АЛМАТЫНЫҢ АЛТЫНЫ

Рио Олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржыны қос алтынмен, алтынға баланған күміс жүлдемен толықты

Қос алтынның бірін суда жүзу спортынан сенсация жасап, халықаралық спорт қауымдастығын қайран қалдырған жиырма бір жастағы «Алматының алтын ұлы» Дмитрий Баландин алып берді.

ҚазҰУ-дің студенті, Алматының тұрғыны Дмитрий Баландин суға жүзуден әлемдік сенсация жасады

 

33Нұрлан СҮЙІН

Дмитрий Баландин «айды ас­панға бір-ақ шығарды». Біздің баланың Олимпиададағы жеңісін әлемдік қауымдастық сенсацияға балап отыр. Енді қайтсін,  көл жағалауы дегеннен бір-бірінен 500-1000 шақы­рымға алыс орналасқан Алакөлі, Балқашы мен жасанды көл – Қап­шағайы ғана бар Қазақстаннан спорттық суға жүзуден чемпион шығады деп ойламаса керек. Суға жүзу спортынан әлемдік жетістік тек Америка, Жапония, Ресей секілді мемлекеттерге ғана тән деп есеп­тейтін қауымдастық Қазақстан ұланының жеңісін ерекше қабылдап отыр. Ал біздің Дима болса қос жүлдегер екі держава – Америка мен Ресейдің өкілдерін екі жағына алып, Отанының көк туын биіктен желбіретіп, Әнұранын шырқатып, оған өзі қосылып тұр, әне!

Боз кілем мен рингтегі, одан қалса, ауыр атлетика мен жеңіл атлетика, велоспорт сияқты сайыстардан Олимпиаданың алтын-күмісін алып үйренген біздің өзімізге де Алматының «балық баласы» Диманың  алтыны айрықша қуаныш.  Ал енді осынау үлкен жеңіске Дмитрий Баландин қалай келді десек, спорттық жетістіктің бастауын спорттық отбасынан, салауатты қала – Алматыдан бастау керектей.

Дима Баландин 1995 жылдың 4 сәуірінде Алматы қаласында Игорь және Татьяна Баландиндер отбасында дүниеге келген. Әкесі Игорь Баландин (03.01.62 ж.) мен анасы Татьяна Баландина (05.07.1970 ж.) волейбол, коньки спортымен айналысқан екен. Спорттық отбасы сәби Диманы туғаннан спортқа баулымақ болып, жеңіл атлетика ма, бокс әлде каратэ сияқты спорт түрлерін таңдайды. Бірақ, шарана кезінде екі сәбидің бірінде кездесетін бас қысымы (внутрочерепное давление) диагнозын қойған дәрігерлер баланы бассейнге апаруға кеңес берген. Осылай төрт жасында ем үшін бассейнге берілген Дима сегіз жасынан жүзумен айналыса бастайды. Алғашқы бапкері – Людмила Петрова. Салауатты да спорттық қала – Алматының баласы Дима дертінен құлан-таза айығып, 2008 жылы Алматыдағы  Дарынды балаларға  арналған арнаулы спорт мектеп-интернатына (СШИОСД) қабылданады. Спорт мектебін 2012 жылы бітіріп, жүзу спортынан жасөспірімдер арасында Қазақстан атынан халықаралық додаларға қатысады. 2013 жылы Дубайда  Жасөспірім­дер әлем біріншілігінде финалға шығып, 4-орын алды.  Ал Азия құрлығын мойын­датып, Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанып, Азия рекордын жаңарт­уы – 2014 жыл.

Ал 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында Универсиада ойын­дарында чемпион атанып, Рио Олимпиа­дасына жолдама ұтып алды. Бүкіләлемдік стденттер ойындарының жеңімпазы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінде оқиды. Универ­сиададан Олимпиа­даға жолдама жеңіп алған Дима Баландинді ешкім Риода фавориттер қатарына қоспа­ғаны да рас. Себебі, Олимпиадаға төрт­жылдықтың  бірнеше дүркін чемпиондары мен жүлдегерлері, әлемдік рекордтардың  авторлары  келген болатын. Төрткүл дүниенің төрт бұры­шынан жиналған ең мықты 40 жүзгіштің ортасына түсті. Біздің Дима салғаннан сабырлылық сақтап, іріктеу сынында  үшінші, ширек финалда төртінші, жартылай финалда да бел ортада келіп, финалға шыққан сегіздікке ілініп, ең соңғы сегізінші жүзу жолы бойынша сайысқа түсті. Әдетте, медаль алады дегендер ортаңғы жолда, «көптің бірі» делінетіндер шеткі жолдарда болатыны белгілі. Риода да брасс әдісімен 200 метрге жүзу сайысының  финалында жетінші, сегізінші жарыс жолында Ресей, Қазақстан жүзгіштері шықты. Шетке қойыл­ған жүзгіштер нәтижесінде  Олим­пиада чемпионы мен жүлдегері атанды. Әлемнің аузын аштырып, «айды аспанға шығарған», Олимпиада чемпионы атанған – Алматының алтын ұлы Дмитрий Баландин.

Ал, суға жүзу спортынан Олимпиада чемпионы  шығуының негізін қасиетті қазақ топырағынан, салауатты қала Алматыдан іздеу керек. Өзгеге үлгі болар спорттық отбасы – Баландиндер  мен 2009 жылдан жеке бапкері Алексей Казаковтың да үлесі зор бұл жеңісте.

P.s. Рио Олимпиадасында Қазақ­стан қоржынына Диманың алты­нынан бөлек, бір алтын, бір күміс жүлде салып, командалық есепте 30-орыннан 12-орынға шығаруға үлес қосқандар – ауыр атлеттеріміз Нижат Рахимов (77 кг.) пен қазақ қызы Жазира Жаппарқұл (69 кг.). Қос зілтеміршіміз Қазақстан ауыр атлетикасының әлемдегі орнын тағы бір нақтылап, жалпы Қазақстан спортының дәрежесін көрсетті. Қазақ ауыр атлетикасының жұлдыз­дары –  Олимпиада чем­пионы мен жүлдегері жөніндегі арнаулы материалдарды газетіміз­дің келесі санынан оқисыздар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *