Алматының апортына араша қажет!

Қашанғы Қытайдың көк алмасын қанағат етеміз?..

Серік ЖҰМАБАЕВ

ggg

Қазір Көк базарды шарласаң, көк алмалар көзге ұрады. Қытайдан тасылған алмаларды «қай жақтікі?» деп сұрасаң, саудагерлерміз «Талғардікі» деп тұрады. Мұнда алушылар көбеймесе, ешқашан азаймаған емес.

Дегенмен, адам ағзасының нашарлап, шамадан тыс семіруі, қант диабеті мен әйелдердің бала көтере алмауы секілді қатерлі аурулардың азық-түлік сапасыздығынан да болатынын мамандар әлдеқашан дәлелдеген. Қытайдан келген өнімдер Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан жеткізілген жемістердей тез бұзылып немесе шіріп кетпейді, құрт та жемейді. Себебі, оларды қытайлар (ғалымдардың айтуынша) мөлшерден тыс биоқосындылармен булайтын көрінеді. Бәзбір сауда алпауыттары үшін шамадан тыс биоқоспалар ендірілген қытай жемістерінің жоғарыда айтылған ауруларды қоздырғыш күшке айналғанын мойындау мүлде тиімсіз.

Кезінде қайран Алматы «Алмалардың патшасы» атанған еді. Тіпті, оңтүстік астанамыздың символы да болған. Оның тостағандай көлеміне, көздің жауын алатындай қызылды-жасылды түріне, тілді үйіретін ерекше дәміне, жансарайыңды ашатын ғажап исіне бірде-бір алма сорты тең келмейтін. Бірақ, сол әйгілі апорттарымыз қазір қайда?

Бүгінде бұрынғы апортты кездестіру қиын. Көбісі жемісі уақталып, түрі солғын тартып, дәмі мен исінен түгелдей дерлік айрылған. Кейбір кезде көлемі мен түрі келіп тұрса да, апортқа тән дәмі мен исі байқала бермейді. Мамандардың айтуынша, мұның барлығы түрлі биотикалық, абиотикалық әсерлердің салдарынан болып отырған көрінеді. Бірақ, мұнымен қатар, әлеуметтік себептерді естен шығармаған жөн шығар. Қаланың өсуіне байланысты, талай апорт ағаштары оталды. Қаншама бой түзеген әсем талдар жараланған жауынгерлердей қатар-қатар құлап, жер жастанды. Шаруашылықтар мен жеке шаруалардың гектар-гектар алма бақтары да бір күнде бар сәнінен айрылды. Тау бөктерінен коттедж соғып жатқан жұмыриектілер апорт ағаштарын аяусыз кесті. 70-жылдарғы санақ бойынша, Қазақстанда 4 миллионға жуық түп апорт ағашы болса, оның 80 пайызын құрайтын 3 миллион түп Алматыда өсірілген екен. Бұдан кейінгі санақтар көңілге кірбің ұялатады. Мәселен, 1984 жылы Қазақстанда 2 млн. түп апорт алма болып, Алматыда оның 1 млн.-ны өсірілген. Ал бұдан соңғы мәліметтер, тіпті, майдаланып кеткен. Қайткенде де, апорт алмаға аса көңіл бөлу қажет. Қашанғы Қытайдың көк алмасын қанағат қылмақпыз?

Мағжан ИСА, биология ғылымдарының докторы:

Апортты жаңғырту жұмысына мемлекеттік мәртебе беру қажет

– Қолда бар көшеттерді отырғызғанмен, онымен сорт бұрынғы қалпына келмейді. Себебі, қазіргі қолда бары апорттың азған түрі ғана. Оны қайта жаңғырту үшін вирус ауруынан айықтырып, биотехнология жетістіктерін қолданып, апорттың жаңа «өсімдігін» алу керек. Ол үшін ғылыми-практикалық қыруар жұмыс жасау қажет, барлық мәселе қаражатқа тіреледі. Былтырғы отырғызған апорт бағына келсек, жағдайы мүшкіл. Отырғызылған ағаштарды өткен күзде ұрлау жәйттері орын алды, өйткені, жергілікті халық бақта нағыз апорт өсірілетінін біліп қалса керек. Біз енді қолда бар ал­қы­зыл, алтын апортты құртып, жоғалтып алмаудың жайын ойластырсақ дейміз. Мемлекеттік тиісті органдар бұдан бы­лай қалыптасқан жағдайға назар ау­дарар, апорттың жойы­луына жол берген адамдарды тәртіпке шақырар, жауапқа тартар, сөйтіп, мәселеге қозғау салар деген ойдамыз. Алайда, осы маңызы жоғары жұмыстарға қолдау көрсетуді артық санайтын шенеуніктердің қылығына қынжылады екенсің. Сондықтан біз қолға алған апортты жаңғырту бағдарламасына мемлекеттік мәртебе берген абзал болар еді.

 

Босатқан ҰЛДАРБЕКОВ, қоғам қайраткері:

– Мен кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы қалалық аймақтық басқармасының басшысы қызметін атқарғанмын. 1993 жылы ауыл шаруашылығына арналған үлкен бір мәжілісте Президент апорт проблемасын көтерді. Бірақ, «тар жол, тайғақ кешу» заманы басталды да, апорттың мәселесі тағы да сиырқұймышақтанып кетті. 2004 жылы бұл мәселе қайта көтерілді. Қазір қаланың кейбір зейнеткерлерімен Алматының апорты туралы әңгімелесе қалсаңыз, тіпті, олар көзіне жас алады… Дегенмен де түпкілікті қолға алсақ, алдағы уақытта Алматының мақтанышына айналған апорт қайта жанданады деген ойдамын.

 

Джон Керри, АҚШ-тың мемлекеттік xатшысы:

– Алматының апорты мені қатты таңқалдырды. Алматыда дәл осындай ірі алмалар өсіріледі деп ойламап едім. Біздің Жаңа Англияда болса, биыл алма аз шықты. Жаңа Англияға барғанда, мен ол жақтағыларға «Алматымен бірге жұмыс жасауды бастаңдар» деп айтатын боламын. Өйткені, мына алма шынымен өте әдемі әрі дәмді екен.

Бұрындары үлкендер: «Алматыға жақындағанда алманың исі шығып тұрушы еді», – деп айтып отыратын. Алманың отанында тұрсақ та, мұны Қытайдан тонналап алып келетін болдық. Дегенмен Елбасымыз кейінгі уақытта өз сөзінде қаланы қайта алма бағына айналдыруды айтып қалып жүр. Енді атқарушы билік бұған немқұрайлы қарамай, тындырымды шараларды қолға алса, қанеки?..

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *