АЛМАТЫ ЖАСАРЫП, ЖАҢАРЫП ЖАТЫР

Мегаполисте қалалық инфрақұрылымды жаңарту жалғасуда

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында мегаполистің көлік және жаяу жүргінші инфра­құры­лымын жаңғыртудың барысын тексерді.

Былтырғы жылдан жалғасып келе жатқан қаланың тарихи орталығын қайта жасау аясында жаңарған Пан­филов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев және «Астана»  алаңымен қоса, Алматының бірқатар даңғылдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.

Биылғы жылы Абай, Абылай хан, Назарбаев, Достық, Желтоқсан даңғыл­дары,  Абай алаңы мен «Алматы-2» темір­жол вокзалының алды қайта жасалуда. Қазіргі кезде  мұнда жүргінші аймақтарын кеңейту, реконструкциялау және жаңа фонтандар салу, кіші пішінді сәулет формалары мен көшенің зама­науи жиһаздарын орнату, көлеңкелі кеңістіктерге жапырақты ағаштар отыр­ғызу, бұрынғы жасыл желекті сақтап қалу жұмыстары жүруде.

Бұлардан өзге, аталған учаскелерде инженерлік желілер толық ауысты­рылуда, кеспе тастар төселіп, арықтар, суару жүйелері жаңалануда, нысандар­дың сыртқы келбеттері өзгеруде. «Қауіпсіз қала» аясында бұрынғы ескі жарықтар­дың орнына заманауи иодты шырақтар орнатылуда. Реконструкция­ланған көшелерге заманауи бағдаршам кешен­дері қойылады және көше бұрылыста­рын­дағы барлық ескі металл конструк­циялар жойылады. Мердігерлік ұйымдар жаяу жүргінші қозғалысын қиында­татын қолданылмайтын кон­струк­ция­ларды, көптеген діңгектерді, қоршаулар мен заңсыз салынған құры­лыстарды алып тастауда.

Республика Сарайы алдындағы Абай алаңында фонтандар мен  электр жарық­тарын монтаждау басталады. Бұдан өзге, оған жақын орналасқан «Арман» кинотеатрының фасады жаңарып, «Қазақстан» қонақүйіне түнгі жарық орнатылады. Ал «Алматы-2» теміржол вокзалының маңында қауіпсіздікті ұйымдастыру мақсатында көлік логис­тикасы түгел қайта қаралып, жасыл желек ұлғаяды.

Жалпы, қала көшелерін жөндеу барысында аулаға баратындай етіп жаңа тротуарлар салынады, ал бұл жаяу жүргіншінің қауіпсіздігін күшейтеді.

Дәл осы күні қала әкімі Бауыржан Байбек Алма­тының тығыз орналасқан ауданда­рын қамтитын Тимирязев көшесі бойын­дағы жүрдек автобус дәлізі құрылы­сының барысын тексерді.

Көшелерді реконструкциялаумен қатар мұнда тротуарларды, арықтарды, веложолдарды жөндеу, инженерлік желілерді қайта орналастыру, заңсыз құрылыстар мен қоршауларды алып тастау қатар жүруде. Қозғалыс бөлігін­дегі жол-құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың аяғына дейін аяқтау жоспар­ланған.

Сонымен қатар, BRT дәлізінде авто­мо­бильдерді болдырмау шаралары жасалуда. Қазіргі кезде қаланың барлық аудандарында 160 көшені жөндеу аяқталып қалды, кіші айналма жолда көлік өткізу қабілетін арттыру үшін жаңа үш жол айрығы салынуда. Қозға­лыс аумағын кеңейту үшін тармвай жол­дары алынуда, қаланың  сегіз ауданында біржақты қозғалыс ұйымдастырылуда.

Жұмыс сапары барысында мегаполис басшысы Назарбаев даңғылынан Жан­сүгіров көшесіне дейінгі  үңгілеу жұмы­сымен танысты. Ал бұл Сейфуллин даң­ғылында «Солүстік-Оңтүстік» бағытын­дағы  көлік жүктемесін азайтады.

Қазіргі кезде мұнда барлық діңгектерді (бағандар, қабырғалар және басқалары) орнату жұмыстары толық аяқталған, сатылы іргетас қондырғысы жасалуда. Сонымен қатар,  эстакаданың металл жақтауын, қоршауларды, су құбырларын қайта жасау, қорғаныс қабырғасын салу жұмыстары жүруде.

Айта кетерлігі, осы жазда Алматыда ұзындығы 160 шақырым болатын 150-ден астам көше жаңарды, барлық  жер асты өтпелі жолдар күрделі жөнделуде. Орта­лықтандыру қағидасы бойынша  қала­ның барлық аудандары абаттанды­рылуда. Егер өткен жылы 500 аула жөн­делсе, биылғы жылы қаланың барлық аудандарында тағы да 600-ден астам аула жаңарады.

Соңғы жылдары мегаполисте 800 ша­қырым инженерлік желі, соның ішінде 313 шақырым су құбыры, 266 шақырым канализация, 150 шақырым электер және 32,3 шақырым  жылу желілері қайта жасалды, жөнделді.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *