АЛМАТЫНЫҢ 1000 ЖЫЛДЫҒЫНА УНИВЕРСИАДАНЫҢ СПОРТ НЫСАНДАРЫ АШЫЛАДЫ
Кеше қала әкімі Бауыржан Байбек «Универсиада-2017» халықаралық студенттік жарыстар өтетін спорт нысандарын аралап көрді. Болашақта қала тұрғындарының мұрасына айналатын бұл ғимараттар Алматының 1000 жылдығын мерекелеу қарсаңында есіктерін айқара ашатын болады.
Атап өтерлік жәйт, девальвация мен теңге бағамының өзгеруіне қарамастан құрылыс қарқынды жүруде және белгіленген мерзімінде аяқталады. «Универсиада» басшылығының мәліметі бойынша барлық спорт нысандары биылғы жылдың 30 тамызында пайдалануға беріледі. Мысалы, үстіміздегі жылдың 22 наурызында Медеу ауданындағы 3000 орынды Мұз аренасының жайма мұз айдыны дайын болады, ал, 6 шілдеде негізгі аренаның, әкімшілік ғимараттың құрылысы аяқталып, нысан айналасы абаттандырылады. Бұдан бөлек 12 мың орынды Мұз аренасының әкімшілік ғимаратының, бассейннің және жайма мұз айдынының құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысанның негізгі блогы биылғы жылдың 9 мамырында беріледі, нысан айналасын абаттандыру 6 шілдеде жүргізіледі. Атлеттер ауылындағы 5 мың орынды 4 тұрғын үй 22 наурызда беріледі, келесі 4 үй 9 мамырда іске қосылса, 6 шілдеде соңғы 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұлардың айналасын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары 1 тамызда жүзеге асады, барлық нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстары тамыздың соңында аяқталып, биылғы жылдың 30 тамызында пайдалануға беріледі. Құрылыстың әр кезеңі шаһар басшысы Б.Байбектің жеке бақылауына алынған.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда ғана 12 мың орынды Мұз аренасының кіші аренасының (жайма мұз айдыны), жаңа бассейннің, Универсиада спорт нысандары мен Атлеттер ауылының бизнес-мүмкіндіктерінің тұсаукесерлері өткен болатын. Бұл шараға қала әкімі Бауыржан Байбекпен қатар, спортшылар, бизнесмендер, журналистер мен блогерлер қатысқан болатын.
«АҚШАМ-АҚПАРАТ».