АЛМАТЫНЫҢ ӨМІРІН ЖАЗАТЫН, НАСИХАТТАЙТЫН КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ҚАЛЫПТАСУҒА ТИІС

Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы, кинодраматург:

— Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен қала үшін тарихи маңызы бар «Алматы – 2050» атты бағдарлама өмірге келді. Оқып шықтық. Қала дамуының 30 жылға арналған жан-жақты даму концепциясы жазылған екен. Бір қарағанда ескерілмеген нәрсе жоқтай. Бағдарламаның бүйрек жылытатын тұстары көп. Әсіресе, жоспарланған барлық қадамдардың адамдар үшін, алматылықтар үшін, олардың бүгіні мен болашағы үшін жасалатыны жанға жылу ұялатады.  Бағдарламаға «Іске сәт!» дей отырып, өз тарапымыздан аз ғана  пікір қосқанды жөн көрдік.

Біріншіден, бағдарламадағы «Алматы – елдің бірегейлігін білдіретін ұлттық коды бар қала болады» деген сөйлемдер осы құжаттың алтын арқауына айналса екен дейміз. Өйткені, Алматы кешегі кеңестік кезеңде 70 жыл ұдайы  Қазақстан астанасы бола тұрып,  отарлық  озбырлық тоқпағынан таяқ жеген қала. Орыстанған қала. Әлі күнге көшедегі жарнамалар орыс тілінен аударылған калька күйінде  қазақ тілін мазақ қылып тұрғандай. Қазақ тілін қорлаудың советтік ізі көшелерде  сайрап тұр. Алматы өзінің ұлттық бірегейлігін қалыптастыруға тиіс. Екіншіден, мемлекеттік балабақшалар түгел мемлекеттік тілде тәрбие беруге тиіс. Үшінші, Алматының өмірін жазатын, насихаттайтын көркем әдебиет қалыптасуға тиіс. Жыл сайын Алматы туралы жазылған роман, хикаяттарға бәйге жарияланып тұрса, құба-құп. Төртіншіден, Алматының өмірін насихаттайтын жаңа киножобалар қаржыландырылуға тиіс. Бесіншіден, Алматыда кеңестік кезеңде орыстанған қазақтар 2050 жылға дейін қазақтануға тиіс. Ол үшін қалада осы бағытта ашық жұмыс жүргізілуі керек. Орыстанған қазақтар түгел  қазақтанғанда ғана  Алматыда  Тәуелсіздіктің шынайы  салтанатын сеземіз. Яғни отарлық заманның рухани ойраны қалыпқа келгенін сезетін боламыз. Бағдарламада ұлттық Тәуелсіздігіміздің рухына сай осындай рухани жаңғырулар да  көрініс   тапса екен дейміз.

Бақытжан Әбдірұлы Алматыға қызметке келгенде алғашқы қадамын Райымбек әулие кесенесі мен Алланың үйі мешітке кіріп,  Жаратушыдан жақсы тілектер тілеумен бастады. Бұл оның үлкен мемлекет қайраткері ғана емес, үлкен азаматтық, адами келбетінен де шынайы хабар берген еді. Осындай көрнекті  тұлғаның  алып қала Алматының тізгінін ұстаған жылдар қала тарихында  ұлттық, рухани жаңғырудың да жарқын  жылдары болып із қалдырса екен дейміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *