Алматы республикалық бюджеттiң 27,5 пайызын қамтамасыз еттi

Әйгерiм САУЫТБЕК

9-шiлде – Қазақстан Республикасы Салық қызметi күнi. Кеше Алматы қаласы Әкiмi Ахметжан Есiмов салық қызметкерлерiн кәсiби мерекелерiмен құттықтады.

Алматы – республикалық бюджеттiң iрi доноры екенi белгiлi. Ағымдағы жылдың бiрiншi жартыжылдығында қаламыз республикалық бюджеттiң 27,5 пайызын қамтамасыз етiптi. Нақтырақ айтқанда, салық органдарының құзыретiне енетiн төлемдер бойынша мемлекеттiк бюджетке 507,5 млрд. теңге түсiптi, бұл былтырғы көрсеткiштен 61 миллиард теңгеге көп. Мұндай соманың жиналуы мегаполистiң тұрақты экономикалық дамуының арқасында мүмкiн болды. Алматыда өнеркәсiп, көлiк, байланыс және құрылыс салаларында өндiрiстiң өсiмi байқалуда.

– Бүгiнде бизнес өкiлдерi үшiн тауарларды өндiрiп, жүзеге асырып, табыс тауып және салық төлеуге барлық мүмкiндiк жасалған. Кәсiпкерлер өзiнде әлеуметтiк жауапкершiлiктi тәрбиелеу керек. Cөз кезегiнде, салық органдары қызметкерлерi бизнеспен диалог құра бiлуi керек. Салықшылар тек салық жинап қоймай, сонымен қатар қаржы кеңесшiсi болуы керек, – дедi шаһар басшысы.

Естерiңiзге сала кетейiк, 2008 жылы Алматы Әкiмi кәсiпкерлiктi «көлеңкеден» шығару жөнiнде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта қазыналық органдармен үлкен жұмыс атқарылды. Бүгiнгi таңда шағын және орта бизнес саласында 370 мың адамнан астам қамтылған.

Ағымдағы жылы Ахметжан Есiмов салық қызметкерлерiнiң алдында қымбат мүлiк – вилла, үй және авто-көлiктердi сатып алу мен қаржыландырудың заңдылығын тексеру жөнiнде тапсырма қойды.

– Жақын болашақта бiз жалпыға ортақ табысты мағлұмдауға келемiз. Сондықтан, бүгiннен бастап, дайындық жұмыстарын бастауымыз керек. Себебi, азаматтардың пайда болу көзiн анықтауға тиiс мүлiгiнiң негiзгi бөлiгi бiздiң қалада орналасқан, – дедi Әкiм.

Жиын соңында Ахметжан Есiмов кәсiби қызметiндегi сiңiрген еңбегi үшiн салық қызметкерлерiне алғыс айтып, Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *