Алпыс асудан асқан кафедра

Қазақ Мемлекеттiк Қыздар педагогика университетiнiң қазақ әдебиетi кафедрасы – университетiмiздегi 60 жылдан астам тарихы бар iргелi кафедралардың  бiрi.

Кафедра құрылғаннан берi мұнда әдебиеттану ғылымының аса көрнектi өкiлдерi – З.Ахметов, С.Қирабаев, Т.Кәкiшев, Ш.Елеукенов, С.Қасқабасов, Б.Абылқасымов, С.Негимов сынды белгiлi ғалымдар дәрiс оқыды. Сондай-ақ кафедра алғаш құрылған күннен бастап, халқымыздың әдебиетi мен өнерi, ғылым саласында сүбелi еңбектерiмен тарихта қалған ұлт зиялылары танымал ұстаз Жәмилә Жаманғазықызы Жолаева, батыр қызымыз М.Мәметованың анасы, бiлiктi ұстаз Ә.Мәметова, әдiскер ғалым, профессор Т.Қордабаевтар кафедраның ғылыми әлеуетiнiң қордаланып, үлкен ғылыми, әдiстемелiк ұйымға айналуына зор үлестерiн қосты. Академик З.Ахметов өмiрiнiң соңына дейiн кафедрадан қол үзбей, әдебиет теориясы, Абайтану пәндерiнен дәрiс жүргiздi.

Кафедра мамандары «Қазақ фольклорының тарихилығы» және «Әдебиеттану терминдер сөздiгi», «Қазақ әдебиеттануының тарихы», «Қазiргi қазақ әдебиетi: әдеби процесс және жанрлардың дамуы» сияқты ұжымдық монографияларды, З.Шашкиннiң 100 жылдығына орай студенттердiң шығармашылық iзденiстерiнiң негiзiнде «Азаттық аңсаған азамат!» атты жинақ жазып, құрастыруға қатысып, түрлi көлемдегi халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткiздi.

Қазақ әдебиетi кафедрасының мамандары Г.Пiрәлиева, С.Сәкенов, Г.Балтабаева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бiрлесе отырып «Қазақ тарихи фольклорының тарихы» және Г.Пiрәлиева «Әдебиеттану терминдер сөздiгi», «Қазақ әдебиеттануының тарихы» сияқты ұжымдық монографияларды жазуға қатысты. Қазiргi таңда кафедра ұжымы «З.Шашкин және әдебиет әлемi» (2004), «Қазақ әдебиетiндегi дәстүр мен жаңашылдық» (2006), «Дәстүрдiң озығы бар» (2006) «Қазiргi қазақ әдебиетiнiң даму үрдiсi» (2010) атты ұжымдық жинақтарды баспадан шығарды.

«Тәуелсiздiк кезеңiндегi қазақ әдебиеттануы: жаңа үрдiстер мен бағыттар» тақырыбында ғылыми теориялық зерттеу жұмыстары жүргiзiлуде. Кафедра оқытушы-профессорларының ғылыми-теориялық зерттеу еңбектерiнен басқа Г.Пiрәлиеваның «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануы» (2010), «Кеңестiк кезеңдегi қазақ әдебиеттануы мен сыны» (2010), С.Ержанованың «Қазақ поэзиясы тәуелсiздiк тұсында» (2010), «Лирикалық жанрдың даму үрдiсi» (2010), Б.Жұмақаеваның «Дене мүшелерiнiң атауларынан туындаған бiрлiктер» (2010), К.Әбдiқалықтың «Дала уалаяты газетiндегi қазақ әдебиетi мәселелерi» (2010), Т.Дәуiтұлының «Шетелдегi қазақ әдебиетi» (2010), т.б. еңбектерi жарияланды.

Т.Дәуiтұлының « Қазақ фольклорындағы жаңылтпаш жанры», Ә.Ералиеваның «ХХ ғасырдағы қазақ прозасындағы жатсыну проблемасы», Н.Нұрақыштың «Қазақ эпосындағы жар iздеу мотивi», Э.Сейсенбиеваның «Ғ.Мүсiрепов драматургиясының поэтикасы», А.Өксiкбаеваның «Т.Молдағалиев шығармашылығы және қазiргi балалар поэзиясы» атты кандидаттық диссертациялары талқылаудан өтiп, қорғауға дайын тұр.

Былтырғы жылдың аяғында кафедраның үш доценттерi Р.Зайкенова, Г.Балтабаева, Қ.Жанұзақова докторлық диссертацияларын қорғап, кафедра бiлiктiлiгiн арттырып отыр. Кафедра мүшелерiнiң 90 пайызының ғылыми дәрежесi бар.

Жастарды ғылымға тарту үшiн кафедрада жақсы жағдай жасалған. Ғылымға бейiмi бар студенттердi бiрiншi курстан iрiктеп, курстық, дипломдық, магистрлiк жұмыстарға дейiнгi процестi жетелейтiн тақырыптар берiлiп, нәтижелi, үздiксiз зерттеу жүргiзiлiп отыр. Одан бөлек кафедрада  «Iзденiс» ғылыми үйiрме жұмыс жасайды. Үйiрме қазiргi кезде қалалық сұранысқа айналып отыр десек артық етпейдi. Өйткенi үйiрмеде ғылыми-әдiстемелiк тәжiрибелер жасалып, студенттердi тiкелей зерттеуге бағыттайтын жұмыстар – мақала, рецензия, баяндама жазуды үйретумен қатар, әдеби шығармаларды талдау, тұжырым жасау көзделген. Ғылыммен, зерттеумен айналысқысы келген жастар әр жерден iздеп келiп, үйiрме жұмысына қатысып, ф.ғ.д., профессор Бекен Ыбырайымнан ақыл-кеңес тыңдайды. Кафедра студенттердiң шығармашылығына бағыт-бағдар беру үшiн «Назқоңыр» атты үйiрме ашқан болатын. Бұл үйiрме қазiр талантты ақын қыздарымызды республикаға танымал етiп отыр. Мәселен, Ләйлә Құндақбаева, Шырын Толқыновалардың есiмдерi қазiр жырсүйер қауымның қуанышына айналды.

Биылғы оқу жылынан бастап «Iнжу-маржан» шығармашылық үйiрмесiн ашып отырмыз. Бұл үйiрменiң де болашағы зор деп бiлемiн. Себебi, үйiрме университеттiң бүкiл қоғамдық, мәдени iс-шараларының қозғаушы күшi болып отыр. Сөйлеу мәдениетi мен шешен сөйлеуге үйрету, сахнаға шығу әдебi, мәнерлеп оқу мәнерiн үйретiп, тәрбиелеудi мiндетiне алған маңызы зор үйiрме. Қазақстан Республикасындағы бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдары аралығындағы мемлекеттiк бағдарлама негiзiнде электронды оқыту жүйесiне көшкен кафедра алғашқылардың бiрi болып «Қазақтың көркем прозасындағы психологизм табиғаты және оның бейнелеу құралдары», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы (1920-2005)», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануы», «Кеңестiк кезеңдегi қазақ әдебиеттанушылары», «Қазақ әдебиетiнiң сын тарихы», «Тәуелсiздiк тұсындағы қазақ поэзиясы» атты электронды оқыту жүйесiнде қолданылатын электронды оқулықтарды әзiрлеп, қолдануда. Алдағы уақытта да оқытушылардың құзiреттiлiктерiн қамтамасыз ету үшiн мұндай оқулықтарды оқыту жүйесiнде пайдалану мен қолдану бойынша олардың бiлiктiлiктерiн арттыру көзделiп отыр.

Қазақ әдебиетi кафедрасының мамандары Г.Пiрәлиева, С.Ержановалардың электронды оқулықтары пайдаланылады. Кафедра  Жетекшi ұйым ретiнде тiркелiп, бiрнеше iргелi ғылыми Жобалардың жобасын жасап келедi. Мамандық бойынша магистранттар дайындап келешекте PhD докторларын даярлауды жоспарлап отыр. Үстiмiздегi жылы «Тәуелсiздiк және қазақ әдебиетiнiң теориялық тұжырымдары» атты конференция өткiзу жоспарлануда.

Кафедрада негiзiнен мына пәндер бойынша сабақ өткiзiледi: халық ауыз әдебиетi, әдебиеттануға кiрiспе, әдебиет теориясы, 5 кезеңнен тұратын қазақ әдебиетiнiң тарихы, балалар әдебиетi, қазақ әдебиетiн оқыту әдiстемесi, шешендiк өнер, шетел әдебиетiнiң тарихы, шетелдегi қазақ әдебиетi, әдеби шығармашылыққа үйрету, шығыс әдебиетi, түркi халықтарының әдебиетi, Абайтану, Әуезовтану, текстология және т.б.

Кафедраның алға қойып отырған басты мақсаты дүниежүзiлiк бiлiм нарығы мен бәсекелестiкке қабiлеттi  терең бiлiмдi, жоғары кәсiби деңгейдегi ұлт мамандарын, әдебиетшiлердi даярлауға лайықты үлес қосу.

Сәуле ЕРЖАНОВА,

Қазақ әдебиетi кафедрасының меңгерушiсi,

ф.ғ.д., профессор м.а.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *