Алматы зообағында да тіршілік бар

7 қараша – Алматы Хайуанаттар бағының құрылған күні. Осыған орай зообақтың мәжіліс залында «Жануарлардың табиғи гендік қорын сақтаудағы хайуанаттар бағының рөлі» деген тақырыпта дөңгелек үстел басында жиын өтті.

Басқосуды Алматы Хайуанаттар бағы директорының міндетін атқарушы Сейілхан Акилбеков ашып, атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Алматы Хайуанаттар бағы жануарлардың түрлерін сақтау және оларды зерттеу жөніндегі халықаралық  бағдарламалардың қатысушысы болып табылады және ERAZA, WAZA, SEAZA сияқты зообақтар мен аквариумдардың әлемдік ассоциациясына мүше. Қызметкерлеріміз жыл сайын шет мемлекеттердегі зообақтарда болып, білімдерін жетілдіріп, тәжірибе алмасып қайтады. Зообақ коллекциясын жаңартып тұру – көп ізденіс пен тиянақты еңбекті қажет ететін жұмыс. Қазіргі кезде зообақтағы вольерлерді заман талаптарына сай, жаңа үлгіде жасап отырмыз. Жыл сайын сирек кездесетін жануарлардың төлдеу көрсеткіші өсіп келеді. Бұл – хайуанаттар бағындағы жануарларды ұстау жағдайының жақсарғандығының белгісі. Зообақ қызметінің жандануына Алматы қаласының әкімдігі тікелей қолдау жасап, сонымен қатар, жекелеген меценаттар, білікті ғалымдар, арнайы мамандар нақты көмек көрсетіп отырады, – деді С.Акилбеков.

Бүгінгі күні зообақтың 21,575 га. аумағында 375 түрге жататын 3517 жануар мен құс бар. Бұл жануарлардың барлығы жыртқыштар, тұяқтылар, приматтар, аквариум, экзотариум, құстар деп  6 секцияға бөлінген.

Жиында зообақта өсіріліп жатқан сирек кездесетін жануарларға биологиялық бақылау мен күтімді оңтайландыру жолдары, зообақ қызметі мен  мәртебесі, жануарлардың табиғи гендік қорын сақтау, адамдар өмірінде хайуанаттар бағының алатын рөлі сынды мәселелер талқыланды.

Зоология институтының бас ғылыми қызметкері, биология ғылымының докторы, профессор Перизат Есенбекова, ҚазҰАУ қауымдастырылған профессоры Андия Серикбаева, ҚазҰУ профессоры, биология ғылымының докторы Қылышбай Мұсабеков, Зоология институтының ғылыми қызметкері Юлия Зима, Зоология институтының  PhD докторанты Санжар Қаңтарбаев,  Алматы Хайуанаттар бағының қызметкерлері –  Фариза Қонысова, Айғаным Бекенова,  Жансая Ахметкәрімова, Ұлжанар Адилаева және ҚазҰАУ-дың 3-курс студенті Медина Асхатқызы мазмұнды баяндамалар жасап, зообақ саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Мұхтар БАЙБАТШАНОВ,

ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты,

қауымдастырылған профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *