Алматының жолаушылар тасымалына 200 «Мерседес» автобусы қосылады

idi_6537

Нұрлан СҮЙІН

Шаһар басшысы «Германия экономикасының Қазақстандағы күні» қарсаңында Германияның сауда өндіріс өкілдері делега­циясымен кездесті.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Германияның Баден-Вюртемберг федералды жерінің сауда-өндірістік палатасының делегациясын қабылдады. Астанасы Штутгарт қаласы, Баден-Вюр­темберг федералды жері – Германияның инновациондық технологиялар мен машинақұрылыс саласының ірі орталығы. Дүниеге «Мерседес» маркасымен танымал машинажасаудың әлемдегі алыптарының бірі – «Daіmler AG» концерні де Штутгарт қаласында.

Серіктес-қонақтар делегациясын Алматы қалалық әкімдігінде қарсы алған шаһар басшысы Германия делегациясына біздің елде «Германия экономикасының Қазақстандағы күнін» жыл сайын өткізу әдемі дәстүрге айналғанын айтты. Б.Байбек бұл күн Қазақстанда дәстүрлі форум мен таныстыру алаңына айналып, Германия кәсіпорындарына екіжақты тиімді серік­тестікке бағдар беріп, нақты инвести­циялық жобаларды талқылауға жағдай тудыратынына тоқталды.

– Германия – Қазақстанның Еуро­Одақтағы алдыңғы қатарлы серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда-экономи­калық қатынас тұрақты дамуда және жаңа экономикалық серіктестік мүмкіндіктерді іздеуге қолайлы. Алматы қаласы Герма­нияның өндіріс орындарына Қазақстан және Орталық Азия нарығында инвес­тициялық қызмет жасауына көмектеседі, – деді Б.Байбек.

Өз кезегінде Германия делегациясының басшысы, сауда-өндірістік палаталары одағының президенті Петер Кулитц неміс делегациясы аймақ экономикасының әр саласының өкілдерінен құралғанын, Қазақстанның ірі экономикалық орталығы – Алматыға мегаполистің іскерлік белсенділігі, мүмкіндіктерімен танысуға келгендіктерін жеткізді.

Тараптар Алматы қаласы мекн Германия арасындағы сауда өндірістік серіктестікті әрі қарай нығайтып, дамытуға уағдаласты.

 

Келісімге қол қойылды

Алматы қаласы әкімдігінде Германия­ның «Daіmler AG» автомобиль жасау концерні мен қазақстандық «FalconEuroBus» компаниясы арасында келісім-шартқа қол қою рәсімі өтті. Келісім жасалған серік­тестік меморандумы аясында Алматыға, қаланың жолаушы тасымалы саласына заманауи, жаңа «Мерседес» маркалы 200 автобус әкелу жоспарланған. 

Қазақстандық компания Алматыда еуростандарттағы автобус паркі мен «Мерседес» автобустарын құрастыру зауытын салуға 24 млрд. теңге инвестиция құяды.

«FalconEuroBus» компаниясы қолға алған жобаға Алматы басшылығы өндіріске қолайлы жерден, Төле би мен Яссауи көшелерінің қиылысынан 7 гектар жер телімін бөліп отыр. Жоба жүзеге асқанда осы жерде әкімшілік ғимарат, екі қосалқы бөлшектер қоймасы, көлік жөндеу аймағы, май құю бекеті, 225 автобусқа арналған жабық тұрақ және мамандарға арналған оқу орталығы бой көтеруі тиіс. Келісім-шартқа сәйкес, желтоқсан айында Герма­ниядан Евро-5 стандарттағы 20 «Мерседес» автобусы келеді.

Келісім-шартқа қол қою рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

– Алматыда көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне үлкен мән беріледі. Бұл бағыттағы біздің негізгі өлшемдеріміз – сапалы автопарк, тиімді қызмет және жоғары білікті персонал. Бұл автобустар Универсиада-2017 әлемдік ойындары қарсаңында қаланың келбетін өзгертіп, көрік беруге тиіс. Алматылықтар мен қала қонақтары «Мерседес» маркасының сапасы мен жайлылығын бағалай алады, – деді шаһар басшысы.

Өз кезегінде «DaіmlerBus» концернінің сату және маркетинг жөніндегі Солтүстік Еуропа, Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хакан Йонссон аталмыш жобаның Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда тұңғыш екенін атап өтті.

– Алматы әкімдігінің көлік, жолаушы тасымалы жобаларын жан-жақты қолдай­тыны қуантады. Біз екіжақты серіктестіктің жемісті болатынына сенімдіміз. «Мерседес» автобустары қаланың қоғамдық көлік инфрақұрылымы мен экологиялық ахуа­лының жақсаруына өз үлесін қосады деп ойлаймын, – деді Х.Йонссон.

 

Германия елшісімен кездесті

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Германия Федеративті Республи­касының (ГФР) Қазақстандағы елшісі Рольф Мафаэлмен, ГФР-дің Алматы қаласындағы консулы Йорн Розенбергпен кездесті. Кездесу «Германия экономика­сының Қазақстандағы күні» қарсаңында өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақ­тық серіктестікті әрі қарай күшейту мәселелерін талқылады.

Бүгінгі таңда Алматыда 215 біріккен, 222 неміс капиталы қатысқан кәсіпорын бар. ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша, Қазақстанға құйылған Германия инвесторларының тікелей инвестициясы 2016 жылдың І тоқсанында 29,9 млрд. еуро болды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *