АЛТЫ АҚПАРАТ

Саятшылық сәнiм едi

Қазақстанда 7 қыр­күйек­тен күзгi аңшылық мау­сымы ашылады. Күзгi маусымда су құстары, жыртқыш және тұяқты аңдарға саятшылық құруға рұқсат. Қазақстанның аң­шы­лар одағының мәлiметi бойынша, саятшылар 59 құс түрi мен 34 түз тағы­ларына аңшылық құруына болады екен. Саятшылық құру тек аңшылық қожа­лық­тарда рұқсат етiлген.

Қазақстанда 2447 қо­рықшы бар екен. Ал ресми тiркелген аңшының саны 130 мыңнан асады. Күзгi аңшылық маусымының ашылуына елдегi табиғи тепе-теңдiктi сақтау мақ­сатында бiрнеше қатаң талаптар белгiленген. Мы­салы, аю мен бұғы, марал­дарды аулау қорықшы немесе мемлекеттiк инспек­тордың қатысуымен өтуi керек.

Қарауылға сақина­лан­ған немесе арнаулы белгiсi бар құс, аң iлiксе, сақина, микрочип т.б., заттарды табиғат қорғау, аңшылық мекемелерiне өткiзу керек. Елiн саятшы­лықпен асыра­ған Қамбар батыр ұрпа­ғына «қанжыға майлансын» деген тiлек айттық.

«Көкжайлаудың» келешегi кемел

Еуропа тау шаңғысы бизнесiнiң эксперттерi Көкжайлауды керемет деп отыр. Арнайы шақырылған шетелдiк делегация Iле Алатауы табиғи қорығының Көкжайлау шатқалын, өзге де таулы жерлердi аралап көрiптi. Қонақтардың пi­кiрiнше, Алматы таулары түрлi деңгейдегi шаңғы жол­дарын салуға қолайлы екен. Эксперттердiң ай­туын­­ша, тау шаңғы дем­алыс орнында қарлы 5 ай ғана емес, жыл бойы шаңғы демалысын ұйымдастыруға болатын мүмкiндiк бар. Қазiр Құмбел шыңына тек дайындығы бар туристер шыға алатын болса, аспалы жол салынса кез-келген демалушы бара алатын болады.

Шетелдiк эксперттер тау шаңғы курортын салу­да өзге елдердiң қателiгiн қайталамауға кеңес берiп отыр. Ол – өте үлкен қонақ үйлер салмау, тау табиға­тына зиян келтiретiн қа­жетсiз құрылыстар салмау, күннен қуат алатын электр­стансаларды пайдалану, судың мол қорын дайын­дау. Жөнiмен пайдаланса Табиғат-ананың берерi көп қой.

Қытай банкiнiң қоржыны толық

Қазақстандағы Қытай банкi салымшылар бойын­ша көш бастап тұр. Елi­мiздегi банктер арасында ақша салушыларды тартуда алға шығып, қоржынын толтырып отыр Қытай банкi. Аспан асты елiнiң Қазақстандағы еншiлес банкi 45,6 млрд. теңгеден астам қаржы қабылдаған. Салымдардың айлық өсiмi 33,4 пайыз болып отыр.

Қытай банкiн өкшелеп келе жатқан тағы бiр банк бар. Ол Оңтүстiк Кореяның еншiлес банкi – Шинхан банк Қазақстан. Кәрiс банкi салым портфелiн екi жарым есеге көбейтiп, 6,1 млрд. теңгеге жеткiзген. «Ақшаны ақша жасайды» деген осы.

Жол полициясы жойылмайды

ҚР Iшкi iстер ми­нистр­лiгiнiң әкiмшiлiк полиция комитетi қайта құрылды. Қайта жасақ­талған комитет құрамына жол полициясы қызметi қосылды. Бұрын өз алдына комитет болған жол сақшыларының жыры бiраз уақыттан берi айтылып жүр едi. Әлемнiң көп елiнде жоқ жол полициясының қажет­тiлiгi жайында қоғамда әрқилы пiкiр қалыптасқан. Жол сақшыларының күре жолдағы қауiпсiздiктi сақтаудың орнына, өзге шаруалармен айналысқан жағдайлары болғаны рас. Ел аузында түрлi әңгiмеге өзек болған «МАИ»-дың да мәселесi шешiлген сыңай­лы. Бұдан былай әкiмшiлiк полицияның құрамында қыл­мыстық-әкiмшiлiк заң шеңберiнде жұмыс жасай­тын болады.

Армения КО-ға кiре ме?

Армения Кеден Одағы­на қызығушылық танытып отыр. Ел пре­зидентi Серж Саргсян Ресей басшысы В.Путин­мен кездесуiнде Арме­нияның КО-ға кiргiсi келетiнiн мәлiм­дептi. Арарат елi Кеден Одағына мүше болып, Еуразия эконо­ми­калық одағын қалыптастыруға атса­лыс­­пақшы. Ресей президентi Владимир Путин Армения­ның ниетiн құптап отыр. Бұйыртса, Армения Кеден Одағының бiр мүшесi болатын шығар. Әйтеуiр Кеден Одағы кешегi Кеңес Одағын қайта тiрiлтпесе бол­ғаны.

Қосағыңмен қоса ағар

Алматыда соңғы 8 айда 10 мыңнан астам отбасы құрылыпты. Бұл жайында Алматы қаласы әкiмiнiң әйелдер және отбасы-демографиялық саясаты жөнiндегi бас инспекторы Бағдат Тәтiжанова баян­даған. Маманның баян­дауынша, 2013 жылдың 8 айында оңтүстiк астанада 10482 неке тiркелген. Былтырғы жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда отау құру 1,1 пайызға өскен.

Соңғы сегiз айда Ал­матыда 26457 сәби дүниеге келiптi. Атам қазақтың «Қосағыңмен қоса ағар», «Үбiрлi-шүбiрлi бол» деген баталары бар. Сөзiмiз аталы, елiмiз баталы бола берсiн.

Дайындаған – Нұрлан СҮЙIН. 

Тегтер
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *