АЛМАТЫ – ЗИЯЛЫ ҚАЛА

112

Мамай  АХЕТ,

Алматы қаласы Тілдерді дамыту және

құжаттама басқармасының басшысы

 

Қазақта  «өткен күнде белгі жоқ» дейтін мәтел бар. Бұл да шартты ұғым!

Ертеңгі күн – келешек болып, өткен күн – тарихқа айна­латын осы уақытқа өлместей белгісін салып, өз есімін өшпестей бедерлейтін айтулы оқиғалар, қайталан­бас жасампаз жандар болады. Алғашында туған жері, өскен ортасы ондай жандардың қалыптасуына ықпал етсе, кейін сол тұлғаның есімі елді-мекеннің атауы­мен біте қайнасып, қоғамға  танылуына әсер етіп жатады. Күллі араб әлемін аралап, адамзат ұстазына айналған Фараби­дің арабтар Фараб деп атаған Отырар перзенті екені қазір баршаға аян. Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Қожа Ахмет Иассауи, Ахмет Иүгінеки, Сүлей­мен Бақырғани… Осы тұлғалардың барлығының да есімдері өздері туған қала­лардың атауларымен тікелей байланысты болып келеді.

Өткен жылы 550 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақ елі үшін сондай даңқты жерлердің бірі һәм бірегейі – осы күндері мыңжылдығы тойланып жатқан Алматы қаласы.

Алматы қаласы ежелгі сақ мәдениетімен тығыз байла­нысты екенін бүгінгі археологиялық қазбалар дәлелдеп отыр. Алтын адам табылған айналасын айтпағанда, тап қала аумағында тура сондай көптеген қорым-қорған­дардың болуы – соның бұлтартпас дәлелі. Мыңдаған жылдардың ар жағына кететін Анахарсисті осы сақ өрке­ниетінен шыққан данышпан деп көне гректер бірауыздан мойындапты. Анахарсисті антикалық дәуірдің жетпістей белгілі дереккөзі атаса, әйгілі Платон, Аристотель сынды ғұламалар өз еңбектерінде Анахар­сиске сілтеме жасайды.

Платон өзінің «Мемлекет» (Платон.– М.: 1971) атты диалогында Анахарсисті «Фалес секілді сөз шеберіне» теңейді. Ал Диоген Лаэртский Анахарсистің әсерімен аз сөзге көп мағына сыйғызуды «скифтерше сөйлеу» деп атай­тынын ескертеді. Сондай-ақ, тарихшылар жер бетін­дегі тұңғыш заң жүйесін жасаған Солонмен Анахар­систің кездескенін жазады.Солонның заңдары туралы естіген ол мысқылмен былай депті: «Ол азаматтарды қыл­мыс пен дүниеқоңыздықтан жазылған заңдар арқылы ауыз­дықтамақ болады. Әйтседе, оның бұл заңдары өрмекшінің торы секілді – майда шыбын-шіркейлер ілінеді де, ірілері мен ауқаттылар жыртып өте шығады». Ескірмейтін есті сөз.

Бұл Анахарсис Алматыдан шықты деген қисын емес, айтпағымыз, ондай тұлға сақ қауымындағы мәдени үрдістің жемісі, демек, оның есімі осы өңірге де жат емес.

Алматы – бір көргеннен ешкімді маңайына жуытпай шекесінен қарайтын сұлу секілді қандай талантқа да құшағын аша жүгірмейтін кірпияз мекен. Сондықтан да, мұнда тұруды армандайтын жан алдымен өзін, сонсоң маңайын тәнті етуі шарт. Майданнан жеңіспен оралған Қасым ақыннан бастап, арғы-бергі қазақ зиялысының барлығы дерлік қала көшелерін адақтап, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген. Сөйтіп жүріп өздерінің өлмес туынды­ларын дүниеге әкелген.

Алматы —  қазақ  ғылымының орталығы. 1932 жылдың 8 наурызында Қазақ АКСР үкіметінің өтініші бойынша КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы жасақталды. Ал 1938 жылы бұл база КСРО Ғы­лым академиясының  Қазақ  филиалы (КазФАН СССР) болып қайта құрылды. Бұл сол кезең үшін өте зор тарихи оқиға болатын. Артынша басталған Ұлы Отан соғысы жылдарында Қ.Сәтбаев бастаған қазақ зиялыларының жанкешті еңбегінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқа­сында Ресейдің әлемдік деңгейдегі ғалымдары Алма­ты қаласына келіп, өнімді еңбек ете бастады. Соның сал­дарынан 1945 жылдың соңында Академия қызметкер­лерінің саны 1177-ге жетті. 583 ғылыми қызметкердің 57-сі — ғылым докторы, 184-і — ғылым кандидаттары еді (Чо­кин Ш. Путь национальной Академии наук. – Алматы: «Ғылым», 1996. – 256 с. 19 с.) Бұл өз кезегінде ұлттық маман­дардың ғылымға көптеп тартылуына, ғылым сала­лары бойынша жергілікті мектептердің қалыпта­суына, сол арқылы ұлттың жаңа бір сапалық деңгейге көтерілуіне септігін тигізген аса маңызды тарихи оқиғалар болатын.

1946  жылдың  6 сәуірі  күні  И.Сталиннің тікелей тап­сыр­масымен КОКП ОК мен КСРО Халық комис­сарлары кеңесінің ғылыми қызметкерлердің жалақысын 1000 пайызға, яғни, он есеге көбейту туралы атышулы қаулысы шықты. Соның артын ала бере, бұрын КСРО ҒА-ның филиалы болып келген Қазақстан Ғылым ака­демиясы 1946 жылдың 1 маусымында дербес шаңырақ көтереді. Қазақстан Министрлер кеңесінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшелері мен мүше-корреспонденттерінің жеке құрамы туралы» қаулысы қабылданып, қаулыда Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Бектұров, И.Г.Галузо, М.И.Горяев, А.Жұбанов, Н.Г.Кассин, С.Ке­ңес­баев, Н.В.Павлов, М.П.Русаков, Н.Сауранбаев, Г.А.Ти­хов, В.Г.Фесенков, С.В.Юшковтар — академик, Х.К.Аветисян, Н.У.Базанова, А.И.Безсонов, С.Н.Бого­любский, Р.А.Борукаев, А.В.Бричкин, А.Ғаббасов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, А.Машанов, А.П.Полосухин, В.И.Смирнов, А.Н.Сызғанов, Г.Н.Удинцев, М.И.Уса­но­вичтер мүше-корреспондент ретінде аталды. Бұл — қарыш­тап дамыған қазақ ғылымының әлемдік деңгейге ұмты­луының көрінісі еді. Себебі, аталған ғалымдардың бар­лығы дерлік академик деген құрметті атаққа лайық жандар болатын. Ал, ғалымдардың жалақысын он есеге арттыру – ең талантты деген жастардың ғылымға келуіне, сол арқылы ондаған жылдар бойы үлкен жетістіктерге қол жеткізуге жол ашқан өте маңызды саяси шешім еді.

60-жылдардың ортасында республикада 18 мың ғылыми қызметкер еңбек етсе, солардың 232-сі — ғылым докторы, 3255-і — ғылым кандидаты болыпты. Жоғары оқу орындарының саны 39-ға жетті. Әлемдік деңгейдегі Ресей ғалымдарының Қазақстанға келіп еңбек етуі, жергілікті талантты жастардан шәкірт дайындауы нәтижесінде нақтылы ғылым салалары бойынша айтулы ғалымдар көптеп шыға бастады. Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орында­рында жекелеген ұстаздар қазақ тілінде дәріс оқып, түрлі ғылым салалары бойынша қазақша оқулықтар, зерттеулер жазуды қолға алды. Математика саласы бойынша А.Беделбаев, Ж.Ержанов, О.А.Жәутіков, А.Д.Тай­манов, Б.Т.Төлегенов, Х.И.Ибрашев, Ғ.М.Оразбаев, А.Жұмаділдаевтар, физикадан И.Исатаев, Д.Қайыпов, Ж.Тәкібаев, Қ.Қ.Абдул­хафаровтар, геологиядан Қ.Сәтбаев, А.Абдуллин, Ж.Айталиев, Ш.Есенов, П.Тәжібае­валар,  гидро­геология бойынша Н.Кенесарин, С.Мұхамед­жанов, Ж.Сыдықовтар, тау-кен ғылымы бойынша О.Бай­қоңыров, А.Жақыпбаев, А.Ерғалиев, Н.Жақ­сыбаев, Ж.Қаңлыбаева, А.Му­синдер, металлургиядан Е.Бөкетов, А.Қонаев, К.Төле­новтер, химия бойынша Ә.Бектұров, Е.Әзербаев, Ш.Батталова, Б.А.Бірімжанов, Т.Шомбалов, Т.О.Сәлібаев, Е.Ерғожиндер, энер­гетика саласы бойынша  Р.Жолаев, А.Арықова, Т.Батыров, У.Бер­­қалиевтер, құрылыс саласынан М.Мең­діқұлов, О.Аяпов, Б.Жармағамбетов, М.Жүнісов, М.Көкебаев, Б.Пәрімбетовтер, топырақтану саласы бойынша Қ.Иманғазиев, Ө.Оспановтар, ботаникадан Б.Қалымбетов, биохи­мия, генетика мен селекция бойынша К.Мыңбаев, А.Алма­ниязов, А.Ғаббасов, Т.Дар­қанбаев, Ф.Палымбе­това, А.Жанғалиев, И.Сүлей­менов, Е.Өзенбаев­тар, зоологиядан С.Сыбанбаев, Б.Қожамқұло­валар, оба індетіне қарсы жұмыстармен М.Айқым­беков, С.Әубәкіров, О.Сержанов, М.Тілеуғабы­ловтар, микробиология­дан Х.Жұматов, медицина саласы бойынша И.Қа­рақұлов, С.Балмұханов, Х.Барлы­баев, А.Сү­лейменов, К.Өтегенова, К.Ормантаев, Т.Шар­манов, А.Чокиндер және  т.б. сынды жергілікті ғалымдар үлкен жетістіктерге жетіп, өз салалары бойынша шәкірттерін дайындай бастады.

Дәл осындай ахуал қоғамдық ғылымдарда да қалыптасты. Әр жылдары экономика ғылымда­рының дамуына, сала-салаға жіктеліп, мектеп­тердің қалыптасуына С.Толыбеков, Т.Әшімбаев, С.Бәйішев, Т.Шәукенбаевтар еңбек сіңірсе, тарих ғылымында Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан, А.Нүсіп­беков, Т.Елеуов, О.Малыбаев, С.Бейсем­баев, М.Қозыбаев, А.Тұрсынбаев, М.Қойгелді, Т.Омар­беков, Б.Кәрібаевтар, философияда Ж.Әбділдин, К.Бейсембиев, Д.Кішібеков, Н.Мұ­сабаева, И.Қабылов, Н.Сәрсенбаев, М.Төлепов, Ж.Төле­нов­тер, заң ғылымында С.Зиманов, С.Бай­салов, А.Еренов, Т.Күлтелеевтер,  тіл білімі бойынша С.Аманжолов, Қ.Жұбанов, К.Аханов, Ж.Досқа­раев, Ә.Қайдаров, М.Балақаев, А.Ысқа­қов, С.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, Ғ.Мұсабаев, Ш.Сары­баев, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Н.Уә­лиұлы, Ө.Айтбаев, Т.Сайрамбаев сынды ғалымдар қазақ тілі оқулықтарын жасап, оқытуды ғылыми жолға қоюға ерекше ықпал етті.  Әдебиеттану, фольклортану, өнертану ғылымдары бойынша жоғары оқу орындарында дәріс оқыған М.О.Әуе­зов бастаған ғалымдар көптеген шәкірттер дайындады. Бұл үрдісті 50-90 жылдар арасында белгілі ғалымдар М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов, Е.Ысмайылов, Т.Нұртазин, М.Қара­таев, Ә.Тәжібаев, М.Базарбаев, Ш.Елеукенов, Ы.Дүйсенбаев, Б.Шалабаев, Б.Кенжебаев, З.Қаб­долов, Т.Кәкішев, С.Қирабаев, Н.Ғабдуллин, З.Ахметов, Т.Қожакеев, Ә.Нарымбетов, Р.Нұрға­лиев, Қ.Мырзалиевтер жалғастырды.

Алматы – қазақ қаламгерлерінің туын тіккен қасиетті мекен. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқа­нов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Т.Ахтанов, Қ.Шаң­ғытбаев, І.Есенберлин, С.Мәуленов, О.Сүлей­менов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, О.Сәр­сенбаев, С.Жиенбаев, М.Мақатаев, С.Мұратбеков, Қ.Мыр­залиев, Т.Молдағалиев, Ж.Әбдіраш, Т.Нұр­мағам­бет, т.б. қаламгерлер осында уақыт сынына төтеп берген жаңа сипаттағы, мазмұны мен түрі соны прозалық, поэзиялық және драмалық шығар­маларын жазды. Бұл туындыларында қалам­герлер ауыз әдебиетіндегі тақырып пен сюжетке, жалпы, дербес шығармаға  жаңаша мазмұн мен форма берді, жаңа үлгідегі өнер туындыларын жасады.

Қазақ дәстүрінің сақталуына, көпшілікке насихатталып, бұқаралық сипат алуына ұлт мәде­ниетінің жаршысы – Қазақ драма театрының ықпа­лы ерекше болды. Ұлттық драма театры саяси өмірден, қаржы, заң, техника салаларынан ығыс­тырылған қазақ сөзінің ордасына, қазақ рухының қара шаңырағына айналды. М.Әуезов, О.Бекұлы, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ш.Құса­йынов, А.Тоқпанов, Ш.Мусин т.б. драма­тургтер мен режиссерлердің жанкешті еңбегі арқа­сында қазақ театры өмірге келді. Қ.Қуанышбаев, Е.Өмір­зақов, С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, Ш.Айма­новтар бастаған қазақтың дәстүрлі мәдениетіне мейілінше қанық, аса талантты буын ұлттық сах­на өнерін әлемдік деңгейге көтеріп қана қой­май, қазақ сөзінің мәртебесін арттыруға септігін тигізді.

Осы мектептен қазақ сахна өнерінің бірнеше буыны өсіп шығып, рухани желінің үзілмеуін қам­тамасыз етті. Қ.Бадыров, С.Майқанова, М.Сүрті­баев, К.Қармысов, Ш.Жандарбекова, Х.Бө­кеева, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, М.Сүрті­баев, Ә.Өмір­зақова, Ф.Шәріпова, Х.Елебекова, Б.Римова, З.Шә­ріпова, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаң­баев, А.Әшімов, С.Оразбаев, Ә.Боранбаев, Р.Сейтметов, Қ.Тастанбеков, М.Өтекешова, Ә.Кен­жеков, Т.Та­сыбекова, М.Нұрекеев, Қ.Сұл­танбаев, Л.Кәденова, У.Сұлтанғазин, Т.Құлыбеков, т.б. театр саңлақ­тары қазақ сөзінің асқақтауына аянбай еңбек етті.

Заман талабына сай қазақ киносы мен әлем­дік кино өнімдерін дубляж жасау ісі қолға алы­нып, қазақ сөзі кинотеатрлар мен телеарналар арқы­лы жаңа сипатта көріне бастады. Жоғарыда аты аталған мәдениет қайраткерлерімен бірге С.Қожықов, А.Қарсақбаев, М.Бегалин, Қ.Әбусейі­тов, К.Кенжетаев, С.Нарымбетов, А.Ысмайылов, М.Құланбаев, Н.Ықтымбаев, Т.Жаманқұлов, т.б. өнер шеберлері қазақтың ауызекі сөйлеу дәстү­рінің жарқын үлгілерін көрсететін кинотуынды­ларды дүниеге әкелді. Қазақ киносының класси­касына айналған «Абай», «Жамбыл», «Алдар көсе», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Гауһартас», т.б. фильмдері ұлттық рухтың, оның жарқын көрінісі – қазақ тілінің мүмкіндігін тереңінен көрсетті. Бұл үдеріс Тәуелсіздік жылдарында С.Тәуекел, Д.Жол­жақсынов, А.Сатаев, Ж.Жетіруовтардың «Батыр Баян», «Дүниежарық», «Жаужүрек мың бала», «Біржан сал», «Құнанбай», т.б. фильмде­рінде жалғасын тапты.

1958 жылы Алматыдан «Қазақстан» телеар­насы көгілдір экран арқылы тұңғыш рет хабар тарата бастады. Алғашқы дикторлар З.Жұматова мен Н.Омаровалар қазақ және орыс тілдерінде хабар жүргізіп, көпшілікке үлгі болды. Аз ғана уақыт ішінде мазмұны мен түрі ұлттық, қоғамдағы ең өзекті мәселелерді талдауға қабілетті қазақ тіліндегі теле-радиохабарлар көпшілікке жол тартты. Ә.Байжанбаев, Л.Сейітов, Т.Өтебаев, Қ.Игісін, Б.Быжыбаев, Д.Қанатбаев, А.Серіков, С.Жақанова, С.Масғұтов, К.Смайылов, С.Ораза­линов, А.Сейдімбеков, С.Әшімбаев, Ә.Бөлебай, Ғ.Есенсариев секілді мәдениет қайраткерлері тікелей эфирлерден нақышына келтіре сөйлеп, қазақ сөзінің табиғи қалпын сақтауына ерекше ықпал етті. «Қымызхана», «Тамаша», «Көкпар», т.б. ұлттық сипаттағы хабарлар миллиондаған көрер­меннің ықыласына бөленді. Қазақ радио­сының «Алтын қорында» ауызекі сөйлеу дәстү­рінің ең үздік деген үлгілері сақталып, болашақ ұрпақ игілігіне айналды.

Кеңес кезеңіндегі ұлттық ділдің тамаша мектебі ретінде Алматыда ұзақ жылдар бойы белгілі ғалымдар Р.Бердібай, Б.Сахариев, М.Мырзахмет­ұлы, Т.Әкімдер жүргізген «Халық университетінің» орны ерекше болды. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, ғылымын, музыкасын, әдебиетін, тари­хын насихаттауға, тануға өлшеусіз үлес қосқан бұл танымдық дәрістер 1964 жылдың басынан 2000 жылдарға дейін М.Әуезовтің музей-үйінде жүйелі жүргізіліп отырды. Ол кезеңде музей-үйдің жетекшісі – қаламгердің қызы, тарих ғылымда­рының докторы Ләйла Әуезова болатын. Талғамы жоғары айтулы ғалымдар жетекшілік еткен бұл сабақтарда көптің көкейінде жүрген аса өзекті деген тақырыптарды, ұлттық құндылықтарды талдап-таразылауға С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, С.Қожамқұлов сынды әйгілі акаде­мик, әртістерден бастап, әр сала бойынша белгілі ғалымдар мен өнерпаздар өз үлестерін қосты. Шын мәніндегі «халық университетіне» айналған бұл дәрістерді 60-90 жылдары көптеген қазақтың студент, жұмысшы жастары тыңдап, өмірлеріне рухани азық, бағыт-бағдар алды. М.Әуезов музей-үйінде өткен «Халық университеті»  кеңес дәуі­ріндегі біршама сөз еркіндігіне, пікір алуанды­ғына, қазақы дүниетанымның  дамуына ықпал еткен бірден-бір халықтық мінбер болды.

Бейнелеу, би, сәулет, опера, т.б. өнер түрле­рінің де Алматыда өсіп-өркендегенін, жүздеген ұлт зиялыларының осында еңбек еткенін, өлмес туындылар жасап, сол дәстүрдің жалғасып келе жатқанын тәптіштеп айту шарт емес. Жоғарыда айтқандарымыз Ақтамберді жыраудың:

«Төскейге орда орнатып,

Төрткілдеп ошақ қаздыртып,

Төбел бие сойғызып,

Төменде бидің кеңесін

Біз де бір құрар ма екеміз!?» — деп келетін асыл арманының араға ғасырлар салып орындалғаны, тап  осы Алматыда орындалғаны деп ойлаймыз. Себебі, жыраудың армандаған «кеңесін құру» үшін қашанда айтары бар зиялы керек.

Алматы – зиялы қала!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *