Алматының «Ақшамы» жылды қалай түйіндеді?

«Алматы ақшамында» әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұмасы қызу қарбаласқа толы болады. Себебі, бұл күндері газеттің ертең шығатын нөмірі қатталады.

Кеше біз Ит жылының соңғы жұмасын өткізіп, бүгін газеттің ең соңғы нөмірін жарыққа шығардық. Тағы бір жылдың соңғы парағын жаптық. Ит жылы жалқауларды жақсы көрмейді дегенді оқығаным бар-ды жыл басында. Ал біздің «Алматы ақшамында» жалқаулар жоқ. Сондықтан да биыл бізге марапат «жауған» жыл болды. Нақтырақ айтқанда, бір сөзден мың сөйлем құрап, сырлы да сәулелі дүниелер жазып жүрген бірқатар журналист елдік деңгейде марапатталды.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

«Алматы ақшамы» газетін элиталық басылым деңгейіне көтерген Бас редактор Қали Сәрсенбайдың әріптестеріне бір дауыс көтергенін, көңілдеріне тиетін қатты сөз айтқан жерін көрмеппін. Осындай парасат иесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлы­ғының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері биыл кеудесіне «Парасат» орденін тақты.

Сұлулыққа, әдемілікке құмар, ақынжанды әріптесіміз, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Бас редактордың бірінші орынбасары Әнуарбек Әуелбек «ҚР Ақпарат саласының үздігі» атанды.

Газеттің орыс тіліндегі және ресми іс-қағаздарын «айқайлап» айтпай-ақ, үн-түнсіз бір өзі тындырып отыратын, Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі, «Қазақ журналис­тикасының қайрат­кері», Бас редактордың орынбасары Төрехан Данияр мен жүрген-тұрғаны білінбейтін, артық-ауыс сөзі жоқ, әзіл-қалжыңға келгенде біратары бар, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті жур­налисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өтеш Өтеуліұлы кеуделеріне «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалін тақты.

Осындай сақа журналистеріміздің бірі, газетіміздің «көріпкелі» (ауа-райына қазақы болжамдар жасайтын), менің шығармашы­лығыма деген жоғары бағасын «сенің жазғандарыңды оқып жүрмін, айналайын» деген бір ауыз жылы сөзіне-ақ сыйдыра қоятын Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Сәрсенбек Бекмұратұлы биыл қос марапатқа: «Қазақ журналистикасының қайраткері» мен «Астанаға 20 жыл» мерекелік медальдарына ие болды.

Айтпақшы, биыл біздің газеттің тұрақты бірқатар авторының, рухани достарымыздың да мерейлері үстем болғанын айта кете­йік. Олардың қатарында жазушы, журналист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Зәкір Асабаев – «Құрмет» орденімен  мара­патталды.

Жазған-сызғанында да, киген киі­мінде де бір мін жоқ, тал­ғампаз азамат, ұзақ жылдар Алматы облыстық әкім­дігінде жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерде істеген, Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі Ермек Жұмах­метұлы «Еңбекші­қазақ ауданы­ның Құр­метті азаматы» атанды.

Әлеуметтік саланың тізгінін ұстаған, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Панфилов ауданының (Алматы облысы) Құр­метті азаматы, Н.Назар­баевтың Алғыс хатын иеленген Нұр­жамал Бай­сақал «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен мара­­патталды. Негізі, бұл марапат көбіне медицина өкілдеріне табысталады. Ал Қазақстан бойынша мұндай құрметке ие болып тұрған екінші журналист Нұржамал Тегінбайқызы. Ұзақ жыл­дардан бері медицина тақы­рыбын жазып келе жатқан әріптесіміз бұл саланы шемішкеше шағады десек, қателеспеспіз. Айтпақшы, Нұржамал апай биыл сұлу Тоғжанын ұзатып, ұлан-асыр той жасады.

 

«Алматы ақшамында» 20 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келе жатқан Рая Ескендір ҚР Ақпарат және комму­ни­кациялар министрінің Құрмет грамота­сымен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті ұйымдас­тырған, БАҚ арасын­да өткен байқаудың І дәрежелі дипломымен марапатталды.

Жыл бойы жемісті еңбек етіп, ерекше көзге түскені үшін «Алматы ақшамының» бір топ қызметкері «Үздік қызметкер» атан­ды. Олардың арасында редакциямыз­дың бас бухгалтері Рабигүл Әдетова, бух­гал­тер Динара Медиум, бөлім меңгерушісі Нұр­жамал Әлішева, тілші Балнұр Ахмет, жүргізу­шілер – Қай­рат Сұраншиев пен Айдын Сұлтан­беков бар.

***

Сондай-ақ, биыл «ақшамдықтар» қазақ­тың санын көбейтуге де өз үлес­терін қосты.

Қашанда отбасы үшін зыр жүгіріп жүретін, бір қарасаң тұңғыш ұлының мектептегі ата-аналар жиналысына, енді бірде ортаншы ұлының балабақшадағы «шыршасына» жүгіріп бара жататын үл­гілі әке – Серік Жұмабайдың биыл үшін­ші ұлы өмірге келді. Бүгінгі таңда осылай мек­тептен табылатын әкелердің аса көп еместігін ойласақ, бұл әріптесіміз де құр­метке лайық.

Қазақтың әдеп-ибасын бір бойына жиып алған жас журналист Айкерім Райыс­қызы да үшінші сәбиін сүйді. Ал Балнұр Ахмет теңін тауып, тұрмыс құрды.

***

Айтпақшы, ең үлкен айтулы жаңалы­ғымызды айтуды ұмытып барады екенмін ғой. «Алматы ақшамы» газеті биыл 30 жыл­дық мерейтойын атап өтті. Осы мере­кеге орай ұжымды Наурызбай ауда­нын­дағы №176 гимназия ұстаздары қонаққа шақы­рып, төріне шығарды. Одан соң көп ұзамай, Қазақстанның үздік бес гума­нитарлық-экономикалық универ­сите­тінің сапынан көрінген «Тұран» уни­верситеті «ақшамдық­тармен» рухани кездесу өткізді.

Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы­ның Орталық көрме залы да бізге төрін ұсынып, біздің фотошежірелерден тұратын «30 жылдың – 30 сәті»  атты көрмемізді өткізіп берді.

***

«Алматы ақшамы» кітапқа, руханият­қа бай газет. Осыдан бес жыл бұрынғы 25 жылдық мерейтойында газетте түрлі тақы­рыпта, түрлі салада, әр уақытта жария­­ланған таңдаулы деген мақала, сұхбат, әңгімелердің басын құрап, «Таң­даулы» деген кітапқа басып шығарған болатын. Сол дәстүр биыл да жалғасып, енді 30 жылдықтың «Таң­даулысы» оқырмандарына жол тартты.

Газеттегі тұрақты жарияланып тұра­тын «Тұлғатану» айдарының мақалалары да, анығырақ айтсақ, кейіпкерлерінің өмір жолы, ғибратты әңгіме-сұхбаттары, озық ойлары да енді кітап болып басы­лып шыға бастады. Мәселен, осы жылы Қали Сәр­сен­байдың авторлығы­мен Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның тұлғасын дәріп­тейтін «Шер-шындық»,  Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімовтің өмір-өрнегін бедер­леген «Абыз-аңыз» кітабы жарық көрді.

***

Биыл біздің газет бірінші бетіндегі лого­типін ашық бояулармен түрлендіріп, Almaty AGSHAMY деп латынша жаңа­лады.

Келер Доңыз жылы ішкі бет­тері­мізді де бұрынғыдан да түрлендіріп, оқыр­манға мүлдем жаңа, тың тақы­рыптар ұсынуды көздеп отырмыз. Сондықтан кілең таным­дық, тағылым­дық, мәдени, рухани мақа­лалар жаза­тын бізді оқи жүріңіздер.

Міне, «Дала уәлаятынан» бастап өсіп-өніп келе жатқан бүгінгі қазақ газет­те­рінің бірі, Алматы шаһарының шам­шырағына, үнпарағына айналған «Ал­маты ақшамы» да осылайша бір жылын абыройлы қорытын­дылады.

Біздің «Ақшам» күн сайын таңертең шәй үстеліңізде жатар болса, ол біз үшін үлкен мәртебе.

Жаңа жылда тағы да қауышқанша, қадірлі оқырман!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close