Алматының бастамасы баянды болды

Мектеп бітіру кешін мәнді де мазмұнды етіп өткізу, баланың өмір қауіпсіздігін сақтау сынды жауапты мәселелер бүгінгі күннің басты тақырыбы болып тұр. Осы орайда қалалық Білім басқармасының Рухани-адамгершілік тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Нұргүл Тауқызына хабарласқан едік.

 Рая ЕСКЕНДІР

– Биыл Алматы қаласы бойынша 8 мыңнан астам түлек мектеп бітіргелі отыр. 25 мамыр күні қаламыздағы 204 мемлекеттік және 55 жекеменшік мектеп шаңырағында «Соңғы қоңырау» салтанаты өтеді. Аталмыш іс-шара әрбір мектепте екі ауысымда сағат 9.00-де және 12.00-де өтеді. Оқушыларының қауіпсіз­дігі үшін барлық мектепте бұл күні полиция қызметкерлері мен «Жедел жәрдем» қызметтері ұйымдастырылып, кезекшілік ететін болады. Сонымен қатар, 12 маусым күні Республика бойынша биылғы Жастар жылы аясында 2019 жылғы жалпы білім беретін ұйымдардың мектеп бітірушілеріне арналған «Болашақ жастардікі» атты іс-шара әрбір мектеп шаңырағында өтеді. Бұл жиында түлектерге мектеп бітіргені жөніндегі аттестаттар табыс етілетін болады.

 

Балдәурен шақпен қоштасу

Адам өміріндегі ең қимас, сәулелі шақтардың бірі –  мектеп бітіріп, үлкен өмірге бағыт түзейтін шақ. Мектеп бітіру кеші десе, барлығымыздың өткен кезеңді аса бір сағынышпен, рахаттана отырып еске алатынымыз бар. Өйткені, мектеппен қоштасу – бұл алаңсыз балалық шақпен қоштасу. Сосын, әрине, дүбірлі өмір додасына араласып, тіршіліктің қым-қуыт қамытын киіп кете береміз.

Сондықтан мектеп бітіру кеші әрбір адамның өміріндегі ең бір қимас сезімге толы, мәңгілік есте қалатын оқиғасына айналуы тиіс. Дегенмен, соңғы жылдары бұл бір үлкен әңгімеге арқау болып, әр түрлі пікірлер тудыратын болып жүр. Сондай ыңғайсыз жағдайларды болдырмау үшін Алматы қалалық Білім басқармасы осы мәселе төңірегінде дүркін-дүркін жиын өткізіп, баянды бастамалар көтерген еді.

Елімізде алғашқы болып Алматы қаласының мектеп бітірушілері қымбат мейрамханалардан бас тартып, ата-аналарының ақшаларын орынсыз ысырап етпеу үшін қандай да бір сауапты іске жұмсағанды жөн көрген еді. Алғашқылардың бірі болып Салтанат Құсайынова басшылық ететін Жетісу аудандық білім бөлімі бастама көтеріп, барлық мектеп бітіруші түлектерге үндеу жолдаған еді.

Осы аудандағы Руфинат Бекдайырқызы басшылық етіп отырған №108 жалпы білім беретін мектептің бітіруші түлектері былтыр онкологиялық ауруханада емделіп жатқан балалардың еміне шипа болсын деген ниетпен жинаған қаржыларын табыс етсе, биыл осы аудандағы көпбалалы ана Райхан Серікбаеваның отбасына түрлі-түсті теледидар алып беріп отыр.

Міне, үлкен өмірге бет түзеген түлектер бір отбасының алғысын алса, бұдан үлкен сауап бар ма?

Алматыдағы мектептердің 73-і бітіру кештерін мейрамханаларда атап өтуден түбегейлі бас тартып, әлеуметтік аз қамтылған бірнеше отбасына көмек көрсетіп, ізгі бастамаға қолдау көрсетуде. Қаламыздағы Алатау, Жетісу аудандары әзірге алда келеді.

 

Артық шығынның сұрауы бар

Осыдан біраз жыл бұрын біздің газетте «Қош бол, «Қоштасу кеші!» деген үлкен бір мақала шығып, мектеп бітіру кешінің көп жағдайда ысырапшылыққа, дарақылыққа, артық ақшаны желге шашу сияқты орынсыз іс-әрекетіне аз да болса тосқауыл қойғандай болған едік. Дегенмен, біздегі бастамалардың бұрқ етіп басталып, лап етіп өшіп қалатыны бар ғой.

Әлгі әңгіме де сол жылы-ақ ұмыт қалып, келесі оқу жылында мектеп бітіру кештерінің басқа түрлері шыға бастаған еді. Бір кездерде мектептің мәжіліс залында, асханасында өтетін түлектер кешінің келе-келе қымбат мейрамханаларда өтуі сәнге айналып кеткен еді.

Лимузинсіз бірде-бір түлектер кеші өтпейтін болды. Тіпті, бұл әбден қалыптасқан дәстүрге айналып кетті деуге болады. Мектеп бітірушілер кеші «таңқалдыруын» мұнымен де қойған жоқ. Түркия, Дубайға барып, тойлап жатқандар да болды.

Бұл не? Тоқтықтан, тоғышарлықтан шыққан есіру ме? Көпбалалы аналар неліктен көшеге шығып, мұң-зарын айтып жатыр?

Осындайда аналарды ашындырған қоғамда болып жатқан осындай аста-төк, той-думандар емес пе екен деген де ой келеді екен. Сонымен бұл үрдіс бізге қайдан, қалай келді? Ата-аналардың айтуынша, барлығының бірдей қалталары артық шығынды көтере бермейді. Кез-келген мектептің «пысықай» ата-аналары болады. Жол бастап, той тізгінін қолға алады.

Олардың әңгімелерінің түп тамыры көбіне былай болып келетіні жасырын емес. «Былтырғы мектеп бітірушілер керемет мейрамханада тойлады. Неге бізге олардан асырмасқа? Ана сынып тау жақтағы мейрамхананы таңдап жатыр. Неге біз қаланың төменгі жағында жүруіміз керек» деген сыңайда. Барлық ата-ананың әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Сондықтан артық шығын шығарып, ақшаны босқа шашқанша, сол сыныптағы көпбалалы ата-анаға немесе мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған ата-анаға көмек ретінде ұсынсаңыз. Оның сауабы да зор болар еді. Әрі әрбір шығынның өз сұрауы болатынын ескерген жөн.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *