АЛМАТЫ ЗООБАҒЫНДАҒЫ ЖАНУАРЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАР ТЕКСЕРДІ

29Балнұр АХМЕТ

Кеше Алматы зообағында Еуразиялық зообақтар мен аквариумдар өңірлік қауымдастығы мүшелерінің қатысуымен жиын болып өтті. Үш күн бойы Хайуанаттар бағындағы жануарлардың жағдайы мен аңдардың күтімін тексерген мамандар басқосу барысында қазіргі таңдағы аңдардың жағдайына  жан-жақты тоқталды.

– Біз өзіміздің ақыл-кеңестерімізбен көмектесуге келдік. Қазіргі таңда мұндағы мекендеген жан-жануарлардың жағдайы тәуір. Тіпті, гепард пен жолбарысқа артық тамақ берілген. Негізінен, қоңыр және ақ аюларды асырау өте қиын. Азық қойма­сындағы жануарларға берілетін жемнің сапасы жақсы. Хайуанаттар бағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Күрделі жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілгені жөн. Хайуанаттар бағының аумағы өте керемет, – деді ЕАРАЗА ұйымының ат­қару­шы директоры, Мәскеу хайуанаттар бағының ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Владимир Фролов.

Ал ақиық бүркіт бойынша Еуропалық тұқымдық кітабының жетекшісі  Любовь Курилович аңдардың көбеймеуі қызмет­керлер жұмысына байланысты емес екен­дігін алға тартты.

– Жануарларды өтеусіз негізде басқа хайуанаттар бағына табыс ету әлемдік тәжірибеде бар. Алматы хайуанаттар бағы да осы ұстанымды сақтайды. Айта кетер­лігі, жануарлардың көбеймейтіндігі қыз­мет­кер­лердің нашар жұмыс істегендігінің көрсет­кіші емес. Жануарлардың түрлері көп болған жағдайда куратор кейбір аңдардың көбеюін тоқтату жөнінде шешім қабылдайды, – деді ол.

Эстондық жаратылыстану ғылыми уни­верситетінің малдәрігерлік медици­налық институтының малдәрігерлік меди­цина­лық клиникасының бөлім меңгерушісі Алек­сандр Семенов хайуанаттар бағында азып-тозған аңдардың жоқ екендігін атап өтті.

– Хайуанаттар бағында жүдеген жан­уар­лар жоқ, керісінше, кейбір аңдарды диетаға отырғызу қажет. Мамандармен осында өткізген үш күн барысында зообақ қызмет­керлерінің өз жұмыстарын бар ынтамен атқарып жүргендігін байқадық. Алайда, Қазақстанға барлық препарат­тарды әкелуге болмайтындығына қарамас­тан, жергілікті мал дәрігерлері амалын табуда. Мен алма­тылық әріптестерімді Эстонияға тағылым­дамадан өтуге шақыр­дым. Алматы зообағы ішкі жұмыстар бойынша үздіктер қатарына қосылады деп үміттенемін, – деді Александр Семенов.

Жиын барысында мамандар екі кішкентай керік Ростов зообағына бері­летіндігін тілге тиек етті. БАҚ өкілдерінің жануарлардың өлім-жітіміне байланысты қойған сұрақтарына сарапшы мамандар басқа зообақтардағы өлім-жітім көрсет­кіштерімен салыстырғанда мұнда әлдеқайда төмен екендігін атап көрсетті. Мал дәрігері Александр Семенов тексеріс нәтижесі бойынша, хайуанаттар бағында құйрығы зақымданған жолбарыстан басқа ауру жолбарыстар жоқ екендігін мәлімдеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *