұрғын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *