«АЛМАТЫ ТУРЫ» ҚАЗАҚСТАН ТУЫН БИIКТЕТТI

Алматыда өткен алғашқы кәсiби велотурда

жерлесiмiз Максим Иглинский топ жарды

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Самат ҚҰСАЙЫН (фото)

1Жуырда ғана «Еуроспорт» арнасы арқылы әлем наза­рында болған Алматы шаһары тағы бiр мәрте өз атын жаһанға паш еттi. Әлемдiк аренада қашанда бейбiтшiлiк пен татулықтың жаршысы болып келген елiмiзде халықаралық деңгейдегi спорттық шаралардың жиiрек ұйымдастырыла бастауы да ел абыройын асқақтатар сәттер екенi сөзсiз. Қазан айының алғашқы жексенбiсiнде алматылықтарды ғана емес, күллi қазақ халқын қуаныш-шаттыққа бөлеген «Алматы туры» халықаралық кәсiби веложарысы да осы үдеден шығып, ел мерейiнiң үстемдей түсуiне септiгi тиген­дей. Қазақ топырағында тұңғыш рет өткiзiлiп отырған жаһан жұртшылығы үшiн жөнi бөлек жарыстың алғашқы жеңiмпазы да жерлесiмiз болып шықты.

Алдымен айта кетерлiгi, осы дүбiрлi додаға қатысу­шылар да, Халықаралық велоспорт одағы мамандары да Алматы жолдарының өте сапалылығын, сонымен қатар, ұйымдастыру шараларының да жоғары деңгейде болғанын ерекше атап өттi. Сондай-ақ, Қазақстан халқына кеңiнен танымал болып үлгерген «Еуроспорт» арнасының спорт комментаторы Сергей Курдюков та «Алматы турының» толыққанды дәрежеде өткiзiлiп жатқанын бiрнеше мәрте өз сөзiнде атап өткен болатын.

Жалпы, қазақстандық велоспортшылардың әлемдiк деңгейде тамаша өнер көрсетiп жүргенiнен бiз ғана емес, сол әлем жұртшылығы да жақсы хабардар. Кеңестер ода­ғының бес дүркiн чемпионы атанған әйгiлi отандасымыз Марат Сатыбалдиев 1989 жылғы Лионда өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан-ды. Ал, 1998-1999 жылдары француздық велокоманда сапында өнер көрсетiп, өзiнiң ерекше қабiлетiн таныта бiлген даңқты жерлесiмiз Александр Винокуров одан кейiн германиялық және америкалық командалар қатарында спорттық тәжiрибесiн шыңдап, бiраз жетiстiктерге қол жеткiздi. Кейiнгi жылдары, баршамыз бiлетiндей, Сидней Олимпиадасының күмiс және Лондон Олимпиадасының алтын жүлделерiн қан­жы­ғасына байлап, айды аспанға бiр-ақ шығарды. Осындай тола­ғай табыстарымыз арқылы Қазақстан аты әлемдiк вело­спорт кеңiстiгiнде әбден танылып үлгерген-дi. Жыл сайын өтетiн «Тур де Франс», «Джиро д’Италия», «Вуэльта» секiлдi жоғары санатты көпкүндiктерде жақсы нәтиже­ле­рiмен көзге түсiп келе жатқан «Pro Team Astana» велоко­ман­дасына қатысты «Еуроспорт» арнасының ресейлiк комментаторы Сергей Курдюковтың жылы пiкiрлерiн тiкелей көрсетiлiмнен талай мәрте естiгенбiз. Қайсыбiр жылдары испандық жүйрiк жiгiт Альбертот Контадор құрамда болған кездерi «Астанамыздың» абыройы асқақтады емес пе?!

Ахметжан Есiмов – Қазақстанның үздiк спортшы әкiмi

Жалпы, «Алматы турының» өтуiнiң негiзгi себепшiсi болғандардың бiрi – Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов екенi сөзсiз едi. Соңғы жылдары өзiн велоспорттың үнемi жанашыры һәм насихатшысы ретiнде таныта бiлген шаһар басшысы Винокуров салған ойды аяғына жеткiзiп, қаламызда осынау дүбiрлi сайыстың өтуiне айтарлықтай күш-жiгер жұмсады. Ал осыған дейiнгi тұрақты өтiп келген велошерулердiң қала халқына кәдiмгiдей қозғау салғаны күнделiктi қала тiршiлiгiндегi велосипед тебушiлер қатарының көбеюiнен-ақ көрiнiп отыр.

Дәстүрлi шараның кезектi жүрiсiн өткiзген қала басшысы мен алматылықтар кезектi шеруiн бiр күн бұрын «Алматы турына» арнайылап өткiздi. Әдеттегiдей Тұңғыш Президент саябағында тiзгiн тартқан велошерудiң қоры­тындысында қала әкiмi «Алматы турының» ел өмiрiндегi ерекше маңызына тоқталып өттi. Ахметжан Смағұлұлы өз сөзiнде Алматыға бүкiл әлем «Еуроспорт» арнасы арқылы көз тiгетiнiн, сонымен бiрге, шараның елiмiзде, қаламызда бұқаралық спорт пен туризмнiң дамуына зор ықпал жасайтынын атап өткен-дi.

Ал «Astana Motors» компаниясының президентi Нұрлан Смағұлов «Pro Team Astana» командасының атынан қала бас­шысына «Қазақстанның үздiк спортшы әкiмi» сый­лығын табыс етiп, ал, ерекше белсендiлiгiмен көзге түс­кендер естелiк сыйлықтармен марапатталған едi.

Жеңiс тұғырында қос жерлес

6.2Бәрiмiз асыға күткен «Алматы туры» өтер күнге де жет­тiк. Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов, ҚР Спорт және денешынықтыру iстерi агенттiгiнiң басшысы Ерлан Қожағапанов, даңқты велоспортшымыз Александр Вино­куров, сондай-ақ, Халықаралық велоспорт одағының экс-президентi Питер Маккуин жарыстың ашылу салтанатында барлық қатысушыларға сәттiлiк тiлеп, құттықтау сөз сөйледi.

Қала әкiмi жарыстың ашылу салтанатында:

–    Жоғары деңгейдегi осындай жарысты қаламызда өткiзу бiз үшiн үлкен мәртебе. Бүгiнгi кәсiби велотур Халық­аралық велоспорт қауымдастығының қолдауы аясында өтiп отыр. Қала әкiмдiгi Қазақстан велоспорт қауым­дастығы және ҚР Спорт және денешынықтыру iстерi агенттiгiмен бiрлесе отырып, мәртебелi жарыстың жоғары деңгейде өтуi үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасады, – дедi.

Әлемнiң әр түрлi елдерiнен келген 20 команда бақ сы­насқан алпауыт додада ел намысын биiк ұстаған жiгiт­терiмiз ешкiмге дес бермедi. Барлығы 6-айналымның орта белiне келгенде, қара үзiп шыққан алдыңғы топ аяқталар тұсқа қарай негiзгi пелотонмен арасын 3,5 минутқа дейiн ұзартып, өздерiне жақсы жағдай жасап алды. Ал, үздiк топ қатарында қазақстандықтар, нақтырақ айтсақ, жерлесiмiз Алексей Луценко мен Максим Иглинский бар болды. Айта кетейiк,  Алексей Луценко турдың «үздiк спринтерi» атанды.

6Соңғы айналымда мәреге қарай бет алған пелотон­шы­лардың алдыңғы тобынан Максим ұрымтал сәттi ұтқыр пайдаланып, қарсыластарынан қара үзiп кеттi. Осы қарқы­нынан таймаған оны ешкiм де қуып жете алмайтыны бiрден белгiлi болды. Мәреге жеткенше өз-өзiмен жарысқан оның нәти­жесi үздiк саналып, алғаш рет өткiзiлген «Алматы турының» тарихында есiмi алғашқы жеңiмпаз ретiнде жазылып қалды.

Ентiгiн әлi де баса алмай, қуаныш үстiнде тұрған Максиммен бiр-екi ауыз тiлдескен едiк:

–    Бүгiнгi жарыста көрсеткен нәтижеме ризамын. Әрине, өз жерiмiзде өтiп жатқандықтан, бұл додаға жақсы дайындалдым. Жарыс барысында, әсiресе, оза шыққан сәт ауыр тидi. Әлбетте, қарсы жел, жол кедергi келтiрiп бақты. Дегенмен, менiң оза шығып, қара үзiп кетуiме команда­ластарым көмектестi. Ал соңында тек өз-өзiммен жарысуға тура келдi, – дейдi ол.

Ал жеңiс тұғырында Максим Иглинскиймен қатар, тағы бiр отандасымыз Руслан Тiлеубаев 3-орын иегерi атанды. Екiншi орын – италиялық «Bardiani Valvole – CSF Inox» командасының шабандозы Сонни Солбереллиге бұйырды. Айта кетейiк, жарыс жеңiмпазын қала әкiмi Ахметжан Есiмов өз қолымен марапаттаса, үздiк үштiктi қорытындылаған Русланды велоспорттан 1989 жылғы әлем чемпионы Марат Сатыбалдиев құттықтады.

Тур ауқымын арттыруға мүмкiндiк бар

Елiмiзде тұңғыш өтiп отырған ерекше жарыс туралы Александр Винокуров журналистер ортасында өз пiкiрiн айтқан едi.

–    Осындай шара ұйымдастырғаны үшiн қала басшы­лығына үлкен алғыс бiлдiремiз. Қаламыздың кереметтерiн әлемге паш ету жолында өте жақсы мүмкiндiк болып отыр. Әрине, төменгi категориялы жарыс өткiзудемiз. Дегенмен, алдағы жылдарда санатты жоғарылату көзделуде, – деген ол жалпы турды ұзарту жайына да пiкiрiн бiлдiрдi.

–    Екi бiркүндiк жарыс ұйымдастыруға да болады. Келер жылы көре жатармыз. Оның үстiне, тағы бiр халық­аралық жарыс старт алып жатыр. Сондықтан, алдағы жарыс­тарда өтетiн күндi ауыстыру жағын да қарастырған жөн болар едi. Екiншiден, екi күндiк жарыс ұйымдасты­рылып жатса, шетелдiк қонақтарымызға әсем Медеуiмiздi, тауларымызды, басқа да кереметтерiмiздi көрсететiндей жақсы мүмкiндiк туар едi, – дедi ол.

Винокуровтың айтуынша, бiздiң заңғар тауларымызды Винченсо Нибали де келiп көрген екен. Анығырақ айтсақ, «Джиро д’Италиядан» кейiн осында келiп, Шымбұлақта болып, керемет әсер алған. Яғни, шетелдiктер қанағатта­нарлық үлкен тур жасайтындай жағдайымыз бар деген сөз. Ендеше, Медеу, Шымбұлаққа қарай таулы бағыттар жасап, тур шеңберiн ұлғайта түсуге болады. Дегенмен, ең бастысы, ұйымдастыруға келiп тiреледi.

Бiздiң қаламызда қазiргi таңда Шығыс айналма жолы қызмет етiп тұр. Болашақта Солтүстiк айналма жолы iске қо­сылмақ. Осы ретте, кейiнгi турлардың ауқымын ұлғай­тып, Алматыны айнала жүретiн бiрнеше күндiк веложа­рыстар ұйымдастыру туралы да ой туады. Александр Винокуровтың ойынша, Алматы көшелерiнiң жол төсем­дерi жарыс өткiзуге өте қолайлы. Сондықтан да тур ауқы­мын арттыруға болады. Тек, ұйымдастыру жағы оңтайлы шешiлiп жатса болғаны.

Мәселен, Еуропа қалаларында ұйымдастырылатын мұндай бәсекелерде көшелерде көлiк ағынын тоқтатып тастамайды. Тек, бiр уақ жауып, артынша көлiктердi өткiзiп те жасай алады. Ал, бiзде бұлайша ұйымдастыру белгiлi бiр деңгейде қауiпсiздiк мәселесiнде келеңсiздiк тудыруы мүмкiн. Оның үстiне, қаланың қызу тiршiлiгi бәрiне мәлiм. Сондықтан, жолдарды жауып тастау да бiрқатар қиындықтар тудыруы ғажап емес. Бiр сөзбен айтқанда, бәрi де ұтымды ұйымдастыра бiлуге келiп тiреледi. Ал бұл қала басшылығының алдағы уақытта айналысар шаруасы.

Данияр Кешубаев,

А.Винокуров атындағы Алматы велоклубының маманы:

 Халықаралық федерацияның президентi +5 деген баға қойды

 

«Алматы туры – 2013» Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерiнде алғаш өткiзiлген халықаралық жарыс болды. Жалпы, әлемдiк деңгейдегi велотур өткiзу мәртебесi кез-келген елге бұйыра бермейдi.

«Алматы туры – 2013» додасын өткiзу бiрiншi кезекте Олимпиада чемпионы, атақты велошабандоз Александр Винокуровпен тiкелей байланысты. Және де талай әлемдiк деңгейдегi жарыстарды өткiзу тәжiрибесi бар Алматыда өтуi тегiн емес.

Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовтiң бас­шы­лығымен жарысты ұйымдастыру, өткiзу жұмыстары өте жоғары деңгейде атқарылды. Дайындыққа қала­мыздың барлық қызметтерi жұмылдырылды. Қауiпсiздiк, басқа да жағдайлар халықаралық жарыстар өткiзу талаптарына сай болды.

Халықаралық велоспорт федерациясының президентi «Алматы туры – 2013» жарысына +5 деген баға қойып отыр. Бұл дегенiңiз доданы өткiзу деңгейi атақты «Тур де Франс», «Вуэльта» жарыстарынан кем болмағаны. Және де Халықаралық федерация президентi «Алматы туры» жарысын халықаралық жарыстар күнтiзбесiне енгiзуге уәде бердi. Егер Алматы туры күнтiзбеге кiрiп жатса, дода бiркүндiк емес, көпкүндiк болуы да мүмкiн.

Жалпы «Алматы туры – 2013» Алматының, Қазақ­станның мерейiн асырған жарыс болды. «Алматы туры» халықаралық веложарысы дәстүрлi шараға айналып, жыл сайын әлем назарын Алматыға аударады деп сене­мiз.

Алда жаңа биiктер мен жеңiстер күтiп тұр

Мейiржан БЕКЕНОВ, қала тұрғыны:

– Тәуелсiз елiмiзде талай жұрт тамсана айта жүрер, үлгi тұтар, таңдай қағар веложарыс сәттi жүзеге асты. Күнi кеше өткен веложарыстың жай-жапсары жайлы жағымды жаңалықтар, көңiл хошын туғызар хабарлар дүйiм елдi аралап кеттi. Осының бәрi бiз үшiн мақ­таныш, әрине. Әлгiндей қуанышты сезiмнен әлi күнге айыға алмай жүрген жайымыз бар. Бiлуiмше, бұл веложарыс бұрынғы Кеңес одағына кiрген мемлекеттер аумағында тұңғыш рет өткiзiлiп отыр екен. Және бұл шара қазақ елiн әлемге тағы бiр рет таныстырып, беделiн арттырады деген  сенiмдемiн. Бiз қолымыздан не келетiнiн көрсете бiлдiк, алда жаңа биiктер мен жеңiстер күтiп тұр деген сенiмдемiн.

Веложарысты емес, Қазақ елiн жарнамалауымыз керек

Ержан ЖҮРСIНҰЛЫ, қала тұрғыны:

– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекшi, бiраз дайындықты талап еткен бұл велотур бiр күннiң iшiнде өте шықты. Аталған веложарыстың елiмiзде өтуi – Тәуелсiз Қазақстанның жылнамасындағы айтулы шара­лардың бiрi болды деуге әбден негiз бар. Халық­аралық деңгейдегi веложарысты тамашалауға шетелдiк қонақтар мен қатысушылар келдi. Осының өзi аламан­ның бәсi биiк дода екенiн аңғартты. Сарықұрлық бәсе­кесiн мемлекетiмiзде алғаш рет ұйымдастыру арқылы елiмiз спорт саласының қарқынды дамуына жол ашты. Айта кету керек, елiмiзде, оның iшiнде Алматы қала­сында өткен веложарыс туралы жергiлiктi БАҚ және шетелдiк БАҚ өкiлдерi жарыса жазып, жарнамалап жатыр. Менiң ойымша, бiз веложарысты емес, Қазақ елiн жарнамалауымыз керек. Себебi, бұл халықаралық деңгейдегi жарыстың тарихын басқа халықтар жақсы түсiнедi. Бiрақ, Қазақстанды белгiлi деңгейде таны­майды. Осы сәттi пайдаланып, веложарыс арқылы Қа­зақ­­стан­ның салт-дәстүрiн, мәдениетiн басқа халықтарға танытсақ дұрыс болар едi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *