Алматы – салауатты мегаполис

Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының 2017 жылды қорытындылауға арналған баспасөз мәслихаты өтті

Нұрлан СҮЙІН

 

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдау­лары мен ұсынған Даму бағдар­ла­марында  басымдыққа ие бағыттардың бірі – қазақстандықтардың салауатты өмірі. Елбасы алдыңғы қатарлы, дамыған мемлекет болу үшін салауатты ұлт қалыптастыру қажеттігін, ол үшін халықтың 30 пайызы спортпен айналы­суы керектігін айтқан болатын. Елба­сының осы бағыттағы тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында елдің спорт­тық орталығы – Алматыда бұқаралық спортты дамыту жақсы қолға алынған. Қала­лық «Спорттық Алматы» бағдарла­масы жасалып, бұқаралық спортты дамытуға бөлінетін қаржы 20 есе көбейтілді. Бүгінгі Алматы шын мәнінде Қазақстан спортының авангардына айналып отыр.

Алматы қаласының Өңірлік комму­ни­кациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаевтың қатысуымен 2017 жылды қорытындылауға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Әбіл Дөңбаевпен қатар Басқарма басшысының орынбасары Рүстем Байсейітов пен бұқаралық спорт  бөлімінің басшысы Алмасбек Маxан­бетияров БАҚ өкілдерімен кездесіп, спорт саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Басқарма басшысының айтуынша, «Алматы-2020» даму бағдарламасын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі халықтың спортпен шұғылданушылар санын 2020 жылға дейін   30 пайызға  жеткізу жоспарланған болатын.

– Өткен жылы Алматыда 500 мың адам қамтылып, 3 мыңнан аса спорттық шара өткіздік. Атап өтсек, «Алматы туры», «Әлем Барысы», Шымбұлақта өткен «Тау және спорт фестивалі», «Ұлы дала ойындары», футзалдан Еуропа чемпионатына іріктеу және УЕФА кубогының ширек финалы өткі­зіліп, жергілікті қаражаттан 1,3 млрд. теңге жұмсалды. Орталық Азияда ең ауқым­ды бұқаралық спорттық шаралар­дың бірі де бірегейі — 20 мың адамның қатысуымен өткен «Алматы марафоны» болып табылады. Сонымен қатар, демалыс және мереке күндері қалалық велошерулер ұйымдастыры­лады. Біз бұл көрсеткішке жетіп, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тап­сыр­маны орындадық.  Сонымен қатар, біз «Спорттық Алма­ты» және «Спорт — менің ауламда» жоба­ларын жалғасты­ратын боламыз, – деп атап өтті Әбіл Дөңбаев.

Биылғы жылы «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында 1731 іс-шара ұйым­дастырылып,  200 мыңнан аса адамды қамту жоспарлануда. 2017 жылы «Спорт — менің ауламда» бағдарламасы аясында спорттық алаңдар саны екі есе көбейді. Жоспарда бағдарлама аясында 150 спорт алаңын іске қосып, 18 мың жастарды қамту бар.

Сонымен қатар, биыл жеке спорттық ұйымдар төлемақысының есебінен Наурызбай ауданының жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларды дене шынықтыру мен спорт жаттығуларына қызықтыру мақсатында әлеуметтік жоба іске қосылады.

– Наурызбай әкімдігі арқылы тізімді алдық, жалпы 3000 баланың ішінен 828 бала таңдап алынып, олардың спорт секцияларына баруын 50% жеңілдікпен қамтамасыз етеміз, – деп қорытын­дылады Әбіл Дөңбаев.

Жалпы, салауатты өмір қалып­тас­тыруда Алматыда атқарылып жатқан жұмыстар жақсы бағаға лайық. Спорттық  шаһардағы сала­уаттылық шаралары жалғаса бермек.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *