Алматының адамдар тығыз орналасқан аудандарын жүрдек автобус дәлізі қамтитын болады

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кезекті  жұмыс сапары кезінде мегаполистің көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымының құрылыс қарқынын тексерді. Бірнеше сағат ішінде қала басшысы Мұстафин, Рысқұлбеков, Сүлейменов, Жандосов және Тимирязев көшелерін аралап шықты.

Шаһар басшысы Тимирязев пен  Манас көшелерінің бұрышындағы май құю бекеті алдындағы көлік қозғалы­сының сызбасын жаяу жүргіншілерге басымдық беріп қайта қарауды, тро­туар­ды қауіпсіз аймақпен қоса абат­тандыруды ұсынды. Жақын арада «Атакенттің» кіреберіс аркаларының алаңдарын жасылдандыру жұмыстары басталады. Мегаполис басшысы мерді­гер­лердің назарын Жандосов пен Розыбақиев көшелерінің бойындағы сапасыз салынған тротуарларға аудар­ды. Дәл сол күні олқылықты жоюды тапсырды.

Мұстафин, Рысқұлбеков, Сүлейме­нов көшелерінде Көлік реформасы аясында BRT желілерін қайта жасау жұмыстары жүруде.  Жандосов және Тимирязев көшелерінің бойында BRT желілерінің қозғалыс бөлігін кеңейту үшін тротуарлар мен веложолдар салу, сонымен қатар, инженерлік жүйелерді қайта орналастыру жұмыстары атқа­рылуда. Мегаполис басшысы көшелерді реконструкциялаудың кешенді жүр­гізілуі, заңсыз құрылыстардың, қор­шау­лардың алынуы, нысандардың сыртқы келбетінің бірыңғай архитек­туралық стильде болуы, асфальтты алаңдардың азайып, жасылдандырудың артуы тиіс екенін атап өтті.

Жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары басқармасының басшысы Талғат Хосчанов BRT дәлізінің адамдар тығыз орналасқан аудандарды қамти­тынын, оларға қызмет көрсету үшін қоғамдық көлікке басымдық беру қажеттігін айтты. Жоспарланған 9 шақы­рымның ұзындығы 2,7 шақырым  бола­тын жерінің қайта жасалуы арқасында қоғамдық көліктегі жолаушылар легі 20%-ға артып, жолға кететін уақыт 30%-ға қысқарған.

«Қазіргі кезде кіші айналма жолдың өткізу қабілетін арттыру үшін жолай­рықтар салынуда. Көпір нысандары көбеюде, трамвай жолдары алынып, қозғалыс аумағы кеңеюде. Қаланың барлық аудандарын қоса алғанда, 157  көше жөнделуде. Яғни біз BRT дәлізі­нен өтетін автокөліктер  үшін де жағдай жасаудамыз», — деді Т.Хосчанов.

Мамандардың айтуынша, бірінші фаза бағытының ұзындығы — 8,7 шақы­рым, ол Мұстафин – Сүлейменов – Жандосов – Тимирязев көшелерін Жел­тоқсан көшесіне дейін қамтиды. Қазіргі кезде жалпы ұзындығы 13,2 шақырым  болатын бағыттың екінші фазасының құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалуда. Ол Желтоқсан – Төле би – Шығыс айнал­­ма жолы – Құлжа  трактін қам­тиды. BRT желілері үшін 18 метрлі авто­­бустар жүргізу жоспарланған. Кейінірек BRT желілеріне қызмет көрсету үшін жүйе интеграциясына қатыс­ты сыйымдылығы үлкен автобус­тар жүргізу жоспар­лануда. Ал  бұры­лыс­тарда жолаушылар көлігіне басым­дық беріледі.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close