Алматы тарихымен таныстырған студенттер сайысы

Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің ұйымдастыр­уы­мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен Жастар жылы аясында туризм мамандығы бойынша Алматы колледж студенттері ара­сында  «JAS TURІST» І қала­лық байқауы өтті. Байқау Әуезов ауданы әкімдігінің, Алматы қаласы колледждер қауымдастығы мен Қазақстан туристік қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды.  Сайыс Қазақстанның ішкі туризмін дамыту, Алматы қаласының тарихын және туристік нысандарының тарихын зерттеу, тереңнен тану, туристік өлкетану жұмысын ұйымдастырудың үздік тәжірибесін жетілдіру мақсатында өткізілді. 

Байқауға туризм мамандығы бойынша мамандар даярлайтын Алматы сервистік қызмет көрсету, Алматы мемлекеттік туризм және қонақжайлылық, Алматы мемлекеттік сервис және технология колледждері, «Тұран» колледжі, Қазақстан инже­нерлік-технологиялық универ­си­тетінің колледжі, Еуразия инновация­лық басқару академиясы Қаржы экономикалық колледжі, Алматы қазақ-түрік гуманитар­лық-техноло­гиялық колледжі және Ха­лықаралық қазақ-қытай тіл колледждерінің 2-3-курс студенттері қатысып, өзара бақ сынасты.

Жастар жарысына Алматы му­зейінің бас қор сақтаушысы Раузия Тұрсымбекова, Алматы қаласы колледждер қауымдас­тығының президенті Жантілеу Азизханов, Қазақстан туристік қауымдастығы дирек­торының орынбасары Клара Мамутова, «Тұмар Транс» компания­сының директоры Раушан Ибраги­мова, КИМЭП универ­си­тетінің Халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы, ағылшын және қытай тілдерінің маманы Ұлан Нұқанұлы төрелік жасады.

Студенттер сайысы екі кезеңнен тұрды. «Алматы – Алатаудың жүрегі ғой» атты алғашқы кезеңде жастар Алматы қаласы­ның әкімшілік аудандарының біріне тари­хи-мәдени, танымдық бағытта саяхат жасады. «Туған қалама саяхат» атты екінші кезеңде студенттер шежірелі шаһар тари­хымен таныстырып, өздеріне бөлінген аудан бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде автобуста экскурсия жүргізді.

Байқаудың  қорытындысы  бо­йын­­ша І орынды Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжі иеленді. ІІ орын Алматы сервис­тік қызмет көрсету колледжіне бұйырса, ІІІ орын Еуразия инновациялық басқару академиясы Қаржы экономикалық кол­леджіне берілді. Байқауды ұйым­дастырушы Халықаралық қазақ-қытай тіл кол­леджінің директоры Талғат Мамыр­ұлы байқау жеңім­паздарын Алғыс хаттармен және бағалы сыйлық­тармен марапаттады.

 

Алтынай ЕРҒАЗИНА,

Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің әдіскері. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *