Алматы тау туризмінің Меккесі бола ала ма?

Ержан ЕРКІНБАЕВ, Шымбұлақ тау-шаңғы курортының бас директоры,

Алматы қаласы мәслихатының депутаты:

Аустрия, Швейцария, Франция деген кезде тау-шаңғы спортымен таныс адамның ойында керемет, биік Альпі баурайлары, Куршавель, Китцбюэль, Монблан шаңғы курорттары, ол жерде орналасқан мейрамханалардың дәмді тағамдары, жылы және жұмсақ ауа-райы жайлы қиялдар пайда болады. Жасыратыны жоқ, ол ойлар менде де бар…

Қазақстандағы ең үлкен тау-шаңғы курортын басқара отыра, менің армандарымның шыңы — аталмыш мемлекеттердің қатарына Қазақстанды қосу.

Туризмді дамыту шикізат өндіру саласына тәуелді болып қалған мемлекет экономикасына өзінің жағымды жағын көрсеткісі-ақ келеді. Тау десе, ән шума­ғына айналған – Алатау шыңдары бар. Таза ауаға шығып серуендеймін деу­шілерге, жүз жасаған теректердің арасында қыдырып, тау шыңынан кішкене бұлақ болып бастау алған ағын өзенде балғынданып алуға болады.

Туризмнің орталығына айналу үшін Алматы маңында барлығы бар. Енді оны тек қана дамыту ғана қалды…

Осы мақсатты қалай іске асырамыз? Мақсатымызға қашан қол жеткіземіз? Қандай қадам жасау қажет?

Осы және басқа да сұрақтарға жауап тауып, таппасақ та ақылды кеңес алу мақ­сатында жуырда Шымбұлақ курортында бүкіл әлемнен туризм майталмандарын, саяхаттану серілерін, бір сөзбен айтқанда, саяхат индустриясын, оның ішінде тау туризмі саласының қырларын жетік меңгерген кәсіпқойларын жинадық. Алматы қаласы әкімінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шілде айының 20-22 жұлдызы арасында «Халықаралық тау спорты фестивалі» ұйымдастырылды.

Олардың ішінде әйгілі саяхаттанушы, Халықаралық табиғатты қорғау ұйымының елшісі Йохан Нильсон, Portes Du Mont Blanc тау шаңғы курортының басшысы Лукас Маршанд, Аустрия мемлекетінің тау шаңғы бірлестігінің жұртшылықпен бай­ланыс департаментінің өкілі Кристоф Гизауэр, Ресейдің туристік бірлестігінің атқарушы директоры Александр Агамов, танымал халықаралық блогерлер, сурет­шілер, экстремалдар және тағы басқалары бар.

Үлкен делегация болып, «Халықаралық тау спорты фестивалі» атты шара бары­сында Алматы өңірінде туризмді дамыту жолдарын іздедік. Көптеген серуендер мен танымдық экскурсиялар нәтижесінде барлық қонақ  Алматының туристік потен­циалын бірауыздан жоғары бағалады.

Фестиваль барысында сөз сөйлеген қонақтар адамдардың экологиялық сауат­тылығын жоғарылату мақсатында үлкен жұмыс атқару қажеттігін сөз етті. Йохан Нильсонның айтуы бойынша, ең алғаш­қыда жергілікті тұрғындар өз табиғатын бағалай білуі қажет. Өздері және ұрпақтары өмір сүретін мекенді тазалықта ұстап үйреніп, қоршаған ортаның тым нәзік екендігін сезіну керек. Өзің баға­ламасаң, бөтен адам қайдан бағаласын.

Шараның тағы бір қадірлі мейманы болған Лукас Маршанд өз сөзінде дәстүр­леріміз бен менталитетіміздің айырмашы­лығына қарамастан, потенциалды шет ел туристерінің әрбір тілегі мен сөзіне құлақ асу қажеттігі жайлы айтты. Сонымен қоса, ол Алматы маңайындағы 200 шақырым жердегі сан алуан табиғи зоналар жайлы әңгіме қозғады. Бұл туризмді дамыту үшін маңызды ресурс екендігін және осы бағытта өз тәжірибесін бөлісуге дайындағын сөз етті.

 

Қайткенмен де, Қазақстан өзінің туристік нысандарының әлеуетін толық пайдаланбайды. 2010 жылдары Шымбұлақ курортына демалыс күндері 1000 адам келетін. Ал қазіргі уақытта әр сенбі және жексенбі күндері 15000 адам болады. Жыл сайын бұл сан көбейіп келеді. Биыл 600 мың адам Шымбұлақ тау шаңғы курортында демалуға келген. Әрине, демалушылар санының көбеюі қуантарлық жағдай. Бірақ Шымбұлақ курортында жағдай өзгеше.

 

Шымбұлақ курорты Іле-Алатауы үстір­тінде, Талғар асуында орналасқан. Бұл дегеніміз, Шымбұлақты әрі қарай дамыту, трассаларды үлкейту үлкен қиын­шылық­тарға алып келеді деген сөз. Курорт екі биік шыңның арасында орна­ласқан. Яғни трас­саларды ұзартуға, үлкейтуге табиғи себеп­терге байланысты мүмкіндік жоқ. Рельефі және жолдардың ауқымы бойынша шек­тел­ген. Қонақтар ең көп келе­тін күндері курорт тұншығып тұрғандай әсер қалды­рады. Мұның салдары қызмет көрсету саласында айқын байқалады. Бұл тығы­рық­тан шығудың бірден-бір жолы – Алматы облысында кәсіпқойлар үшін ғана емес, әуесқойларға да, балаларға да, қарт­тарға да қолжетімді курорттар санын арт­тыру. Яғни таңдау бар жерде сапа бар, сервис бар. Бұл шетелдік туристерді тартуға және ішкі туризмді дамытуға өз септігін тигізеді. Нәзіктігін және тазалығын сақтай отырып, Алматы маңайындағы таулардың потенциалын толықтай пайдалануымыз қажет.

Нақтырақ айтсақ, Шымбұлаққа бәсеке керек! Тау шаңғы индустриясын әрі қарай дамытуымыз қажет.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің Алатау бөктерінде туғанын үнемі мақтан етеді. Көк аспанмен шағылысқан мәңгі ақбас Алатау шыңдары әр алматылықтың жүрегінде сақталып қалады. Алдағы уақытта  елімізге келген әр мейманның да жүрегінен орын алсақ деймін!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *