АЛМАТЫ ПОЛИЦИЯСЫ КӨПБАЛАЛЫ АНАҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Алматы қалалық полиция департаментінің call-орталығына Алғабас ауылының тұрғыны Гүлмира Қонақбаева қоңырау шалып, бірнеше күн бойы балалармен аш қалғанын хабарлады. Анықталғандай, әйел Қаскелең қаласында жұмыс істеген, ол карантин енгізілгеннен кейін жұмысына шыға алмай қалған. Кәмелетке толмаған төрт баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана азық-түлік сатып алуға мүмкіндігі жоқ екенін айтып, көз жасына ерік берді. Оның азық-түлік сатып алу үшін қаражатын жұмыс беруші күн сайын төлеп отырған екен.
– Біз қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелге кім көмек көрсете алады деген ұранмен аудандық полиция басқармаларының басшыларына шықтық. Бірінші болып Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері хабарласты, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полиция қызметкерлері жедел азық-түлік себетін жинап, кішкентай балаларға түрлі тәттілерді алды. Гүлмира Қонақбаева бұл қонақтарды тағатсыздана күтті.
– Полиция қызметкерлері – менің соңғы үмітім болды. Біз балалармен бірнеше күн тамақсыз отырдық. Балаларым үшін қатты уайымдадым. Көмек қолын созған полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз, – деді көпбалалы ана.
Төрт бала тәрбиелеп отырған ананың жұбайы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған екен. Содан бері ол балаларын бір өзі бағып-қағып келеді.
– Көпбалалы отбасы ауыр жағдайда қалғанын білгеннен кейін біздің басқарманың қызметкерлері көмектесу керектігін ұйғарды. Жауапты қызметкерлеріміз қажетті азық-түліктерді сатып алып, олардың үйіне келді. Полиция қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен ғана шектелмейді. Қажет болған жағдайда полицейлер жұртшылыққа көмек қолын созуға әрқашан дайын. Біздің қоғам күрделі уақытты бастан кешкен кезде біз жұдырықтай жұмылып, үлкен бір отбасындай бола білуіміз керек, – деп атап өтті Жетісу аудандық Полиция басқармасының басшысы Дархан Мұсанов.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *